Басты жаңалықтар

Амангелді Нұғманов көп дауыс жинап, Сенат депутаты болды

Бүгін Өнер орталығында Ақтөбе облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутатын сайлау бойынша таңдаушылардың бірлескен отырысы өтті.
Аталған отырысқа барлық ауданнан және Ақтөбе қаласынан 178 депутат қатысты.

Биыл ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына үш үміткер ресми түрде тіркелген. Олар- облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов, “Атамекен” өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры Рахым Бекназаров.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіповтің айтуынша, бүгінде облыста 192 депутат болса, Сенат депутатын сайлауға соның 178-і қатысып отыр.

-Сенат депутаттығына облыс бойынша азаматтардан 5 өтініш түсті, оның 4-еуі- өзін-өзі ұсынса, бір үміткерді Хромтау және Мәртөк аудандарының мәслихаттары ұсынған. Аталған бес үміткердің үшеуі ресми тіркеуден өтті. Бүгін осы үш үміткерге мәслихат депутаттары дауыс беріп, өз таңдауларын жасады,-дейді ол.
Сайлау кезінде депутаттар дауыс беру бюллетеньдерін толтырып, өз таңдауларын жасады.

Сайлаудың әділ, заңды түрде өтуін онға жуық байқаушы бақылады.

Партиялық емес байқау орталығы облыстық филиалының төрағасы Нұржан Шаңғытбаевтың айтуынша, Сенат депутатын сайлау ашық әрі әділ түрде өтті.

-Облыстан Сенат депутатын сайлауға алғаш рет қатысып отырмын. Бұл жерде бәрі заң аясында өтті. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру шарасы басталмастан бұрын байқаушыларға бюллетеньдер салынатын урна мен пунктерді алдын ала көрсетіп, негізгі заңдылықтарды айтып берді. Мәслихат депутаттары кезек-кезегімен дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Бәрі заңды әрі әділ түрде жүргізілді,-дейді ол.

Дауыс беру шарасынан кейін облыстық сайлау комиссиясының мүшелері барлық депутаттар мен байқаушылардың, БАҚ өкілдерінің көзінше бюллетеньдерді санап, сайлау қорытындысын баяндады. Сонымен сайлау нәтижесінде 15 адам Дана Бекбауоваға, 11 адам Рахым Бекназаровқа, 148 адам Амангелді Нұғмановқа дауыс берді. Ал 4 депутат “бәріне қарсы” графасын белгілеген.

Шара соңында Нұрлыбек Жүсіпов дауыс беру нәтижелері Орталық сайлау комиссиясына жіберілетінін айтып, сайлауда ең көп дауыс жинаған немесе депутаттардың 83,15 пайызы қолдаған Амангелді Нұғмановты жеңісімен құттықтап, сәттілік тіледі.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button