Басты жаңалықтар

Қыстағы қарбалас

Биылғы қыс мезгілі қытымырлығымен есте қалайын деп тұр. Ауа райы мың құбылды. Жыл ауысар сәтте қар еріп, қар аралас жаңбыр жауды. Одан кейін апта басында басталған аяз біраз әбігерге салды. Көктайғаққа айналған жолдар жабылды. Әйтеуір, адам шығыны жоқ. Түкірік жерге түспейтін аяздың аптығы кешелі-бүгін сынған сыңайлы. Қазгидромет мамандарының айтуынша, бұл — циклон. Бірақ алда әлі 1 ай қыс бар. Күре жолдың бойындағы жолаушылар қар құрсауында қалмаса да, көліктері  аяздан отала алмай орта жолда қонуға мәжбүр болды.

Жағдайды көзімізбен көру үшін Ақтөбе қаласынан бастап Самара-Шымкент жолындағы Хромтау қаласы мен Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылына дейін барып қайттық. Өйткені бұл аралықта көлік қозғалысы өте көп. Әсіресе жүк көліктерінің тізбегі жиі кездеседі. Жол бойындағы кемпингтерге шоғырланған жүк көліктерінің қарасы әлі де азаймаған.

Қаладан шықпай жатып Бекқұл баба ауылының тұсында жол жиегіне түсіп кеткен екі көлікті көрдік. Оны жыл-он екі ай жолды қадағалайтын «Қазақавтодор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері техникаларымен сүйреп шығарды.

Аталған мекеменің техникалары жолды қардан, мұздан тазартып жүр. Жұмысшылар техниканың тісі бара алмаған тұйықтарды қолмен тазартып кеңітуде. Олардың міндеті де сол — жолды күтіп ұстау, тазарту, қадағалау. Алайда сақылдаған сары аязда жол үстінде жүретін «дорожниктер» жолаушылардың құтқарушылары секілді. Себебі тұрып қалған, қарға батқан көліктерді бірінші көретін де солар.

 

Бірақ жолаушылардың бір нәрсені  білгені жөн: жоғарыда айтқанымыздай, «Қазақавтодор» мекемесі тек жолдарды күтіп ұстайды. Ал адамдар мен көлікті құтқару олардың міндетіне кірмейді. Десек те, оқиға орнына бірден барып, санаспай, адамдарды жылыту пункттеріне әкеліп, көліктерін жолға салып береді. Жолаушылар да бұған әбден үйреніп алса керек.

Біздің негізгі міндетіміз — республикалық маңызы бар жолдарды жылдың 4 мезгілінде күтіп ұстау, жол бойындағы ережелер мен белгілерді жаңартып, жолды қардан тазарту, көлік қозғалысына кедергі келтіретін жағдайларды жою.

Әрине, «біздің міндетімізге кірмейді» деп жолаушыларды далаға тастай алмаймыз. Ең бірінші адамды құтқаруымыз керек.  Біздің жолда жүрген қызметкерлер ондай жағдайда төтенше жағдайлар қызметі мен жол патрульдік полициясы қызметкерлеріне бірден хабар береді. Whatsapp желісінде ортақ тобымыз бар. Бірігіп әрекет жасаймыз. Жолдағы оқиғаларды, ауа райы, тағы басқа ақпараттарды бір-бірімізге жеткізіп отырамыз. Қыс басталғалы біздің қызметкерлеріміз қаншама көлікті құтқарды десеңізші. Алайда кейбір жолаушылар қауіпсіздік ережелерін сақтамайды, айтқанды құлаққа ілмейді. Қазір Ақтөбе қаласында күн ашық болғанымен, далалықта күн борап тұруы мүмкін.  Көліктердің тұманнан, мұздан, қардан, бораннан, тағы басқа себептерден жүру мүмкіндігі болмаған жағдайда және ауатемпературасы 30 градустан төмен түссе, жолдар жабылады. Өйткені дизель майы қатып, көліктер жолда тұрып қалады. Қауіпсіздік, ең бірінші, әр адамның өзіне керек. Техникаларын қысқа дайындамайды. Қыста жанар-жағармайды құймау керек. Талаптарды сақтамай, жолға шығып кеткен жолаушылар далада қалса, ақыры біз кінәлі боп шығамыз. Тұрғындар осыны түсінсе дейміз, — дейді «Қазақавтодор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Рахат Сыдықов.

Оның айтуынша, кейбір көлік иелері жылыту пункттеріне бармайды. Өйткені көлігі мен ондағы тауарларды иесіз қалдырғысы келмейді. Кейде жолдан тайып,аударылып қалған жүк көлігін тұрғызу үшін тауарды түсіруге тура келеді. Соның өзінде мөрленген құлыпты ашуға рұқсат бермейді, қожайынның рұқсатын алуы керек. Әр жолаушының осылай салғыласуы жолшылардың уақытын алып, жұмысына кедергі келтіреді екен. Ал көлік пен тауар қараусыз қалды деп уайымдамаңыз. Полиция қызметкерлері кезекшілікпен күзетеді екен.

Күре жолдың күтімі қандай?

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалына қарасты 1869 шақырым республикалық және халықаралық маңызы бар жолдың күтімін жасайтын «Қазақавтодор» мекемесінде қазір 86 техника бірлігі бар. Бұл өте аз. Жоспарға сай болуы үшін әлі 42 техника жетіспейді. Осы қыста 5 техникасы ғана жаңарған. Республикалық маңызы бар жолдардың бәрін қамтуға техника жете бермейді, сондықтан жалға алуға мәжбүр.

Дегенмен жолдың күтімі үшін жыл сайын инертті материалдар жеткілікті жиналады. Биылғы қысқа 20 мың тоннадан астам құм, 2500 тонна тұз дайындалған.

Облыс аумағындағы республикалық жолдарда 245 шақырым қар басу қаупі жоғары учаскелер бар екен. Осы жерлерге қар тоқтату мақсатында 44 шақырымдық темір-бетон және 3100 ағаш қалқаншалар орнатылған.

Бұдан басқа арнайы техникамен жолдың жанынан қар ұстау үшін қар жалдары жасалады.

— Жолаушылар құм-тұз себу жөнінде де біраз сын-пікірлер айтылып жатады. Біз жолдың көлік тайғанақтайтын қырлы-ойпатты жерлеріне және бұрылыстарға құммен тұзды араластырып себеміз. Әйтпесе мыңдаған шақырымды түгел қамту мүмкін емес. Олардың да өз «қызметтері» бар. Құм көліктердің өрге шығуына септігін тигізсе, тұз мұз бен қарды жіпсітіп, ерітеді. Ол үшін сәл де болса күннің көзі түсуі керек. Әйтпесе қатты аяздарда оның пайдасы жоқ, — дейді «Қазақавтожол» ЖШС бас инженері Марат Тленбаев.

Қазіргі таңда облыста 5 жол пайдалану бөлімшесі мен 13 жол пайдалану пункттері бар. Олардың дені 1960 жылдары салынған. Бәрінің де техникалық-материалдық базасы жаңартуды қажет етеді. Дегенмен Ақтөбе-Қандыағаш-Мақат жолындағы №11 жол пайдалану бөлімшесі мен Ақтөбе-Мәртөк жолындағы №8 жол пайдалану бөлімшесі заманауи үлгімен салынған. Сонымен қатар 5 жол пайдалану пункті жаңа талапқа сай жұмыс істейді.

Жолда қалған жолаушылар алдымен жақын маңдағы жол пайдалану пункттеріне жеткізіледі. Онда 4-5 адамдық кереуеттер бар. Сондай-ақ жол талғамайтын ірі әскери жүк көлігі қауіпті аймақтарға жіберіледі. Жылжымалы пункт жылумен қамтылған. Онда 10-15 адамға дейін жылынып, қажет жағдайда эвакуацияланады.

Көмек және кәсіп

Жасыратыны жоқ, облыстағы жол бойындағы сервистік қызметтер аздық етіп тұр. Әсіресе мұндай орындарды қыс айларында «дальнобойшиктер» көбірек іздейді. Хромтау-Бөгетсай бағытындағы жолда ірі жүк көлігінің жүргізушісі кешеден бері электрик таба алмай отырғанын айтады. Әдетте қалалы жерде мұндай ақауларды арнайы аппараттарымен тексеріп, анықтап, оңдап беретін қызмет бар. Жүргізушілердің осындай қызметтерге жүгінетін, республикалық жолдарда бірнеше қызмет түрінің пайда болғанын байқадық.

Бір аптаға созылған аязда жүк көліктері отала алмай, жанар-жағармайдың қоюланып, ақыры көлік қозғалтқышының суып қалуына әкелді. Мұндай жағдайда қыздыру керек. Айдалада бұл мүмкін емес.

Жол бойында жаңа қызметтің түрін көріп қуандық. Хромтаулық Мейрамбек Имандосов жеңіл көлігімен жол бойындағы суып қалған көліктерді қыздырып беріп жүр. Тіркемесіне арнайы қыздырғыш құралдарын салып алған ол күніне 4-5 жүк көлігін оталдырып береді.

Бұл кәсіппен айналысып жүргеніме биыл екінші жыл. Қызметімді қажет еткендер ұялы телефоныма хабарласып, тұрған жерін айтады. Ақысы да әртүрлі. Әр көлікті қыздырып беру 40 мың теңгеден басталады. Өйткені оңай шаруа емес.  Бір көлікті қыздыруға шамамен 3 сағат уақыт кетеді. Қызметіме жүгінетіндердің көбі Оңтүстік Қазақстан жақтан келетін жүк көліктері. Бұдан басқа «КамАЗ» бен тиегіш тракторымыз бар. Жолда аударылып қалған жүк көліктерін тұрғызып, жүгін тиеп береміз,— дейді ол.

Ал жолда тұрып қалған көлік жүргізушілері мұндай қызметтің бағасының қанша болғанына қарамастан, табылғанына қуанады.

Осындай жол бойында көмек көрсететін адамдардың визиткалары «Қазақавтодор» ЖШС қызметкерлерінің қолында жүр. Олар көлік жүргізушілеріне таратады. Осылайша біріккен түрде ұйымдастырылған әрекеттің нәтижесінде қызмет түрлеріне тез қол жеткізе алады.

Бір күндік жол бойындағы сапарымызда осындай сәттерге куә болдық. Ең бастысы, адамдардың қауіпсіздігі басты назарда. Егер жол жабық болса, ренжудің, жолға жауапты сала қызметкерлеріне тіл тигізудің қажеті жоқ. Жолдың жабылуы — адам өмірінің қауіпсіздігі үшін қолданылатын уақытша амал.

ЖОСПАРДАҒЫ ЖОЛДАР

Ақтөбе қаласы тоғыз жолдың торабында орналасқан.  Батыс пен шығысты, оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын күре жолдар да облыстың үстімен өтеді. Ақтөбе облысының жалпы пайдаланылатын автожолдарының ұзындығы — 6 309,2 шақырым.Өңірдегі жолдар жыл сайын жаңартылып, жоспарға сай кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Биыл жүзеге асырылатынжол жөндеу мен салу жұмыстарына қатысты ірі жобалармен таныссақ…

Жыл мен жоба

Ақтөбе облысы жол салудан соңғы екі жылда еліміз бойынша алдыңғы орынға шықты. Қазір мердігерлерге талап күшейген. Сапасы да ұдайы бақылауда. Сонымен қатар пайдалануға уақытында беру міндеттелген.

Дегенмен қаражат жеткілікті бөлінгенімен, жол салу оңай шаруа емес. Ауа райының қолайсыздығы, құрылыс материалдарының тапшылығы, тасымалдың кешігуі, жүк вагондарының жеткіліксіздігі жұмысты апталап, айлап кідіртеді. Айталық, былтырғы көктем — сәуір-мамыр айлары жаңбырлы болып, жол салушылардың мазасы кетті. Дегенмен жыл соңына дейін жоспарлы жұмысын аяқтап үлгерді.

Өткен жылы басталған Ақтөбе-Қандыағаш республикалық жолы биыл толық бітеді деп күтілуде. Бұл екі аралықта жолдан басқа 18 көпір, 65 су өткізгіш құбыры жаңарады. Әзірге бірінші санаттағы жолдың бір бағыты толық бітпесе де, пайдалануға берілді.

Жалпы,Ақтөбе облысының аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдары желісінің ұзындығы —1 869 шақырым. Оның дені Самара-Шымкент тасжолына тиесілі.

Биылғы тағы бір ірі жоба — Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсынучаскесінің 763-1025 шакырымында ұзындығы 262 шақырымавтожол учаскесінIII техникалық санаттан I-геауыстыру.

Облыста ең алғашқы салынған жолдардардың бірі — Ақтөбе-Хромтау тасжолы 17 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Бүгінгі таңда жолдың сапасы сын көтермейді. Оның үстіне көлік қозғалысы көп жолда кептеліс жиі қайталанып тұр. Басында 3 мың көлікке арналған жолмен қазір тәулігіне 12 мыңға жуық көлік өтеді. Оның 8 мыңға жуығы жүк көліктері. Сондықтан жолды кеңейтіп қайта салу бүгінгі күннің басты талабы болып отыр, — дейді «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы облыстық филиалының басшысы Айбол Данағұл.

Ақтөбе қаласынан Ұлғайсын ауылының тұсына дейінгі жол 4 жолақты боп салынбақ. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау тендерді жариялау, мемлекеттік сараптаманың қорытындыларын уақтылы алу және қаражаттың бөлінуіне байланысты. Ал республикалық маңызы бар автожолды қайта жаңарту жөніндегі жобалау-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алу наурыз айында белгіленген.

Көптің көкейінде тұрған тағы бір жоба — Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз автомобиль жолын жөндеу. Әзірге «Орталық-Батыс» жобасының мерзімі белгілі болған жоқ. Бірақ биылқұны 4 миллиард теңгеболатын осы бағыттағы жолдың 239-249, 249-259, 391-401 шақырым учаскелеріне жөндеу жүргізу үшін техникалық құжаттама әзірленуде.

Республикалық жолдың бұл бөлігінің құрылысыоблыс әкімінің қолдауымен жоспарға енгізілген. Басында жылына 20 шақырым асфальт төсеу көзделген болатын. Бірақ облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы 100 шақырымға жеткізуді тапсырған. Жол құрылысы Шалқар қаласынан басталады. Елу мыңға жуық халқы бар шалқарлықтар үшін бұл қуанышты жаңалық. Өйткені өткен ғасырда салынған жол бұған дейін бір де бір жөндеуден өтпеген.

Былтыр  облыстық маңызы бар  536,3 шақырым автомобиль жолы жөнделген. Оның дені — аудандық маңызы бар жолдар. Сонымен қатар қалалар мен аудан-ауылдарда 143 шақырым  көше-жолға асфальт төселді.

Биылғы меже, әрине, одан төмен болмайды. Осы жылы37,4 миллиард теңгеге129  жоба жасалды. Соның аясында 763 шақырым жол жаңарады.

Жолдарды салу және жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу әкімдіктің қатаң бақылауында. Осы мақсатта 202,2 миллион теңге бөлінді. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалымен арада сапаны бақылау қызметтері бойынша келісімшарт жасалды.

2022 жылы 162 нысанда жол сапасын бақылау кезінде 477 тексеру жүргізілді. Барлық жол-құрылыс материалдарының 2 024 сынамасы іріктеліп, тексерілді. Олардың 488-і, яғни 24 пайызы талаптарға сәйкес келмеді. Жалпы сомасы 174,8 миллион теңгеге жұмыстар қайта жасалды, — дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр.

Сын түзелмей…

Жыл сайын қаншама жол құрылыстары бітіп, пайдалануға беріліп жатыр десек те,әттеген-айлары көп. Жол сапасын тексерушілер жетіп артылады. Соның өзінде мердігерлер тарапынан біраз шалалық бар. Ал жол «жүре тыңдағанды» көтермейді.

«Жол активтерінің Ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының директоры Тельман Малаевтың айтуынша, облыстағы салынған жолдан 532 ақау табылған. Облыста соңғы жылдары салынған тасжолдарға 47 мың шаршы метрдей асфальт қайта төселді.

Тексеру барысында жол салынып жатқан учаскелерде инженерлер болмай шыққан. Сол үшін 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Былтыр жыл бойы Ақтөбедегі жол құрылысына өңірдегі «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалы мамандары 152 рет тексеруге шыққан. Құрылыс материалдарына қатысты 440 сынама алып, зерттелді. Солардың 37-сі талапқа сай болмай шықты.

Асфальт жамылғысының қалыңдығы, жолдың беріктігі мен ылғал жібермеуіне қатысты талаптар сақталмаған. Мердігерлер мен тапсырыс беруші тарапқа да бұл олқылықтарды айтып, түзетуге кеңес бердік,— дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының инженері Есет Ұзақбаев.

Жол сапасына жауапты инженерлер құрылыстағы техникалық бақылау жағына көңілі толмай отыр. Олар тексеру кезінде техникалық бақылаушыларды таба алмай қалатынын айтады.

Облыс орталығындағы жол құрылысын тексеру кезінде 62 ескерту жасаппыз. Бұл ескертудің барлығы дерлік жол салу кезінде нысанның басы-қасында жүруі керек техникалық бақылау мамандарының болмауына қатысты. Техникалық қадағалаушылар күні-түні жол құрылысын бақылап, олқылықтарды сол бойда көрсетіп, жоюға, дұрыстауға міндетті. Осы жағынан кемшілік жыл сайын қайталанып отыр, — дейді Е.Ұзақбаев.

Қазіргі таңда облыс жолдарының 72 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.Осы жылы былтыр аяқталмай қалған 27 жоба бітіп, жаңа 70 жоба іске асады.Бұл — жыл өткен сайын облыс жолдары жағдайының айтарлықтай жақсарып, жаңарып келе жатқанын көрсетеді.

Айтпақшы… Самара-Шымкент республикалық жолынан Ырғыз ауданының орталығына дейінгі 25 шақырым жолдың күйі кеткен-ді. Ырғыздық тұрғындар күре жолға шығатын осы жолдың жайсыздығын айтып, мәселені шешуді талап етіп жүргеніне де бірнеше жыл болды. Биыл бұл жолдың да құрылысы басталады. Оның 10 шақырымын «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы жөндесе, ал қалған Ырғыз ауылына дейінгі 15 шақырымғажергілікті әкімдік асфальт салмақ.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button