Ералы Тоғжанов ақтөбелік әскери қызметшілерді Ұлттық ұлан күнімен құттықтады
Биыл – Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының құрылғанына 31 жыл. Бүгін Ақтөбеде айтулы күнге орай салтанатты шара өтті. Ұлттық ұлан қатарындағы сарбаздарды Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов құттықтады. Шараға сондай-ақ, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, әскери қызметшілер мен ардагерлер қатысты.
Өңір басшысы мерекелік шара аясында әскери қызметшілердің киім-кешегі, қару-жарағымен танысты. Жауынгерлердің ерлігі бейнеленген сурет көрмесін тамашалады.
«Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде қызмет ету – қоғаммен жоғары бағаланатын, әр азаматтың мәртебелі міндеті, бұл – халықтың әскери қызметшілерге, бейбіт еңбекті қорғаушыларға деген сенімі. 31 жылда Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы елдегі тұрақтылықты сақтауға, азаматтар мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді. Оның абыройлы және асқақты күш екендігі елімізде былтыр орын алған қаңтар оқиғасы кезінде тағы бір дәлелденді. Ел басына күн туған сәтте орын алған күрделі жағдайда анттарына адал жандар, бүгінгі күннің ерлері мен батырлары осы саптың ортасынан суырылып шығып, елдегі тұрақтылықты сақтап қалуға жан аямай күресті. Сіздер – нағыз батырсыздар», – деп құттықтау сөз сөйлеген Ералы Тоғжанов шараға жиналғандарға бейбіт аспан, зор денсаулық және амандық тіледі.
6655 әскери бөлімінің командирі полковник Мирас Тұрдалин де әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, Ұлттық ұлан азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді орындауға әрқашан да дайын екенін атап өтті.
«Бүгінде Ұлттық Ұлан елдің ұлттық мүдделерін қорғауда маңызды рөл атқарады. Қойылған міндеттерді орындай отырып, біз алға үлкен қадам жасай алдық. Мемлекет қолдауымен әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыру, жауынгерлік қуатты, материалдық-техникалық жарақтандыруды және құқықтық тәртіпті нығайту бойынша ұйымдастырушылық-штаттық іс-шаралар өткізілді. Қазіргі ұрпақ халқымыздың батырлық тарихының игі дәстүрлерін сақтайды және аға буынның ізін жалғап, нағыз батыр болуға ұмытылып келеді. Біз әр жылдары әскери міндеттерін атқаруда ерлік көрсеткен, антына адал, саланың дамуына үлес қосқан әскери қызметшілердің орасан зор еңбегін ұмытпаймыз. Еңбектеріңіз үшін рахмет!»,- деді Мирас Тұрдалин.
Шара соңы әскери қызметшілерді марапаттаумен және мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.
Ақерке САТЫБАЛДЫ.