Басты жаңалықтарМереке

Құрметті ақтөбеліктер! Қадірлі жерлестер!

Біз Жаңа — 2023 жылдың табалдырығынан аттағалы тұрмыз. Бабаларымыз келер күннен, болашақтан әрдайым жақсылық қана күткен, өткенге — салауат, ертеңге  аманат арқалатқан.

Уақыт көшінен жылжығалы тұрған 2022 жыл еліміз үшін, өңіріміз үшін ерекше жыл болды. Көп жұмыс атқарылды. Болашақтың іргесінің берік болуы үшін жұмылып жұдырық болып еңбек еттік. Елімізде Тәуелсіз Қазақстан тарихының алтын парақтарына жазылар өзгерістер болды.

Өткен жылы Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты, болашақты айқын бағдарлайтын шешімдер қабылданды реформалар жүргізілді.

Өздеріңізге белгілі, былтыр 5 маусымда бүкіл ел болып Қазақстан қоғамының жаңаруының басты тетігі — жалпыхалықтық референдумға қатыстық, өңір тұрғындары еліміздегі саяси жаңғыру бағытын қолдап, Конституцияға өзгерістер енгізу үшін дауыс берді. Ал 20 қарашада өткен ел Президенті сайлауында Жаңа Әділетті Қазақстан үшін таңдау жасадық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында біздің алдымызға бірқатар маңызды мақсат, міндеттер қойды.

Ақтөбе облысы — жер көлемі жөнінен де, әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан да республикамыздағы қуатты алдыңғы қатардағы өңірлердің бірі. Өнеркәсібіміз өркендей түсті, алқаптарымызға егін бітік шықты. Жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік-өнеркәсіптік нысандар, мектептер мен ауруханалар іске қосылды. Шағын және орта бизнес, жол-көлік инфрақұрылымдары одан әрі дами түсті. Болашағы зор тың жобаларды іске асырдық.

Астанада өткен халықаралық форумдар мен іс-шаралар нәтижесінде жалпы сомасы 3 триллион теңгеден асатын 12 меморандумға қол қойылды. Бұл  біздің өңірдің индустриалды-инновациялық дамуына қуатты серпін беретіні айқын. Осы құжаттар негізінде ондаған жаңа өндірістер ашылып, мыңдаған жаңа жұмыс орындары құрылады, бюджетке түсетін салық көлемі айтарлықтай артады. Мұның барлығы сайып келгенде облысымыздың экономикалық дамуына, өңір халқының әлеуметтік жағдайының жақсаруына әкеледі.

Мемлекет басшысының жаңа президенттік мерзімдегі ауылды дамыту мәселесі туралы бірінші Жарлығын орындау мақсатында біздің облыс өңірлер арасында  алғаш болып «Ауыл аманаты» жобасын бастап кетті.  Осы жоба аясында жүзеге асырылған іс-шаралардың арқасында ауылдың әрбір тұрғыны, әрбір отбасы нақты нәтижелерді көруі, сезуі керек.

Барыс жылында елді мекендерді көгілдір отынмен, ауызсумен қамтамасыз ету,  жолдар салу, жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар 2023 жылы да жалғасын табады. Атап айтқанда, жалпы құны 34 миллиард теңгеге 758 шақырым жол жөнделеді.

Басты мақсатымыз — өңір халқының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау.

Әлеуметтік сала қай уақытта да біздің басты назарымызда. Ондаған денсаулық сақтау, білім және спорт нысандары салынып, күрделі жөндеу жүргізіледі.

Қазақстанда тұңғыш рет Ақтөбе облысында «Білім All» жобасын бастап кеттік. Ол ауылдық жерлердегі 10 мыңдай шәкірт білім алатын 120 шағын жинақты мектептің білім беру сапасын арттыруға бағытталған. Мақсат — қала және ауыл мектептері арасындағы білім сапасына қатысты айырмашылықты барынша азайту.

Облыстың мәдени-рухани өмірінде де көптеген жақсы жаңалық орын алды. Жақында «Хореографиялық өнер» номинациясы бойынша ақтөбелік «Аққу» ансамблі UMAI ұлттық сыйлығын алса, «Dala dauysy» республикалық байқауында Орал Байсеңгір марапатталды. «Арайлы Ақтөбе» ансамблінің жетекшісі Серік Закария «Жыл композиторы», облыстық филармонияның қазақ камералық хорының көркемдік жетекшісі, дирижер Мирбол Құспанов «Жыл адамы — 2022» атанды. Сонымен бірге облыстық филармонияның классикалық музыка ансамблінің көркемдік жетекшісі Нұртас Омаров «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды.

Жерлестеріміз спорт саласында да үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Біздің спортшыларымыз өңір тарихында алғаш рет Сурдлимпиада ойындарында төрт лицензия жеңіп алды. Батырымыз Бексұлтан Малайдар еркін күрестен қола жүлдеге ие болса, Қазақстанның дзюдодан чемпионатында Ақтөбе облысының командасы 23 жылда алғаш рет бірінші орынды иеленді. Ақтөбе футбол клубы соңғы жеті жылда тұңғыш рет Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Биыл бізді өңірдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша ауқымды жұмыстар күтеді. Біз жұмылып жұдырық бола отырып, өңіріміздің ертеңі үшін бірге еңбек етеміз.

Қымбатты жерлестер!

Баршаңызды алда келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, ырыс-ынтымақ, құт-береке, бірлік пен келісім тілеймін! Қоян жылы игілігіміз мол болсын! Қазақстанымыз көркейіп, гүлдене берсін! Әр отбасында қуанышты күндер көп болсын!

Ералы ТОҒЖАНОВ,

Ақтөбе облысының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button