Спорт

Оқырмандар теннис ойнады

«Біз қазір бұқаралық спортты дамытуды мақсат етіп отырмыз. Спорт инфрақұрылымын дамытып, оны барынша қолжетімді ету — маңызды міндеттердің бірі. Көп шығынды талап етпейтін спорт түрлерін дамытқан жөн. Мысалы, шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, садақ ату, қазақша күрес, тағы басқа. Бұл қадам, ең алдымен, балаларымызды теріс әдеттен алыстатады және спорт залдарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Жаңа жыл қарсаңында «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен облыстағы бірқатар мекеме арасында үстел теннисінен чемпионат өткізілді. Мерзімді баспасөзге жазылу науқанының аяғына қарай облыстық газеттерді тұрақты жаздырып алып оқитын облыстағы ірі мекемелер қызметкерлері арасында өткен жарысқа «Энергия» сауда үйі қолдау көрсетті.

Шапшаңдық пен ептілікті қажет ететін спорт түріне «Қазақстан Темір Жолы» жүк тасымалы, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өндірістік филиалы, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «ИнтерГаз Орталық Азия» АҚ, «Қазхром» ТҰК» АҚ, «KEGOK» АҚ Ақтөбе жүйеаралық электр тараптары филиалы, «Динар-Электромаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Ақтөбе Медиа» ЖШС қызметкерлері қатысты. Чемпионаттың ашылу салтанатында «Ақтөбе Медиа» ЖШС директорының орынбасары Айгүл Нұркеева мен кәсіподақ ұйымының төрағасы Берік Сәрсенұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Аталған шараға «Энергия» сауда үйінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты Сергей Вишняк қолдау білдіріп, тартысты ойынның көрермені болды.

«Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырған турнир өте жоғары деңгейде өтті. Осындай шаралар мекемелер арасын жақындастырып, адамдарға жаңа орта, дос табуға көмектеседі. Салауатты өмір салтын насихаттайтын осындай шараларды әрдайым қолдауға тырысамыз, — деді ол.

Барлығы сегіз топ жасақталып, ерлер мен әйелдер арасында тартысты ойын өтті. Ойыншылардың арасында спорт шеберлері де кездесті. Бұл — кәсіби ойыншылармен тәжірибе алмасу үшін таптырмайтын мүмкіндік.

Мен үстел теннисімен айналысып жүргеніме он жылдан асты. Өзімнің жеке жаттықтырушым Көбейген Саламатов маған бұл спорттың қыр-сырын үйретіп, бір жыл даярлады. Қазір облыстық жарыстарға қатысып тұрамын. 14 желтоқсан күні мекемеміз өткізген жарыста бірінші орын иелендім. Осы ойында кездескен қарсыластарымның ішінде ракетканы бірінші рет ұстап тұрған адамдар да болды. Бірақ олардың көздерінен бұл спортты ұнатып тұрғандарын көрдім. Сол себептен болар, ойыншылар қандай деңгейде болса да жақсы ойын көрсете алды. «Үстел теннисін жақсы көрсең ғана ойын сені өзі қабылдайды» деп бекер айтпайды, — дейді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мекемесінің басқару пультінің операторы Ақтілек Алиева.

Спорт алаңы қызметкерлері бірін-бірі тани бермейтін мекеме ұжымдарын біріктірген секілді. Жеңіске ұмтылатын, командалық рухты сезінетін, ақыл-ойы сергек қызметкерлер өз міндетін жемісті атқаратыны сөзсіз.

Жаңадан ашылған үстел теннисі орталығында өтіп жатқан бүгінгі турнирде төреші болып отырмын. «Қазхром», «KEGOK» мекемелерінен келген ойыншылар жақсы ойын көрсетуде. Байқауымша, «Энергия» сауда үйінің қызметкерлері алғаш қатысып отыр, — дейді үстел теннисінен мүгедектер арасындағы спорт шебері, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы Нақып Мамбетов.

Оның айтуынша, адам денсаулығына пайдасы жағынан үстел теннисі суда жүзу спортынан кейінгі екінші орында екен. Бұл спорт түрі ақыл-ойды сергітіп, жылдам шешім қабылдауға көмектеседі. Соңғы уақытта үстел теннисіне кішкентай балалардан бастап үлкендерге дейін қызығушылық танытып келеді. Бұл Қазақстандағы үстел теннисінің алға басып келе жатқанын көрсетеді.

Жыл соңына дейін баспасөзге жазылу науқаны жүретіні баршаға мәлім. Облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторлары Сәтжан Дәрібай мен Гүлсім Назарбаева тұрақты оқырмандарына алғысын білдіріп, газет әрдайым мекемелердің жаңалықтарымен бөлісіп отыратындарын айтты.

Олар «Ақтөбе медиа» компаниясының директоры Раукен Отыншиннің атынан құттықтап, чемпионат жеңімпаздарын арнаулы дипломдар мен сыйлықтар табыс етті.

I орынды ерлер арасында — «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», әйелдер арасында «Қазхром» компаниясының қызметкерлері алды. Жүлделі II орынды ерлер арасында — «Қазхром», әйелдер арасында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» қызметкерлері алса, ерлер мен әйелдер арасында III орынды «Қазақстан Темір Жолы» жүк тасымалынан келген ойыншылар иеленді.

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button