Басты жаңалықтар

Қоян баққан көпбалалы аналар

Екі үйдегі 10 баланың 76 үркегі

 Жылжабар нөмірімізге әдеттегідей кейіпкер іздедік. Бұл жолы біз жаңа  жылдың иесі — қоян бағып, көжек өсіретіндермен сөйлесуді жөн көрдік. Таптық. Қоян асырап, табыс табуға ниеттенген отбасылардың бірі Байғанин, екіншісі Мәртөк ауданында тұрады. Екі отбасы да көпбалалы. Екі үйдегі ойын балаларының сабақтан тыс уақыттағы ермегі — осы ұзын құлақты үй жануарлары. Сонымен…

Гүлмира

Мәртөк ауылының тұрғыны, бес баланың анасы Гүлмира Жұмағалиева биыл «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, кәсіпкерлік негіздерін оқыған. Кәсіп ашқысы келгенімен, неден, қалай бастауды білмеген ол екі апталық курста біраз нәрсе үйренгенін айтады.

— Жоба ерекше болса, грант ұту мүмкіндігі де жоғары болады. Сондықтан ойлана келе бала кезден көз таныс тірлік қой деп, қоян шаруашылығын таңдадым. Жобаны сәтті қорғап, мемлекеттен 1 миллион 225 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз қаржыға қол жеткіздік. Сол қаражатқа 84 қоян мен үйшіктерін сатып алдық. Аналық қоян мен көжектерін бөлек ұстаған жөн. Әсіресе аналық қояндардың көжектейтін уақыты жақындағанда оларды бөлек торда ұстап, ас­ты­на сабан немесе ағаш жаңқасын төсеу қа­жет. Top жоқ болған жағдайда қоян бөлек ұя жасай бастайды, оған өзінің бауы­ры мен төсінен жұлып алған түбітін төсейді. Көжектеу алдында және кө­жектеген соң да ыдыста су болуы керек. Өйткені аналық қоян осы кезеңде шөліркейді, ал су болмаған жағдайда өз төлін жеп қоюы мүмкін. Ал 2-3 айлық көжектер торланған аулада еркін жүргенді тәуір көреді. Ересектерін емін-еркін жіберу қиындау, қора қабырғаларын тесіп шығуы ықтимал. Сондықтан көбіне арнайы үйшіктерге қамап ұстап отырмыз. Шөп жейді, осы қояндар үшін 12 бума шөп алдық. Жемді жақсы көреді. Жеміс-жидектердің қалдығын, қырыққабат пен сәбіз, картоп қабығын береміз, сүйсініп жейді, — дейді Гүлмира Жұмағалиева.

«Еңбек ер атандырады» дейді Гүлмираның өзі. Тынымсыз келіншек бәріне де үлгеруге тырысатынын айтады. Күйеуі мен бес баласының жағдайын жасай жүріп, ерінбей ізденеді, ең бастысы, өзіне ұнайтын кәсібімен айналысқанына қуанышты.

— Әуелі  84 қоян сатып алғанбыз. Қазір өлгеннен қалғаны — 58. Әлі біреуі де балалаған жоқ. Қыста қоян басын жүзден асырамын деп едім, ол ойым әзірге жүзеге аспай тұр. Енді көктемде көбейетін шығар. Тұрған жерлері салқындау сияқты. Қымтадық. Алдағы уақытта қояндарға арнап қора салу да жоспарда бар. Себебі қояндар кең аулада жүргенді қалайды, қазір мен оларды жеке-жеке торға қамап ұстап отырмын. Болашақта қояндарды көбейтіп, етін сатқым келеді. Қоян еті — диеталық тағам, тауық етіне ұқсас, ақшылдау болады. Ал дала қоянының еті қаралау әрі дәмділеу келеді. Бала кезде Тұзтөбеде тұратын нағашы атама барғанда қояндарына тамақ беріп, қызықтайтынбыз. Қоян етін сол кішкентай кезімізден жеп өстік. Ал дала қоянын күйеуім аңға шыққанда әкеліп жүретін, қазір бұрынғыдай аңға шықпайды, — дейді Гүлмира Жұмағалиева. Сондай-ақ ол бұл кәсіпті күйеуі Нұржанның қолдайтынын, шаруашылыққа балалары көмектесетінін айтты. Ұлжаны — тұрмыста, Айжаны — студент, Әділ 10-сыныпта, Әмір 6-сыныпта оқиды. Ал Гүлнұры балабақшаға барып жүр.

Жас кәсіпкердің көңілі алаң, өйткені жақында бірнеше қоянының мойындары ісіп, өліп қалыпты. Десек те жігерлі келіншек мұндай қиындықтарға мойымайтынын, бас аман болса, әлі-ақ бұл кәсіпті дөңгелетіп әкететініне сендірді.

— Қазақта қорқақтарға айтылатын «қоян жүрек» деген сөз бар. Ал негізі аңыздарда Алла қоянның жүрегін судан, бауырын тастан жаратқан деседі. Сосын да сужүрек қоян қамыстың сыбдырынан, тіпті өз көлеңкесінен де қорқып, қашып жүреді ғой. Қояндар көжектеріне өзгелердің телміріп қарағанын қызғанатын көрінеді. Қояндар үркек болғанымен, өте байқампаз, сақ келеді. Жүндері жұмсақ әрі әдемі. Біз бағып отырған қояндар да тентек, кейде құйып қойған суыңды төгіп тастайды, — дейді Гүлмира қоянды сипаттап.

Қазақ­қа таңсық кәсіпті қолға ал­­ған келіншек алдағы уақытта қоянды көбейтіп, етін ғана емес, терісін де кәдеге жаратуды көздеп отыр. Ол үшін тері өңдеу технологияларымен танысып, керек құрылғылар туралы ізденіп жүргенін айтты.

Эльфина

Ал Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылының тұрғыны, көпбалалы Эльфина Ершуақова қоян шаруашылығымен айналысуды биыл ғана қолға алыпты. Өзінің  айтуынша, күйеуі Ғабит Жұмағанбетовтің қолдауымен биыл «Бастау-Бизнес» жобасына қатысып, грант жеңіп алған. Сол қаражатқа облыс орталығынан асылтұқымды қояндардың алғашқы партиясын алдыртыпты.

— Өзім ит, күшік, мысық, қоян ұстағанды жақсы көремін. Білуімше, біздің Байғанинде қоян асырайтындар жоқ екен. Қазақ үшін дәстүрлі емес шаруашылық болса да, қоян өсіргіміз келді. Қоян өсімтал әрі тез жетілетін болғандықтан, табыс көзі етуді жөн көрдік. Бұрын Жарлы ауылында тұратын қайынағам қоян бақты, сол кісі көбіне қоянның етін беріп жіберетін. Өзім Темір ауданындағы Кенжалы ауылында тұрдым, ағаларым да, әке-шешем де бұрын қоян ұстады. Сосын біз бала кезде дала қоянын көп жейтінбіз. Қоян еті — асқазанға жеңіл, әдетте диеталық тағам ретінде ұсынылады, — дейді Эльфина Ершуақова.

Қазір ол бар болғаны 18 қоян бағып отыр. Бәрі асыл тұқымды. Олардың ішінде еті-тері бағытындағы белгиялық «фландр», ел аузында «бабочка» және «строкач» деп аталатын немістің шұбар қояндары да бар.

— Үй қояны етті, етті-терілі және түбітті тұқымдарға бөлінеді. Мендегі қояндардың бәрінің де тұқымы ірі, етті. Етті қояндар жақсы азықтандырған жағдайда тез ет жинап, салмағы 5-6 келіге дейін тартады. Мәселен, «фландрдың» орташа салмағы 7-8 келі болады. Ал немістің шұбар қояндары 5-6 келі тартады. Үй қояны көп ұстатпайды, тебініп, тырнайды. Енді калифорниялық түрін алғымыз келіп отыр. Ақтөбеден аламыз деп, сөйлесіп қойып отырмыз. Асылтұқымды қояндарды жәшіктерге салып әкелетін болғасын көлік жағы қиындау. Әлі тағы әкелеміз, — дейді Эльфина Ершуақова.

Бес баланың анасы смартфонға телмірген заманда жаңа бастаған кәсібінің балаларына да ермек болғанын, әсіресе ортаншы ұлы Аңсар Бақтыбай қорадағы қояндарды қызықтап жүріп, шаруаға қалай араласқанын білмей қалғанын айтады. «Баланың жасағаны білінбейді. Істегені бізге жақсы, үйренгені өзіне жақсы», —  дейді Аңсардың анасы.

—  Қоян шөп, жем, жеміс­тердің қабығын, бақша дақыл­дарының қал­дық­тарын, сәбіз, қы­зыл­ша, асқабақты қорек етеді. Мен қыста негізінен шөп пен жем беремін. Асқабақ пен қырыққабат, картоптың қабығын да жей береді. Ізденіп жүргенімде, қоянның аc қо­ры­туы бұзылғанда шөп бе­руді азайтып, емен ағашының бұтағын беру пайдалы дегенді интернеттен оқығаным бар. Әйтпесе шие, алма ағаштарының бұтағын да кеміреді, — дейді Эльфина Ершуақова. Оның айтуынша, нарықта асылтұқымды көжектердің бағасы 15-20 мың теңгеден басталады. Ал қоян етінің келісі 2-2,5 мың теңге шамасында сатылып жүр.

— Етін ғана сатпасақ, қоянның терісін қабылдайтын жерді әлі естімедім. Қоянның еті — диеталық тағам. Соңғы кездері дұрыс тамақтануға мән беретін жұрт қоян мен тауық етін көп сұрайды. Болашақта тауық өсіруді де ойлап жүрміз. Байғанинде кафелер көп қой. Алдағы уақытта қоян етін кафелерге тапсырғымыз келеді. Сату үшін әуелі қорадағы қоянды көбейтіп алайық, — дейді тірлігіне тиянақты кәсіпкер.

Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланып, қоян өсіруге кіріскен пысық келіншектің талабы таудай. Еңбекқор Эльфина ерінбей еңбек еткеннің екі бүйірі шығатынын дәлелдеп жүр. Кәсібінің оңға басып келе жатқанын оның аяқ алысынан-ақ  көруге болады.

P.S. Қазаққа таңсық кәсіпті қолға алып, дәстүрлі емес шаруашылықты дамытып отырған көпбалалы аналардың тірлігі ғана емес, тілегі де бірдей екен. «Өсімтал қояндар секілді қазақтар да көбейе берсін!» дейді олар. Біз де соны тіледік.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button