Басты жаңалықтар

Ақтөбелік журналистер ведомстволық марапатқа ие болды

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері және баспасөз қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында өңір басшысы мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуын жариялауда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор екеніне тоқталып, журналистерге бірлескен жемісті еңбектері үшін шексіз алғысын білдірді.

«2022 жыл ел тарихында расымен де маңызды жыл болды. Қазақстан өз  дамуының жаңа кезеңіне енді: бүкілхалықтық референдумда өңір тұрғындары саяси жаңғыру бағытын қолдай отырып, ел Конституциясына өзгерістер енгізуге дауыс берді, ал 20 қарашада өткен Президент сайлауында Жаңа Әділетті Қазақстанға таңдау жасады.

Ақтөбе облысының макроэкономикалық көрсеткіштерінің оң серпіні жылдың сәтті аяқталғанын айғақтайды. Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыруға қатысты тапсырмаларын орындау бойынша тиімді шаралар қабылданды.

Жаңа жылда өңірді одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр. Біз инвестициялар  тартуды, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуды, ауылдарды газдандыру және таза ауыз сумен қамтамасыз етуді, жол салу және жөндеу жұмыстарын жалғастырамыз.

Сіздер жедел шешімді қажет ететін өзекті мәселелерді көтеріп,  «төртінші билік» екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Сіздердің алдағы уақытта да өңірдегі әлеуметтік маңызы бар міндеттерді шешуде  қалыс қалмайтындарыңызға сенімдімін.  Өйткені, біздің мақсатымыз ортақ — өңірді дамыту және оның тұрғындарының әл-ауқатын арттыру», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Журналистер мен баспасөз қызметкерлеріне өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын халыққа жеткізіп,  ақпараттандыруға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірген облыс әкімі «Хабар» агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі Наталья Салькова мен облыстық қоғамдық-саяси «Ақтөбе» газетінің бөлім меңгерушісі Гүлжан Базылқызы «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін тақты.

«Астана» телеарнасының Ақтөбе облысындағы тілшілік орталығының меңгерушісі  Нұркен Жалмұханов, «Диапазон» газетінің тілшісі Наталья Макеенко, «Актюбинский вестник» газетінің тілшісі Баян Сариева, «Nur.kz» ақпараттық агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі Ардақ Ерубаева сынды бірқатар журналист  Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ облыс әкімінің 2022 жылғы 27 желтоқсандағы №444-ө өкімімен республикалық, жергілікті басылымдар мен телеарналардың тілшілері мен мемлекеттік органдардың баспасөз хатшылары облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button