Басты жаңалықтар

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ақтөбе қаласының қысқы тазалығы мен автомобиль жолдарының күтімі мәселелері бойынша жиын өтті

Жиынға қысқы тазалыққа жауапты мердігерлік ұйымдардың өкілдері, тиісті басқармалардың басшылары қатысты.

«Қыс мезгілі – жолдарды пайдалану және қозғалысты ұйымдастыру үшін ең қиын кезең. Біз өз кезегімізде тұрғындар үшін жол қозғалысының қауіпсіздігі мен қолайлылығын қамтамасыз етуіміз қажет. Бірақ, талдау нәтижелері көрсеткендей, Ақтөбеде бұл бағыттағы жұмыстар мардымсыз», – деп атап өтті өңір басшысы.

Қыста облыс орталығының жолдарын және тротуарларын 268 арнайы техникасы бар 13 мердігер ұйым тазалайды. Мердігерлер қызмет көрсететін учаскелердің жалпы ауданы 7 млн шаршы метр. Бұған 718-ден астам қаладағы көшелер, айналма автожолдар, Құрайлы, Жаңақоныс, Сазды, Қарғалы және Қызылжар тұрғын үй алаптарының жолы кіреді. 7 мердігер компания бордюрларды тазарту бойынша жұмыстарды міндетіне алған.

Ералы Тоғжанов жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы және қарқынына көңілі толмайтындығын айтты.

«Қала тазалығына жауапты 20 мердігер мекеменің тек санаулысы ғана өз міндеттерін талапқа сай, сапалы әрі уақытылы орындап жүр. Көбісі тендерге қатысқан кезде техника мен жұмысшылар санын асыра көрсетіп, жалған ақпарат берген. Қағаз жүзінде 30 самосвал, жүк тиегіш бар деп көрсеткенімен, іс жүзінде 4-5 қана техникасы бар. 30-40 жұмысшының орнына тазалық жұмыстарына 10 адам ғана тартылған. Қала бойынша 700-ден астам техника қажет, ал бүгінде 268 ғана техника жұмыс жасауда. Жұмысты қосалқы мердігерлерге тапсырып жатқан да компаниялар бар. Олай болмайды. Сондықтан, тез арада атқарылған жұмыстың сапасы мен бөлінген қаржының игерілуіне қатысты тексеру жүргізуді тапсырамын» — деді Ералы Тоғжанов.

Облыс әкімі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен мердігер ұйымдарға қар шығару кезінде барынша жеделдік танытып, жолдарда көктайғақтың алдын алуды, сондай-ақ, автожолдардың күтімі және қатты-тұрмыстық қалдықтарды жинауға мамандандырылған техникалардың санын арттыруды міндеттеді.

Жаңа жыл алдында және мерекелік демалыс күндері қар жауған жағдайда тазалыққа жауапты мердігер компаниялар жедел әрекет етіп, тәулік бойы кезекшілікке шығады.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button