Басты жаңалықтар

Балалар қуанған күн

Балаларға арналған «Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!» атты Президент шыршасына облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысты. Бұл мерекеге облыстың әр түпкірінен 9-13 жас аралығындағы 200 бала шақырылған.

Қатысушылар арасында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларының балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүгедек балалар бар. Өңір басшысы шырша жанына жиналған балаларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтап, биылғы жылдың айырықша жыл болғанын атап өтіп, балаларға арналған жобаларды әрқашан қолдайтынын, олардың болашағынан зор үміт күтетінін жеткізді.

Биылғы жыл қоғамның жас мүшелерін қолдауға арналды. Сіздер лайықты тәрбие алсын, ұлттық тамырынан ажырамасын, заманға бейім болсын, бос уақытын пайдалы өткізсін, қажетті ем-домын еш кедергісіз алсын, арман-қиялының шындыққа айналарына сенсін деген мақсатпен қаншама ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр, болашақта да жалғасын таба бермек. Өңір басшысы ретінде мен әрдайым балаларға арналған жобаларға қолдау көрсетіп, армандарыңыздың орындалуына жағдай жасап келемін. Сіздерге артар үмітім зор және ертеңгі күні облысымыз бен мемлекетіміздің атын шығаратын, елге танытатын азаматтар боласыздар деп сенім білдіремін, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ кеш барысында балаларды әлемге танымал эстрада әншісі, Ақтөбенің мақтанышы Димаш Құдайберген, қазақстандық зілтемірші, әлем чемпионы Илья Ильин, Ақтөбеде жыл сайын өтетін «Бақытты бала» халықаралық ән байқауының биылғы жеңімпазы Давид Чарлин құттықтады.

Жаңажылдық мерекелік бағдарлама шырша жанындағы театрландырылған қойылыммен, концертпен жалғасты. Ер Төстік пен Алдар көсе, Ақшақар балаларға түрлі жұмбақтар жасырып, мультфильм кейіпкерлері би биледі.

Мерекелік кешке қатысқан көпбалалы отбасынан шыққан дарынды оқушының бірі Мейірлан Төлешов. Көптеген облыстық, республикалық байқауда жүлдегер атанып жүр.

Мен Байғанин ауданы Жарқамыс орта мектебінен келіп тұрмын. 4-сыныпта оқимын. Жақында «Күріштің емдік қасиеті», «Слаймның пайдасы мен зияны» атты ғылыми жоба қорғап, 1-орынды жеңіп алдым. Дарынды оқушы болғандықтан Президенттік шыршаға шақырту алып отырмын. Ертегі кейіпкерлерімен билеп, көңіл күйім көтеріліп қалды, — дейді Мейірлан Төлешов.

Жаңажылдық шыршаға алғаш рет қатысқан балалардың қуанышында шек жоқ. Оларды қызықтырғаны — жаңажылдық қойылымдар мен сыйлықтар. Әдемі киімдерін киген балалар ескі жыл — Барысты шығарып салып, Жаңа жылдың кейіпкері — Қоянды қарсы алды

— Мен жаңажылдық шыршаға алғаш рет қатысып отырмын. Балаларға қуаныш сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін. Өзім волейбол спортын жақсы көремін. Сабақты үздік оқып, Ақтөбенің атын асқақтатқым келеді, — дейді Инабат Жеңісова.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов әр балаға жаңажылдық тәттілер мен ертегі кітабын сыйлады. Сондай-ақ әр қатысушы баланың есебіне 100 мың теңге ақшалай сыйлық аударылады.

Облыста 18 жасқа дейінгі 256 000 бала бар. Биыл өңірде 14 мектептің құрылысы жүргізіліп, шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы және ауылдардағы 56 мектеп жаңғыртылады. Ақтөбеде «Эталонды балабақша» құрылып, 2750 орындық 26 мектепке дейінгі ұйым ашылады.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button