Тарих

Арманы халықпен бір болған хан

Арынғазы хан — Қазақ Ордасының негізін қалаған Жәнібек ханның Жәдік  сұлтаннан тараған тікелей ұрпағы. Жәнібектен берірек беттесек, ол әйгілі Есім ханның, «Еңсегей бойлы ер Есімнің» жетінші ұрпағы екен.

Жалпы, тарихшылардың айтуынша, Әбілқайыр бабамызға  дейін Кіші жүзді осы Жәдік тұқымы билеген. Ал Әбілқайыр — бұрын хандық тимеген Өсеке тұқымынан.

«Жалғыз жанашыр»

Арынғазы ханның дүниеге келген жылы — 1786 жыл, яғни биыл туғанына 225 жыл толып отыр; оның атасы — Хиуаны билеген Қайып хан, ал әкесі — Сыр бойы қазақтарының билеушісі Әбілғазы хан.

Арынғазы бейнесін Ресей зерттеушілерінің пікірлері арқылы елестетіп көрелік. Капитан Е. Мейендорф былай дейді: «Сұлтанның бет-әлпеті әдемі, үлкен, сұлу қара көзді, сырт пішіні келбетті және салиқалы көрінеді. Бізге ол кең түрде пайымдай білетін, парасатты адам ретінде әсер қалдырды». Сыртқы істер министрлігінің аудармашысы Я. Ярцев 1821 жылы 24 қарашада Азия  департаментінің директоры К. Родофиникинге Арынғазы туралы: «… ол Шығыс үлгісінде білім  алған. Оның білімі арабша оқудан әрі аспайды. Дегенмен ол өте ақылды, ойлау қабілеті жоғары. Оның сөзі жағымды, сенімді және әрқашан да паңдана сөйлейді. Ол қашан да қайырымды, қолы ашық және әрдайым кім-кімге де  көмектесуге даяр тұрады» — деп жазды. Ал Л. Мейер Арынғазыға: «Ел билеуші сұлтандар арасындағы қазақтың жалғыз жанашыры, адал патриоты» — деп баға берді.

Бұл үш үзінді — кезінде орыс және шетелдік зерттеушілер тарапынан қағазға түсіріліп, сақталып қалған пікірлердің бір парасы ғана. Басқа жұрттар зерттеушілерінің, патша шенеуніктерінің Арынғазыға деген қызығушылығының соншалықты жоғары болуы қазақ арасында оның атақ-даңқының, беделінің  асқақтап тұрғанын көрсетсе керек.

1815 жылы шекті рубасылары Арынғазыны хан көтерді. Хан көтеру рәсімі Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында, Жанкент қаласы маңында өткен. Бұл — патша үкіметі бар, Хиуа, Қоқан хандары бар, яғни сыртқы күштердің қазақ сұлтандарын бір-біріне айдап салып, талас-тартысты қыздырып тұрған кезі. Хан атанысымен-ақ… «Арынғазы Әбілқайыр хан ұрпақтары — Нұрәлі, Ерәлі, Пірәлі хандармен, Орта жүздегі Батыр хан ұрпақтары — Жантөре Жиһангерұлы, Жұма Құдаймеңдіұлы, Баба Қайыпұлдарымен, Сырым батыр ұрпақтарымен, Бұхарадағы мұсылман діни өкілдерімен келісімге келіп, елді біріктіру жұмысын бастап кетті. Сөйтіп, ол ХІХ ғасыр басында мұндағы рулар арасындағы тартысты өзінің батылдығымен тоқтата білді. Бұл бағытта хан әдет-ғұрып және шариғат заңдарына сүйеніп, араздықты тудырушы кінәлілерді көпшілік алдында өлім жазасына кесуге дейін барды», — деп жазды тарихшылар Әбілсейіт Мұхтар мен Ұлжан Ахметова. Ал тарихшы Мұрат Әбдіров Кіші жүз қазақтары оны «Тыным хан» атаған, яғни елге тыныштық әкелген хан санаған дейді.

Арынғазы хан саясатын қолдаушылар оның айналасына топтаса түсті. 1816-1819 жылдар аралығында Кіші жүздің барлық дерлік рулары, сондай-ақ, оларды қолдаған Орта жүз және Ұлы жүз руларының өкілдері бар, ел игілері Арынғазыны  Кіші жүз хандығына ұсынып, Орынбор мен Санкт-Петербургке төрт хат жолдаған.

Арынғазының мұндай беделге ие болуы, әрине, патша тағайындаған Кіші жүз ханы Шерғазы Айшуақұлына  ұнамаған. Ол өз тарапынан әрекеттеніп, Арынғазыны Ресей мен Хиуа арасындағы қарым-қатынасқа, саудаға кесірін тигізіп отырған, қауіпті тұлға ретінде көрсеткен. Өз кезегінде Ресей Сыртқы істер министрлігінің Азия департаменті І Александр патшаға қазақтардың бірлігін көксеген, айбынды Арынғазының империя үшін тиімсіздігін дәлелдеп, оны хан дәрежесіне  бекіттірмеуге  күш салды.

Сөйтіп, 1821 жылдың көктемінде, Ресей Сыртқы істер министрлігінің астыртын жоспарына сай, Арынғазы Санкт-Петербургке аттанды. Өзі, елі бұл сапардан үлкен үміт күткен еді. Ал патша үкіметі ондай «қауіпті» тұлғаны хан дәрежесіне бекіту былай тұрсын, тіпті еліне жібермей, алдымен Санкт-Петербургте ұстап, кейін Калугаға жер аудару керек деп шешті. Онымен бірге еріп барған елшілер ғана бірте-бірте елге қайтарылды.

Жұрты Арынғазыны асыға күтті. 1822 жылдың 21 сәуірінде Кіші жүз рубасылары патшаға хат жолдап,  Арынғазыны хан етіп тағайындап, елге қайтаруды сұрады.  Патшадан жауап болмады. Кіші жүздің батыр-билері Арынғазының қайтарылуын талап етіп, орыстарға қарсы қақтығыстар да ұйымдастырды. Солардың бірі — атақты Бөкенбай батырдың немересі, табын руының батыры әрі биі Жоламан Тіленшіұлы. 1822-1825 жылдардағы Жоламан Тіленшіұлы бастаған көтеріліске табын, тама, адай, т.б. Кіші жүз рулары қатысты. Ұрыстардың бірінде ол Орынбор казак әскерлерінің есаулы Падуров пен прапорщик Медведевті тұтқынға алып, «бұларды Арынғазы хан қайтарылған соң ғана босатамын» — деп мәлімдеген.

Арынғазы Калугаға 1823 жылы жіберіліпті. Калугада онымен бірге інісі Елжан, әйгілі Сырым батырдың баласы Жүсіп би болды. Жүсіп би 1828 жылы (кей деректерде – 1829 жыл) елге қайтарылған. Бәйбішесі Жақсы ханым Арынғазымен бірге болуды сұрап хат жазғаныменен, оның өтініші орындалмаған. Өмірінің соңғы жылдарында Арынғазы Мәдина атты татар қызына үйленіпті.

Арынғазы 1833 жылы қайтыс болып, сүйегі Калугада жерленді. Сөйтіп, тұтас бір халықтың ертеңге деген жақсы үмітін  оятқан айбынды хан Калугада титтей төмпешік болып қала берді, кейін есімі Калуга тарихына бір ғана сөйлем боп еніпті. Ал тура бір ғасыр уақыттан кейін туған елінде ұрпақтары оның есімін атауға да қорқатын заман орнады…

…Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» романында айтылғандай, кезінде Қазақ Ордасында тақ мұрагері болған, Сібірдің Ескер қаласында патша жендеттері тұтқынға алып, бүкіл саналы ғұмыры орыс жерінде өткен Ораз-Мұхаммед сұлтанның да демі осы Калуга жерінде үзілген еді. Ол Бұлғақ тұсы — 1610 жыл болатын. Жұрты үлкен сүйеніш санаған екі тұлғаның маңдайына алы-ыс Калугада Мәңгілік Сағынышқа айналып көз жұму жазылыпты. Олардың бірін жоғарыда айтылған «Аласапыран» романы әйгілі тұлғаға айналдырса, ал Арынғазы туралы әзірге тарихшыларымыз ғана жазып жүр.

 

Патша қызметі, күй, күрес…

Арынғазы ханның төрт әйелі болған: Жақсы ханым, Ұлтуған (шын аты Айтолқын деседі), Топық және жоғарыда аталған Мәдина, толығырақ аты-жөні — Мәдина Хасанқызы. Арынғазы төрт әйелінен үш перзент сүйген: Айтмұхаммед (мұрағат деректерінде — Аймұхаммед), Тұрмұхаммед және Фатима, сонымен бірге інісі Нұрымның баласы Мұхаммедқазыны бауырына басқан. Л. Мейердің жазбаларына қарағанда, Арынғазының інісі Нұрым — (Нұрымғазы сұлтан) — батырлығымен аңызға айналған тұлға. Бір ұрыс кезінде ол Хиуа ханы Мұхаммед-Рақымның қолына түседі. Бұл туралы Л. Мейер былай деп жазыпты: «…жаралы халде оны ханға жеткізеді. «Сен атақты Нұрым батырмысың? Менің Хиуа ханы екенімді, қаласам сені өлімге кесетінімді білемісің?» — дейді Мұхаммед-Рақым. «Иә, — деп жауап беріпті Нұрым. — Сенің Хиуа ханы екеніңді білемін. Бірақ «Нұрым батырмысың?» — деген сауалыңа таңданып тұрмын. Егер қолымда — найзам, ат үстінде кездессек, кім екенімді сұрамай-ақ таныр едің! Мені өлімнен қорқытуды ойлама. Өзекті жанға — бір өлім». Хан оны өлтіруге бұйрық берді. Қазақ жерінің атақты батыры Нұрым сұлтан осылай қазаға ұшырапты. Артында баласы Алтынғазы қалды».

Нұрым сұлтанның тағы бір ұлы — Мұхаммедқазы, жоғарыда айтқанымыздай, Арынғазы шаңырағында, Жақсы ханымның тәрбиесінде өскен. Арынғазының Топықтан туған ұлы — Тұрмұхаммед небәрі 15 жасында көз жұмыпты. Ал артында қалған жалғыз ұлы — Айтмұхаммед Мөңке бидің ұрпағы болып саналатын Айтолқыннан туған. Қызы Фатиманы Калугада қосылған жары Мәдинадан сүйген.

Арынғазының қайтыс болған хабарын естігеннен кейін, бәйбішесі Жақсы ханым Орынбор губернаторы В. Перовскийге өзінің ерін 14 жыл бойы көрмегенін, енді сүйегін елге әкелгісі келетінін айтып, рұқсат сұрап хат жолдайды. Бірақ губернатор рұқсат бермеген. Жер қойнына бір рет берілгеннен кейін, енді аруақты мазалауға болмайды деп сылтау айтқан. Онысыз да жер-жерде отаршылдыққа қарсы көтерілістер бұрқ ете қалып жатқан тұста, Арынғазы сүйегі елге әкелінсе — отқа май құйғанмен бірдей болмай ма? Патша шенеунігінің осыны ойлағаны анық.

Ал Жақсы ханым — өз ортасында беделі жоғары болған, Арынғазы шаңырағына қорған бола білген адам. Арынғазы қайтыс болғаннан кейін, оның кіші әйелі Мәдинаны Калугадан елге алдырыпты.

1931 жылға дейін патша үкіметі Кіші жүз қазақтарын ресми түрде екі топқа бөліп келген: шекара шебіне жақын және далалық жерлерде тұратындар. 1931 жылдан бастап шекараға жақын тұратындар жаңа әкімшілік-аумақтық бірліктерге — дистанцияларға бөлінді. Дистанцияларды бастықтар басқарды. Уақыт өте келе дистанция бастықтарының билігі алыс ауылдарда да жүргізілетін болды. Арынғазы ханның баласы Айтмұхаммедке патша қызметінде болу тағдыры бұйырған: ол 1958 жылы 29-дистанцияның бастығы болып тағайындалған, кейіннен — 1869-1873 жылдарда — Елек уезінің кіші көмекшісі қызметін атқарыпты. Айтмұхаммедтің үш ұлы болған: Сапа, Шайхы-Ислам, және Жүсіп.

Айту керек, атақты күйші Үсен төре де Арынғазы ханның немересі болып саналады. Ол — Жақсы ханым бауырына басқан Мұхаммедқазының ұлы, толық аты-жөні — Мұхаммед-Хұсайын Арынғазиев. (Облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған дерекке сай, Мұхаммедқазының қыстауы қазіргі Ақтөбе қаласының аумағында болған.) Үсен төренің біздің облысымыз аумағындағы жәрмеңкелерде базарбасы, т.б. қызметтер атқарғаны белгілі.

Зерттеуші Берік Жүсіпов өзінің «Жиделі Байсын күйлері» атты еңбегінде: «Қазақта «төре күйлері» деп аталатын көшелі дәстүр болған… Сыр бойының Жанкент қаласында, шектілердің ортасында ақ киізге салып хан көтерілген, кейін Калугада он жыл айдауда болып, сүйегі жат жерде қалған Әбілғазыұлы Арынғазы төре күйлері мектебінің көрнекті өкілі еді» — дей келіп, Үсен төре шығармашылығына жеке мақала арнаған. Ол мақала былай аяқталады: «Үсен төре — күй өнеріндегі ерекше биік тұлға. Оның көптеген шығармалары түрлі архивтерде сақтаулы. Болашақта осы жәдігерлерді жарыққа шығарып, күйші шығармашылығын толықтыра жазса, қазақ күйінің құлап қалуға айналған тағы бір қабырғасы тіктелер еді». Бүгінгі ұрпақ өте жоғары баға беріп отырған Үсен төре күйшілігінің кезінде зерттелмей, насихатталмай қалуының себебін кешегі кеңес өкіметі жүргізген саясаттың ызғарынан іздейміз.

Ал Арынғазы ханның өзіне келсек, оның бізге жеткен туындысы — «Арынғазы» күйі, тарихшы Мұрат Әбдіров жазғандай, кезінде қазақ даласына кең таралған, танымал дүние болған.

Сондай-ақ Арынғазының тікелей ұрпағы — Роза Ахметшеқызы Арынғазиева ханның өз ұлы Айтмұхаммед те күйші болған дегенді естігенін айтады.

Арынғазы ханның немерелері арасынан Сапа социал-демократиялық үйірмеге қатысқаны үшін, патша үкіметі тарапынан қудалауға ұшырап, үш жыл жер аударылған.

Өз бетімен оқып, орысша сауат ашқан Сапа Торғай облысынің 5-учаскесінде мал дәрігеріне аудармашы болып қызмет еткен, — дейді Роза Ахметшеқызы.

Сапаның үлкен ұлы — Ғалиахметтің тағдыры ерекше: ол Орынборда гимназияда оқыған, одан соң Қазан университетінің медицина факультетіне түскен. Әскери хирург ретінде 1905 жылы орыс-жапон соғысына қатысқан. Соғыстан қайтқаннан кейін, патша үкіметі оны студент кезінде революциялық қозғалысқа қатысты деген айыппен, Нижний Тагиль жағына жер аударады. Еліне қайту түгіл, тұрған жерінде олай-былай шығуға рұқсат берілмейді. Сөйтіп, сол жерде дәрігер болып еңбек ете жүріп, бір орыс қызымен көңіл қосады. Қыздың әке-шешесі оған үйленгің келсе, христиан дініне көш деген талап қояды. Мұны сол жерде табысқан орыс жолдастары да құп көреді, «солай етер болсаң, ұлықтардың саған деген көзқарасы өзгеріп, жағдайың жақсарар» — деп болжам жасасады. Осылайша Ғалиахмет амалсыз христиан дініне кіріп, Юрий деген ат алады. Кейін қызы Варвараға бұл жөнінде: «…басқан ізімді аңдып, қатты ұстады. Елге қайтармайтындарына көзім жеткен соң, осы жақта үйлендім. Амалсыздан христиан дініне көштім» — депті.

Ғалиахмет тағдыры бізді патша үкіметі Арынғазы ханның өзі ғана емес, оның ұрпақтары арасынан «қауіпті» саналған тұлғаларды да қазақтардың ортасында қалдырмауға күш салған ба деген ойға жетелейді.

«Елін іздеген қыз»

Ал жоғарыда келтірілген Ғалиахметтің қызы Варвараға айтқан сөздері жазушы, жерлесіміз Ғалым Ахмедовтің «Елін іздеген қыз» әңгімесінен алынып отыр.

Жазушы Ғалым Ахмедовтің аталмыш әңгімесі 1981 жылдың 17 шілдесінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген. Ғалым ағамыз өзінің Мәскеуге барған бір сапарында шетелдік туристерге арналған емхана бас дәрігерінің фамилиясы Арынғазиева екенін естіп, «бұл қазақ қызы болды ғой?» — деген оймен, оны іздеп барады.

Әңгімеден үзінді:

«… кең, жарық, әсем ғана жиһаздалған кабинеттің төрінде ақ халат, қалпақ киген, ақ шашты, қараторы әйел отыр. Аман-саулықтан кейін қай елден келгенімді, нендей шаруам барын сұрады.

— Шет ел турисі емеспін. Денсаулығым да әзірге, құдайға шүкір, жаман емес. Ақтөбенің қазағымын. Сіздің фамилияңызды есітіп, бәлкім, жерлес болып шығармыз деп, өзіңізбен танысқалы келдім.

— О-о, менің әкем Ақтөбенің қазағы болатын, шынында да, жерлес екенбіз, — деп, іздеп келгеніме қуанышын білдірді».

Арынғазы ханның ұрпағы Варварамен жазушы осылай танысыпты.

Варвара Арынғазиева Ленинград медицина институтында білім алған. Мамандығы — хирург-дәрігер. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан. Мәскеудің Свердлов ауданында денсаулық сақтау бөлімінің бастығы, жоғарыда аталған шетелдік туристерге арналған емхананың бас дәрігері, т.б. қызметтер атқарған. Ол — 1963 жылы Мәскеуде Фидель Кастроға соқыр ішекке байланысты операция жасаған дәрігерлердің бірі, Социалистік Еңбек Ері атағының иегері.

Жазушымен тағы бір кездесуінде ол 1920-жылдардың екінші жартысында өзінің елге келіп қайтқан сапары жөнінде әңгімелеп береді.

…бірде жазғы каникулға үйіне келген студент Варвара әкесіне: «Сен әрдайым елің туралы айтасың. Сол туған жеріңе, ағайындарыңа барып қайтайық» — деп өтініш айтады. Әкесі бас тартады. «Неге?». Қызының бұл сауалына жауап беру Ғалиахметке оңайға соқпаған. Қашқақтай отырып, біраз уақыттан соң ғана себебін айтады: «Біздің қазақ — дінге берік халық. Ағайындарым менің кәпір болып кеткенімді кешірмейді». Мұны айтқанда «…дауысы дірілдеп, көзіне жас іркіліп, теріс айналыпты».  Қызы қатты аяп, «Әкетай-ай!» — деп мойнынан құшақтай алады. Енді ол әкесіне елге өзім-ақ барып қайтайын деп қиылады. «Сіздің елді сағынған қайғыңыз маған да қатты батады. Құр босқа уһілеп жүргенше тым болмаса мен барып, көріп қайтайын» — дейді. Ақыры әкесін көндіріп, жолға шығыпты. Әкесі оны Самараға әкеп пойызға отырғызып, туыстарына «Күтіп алыңдар» — деп жеделхат жібереді.

Варвара Арынғазиева былай әңгімелепті:

«Поезд Ақтөбеге түс ауа жетті… Вагоннан шықсақ, перронда еркегі бар, әйелі бар, отыз шақты қазақ күтіп тұр. Бәрі де қуана қарсы алып, бірінен соң бірі құшақтап, бауырына басып сүйіп жатыр. Тіпті есім шығып, көзімнен жас ытқып кетті…

Ауылға тартып кеттік. Өзеннің бойында көгалға қатарластыра тігілген жеті-сегіз киіз үй. Бір үлкен үйге келіп түстік. Ауылдың бар адамы, бала-шағаларына дейін жиналған, сыймағандары есік алдында, басқаларының шыққанын күтіп тұр. Бір-екі адам шықса, даладағылардың бір-екеуі таласа-тармаса ішке кіріп, төрге қарай ұмтыла келіп, қолымды алады…

Бір ауыз қазақша білмеймін, ал ауылдағылардың көбі, әсіресе, әйелдер жағы бір ауыз орысша білмейді, үй иесі тілмаш болып отырды. Бәрінің сұрайтыны — әкем жайы. Әкем: «мен шоқынған адам болғандығымнан, тумаларым енді маңына жуытпайды» — деуші еді, байқасам тіпті де олай емес. Әңгімелерінен әкемді өте  сағынатындарын, бір көруге зар екендерін байқадым. Осы ауылда айға жуық жатқанымда, күнде бір үй қонаққа шақырып, басқа ауылдарға да апарып жүрді. Қазақтың тілін, ғұрып-әдетін білмесем де, өз балаларындай жақсы көріп, бауырына басты».

Әңгімесінің соңында ол Ғалым Ахмедовке өзінің сол сапарды ешқашан ұмытпағанын айтады:

«Елге сол барғандағы қарапайым ауыл адамдарының жүрек жылылығы менің көңілімде мәңгі сақтаулы. Сол халықтың ішіне барып қызмет істермін-ақ деп едім, бірақ тағдыр жазбады. Біздің өміріміздің қандай толассыз оқиғаларға толы болғанын өзіңіз де білесіз ғой. Жастық шақтың қалай өткенін білмей де қалдық… Партия қайда жіберсе, сонда бас тартпай бардық. Сөйтіп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Басынан аяғына дейін қатысуға тура келді. Ылғи алдыңғы шепте жүрдім. Көз алдымнан өткен — өлген, жаралы болған солдаттардың қисабы жоқ! Қазақ ішіне бара алмағаныммен, майданда талай ұлдарын кездестірдім. Қолымнан келген жақсылығымды олардан аямадым, әкемнің туыстарындай жақын тұттым»…

Айтмұхаммедтің екінші ұлы — Шайхы-Исламның немересі, Ақтөбеде тұратын Роза Арынғазиева осы әңгіме арқылы Варварамен табысады. Әңгіме жарыққа шыққаннан кейін келесі, яғни 1982 жылы Варвара Ақтөбеге екінші рет келіпті. Бұдан соң олар жыл сайын кездесіп тұрған.

Варвара 1989 жылы, 82 жасында дүниеден өтті, — дейді Роза апай.

Роза апайдың айтуынша, Варвараның бірге туған бауыры — Борис те Ленинград медицина институтын бітіріп, дәрігер болып еңбек еткен. Ол 1937 жылдың зұлматына ұшырап, КСРО-ның оңтүстік шекарасындағы Кушка қаласына жер аударылған, кейін атылған. Ал Бористің қызы, 1932 жылы дүниеге келген Нинаға қазақ елінің дәмі бұйырыпты. Нина Борисқызы 1980-1989 жылдары Алматыдағы әйгілі «Қазақстан» қонақ үйінің меңгерушісі болып еңбек еткен.

 

Калугаға сапар

Жазушы Ғалым Ахмедов Арынғазы ханның тарихын жақсы білген. Бұл жөнінде ол Варвара апамызға да әңгімелеп берген. Арғы атасының Калугада жерленгенін естіген Варвара апай: «Калугаға талай барып жүргенімде білмегенім-ай!» — деп қатты өкініпті. Ғалым Ахмедовке Арынғазы қабірінің сақталған-сақталмағаны жөнінде біліп беріп, мүмкін болса, сол жаққа барып қайтайық деп ұсыныс та айтқан. Әйткенмен, түрлі себептерге байланысты Варвара апай мен Ғалым ағамызға Арынғазы хан қабіріне барудың сәті түспейді.

Варвара апайдың ұсынысы бойынша, 1985 жылы мен біздің облыстық музейден арнайы қатынас қағаз алып, Калугаға аттандым. Арынғазы хан Калугадағы ескі діндегілер («старообрядцы») қорымына жерленген екен. Мен ол жерде ақтөбелік бір жақсы досымның танысының үйінде болған едім. Сол үйде шамамыздың келгенінше Арынғазы ханды еске алу рәсімін жасадық. Содан кейін мынадай жағдай болды: түн іші, сағат 3-тердің шамасы еді. Мен түсімде Арынғазы атамды көріп жатыр екенмін деймін. Кенет оянып кеттім. Ұйқым шайдай ашылды. Ұйықтай алмаған соң орнымнан тұрып, сөредегі жиюлы кітаптардың бірін қолыма алғанмын. Калуга тарихына арналған кітап болып шықты, авторы — Фехнер екен, сол кітаптың 11-бетін ашып қалсам, Арынғазы хан туралы бір ауыз сөз жазылыпты. Ертеңгілік үй иелері ол кітапты маған сыйға тартты, — дейді Роза Ахметшеқызы.

Роза Ахметшеқызы — Арынғазы хан, оның ұрпақтары жөніндегі деректерді тірнектеп жинап жүрген жан.

Оның айтуынша, Арынғазы хан шөберелері — Кеңес өкіметі орнағанға дейін-ақ Ақтөбеде, Орынборда, Қазанда орысша білім алып, елге білім беру ісіне араласқан, дәрігер, заңгер болған адамдар. Олардың бірі — Ғалиахмет жөнінде жоғарыда айтылды. Ғалиахметтің туған інісі Шаяхмет те Ақтөбедегі екі класты орыс-қырғыз (қазақ) училищесінде, одан соң Орынбордағы мұғалімдер мектебінде оқыған.

Ал тағы бірі, Жүсіптің ұлы — Қасым Орынборда заңгер болып қызмет еткен.

Жүсіптің екінші ұлы — Камалитдиннің есімін ерекше айту керек. Ол Қазандағы мұғалімдер семинариясын бітіріп, халық ағарту саласында еңбек еткен. 1926 жылы Қазақ КСР-інің Халық ағарту комиссары болып тағайындалған. Кейіннен Ақтөбе облысындағы білім ордаларында басшылық қызметтер атқарған. Сейітқали Меңдешов, Сәкен Сейфуллин, Ұзақбай Құлымбетовтермен аралас-құралас болған Камалитдин ағамыз жөнінде, өкінішке орай, деректер өте аз сақталған. 1937 жылы «төңкеріске қарсы ұлттық ұйымға қатысты» деген айыппен тұтқындалып, 8 жылға сотталған, кейін Ярослав облысының Рыбинск қаласында көз жұмған Камалитдиннің соңында жетім қалған екі қызы көп таршылық көріп өсті, — дейді Роза апай.

Жоғарыда аталған «Елін сүйген қызда» Камалитдин туралы да аз-кем айтылады. Варвара апайдың әңгімесінен мына үзіндіге көз салыңыз: «Қазақстанның астанасы ол кезде Қызылордада. Арынғазиевтердің біреуі сонда Халық ағарту комиссариатында істейді екен. Әкем айтып отырушы еді. «Камалитдин деген немере інім Қазанда учительдер семинариясын бітіріп кетті. Революция қозғалысына ол да араласып еді, бірақ жандармерия бар қаһарын біздің университетке тікті…» — деп. Ауылдағылар Камалитдинге де хабар берген екен. Ол маған келмей кетпе деп телеграмма соғыпты. Уақытым аз қалса да баруға тура келді. Қуана қарсы алып, бір жеті жібермей қойды…».

Роза апайдың әкесі — Ахметше де 1897-1903 жылдар аралығында Ақтөбедегі екі класты орыс-қырғыз (қазақ) училищесінде оқыған. Бұл училищені үздік бітірген Ахметше Арынғазиев оқуын әрі қарай Орынборда жалғастыруды ойлайды. Орынбор мұғалімдер мектебіне құжаттарын тапсырып, емтихандардан табысты өткенімен, оқу орнының басшылары Ахметшені қабылдаудан бас тартады. Сөйтіп, еңбек жолын Ақтөбе уезі, Тастемір ауылдық мектебінде мұғалімдіктен бастайды. Кейін  Ақтөбе облысы аумағында жаңа ашылған бірнеше мектептердің жұмысын жолға қойған. Бұлар — Қарғалы мектебі; Әлімбетов болысындағы №2 ауылдың «Өрнек» мектебі; Қарабұтақ мектеп-коммунасы; т.б.

Ахметшенің өзге туыстары арасында бірге туған бауыры Уәлише де жандармерия қаһарына ұшырап, 1910 жылы Архангельск жаққа жер аударылған.

Туыстарының патша үкіметі, одан соң НКВД тарапынан қудалау көруі әкемнің өмір жолына да кері әсер етпей қоймады. Ол кісі аяқ астынан жұмыстан қудалану, басқа да сол секілді құқайларды бастан өткерген, — дейді Роза апай.

Роза Арынғазиева1933 жылы Новоресей ауданының Мағаджан ауылында дүниеге келген.

1932 жылы әкемді сол жаққа жұмысқа жіберген. Ол жерде әкем кейін Латвия басшысы, КПСС Саяси бюросының мүшесі болған Арвид Янович Пельшемен бірге жұмыс істеген. Екеуі достық қатынаста болған. Менің атымды да Пельше қойыпты. Ал 1937 жылы НКВД Пельшенің соңына түскенде, ол әкемнің арқасында құтылып кетіп, аман қалған, — дейді Роза апай.

1940 жылы Ахметше Жақсы ханым мен Айтолқын ханым сақтаған Арынғазының заттарын — сауытын, құманын, ыдыстарын облыстық музейге ұсыныпты.

Ахметшенің жалғыз ұлы — ағам Болат Ұлы Отан соғысында қаза тапты. Ал Уәлишеден, Қасымнан, Сапа атамыздың Ғалиахметтен басқа балаларынан тараған ұрпақтары жөнінде естіп-білгенім болмаса, қолымда нақты деректер жоқ. Арынғазының шөбере-шөпшектерінің бірқатарының сүйегі жат жерде қалса, ал  бүгінде көзі тірі ұрпақтары Қазақстанның әр жерінде жүр, — дейді Роза апай.

Ұрпақтары еліміздің әр жерінде жүргенімен, сүйегі Калугада қалғанымен, Арынғазының отаны — Ақтөбе жері болса керек. Тарихшылар Әбілсейіт Мұхтар мен Ұлжан Ахметова былай деп жазады: «Орыс тыңшыларының 1820 жылғы ақпарына сенсек, Кіші жүздегі 100 мың ауыл Арынғазыға, 4 мың ауыл Шерғазы ханға бағынған екен. Ел ішіндегі ең беделді адамдар тізімі Арынғазы сұлтан, Темір Ерәліұлы, Қаратай Нұрәліұлы делініп, Арынғазының тұрақты мекені ретінде 1820 жылдың күзінде Елек өзені көрсетілген».

Бұған қоса, Мұхаммедқазының (ал ол — Арынғазының бәйбішесі бауырына басқан бала екенін тағы бір есіңізге саламыз) қыстауы да бүгінгі Ақтөбе қаласының аумағында болған; ал Варвараның әңгімесінде де туыстарының Ақтөбе маңын мекендегені айтылады…

Ендеше, биыл, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы тұсында Ақтөбеде Арынғазы ханды мәңгі есте қалдыру мақсатында шаралар (көше немесе Ақтөбе қаласы аумағындағы ауылдардың біріне оның есімі берілсе, т.б.) қолға алынып жатса, бұл — бүгінгі ұрпақтың кешегі азаттық аңсаған ата-бабалар алдындағы көп парызының бірін орындағаны болмас па еді?

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button