Спорт

Ерасыл — әлем чемпионы

12-14 желтоқсан аралығында Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресінен өткізілген Әлем чемпионатында жерлесіміз Ерасыл Амангелді жеңімпаз атанды. Жеңіспен оралған балуанды жанкүйерлері Ақтөбе халықаралық әуежайынан сән-салтанатпен күтіп алды.

Дүбірлі дода ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасында өткізілді. Жарыс бағдарламасына сәйкес жасөспірімдер мен жастар 5 салмақ дәрежесінде күресті. Ал ересектер 12 салмақ дәрежесінде белдесті.

Ересектер арасында 100 күресті келіден асатын салмақта ел намысын қорғап, «түйе палуан» атанған Е.Амангелді қатарынан оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінді.

 Қазақ күресінен өткен әлем чемпионатына 40-қа жуық мемлекеттен 350 балуан қатысты. Мен жастар арасында сынға түстім. 11 жасымнан бері қазақ  күресімен айналысамын. Ел намысын асқақтатып, жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Маған қолдау көрсеткен ата-анама, бауырларыма және жаттықтырушым Мейрамбек Әбішевке ерекше алғыс білдіремін. Дүбірлі дода тартысты өтті. Финалда тәжікстандық балуанмен белдесіп, жеңіске жеттім, — дейді Ерасыл Амангелді.

№1 Қарғалы спорт мектебінің директоры Бақдияр Төлеуовтың айтуынша, спорт мектебінде 1300-ге жуық балалар мен жасөспірімдер жаттығады. Жыл соңында үздік спортшылар марапатталып, үздік жатықтырушылар анықталады.

Еліміздегі қазақ күресінен үш федерацияның басын біріктіріп, ұлттық күресімізді ел ішінде және шетелдік аренада насихаттап жүрген Qazaq kuresi Ассоциациясы биыл Біріккен күрес әлемінің (UWW) құрамына кірген болатын. Алдағы уақытта барлық халықаралық жарыстар UWW-мен бірлесіп өткізіледі.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button