Басты жаңалықтарМереке

Тәуелсіздік —тәңір сыйы

Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 31 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қазақ елін төрткүл дүние танып, әлем мойындады. Дегенмен сонау егемендік алған тұста еліміз бірден аяққа тұрып кетпеді. Қаншама қиындықтарды бастан өткерді, дамудың сан түрлі сатыларынан өтті. Біз мереке қарсаңында еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктерін саралаған едік…

Тарих белестері

Тәуелсіздік – біздің ең басты құндылығымыз. Тарих толқынында талайды бастан кешірген қазақ елі 31 жыл бұрын өз тәуелсіздігін алған тұста дұрыс таңдау жасағандығын бүгінде уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Қазіргі таңда Қазақстан жылдам қарқынмен әлемдегі алдыңғы қатарлы жетекші елдердің қатарына қосылып келеді. Бүгінде Қазақстан — әлемдік қоғамдастықтағы, сондай-ақ Орталық Азия аумағындағы шешуші рөл атқаратын мемлекеттердің бірі.

Бүгінде еліміздің тарихтағы барлық жетістіктері, өсіп-өркендеуі, рухани-экономикалық дамуы, дүниежүзінің дамыған озық мемлекеттерімен терезесінің тең болуы —  Тәуелсіздігіміздің арқасы.

1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» ҚР Заңы қабылданып, еліміз өз тәуелсіздігін жариялады. Түркия Республикасы бірінші болып Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін таныды. Осылайша әлем картасында Тәуелсіз Қазақстан атты жаңа мемлекет пайда болды. Оның Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды.

Өткен тарихқа көз жүгіртсек, еліміздің өз тәуелсіздігін жариялап, тағдырын өз қолына алуы, бір жағынан, зор мақтаныш, қуаныш болса, екінші жағынан, үлкен жауапкершілік болды. Міне, сол жауапкершілікті арқалаған Тұңғыш Президентіміз отыз жыл ішінде қазақ елін өркендету, дамыту жолында зор еңбек сіңірді. Қалай десек те, бұл ретте Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тәуелсіздігіне қосқан үлесі орасан.

Артта қалған үш онжылдық кезең­ге бүгіннің биігінен қарайтын бол­сақ, еліміз үшін өте сындарлы және айтулы кезеңдер болғаны хақ. Егемендік алған соң, ең алдымен,  мемлекетімізде «Қазақстан Республикасында ішкі әскерлері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қабылданып, еліміздің ішкі істер әскері құрылды.

*Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысы ірі индустриялық дамыған өңірге айналды. Мұнда бүгінде мыс, мырыш, хром, құрамында алтыны бар кендер мен фосфорит, сондай-ақ титан өндіріледі. 1991 жылдан бері өңірде өнеркәсіп көлемі 3,0 млн теңгеден 1 750,5 млрд теңгеге дейін артқан.

*Облыстың өңдеу секторының көлемі 6,7 млрд теңгеден 603,6 млрд теңгеге дейін өскен.

*Облыста мұнай өндіру көлемі 2,4 есеге (2,6 млн тоннадан 5,0 млн тоннаға дейін) артса, ілеспе газ өндіру мөлшері 230,8 млн текше метрден 5 582,1 млн текше метрге дейін жеткен.

*Хром өндіру 4 052,4 мың тоннадан 6 326,5 мың тоннаға дейін көбейген.

1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі атанды. Сондай-ақ осы жылдың 4 маусымында ҚР Президенті «ҚР Мемлекеттік Туы», «ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы», «ҚР Мемлекеттік Әнұраны туралы» заңға қол қойды. Одан кейінгі ең айтулы оқиға 1993 жылдың 28 қаңтарында Жоғары кеңестің шешімімен Қазақстан Республикасының тұңғыш Ата заңы қабылданды. Сондай-ақ қазақ тілі мемлекеттік тіл болып, ұлттық валюта енгізу жөнінде мемлекеттік комиссия құру туралы шешім шықты.

1994 жылдың 16 ақпанында Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды. Сөйтіп, Қазақстан өз еркімен қуатты қарудан бас тартып, ядролық қаруы жоқ ел ретінде осынау зұлматпен күрестің алғашқы баспалдағын қалады.

1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданып, 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Ал 1996 жылы Қазақстанның араласуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылды. Осы ұйымның құрылуына сол кезде біраз жұрт күмәнмен қарағанымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзінің қажеттілігін танытты. Бүгінде бұл ұйымның әлемдегі беделі айтарлықтай жоғары. 1997 жылы 20 қазанда Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен ел астанасы Ақмола қаласы болғаны ресми түрде жарияланды. Осы жылдың 8 қарашасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін Алматыдан Ақмолаға шығарып салу рәсімі өтті. Сондай-ақ 3 желтоқсанда Премьер-Министрдің кеңсесі Ақмолаға көшті.

1998 жылы 10 шілдеде еліміздің жаңа астанасы Астана қаласының бүкіләлемдік таныстырылымы өтті. Ал 1999 жылы Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағына ие болды. Әуелі Астана атымен әлемге танылған елордамыз 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Нұр-Сұлтан деп қайта аталды. Ал биыл ел астанасының бұрынғы атауы қайтарылды.

Еліміз үшін айтулы жетістіктердің бірі елордамызда Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың құрылуы болды. 2000 жылдың 10 қазанында аталған қоғамдастықты құру туралы келісімге Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттері қол қойды. Кейін Еуразиялық экономикалық одақ құрылып, қоғамдастық алынып тасталды.

*1991 жылы облыста 433 балабақша болса, олардың қазіргі саны — 574. Олардағы контингент саны — 41 818 бала. Бір жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 87,4 пайызға жетсе, 2 жастан 6 жасқа дейін балаларды балабақшамен қамту үлесі — 91 пайыз, 3 жастан 6 жасқа дейінгі көрсеткіш — 100 пайыз.

*1990 жылы облыста барлығы 514 мектеп жұмыс жасап, оның 265-і ғана қазақ тілінде білім берсе, бүгінде облыстағы 404 мектептің  270-і қазақша оқытады.

2001 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 10 жылдығын атап өтті. Осы жылы көптеген ауқымды шара ұйымдастырылып, Астанаға Рим папасы Иоанн Павел II келді. Ал араға екі жыл салып, ел астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайы өтті. Тарих жүзінде бұған дейін дәстүрлі үш бағыттағы дін басшыларының бір жерде бас қоспағанын ескерсек, бұл Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі саналары анық.

Одан кейін еліміз үшін айтулы оқиға 2006 жылдың қаңтарында болды. Бұл кезеңде мемлекетіміздің жаңа Әнұраны ретінде Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні қабылданды.

2008 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың негізінде жаңа мейрам  6 шілде — Астана күні тарихқа енді. Сонымен қатар елордадағы «Қазақ елі» монументі ашылды. Ал 2009 жылы Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтті. Ел тәуелсіздік алғалы бері екінші рет өткізіліп отырған ұлттық халық санағы Қазақстан тұрғындарының саны 16 миллион 4 800 адам болғандығын көрсетті.

Жалпы, еліміз тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде Қазақстанда үш рет Ұлттық халық санағы өтті. 2021 жылы өткен санақ бойынша қазақстандықтардың жалпы саны 19 169 550 адам болды. Оның ішінде біздің облыстағы тұрғындардың саны — 894 333.

2015 жылдың 27 шілдесінде Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды. Ал 2016 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның өз алдына егеменді ел болып жарияланғанына 25 жыл толды. Осы айтулы датаға орай Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған декларация жазылды. Сондай-ақ Елбасы Жарлығымен 1 наурыз — Алғыс айту күні болып жарияланып, бұл мереке елімізде тұңғыш рет атап өтілді.

Қазақстанның әлемдік деңгейде ұйымдастырған тың жаңалығы Астана қаласында «ЭКСПО-2017» көрмесінің өтуі болды.

*Өңірде 150-ден астам медициналық нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде 9 аурухана, 7 емхана, 58 дәрігерлік амбулатория, 64 медициналық пункт, 9 фельдшерлік-акушерлік пункт және өзге де медициналық нысандар бар. Облыста бүгінде «Aktobe medical center» ауруханасы, облыстық балалар клиникалық ауруханасы, Қарғалы қалалық ауруханасында 80 кереуеттік перзентхана бөлімшесі, «Аяла» және «Дару» оңалту орталықтары секілді стратегиялық нысандар бар.

ЭКСПО — жаһандық ауқымдағы оқиға. 2017 жылы көрме «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен өтті. Көрмеге 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмені тамашалауға Астанаға әлемнің бар түкпірінен 3 миллион адам келді. Қазақстан ТМД мен Орталық Азия елдері арасында ЭКСПО көрмесін өткізу үшін таңдап алынған бірінші мемлекет ретінде танылды.

Одан бергіде, нақтырақ айтсақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті. Сондай-ақ осы жылы ел астанасының 20 жылдық мерейтойы тойланды.

2019 жыл Қазақстан үшін тосын оқиғаларға толы болды. 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. 9 маусымда кезектен тыс сайлау өтіп, халықтың 70 пайыздан астам дауысын жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды. Ал биыл араға үш жыл салып, Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауында алты үміткердің арасында көп дауыспен жеңіске жетті. Осылайша ол екінші рет 7 жыл мерзімге Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды.

Қай кезде де еліміздің тәуелсіздігін басты құндылығымыз санайтын Мемлекет басшысы бұған дейін өзінің «Egemen Qazaqstan» газетінде жа­рия­лаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында отыз жылдық тәуелсіздік дәуі­рін шартты түрде үш онжылдық кезең­ге бөліп, әр онжылдыққа қысқаша тоқта­лып, сипаттамалар берген болатын. Мәселен, алғашқы он­жыл­дыққа — «Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі», екінші онжылдыққа — «Қазақ елінің керегесін кеңейту», ал үшінші онжылдыққа — «Шаңырағымыз биік­теп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке ай­нал­ған кезең» деген еді.

Шындығында да, Мемлекет басшысы айтқандай, осы үш онжылдыққа еліміз талай белестерден өтіп, өркендеу, даму жолына түсті. Бүгінде Қазақстанның алдында әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсаты тұр. Осы орайда Мемлекет басшысының сарабдал саясаты мен елді дамытудағы жаңашыл реформаларының арқасында қазір елімізде тың серпілістер жүзеге асырылуда.

«Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті — қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет. Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз», — деген ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргідей қиын-қыстау кезеңде ел тізгінін алып, үлкен реформаларды жүзеге асыруды бастап кетті. Мемлекет басшысы алдағы уақытта «Әділетті мемлекет — Әділетті экономика — Әділетті қоғам» бағытындағы үш қағидат негізінде жаңа мемлекеттік саясатты іске асырып, тәуелсіздігіміздің төртінші онжылдығында Әділетті Қазақстан құруды көздейді.

*Тәуелсіздік жылдарында облыста 11 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Мәселен, соңғы үш жыл ішінде өңірде 22 мың пәтер немесе 3,2 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Биыл 1 млн 200 мың шаршы метр тұрғын үй қолдануға беріледі.

Тәуелсіздік және біз

Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысында жаңа жолдар салынып, ауыл-аймақтар газбен, ауызсумен қамтылды. Өңірде білім беру, медицина, мәдениет және спорт салалары қарыштап дамыды. Бүгінде аталған салаларға жаңашылдықтар енгізіліп, заманауи технологиялардың арқасында ілгері даму байқалады. Ал облыстың экономикасы жыл артқан сайын жаңа деңгейге көтерілуде.

Облыс тұрғындарын көгілдір отынмен, ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі тәуелсіздік алған жылдардан кейін қолға алынды. Жалпы еліміз бойынша бұл бағыттағы жұмыстар батыс өңірлерде қарқынды жүргізіле бастады. Бүгінге дейін үздіксіз жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Ақтөбе облысында халықтың 93,4 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. 2022-2025 жылдар аралығында облыс бойынша тағы 76 елді мекенді газдандыру міндеті тұр. Сол кезде газбен қамтылған тұрғындардың үлесі 97,6 пайызға жетеді. Ал  халықты ауызсумен қамту көрсеткіші 97,3 пайызға жетіп отыр. Өткенге көз жүгіртсек, кеңес заманы тұсында облыста тек Ақтөбе, Қандыағаш қалалары мен теміржол бойында орналасқан Шалқар ауданы сияқты саусақпен санарлық елді мекен ғана көгілдір отынмен қамтылған. Жалпы, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста облыс халқының 40 пайызы ғана табиғи газға қол жеткізіпті.

Ал жол құрылысына келсек, тәуелсіздік алған тұста еліміздің төрт бұрышын бір-бірімен жалғайтын жолдар болған жоқ. Біздің өңір үшін ең құнды жоба саналатын «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің облыс аумағынан өтетін бөлігі 2013 жылы пайдалануға берілді. Осы автокөлік жолы пайдалануға берілген соң облысқа қарасты елді мекендерде тіршілік қайта жанданды. Жол бойында қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандары бой көтеріп, халық тұрақты жұмыспен қамтылды. Ауыл халқы осы жолдың ризығын көріп, малын сатты, одан алған өнімдерін өткізді. Мамандардың айтуынша, облысымыздағы осы жол бөлігінің бойында 50-ден астам қызмет көрсету нысаны орналасқан. Бұл жол бойымен күніне орта есеппен 10 мыңға жуық көлік өтеді.

Жалпы, тәуелсіздік жылдарында облысымыз өнеркәсіптік өңір ретінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Облыс аумағында салынған Хромтау-Алтынсарин, Бейнеу-Жезқазған теміржолдары, қазір құрылысы жүріп жатқан Ақтөбе-Атырау-Астрахань автокөлік жолдары өңірде тек жүк тасымалы ғана емес, сонымен қатар туризм саласын дамытуға да оң әсерін тигізуде. Облыс орталығы мен аудандар арасындағы жолдар да жыл сайын жаңартылып, жолаушылар үшін барынша жағдай жасалуда.

Сондай-ақ 1991 жылдан бері қарай өңірде жүзеге асырылған бірқатар ірі инвестициялық жобалар, атап айтсақ, «Қазхром», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», т.б. өндіріс орындары қазір өз өнімдерін көбейтіп, облыс экономикасын көтеруге өз үлестерін қосуда.                                Отыз жыл ішінде мемлекеттің қолдауының арқасында облыста ауыл шаруашылығы саласы едәуір дамыды. Бұл салаға шетелдік инвесторларды тартудың арқасында көптеген маңызды жобалар іске асырылды. Ауылшаруашылық құрылымдарының саны көбейіп, өңірімізде мал басы артты. Ауылшаруашылық өнімдерін шығару, оларды қайта өңдеу, жаңа техникалармен қамту бағытындағы шаруалар жолға қойылды.              Сонымен қатар тәуелсіздік жылдарында өңірде медициналық мекемелер салу, оларды қайта жаңғырту жұмыстары қарқынды жүрді. Соның арқасында облыста жаңадан 150-ден астам медициналық нысан салынып, ауруханалар білікті мамандармен, заманауи технологиялармен толықты. Облыста мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының саны артып, балаларды балабақшамен қамту үлесі 90 пайызға жетті. Ал орта біліммен қамту үлесі өткен кезеңдерге қарағанда бірнеше есеге өсті. Ауыл-аймақтарда 160-қа жуық мектеп пайдалануға беріліп, олардың дені жаңа құрылғылармен, компьютерлік сыныптармен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында облыстағы мәдениет мекемелерінің саны екі есеге артып, олардың саны 500-ге жуықтады. Ал спорт саласы 600-ге жуық спорт нысанымен толықты. Міне, осындай өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың арқасында өңір халқының саны артып, тұрғындардың орташа жас көрсеткіші 67 жастан 72 жасқа дейін ұлғайды. Бүгінде Ақтөбе облысында 900 мыңға жуық адам тұрады, оның 500 мыңнан астамы облыс орталығында өмір сүріп жатыр. Болашақта «миллион тұрғыны бар қала» аталатын киелі мекен отыз жыл ішінде осылай дамып, өркендеді.                                                                                                                                 Биыл облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, олардың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар аудандарда сәтті іске асырылса, облыс халқының жағдайы бұдан да жақсарады деп сенеміз. Ең бастысы, тәуелсіздігіміз тұғырлы, тұрақтылығымыз мәңгілік болсын!

Әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button