БілімБасты жаңалықтар

Көш басында — Ақтөбе!

Облыс оқушылары өңір намысын қорғады

Біздің өңірдің дарынды балалары өзге аймақтардағы қатарластарынан көш ілгері тұр. Білім саласындағы биылғы жетістіктер санамаланғанда талантты оқушылардың жеңісі ең алдымен айтылады. Ақтөбелік балалар еліміздегі ең басты білім бәйгесі — республикалық пәндік олимпиадада облыс намысын асқақтатты.  Біздің өңір республикалық пәндік олимпиаданың қорытындысы бойынша облыстардың арасында көш бастады. Бұл — үлкен жетістік. Облыстағы 6 білім шаңырағы республикадағы «100 үздік мектептің» қатарына енді.

Биыл өңірде облыстық деңгейде 17, республика көлемінде 16 интеллектуалдық  шара өткізілді. Сондай-ақ ақтөбелік оқушылар түрлі шығармашылық және спорттық жарыстарда да жеңіске жетті.   

Біз дарынды балалардың ордасы —  «Ақтөбе-Дарын» өңірлік-тәжірибелік орталығының директоры Жәния Есенжоловамен сөйлескен едік...

Үздіктер ұясы

Республикалық пәндік олимпиада қорытындысынан әр облыстың, әр өңірдің білім сапасын, білім деңгейін аңғаруға болады. Аталған білім додасында дарынды оқушыларымыз облыс мерейін өсіріп, өңірлер арасында біздің облыс көш бастады:  Ақтөбе облысының командасы І дәрежелі «Ең үздік олимпиадалық команда» атағына ие болды. Бұл — соңғы жылдары болмаған көрсеткіш. Бұған дейін өңіріміз аталған олимпиадада облыстар арасында 2, 3-орындарды иеленіп келген болатын. Ал жалпы есепте біздің облыстың  құрамасы Назарбаев зияткерлік мектептері мен Алматы қаласының құрамасынан соң  ІІІ орынды иеленді. Мұны да біз мақтанышпен айтамыз. Нәтижесінде біздің облыстың 6 білім ордасы республикадағы «100 үздік мектептің» қатарына енді. Бұл мықты мектептер — «Білім-инновация» лицей-интернаты, Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты, Ақтөбе қаласындағы №9 гимназия, Шалқар ауданындағы Әліби Жангелдин атындағы мектеп, облыс орталығындағы №11 және №3 мектептер, — дейді Жәния Жәнібекқызы.

Республикалық олимпиадада біздің өңірдің 110 оқушысы қатысыпты. Оның ішінде облыстық білім беру ұйымдарынан — 44, аудан мектептерінен — 17, қала мектептерінен 49 бала бақ сынаған. 59 оқушымыз «Қазақстанның жеңімпазы» атанды. Олар Ақтөбенің қоржынына 13 алтын, 19 күміс, 27 қола медаль салды. Бұл 59 бала — өңірдегі 31 мектептің оқушылары.

«Білім-инновация» мектеп-лицейінің оқушылары 22 медаль еншілеп, республикадағы үздік 100 мектептің алғашқы үштігін түйіндеді. Сонымен қатар Мақсот Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-лицейі, Ақтөбе қаласы мектептерінің командасы, «Кемел-Білім»  мектеп-интернатының ұжымдарының еңбегі мақтауға лайық. Бұл білім бәйгесінде аудан орталығындағы және ауыл мектептері де жоғары сапаға қол жеткізді. Мысалы, Алға ауданы Алға гимназиясы, Нұрбұлақ мектебі, Шалқар ауданы Әліби Жангелдин атындағы мектеп пен Бек Сүлейменов атындағы мектеп, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы №2, №4 мектептер, Мәртөк ауданындағы №2 және Саржансай мектебі, Қобда ауданындағы Исатай Тайманов атындағы гимназия. Бұл жеңіс — табысты үштіктің — шәкірттеріміздің ізденісінің, ұстаздарымыздың үлкен еңбегінің, ата-аналарымыздың қолдауының жемісі, — дейді орталық директоры.

Жалпы 4 кезеңнен тұрған пәндік олимпиадада (мектепішілік, аудандық (қалалық), облыстық, республикалық) өңірдегі 370 мектептен 17 392 бала бақ сынаған.

Бағыт және жетістіктер

Облыстағы талай талантты баланы анықтап, олардың қабілетін шыңдауға үлес қосқан «Ақтөбе-Дарын» өңірлік-тәжірибелік орталығы интеллектуалдық, инновациялық (дарынды балаларды даярлайтын мұғалімдермен жұмыс жүргізіледі), шығармашылық (түрлі шығармашылық жарыстар), спорттық және ақпараттық (ақпараттық қолдау) бағытта жұмыс жасайды.

Біздің орталық бірнеше басым бағытта жұмыс жасайды. Соның негізгісі — облысымыздағы талантты балаларды анықтау, іріктеу, дамыту және қолдау, олармен жұмыс жасайтын педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыру, тәжірибелерін тарату. Олимпиадалар мен ғылыми жарыстар өткізу арқылы облысымыздың интеллектуалды әлеуетін көтеру де біздің орталықтың негізгі міндеті, — дейді Жәния Есенжолова.

Биыл республикалық деңгейде ұйымдастырылған 16 интеллектуалдық шараға облыстан 305 оқушы қатысып, 168 (53,6%) бала жеңімпаз атанды.

Жалпыреспубликалық шаралар бойынша 2021-2022 оқу жылы өте табысты аяқталды. Жоғарыда айтып өткенімдей, республикалық олимпиада қорытындысында үздік атандық. Бұл — бір. Екіншіден, ІХ аймақтық жас математиктер турнирінде де біздің облыстың командасы І орын мен кубокты жеңіп алды. Үшіншіден, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық жасөспірімдер олимпиадасында (7-8 сынып оқушылары арасында) облысымыздың командасы үздік атанып, ІІ орын иеленді. Төртіншіден, республикалық  «KBO Junior» олимпиадасында Ақтөбенің командасы — «Ең үздік команда» атанып, жүлделі ІІ орынмен марапатталды, — дейді орталық директоры.

Биыл облыстық деңгейдегі 17 интеллектуалдық шара өткізіпті. Олардың 7-еуі — олимпиада, 5-еуі — ғылыми жоба, 2-еуі — турнир, 2-еуі — байқау және форум. Бұл сайыстарға 4463 оқушы қатысқан.

Ауыл балаларының да сапа көрсеткіші жақсы. Мысалы, облыс көлеміндегі  зияткерлік сайыстарға ауыл мектептерінің 2099 оқушысы қатысты. Оның 1097-сі жүлдегер атанды. Республикалық деңгейдегі зияткерлік шараларға ауыл мектептерінен 57 оқушы қатысып, 31 бала жүлдеге ие болды, — дейді орталық директоры.

Дарынды оқушылар мектебі

Облыстың интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыру, облыстық құрама команданы республикалық, халықаралық зияткерлік сайыстарға дайындау мақсатында «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының жанында бірнеше жылдан бері  ғылыми-зерттеу зертханасы  және «Жалын» олимпиадалық резерв мектебі жұмыс істейді. Бұл зертхана мен мектепке облыстық білім басқармасы қолдау көрсетеді.

— «Жалын» мектебіндегі ғалымдар, оқытушы-магистрлер, жоғары санатты білікті мұғалімдер өз пәндері бойынша оқушыларды олимпиадаларға жеке дайындайды. Биылғы оқу жылында 174  оқушы жергілікті ғалымдардан дәріс алды.

Сондай-ақ соңғы үш жылдан бері «EdLight Academy» орталығымен де тығыз байланысты жұмыс жасап келеміз. Аталған орталық жаттықтырушылары оқушыларды пәндік олимпиадаларға даярлауда үлкен тәжірибеге ие. Мұндағы жаттықтырушылардың көпшілігі — өткен жылдардағы республикалық және халықаралық  олимпиадалардың жүлдегерлері, — дейді Жәния Есенжолова.

Басты мақсат — ауыл балаларын қолдау

Орталық жұмысының бір парасы — шығармашылық жарыстар ұйымдастыру. Биыл    облыстық деңгейдегі 49 шығармашылық байқау, фестиваль өткізіліп, 2827 оқушы  қатысқан. Оның басым бөлігі, яғни 2006-сы — ауыл балалары.

Биыл облыс бойынша орталықтың ұйытқы болуымен 29 спорттық шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде 3449 оқушы сынға түсіп, оның 1168-і жүлделі орындарды иеленді. Республикалық деңгейдегі спорттық шараларда 586 бала бақ сынап, 242-сінің бағы жанды.

Дарынды балаларды қолдау мақсатындағы ізгі жобалардың бірі — «Ел үміті» жобасы. Аталған жоба  аясында түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Соның бірі — ауыл мектептеріндегі оқушылардың қабілетін дамыту, оларға қолдау көрсетуді мақсат еткен — «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы..

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Соған байланысты бекітілген іс-шаралар жоспарына «Мың бала» олимпиадасы да енгізілді.

 «Мың бала» ұлттық олимпиадасының жеңімпаздары еліміздің дарынды балаларға арналған үздік білім шаңырақтарында — республикалық физика-математика мектептерінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектептерінде оқиды. Бұл білім сайысы 5-6 сыныптарда оқитын ауыл балалары арасында ұйымдастырылады. Осы оқушылардың арасынан неғұрлым қабілетті мың бала іріктеліп алынады. 

Сәуірдің 4-і  күні 1000bala.elbasyacademy.kz сайтында онлайн  форматта  өткізілген  «Мың бала» ұлттық зияткерлік   олимпиадасының  І кезеңіне 5198 оқушы қатысты. Тапсырманы жоғары деңгейде орындаған 124 оқушы ІІ кезеңге жолдама алды.  Қорытындысында 37 оқушы жүлдегер атанды (5-сыныптан — 22, 6-сыныптан — 15 бала). Олимпиаданың ережесі бойынша 6-сыныпта оқитын жүлдегерлер арасынан 6 оқушы облыстық  мамандандырылған білім беру ұйымдарына емтихансыз қабылданды. Бұл оқушылар — Әділ Жалғасбай, Айжүрек Жайылханова, Жанерке Хамит, Нұртілек Шаимов, Назерке Есет және Ермахан Рахат.

Сонымен қатар ауыл  мектептерінде білім алатын дарынды балаларды қолдау мақсатында олимпиаданың 37 жеңімпазына  100 000 теңге көлемінде ақшалай сертификат  табысталды, — дейді Жәния Есенжолова.

Биыл өткен «Үздік авторлық бағдарлама», «Алтын тұғыр», «Математикалық регата», «Үздік жыл психологі» республикалық педагогикалық байқауларға  барлығы 33 педагог қатысып, 21-і жүлдегер атанды. Облыстық кәсіби байқауларға барлығы 228 педагог қатысып, 93-і жеңіске жетті. 

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button