Әлеумет

Ең төменгі зейнетақы мөлшері көбейеді

Әлеуметтік қолдау

Елімізде келер жылдан бастап ең төменгі зейнетақы 15 пайызға көбейіп, оның мөлшері 53 076 теңгеге жетеді. Ал жалақының ең төменгі мөлшері — 70 мың теңге, сондай-ақ ең төменгі күнкөріс деңгейі — 40567 теңге, ал айлық есептік көрсеткіш 3450 теңге шамасында бекітілді.

Бұл туралы бізге Ақтөбе облысы бойынша еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің №1 зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бас маманы Жанаман Маралов айтты.

—Үкіметтің баяндамасына сай,2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджет шығыстарының негізгі бөлігі әлеуметтік салаға бағытталмақ. Ал шығындар негізінен жыл сайынғы индексацияға және елімізде жәрдемақы, зейнетақы алушылар контингентінің көбеюіне байланысты өсіп отыр. Енді зейнетақы және әлеуметтік төлемдерге қатысты енгізілетін өзгерістерді атап өтейін: жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 10,5 пайызға өсетін болады. Сонымен қатар жасына байланысты жаңадан тағайындалатын зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс жаңа жылдан бастап 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін өспек, яғни 189 750 теңге болады. Сәйкесінше, 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған зейнеткерлердің зейнетақысы, жоғарыда айтылғандай, 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырылуға жатады, — дейді зейнетақы және зейнетақы төлемдері туралы түсіндірген Жанаман Маралов.

Қазіргі таңда зейнетақы және оған қатысты төлемдерді қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы және әлеуметтік төлемдері өсірілген көлемде төленетін болады.

А.БАЛЖАНАЙ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button