Жаңалықтар

Ұрпақ тәрбиесі — болашақ тірегі

Тәрбие

Бүгінгі қоғам алдында тұрған ең жауапты міндет — Тәуелсіз мемлекетіміздің уығы боп қадалатын қоғам мүшелерін, яғни жас ұрпақты адамгершілік қасиетке тәрбиелеу, тиянақты  білім беру. Адам бойында адамгершілік құндылықтар болмаса, олардың орнын ешқандай терең білім толтыра алмайтынын өмірдің өзі дәлелдеуде. Балалар мен жастар тәрбиесінің болашағы — оларды адамгершілік- рухани жағынан нағыз адам етіп қалыптастыру керек. Сонда ғана нағыз толыққанды тұлғаға айналады. Тәрбиедегі басты мәселе — балалардың тұлға аралық қатынасын дәріптеу,  өз құрбы-құрдастарымен, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасын жасай білу, ол үшін өзге адамдарды түсінуі, қабылдауы, әр адамның даралық ерекшелігін жасына, ұлтына қарамастан, саналы  түсіне білуі, өзіне сын көзбен қарап, өзінің көңіл күйін, атқарған іс-әрекетінің есебін түсініп, істеген ісінің нәтижесіне өзіндік баға бере алғанда оның болашағы биікте болары сөзсіз. Бүгінгі бала тек мұғалім берген білімді игеріп қана қоймай, оны әрі қарай өзінің белсенді, нысаналы, зерделі, дарындылық іс-әрекетімен сабақтастыра білгенде болашағы кемел болары сөзсіз.

Рухани-адамгершілік тәрбиесіндегі басты нысана — баланы құрметтеу, оның рух иесі, бойында жаратқанның ұлы қуаты бар тіршілік иесі екенін және дүние, әлемнің біртұтастығын саналы түсініп, оған бой ұсынса, оның болашағы биік болары даусыз.

Адамзат еншісіне ғана тиісті тірлік дамуының бағбаншысы — тәрбие. Тәрбие дегеніміз — аға буынның кейінгі ұрпаққа мирас етіп табыстар озық тәжірибесі, үлгі-өнегесі, әдет-ғұрып, рухани байлығы болса, халық педагогикасы — қазақ халқының сан ғасырдан бері атадан балаға қалдырған өлмес мұра.

Ұрпақ тәрбиесі — болашақтың тірегі. «Адамзат ұрпағымен мың жасайды» демекші, ұрпақ тәрбиесі қай кезде де халықтық мәселе болған.

Менің түсінігім бойынша мұғалім мамандығы жасандылықты қаламайды, уақыт талабынан қалыс қалуға төзбейді. Балалар — біздің болашағымыз. Ертеңіміз, болашағымыз өсіп келуде. Бізден жаңа қоғам ғана жасалып келе жатқан жоқ, жаңа адамдар жасалып келеді. Ұстаз шәкіртін түсіне білуі керек. Сену керек. Дос болу керек. Бала жүрегіне жол таба білмеген мұғалім кейде оны өзіне қарсы қойып алады, сосын бала ерегіскіш келеді.

Бала тәрбиесі — үлкен өнер. Әр балаға әртүрлі тәсіл керек. Біреуіне ақыл айтсаң да жетеді, біреуіне ақыл жүрмейді, мінез-құлқына қарай басқа амал табу керек. Бала жүрегі — кішкентай ғана күйсандық, оның күйін келтіру қажет, яғни кілтін тапсаң ғана әдемі әуен ойнайды. Мұғалімдердің қолында әркез сол кілт жүру керек.

Қорыта келе айтарым, бойындағы барлық игі қасиеттерін балаға беріп, соған дарытқысы келетін адамды нағыз ұстаз деп атауға болады. Себебі болашаққа ізгілік нұрын себушілер — ұстаздар. «Жаңа адамды тек жаңашыл ұстаз ғана тәрбиелей алады». Өнегелі адамды тек өнегелі ұстаз ғана тәрбиелей алады. Менің түсінігімде мұғалім мамандығы жасандылықты қаламайды әрі уақыт талабынан қалыс қалуға төзбейді.

 Сәнтай ТАЛАПБАЕВА,

№10 орта мектептің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button