Басты жаңалықтар

Ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғыртатын жоба әзірленіп жатыр

Облысқа жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Мәртөк ауданына барып, Байторысай ауылында болды. Меймандарды облыс әкімінің орынбасары Гүлқасима Сүйінтаева бастап барды.

Алдымен Байторысай ауылындағы фельдшерлік пункттің жағдайымен танысқан министр ауыл дәрігері Вероника Деливеровадан округ тұрғындарының хал-жағдайын сұрады. Байторысай ауылында жылына 4-5 бала дүниеге келеді. Онда алғашқы медициналық-санитарлық көмек, дәрігерге дейінгі шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Аудан орталығынан 32 шақырым жердегі ауылда бекітілген тұрғындар саны 294 адамды құрайды. Артериалды қан қысымымен 37 адам есепке алынған.  Жүрек аурулары бойынша — 7, созылмалы өкпе ауруымен 1 адам ауырады.

Фельдшерлік пункт 1960 жылары салынған ескі үйде орналасқан. Ауылға газ келмегендіктен көмірмен жылытылады. Алайда келесі жылы 20 адамдық жаңа ғимарат салынбақ.  Жобалық-сметалық құжаты дайындалған. Оның жалпы құны — 120 миллион теңге.

Министр аудан әкімі Алмас Салықбаевқа медициналық пункттің жанынан дәріхана ашуды тапсырды.

Жергілікті тұрғындармен кездескен Ажар Ғиният еліміздегі денсаулық саласына қатысты жаңалықтарды айтты.

Ауылдың денсаулық саласын жаңғырту мақсатында ұлттық жоба қабылданды. Соның аясында медициналық нысандары ескі, тозған немесе жоқ ауылдарға шағын медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар салынады. Еліміз бойынша 2 жыл ішінде 650 медициналық нысан салыну жоспарланды. Ал Ақтөбе облысында 20 елді мекенге салынатын болады. Ғимаратты салып қана қоймай, халыққа тиімді емдеу жолдарын да қарастыруымыз керек. Сол үшін жергілікті тұрғындардың ұсынысын, дәрігерлердің тың идеяларын тыңдауға арнайы келдім, — деді министр.

Одан кейін Мәртөк аудандық ауруханасында болған Денсаулық сақтау министрі орталық емхананың материалдық-техникалық базасымен танысты. Орталықта 54 стационарлық және 45 күндізгі стационарлық төсекке есептелген, 200 келушіге арналған емхана бар. Мұнда ересектер мен балаларға медициналық көмектің барлық түрі көрсетіледі. Аурухана штатында 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның  57-сі— дәрігерлер, 191-і— орта медицина қызметкерлері.

Аудан орталығында тұрғындармен, медицина қызметкерлерімен кездескен министр медициналық қызметтің сапасын көтеру үшін ауқымды жобалар іске асатынын айтты.

Бірінші кезекте ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғыртатын жоба әзірлеп жатырмыз. Бұл— біздің үлкен міндетіміз. Ауданаралық көпбейінді емханалар болады. Көптеген ауылда тұратын науқастар қалаға жиі келіп, заманауи аппараттардың көмегіне жүгінеді. Ота жасау үшін де облыс орталығына келеді. Мұндай қызметтерді ауылға жақындатуымыз керек. Сол себепті Шалқар, Мұғалжар және Хромтау аудандарында көпбейінді аурухана салу жоспарланды. Онда инсульт, инфаркт кезінде көмектесетін және  емдейтін орталықтар болады. Сонымен қатар қазір отаны сойып жасамайды. Арнайы аппараттармен өте жедел әрі жеңіл жағдайда ем жасауға тиіспіз, — деді министр.

Ажар Ғиният ауыл тұрғындарына жылына 1 рет дәрігерлік тексеруден өтіп тұруды, жылжымалы медициналық кешеннің көмегінен қалыс қалмауды сұрады. Өйткені мұндай жолмен адам ең бірінші аурудың алдын алады және тұрғындар арасындағы ауру түрлерін нақты анықтауға, соған сәйкес дәрі-дәрмектердің қорын дайындауға көмектеседі.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button