Жаңалықтар

Қаржыгерлермен пікір алмасты

Қаржы

Бейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы А.Досжанова атындағы конференц-холл ғимаратында Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің төрағасы Рахат Тоқбаев қаржы саласының мамандарымен кездесті. Мақсат — бюджет түсімі бойынша хабардар етіп, сала бойынша туындаған сұрақтарға жауап беру.

Облыс әкімінің орынбасары Гүлқасима Сүйінтаева қаржыгерлер жиі кезігетін қиындықтарды білетінін, бұл салада жоғары білікті мамандардың қай кезде де жетіспейтінін атап өтті. Осы орайда ол кадрлардың санын арттыруда, ең бастысы — тұрақтылықты сақтауда түрлі семинар-тренингтердің ықпалы зор екенін айта келе, бухгалтерлердің білімін жетілдіруде басшылық тарап аянып қалмау керектігін тілге тиек етті.

— Бұл ең алдымен сол ұжымның қаржы жүйесіне оң әсер етеді. Өзгерістер жиі болады. Мамандар соның бәрін игеріп, әрдайым кез келген сынға дайын болуы қажет. Рас, қазіргі таңда білікті бухгалтерлер жетіспейді. Бұл — барлық өңірге тән мәселе. Оны бірлесіп шешу үшін кәсіби жағынан мықты болуымыз тиіс. Өзім де еңбек жолымды қарапайым бухгалтер ретінде бастағандықтан, әріптестеріме ең әуелі нормативтік-құқықтық актілерді толық білуге кеңес беремін. Онсыз болмайды.

Бюджет түсімі, республикалық қазынадан бөлінетін қаржының игерілуі жағынан мәселе жоқ. Бұл сала бойынша сұрақтар жедел арада орталықтағы әріптестерімізбен бірге шешіледі. Аталған істе Қаржы министрлігіне қарасты Қазынашылық комитетінің де септігі зор. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, ойда жүрген мәселелеріңізді комитет төрағасына тікелей қойыңыздар. Бүгінгі кездесу ортақ мәселелерді шешіп, алдағы мақсат-міндеттерді айқындау үшін ұйымдастырылып отыр, — деді Гүлқасима Сүйінтаева.

Рахат Тоқбаев өзі басшылық ететін Қазынашылық комитеті орталық атқарушы органның құзыреті шегінде республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуына, Ұлттық қорға, жәбірленушілердің өтемақы қорына, т.б. бақылау жүргізетінін айтты. Артынша мекеменің бірнеше бағытына тоқталды.

— Мәселен, «Қазынашылық — клиент» ақпараттық жүйесі — Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің және оның аумақтық қазынашылық органдарының мемлекеттік мекемелермен, бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен, уәкілетті мемлекеттік органдармен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен және мемлекеттік сатып алу субъектілерімен қазынашылықтың қабылдау, қазынашылық органдарына берілген құжаттарды өңдеу және есеп беру функцияларын автоматтандыруды қамтамасыз етуге  арналған электронды құжат айналымы жүйесі. Ал мемлекеттік сатып алу саласындағы электронды депозитарий — мемлекеттік сатып алу веб-порталында қалыптастырылатын, әлеуетті өнім берушілердің тәжірибесін растайтын мәліметтер мен құжаттарды қамтитын электрондық деректер базасы. Осы бағыттар аясында да біз жоспардың тиісті деңгейде орындалуын қадағалаймыз, — деді ол.

Кездесу барысында азаматтар Қазынашылық комитетінің басшылығына жүргізіліп жатқан жұмыстар, соның ішінде бюджеттің атқарылуына қызмет көрсету, электрондық депозитарийді жүргізу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан алдын алу шаралары, басқа да мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. Кейіннен комитет төрағасы қатысушылар арасында жеке қабылдау өткізді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button