Жаңалықтар

Акция аясында 200-ге жуық шара өткізіледі

Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!

Кеше облыста «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде  өткен брифинг барысында айтылды.

Шараға облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Гүлжан Маханова, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция майоры Ақгүл Қасанғалиева,  «Ақтөбе облысының медиаторлар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Мұқанова қатысты.

25 қараша — Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою бойынша халықаралық күрес күні. Соған байланысты өңірде ауқымды шара қолға алынып жатыр. Мақсат — зорлық-зомбылықтың, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ отбасының қоғамдағы рөлін нығайту.

Шара желтоқсанның 10-ына дейін жалғасады. Алайда әйелдер мен балаларға қатысты құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу жұмыстары күн сайын жүргізілетін болады, — деді Г.Маханова.

Қазіргі уақытта Ақтөбе қаласында екі дағдарыс орталығы (байланыс нөмірі — 936-422) бар. Онда психологтар, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді.

Облыс бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі бойынша 102 нөміріне күн сайын 15-20  қоңырау шалынады. Жыл басынан бері отбасылық жанжалға байланысты 5521 қоңырау қабылданды, — деді полиция майоры А.Қасанғалиева.

Ақтөбе қаласының ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Ақтөбе облысының медиаторлар кеңесі» ҚБ «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу» жобасын іске асырып жатыр. Жоба барысында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мақсатында Call-орталығының (+77005204301) жұмысы ұйымдастырылды.

Ақтөбе қаласының қолайсыз отбасыларының деректер базасы құрылды. Ай сайын уәкілетті органдарға деректер ұсынылып отыр, — деді А.Мұқанова.

Айта кету керек, «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы аясында барлық деңгейдегі әкімдер жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінің, құқық қорғау органдары және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен түрлі жиындар ұйымдастырылады. Жалпы облыс келемінде 200-ге жуық шара өткізіледі.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button