Басты жаңалықтар

Табанды еңбектің табысы

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні

Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі — 381,1 млрд теңге

«Ауыл аманаты»: Жобаның алғашқы қатысушылары сертификаттарын алды

Ақтөбеліктер ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесін атап өтті. Осыған орай ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер және қаржы институттарының басшылары, ауыл шаруашылығы саласы ардагерлерінің қатысуымен практикалық конференция өтті.

Шараның ашылуында алдымен сөз алған облыс әкімі Ералы Тоғжанов шаруаларды кәсіби мерекесімен құттықтап, биылғы еңбек маусымында өңір шаруаларының табанды еңбегінің арқасында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 381,1 млрд теңгені құрағанын айтты.

Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. «Елдігімізді еселеп, мемлекеттігімізді нығайтқан тәуелсіздік жылдардың ішінде ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттiк қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, ел экономикасы дамуының жетекші күшіне айналды. Бұл бағытта сіздердің атқарып отырған еңбектеріңіз ерекше.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру стратегиялық міндет екендігін айқындап өтті. Өңірдің ауылшаруашылық саласында жерді тиімді пайдалану, егіс көлемін арттыру, мал басын көбейту, жаңа технологияларды игеру, өнімді қайта өңдеу, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету біздің басты міндетіміз екені белгілі.  Бұл бағытта атқарған сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімінің көлемі 381,1 млрд теңгені құрады, — деген өңір басшысы соңғы екі жылдың ішінде пайдаланылмай жатқан 1 миллионнан астам гектар жер кері қайтарылып, оның 680 мың гектары қайта айналымға енгізілгенін айтты.

Өңір басшысының айтуынша, биылғы астық көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 532 мың тоннаға жеткен. Мал санында да ауыз толтырып айтарлықтай өсім бар. Мәселен,  жылқы — 30,3 пайызға, ірі қара 10,0 пайызға, ұсақ мал — 5,4 пайызға, түйе саны 13,5 пайызға өсті. Саланың серпінді дамуына мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаудың да орны ерекше екендігін атап өткен жөн. Биыл ауыл шаруашылығы  саласын субсидиялауға республикалық және жергілікті бюджеттен 24,6 млрд теңге бөлінген. Аграрлық несие корпорациясы арқылы 596 жобаға 12 млрд  теңге көлемінде қаржы бағытталған, «ҚазАгроҚаржы» Ақтөбе филиалы арқылы жалпы құны 1 0,5 млрд теңгеге  606 ауыл шаруашылығы техникалары алынды.

— Бүгінгі күні біздің алдымызда ауыл шаруашылығының өркендеуіне зор үлес қосатын «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру міндеті тұр.  Бұл бағытта республикалық бюджеттен бөлінген 3 миллиард теңгеге 24 ауылдық округте

2 772 жоба жүзеге асырылады.  Нәтижесінде ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындары құрылады, шағын кәсіп ашуға мүмкіндік туады, мал мен құстың саны көбейеді және азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі, — деген Ералы Тоғжанов жобаны жүзеге асыру барысында қолдау көрсетуге ниет білдірген шаруашылық  басшыларына алғыс білдірді.

Практикалық конференцияға «Қазақстан фермерлер қауымдастығы» басқармасының төрағасы Жигули Дайрабаев пен өнімділігі жоғары дәнді дақылдар түрлерін шығарып отырған  А.И.Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталығының төрағасы Белгібай Канафин де қатысты.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдың жағдайына, ауыл шаруашылығы саласының дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Өздеріңіз білетіндей, алдағы үш жылда бұл салада қыруар істер атқарылады. Шалғайдағы ауылдың жағдайы жақсы болса, елдің де жағдайы жақсы болатыны анық. Қазір қалада жүрген әрбір жанның түп-тамыры ауылда. Ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартып, әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының жуырда Ақтөбе өңірінде басталғанын білеміз. Бұған дейін Жамбыл облысында пилоттық негізде жүзеге асырылған жобаның нәтижесіне куә болдық. Ақтөбе облысында да сәтті жүзеге асырылатынына сенімдіміз, — деді Жигули Дайрабаев.

Шара барысында Белгібай Канафин  «Құрғақ аймақ жағдайында дәнді дақылдарды өсіру технологиясы» тақырыбында, «АЙС» ЖШС мал шаруашылығы және жемшөп өндіру жөніндегі директоры Армэн Хуршудян «Жасыл конвейер құру және сүтті бағыттағы сиырларды ұстау» тақырыбында баяндама жасаса, Әйтеке би ауданынан келген  «Құмқұдық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Александр Чемоданов қысқы дәнді дақылдарды егу ерекшеліктері туралы айтып берді.

«Реймқұл» шаруа қожалығының басшысы Самат Қалдығұлов ауылдағы әрбір ауланы табыс көзіне айналдыру ауыл шаруашылығы саласының дамуына жаңа бір серпіліс әкелетінін айтып, жобаны қолдауға дайын екендігін жеткізді.

1997 жылы шағын шаруашылық ретінде ісімізді бастадық, ал бүгінде асылтұқымды ірі қараның 4 түрін өсіріп отырмыз. Біз тек іште  ғана емес, сыртқы нарықта да жұмыс істейміз. Етті қайта өңдеуді жолға қойдық. 2008 жылы ет комбинатын салсақ, 2014 жылы қайта өңдеу және консервілеу зауытын салдық. Қазір облыс орталығынан дүкен ашып жатырмыз.  Асылтұқымдандыру ісіне үнемі ғалымдарды тартамыз. «Ауыл аманатының» арқасында көптеген жеке қосалқы шаруашылықтар аяққа тұрып қана қоймай, табысты ірі шаруашылыққа айналатынына сенімдімін, — деді Самат Қалдығұлов.

«Реймқұл» шаруа қожалығы — облыс әкімінің ауыл тұрғындарына жеке кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу туралы үндеуіне қолдау білдіргендердің қатарында. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде қожалық ауыл тұрғындарына тауарлық несие беру шарттары бойынша асылтұқымды ірі қара мал береді.

Шара барысында тауарлық несие алушыларға ірі шаруашылық иелері қой, ірі қара малының сертификаттарын табыстады. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларының бірі — құс шаруашылығын дамытуды көздеп отырған Алға ауданына қарасты Үшқұдық ауылының тұрғыны алғашқы болып қаржылай несиенің сертификатын алды.

Айта кетейік, жобаны қаржыландыруға биыл республикалық бюджет есебінен 3 миллиард теңге бөлінді. 2023 жылы қаражат көлемі артады. Ауыл тұрғындарына бөлінген қаражаттан бөлек, ірі шаруа қожалықтары есебінен тауарлық несие ретінде 6 000-ға жуық мал берілетін болады.

Еңбек адамдарының еңбегі еленді

Шараның екінші бөлімі ауыл шаруашылығы озаттарын марапаттаумен жалғасты.

Жылдағы дәстүр бойынша биыл да жыл-он екі ай бойы облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген азаматтар түрлі номинация бойынша марапатталды. «Еңбек ардагері» медалін 2 адам төсіне тақса, 4 ақтөбелік  «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін иеленді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен 16 шаруа марапатталды. Ал 46 адамға облыс әкімінің Алғыс хаты мен сыйлығы табыс етілді.

Шара барысында  «Озат механизатор», «Озат комбайншы», «Озат малшы», «Озат сауыншы», «Озат шопандар» анықталды.

Бұдан бөлек Қазақстан фермерлік одағының ұсынысы бойынша тағы 32 ақтөбелік шаруа Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрілігі атынан төсбелгілер мен Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын алды.

ЕЛ ИГІЛІГІ ҮШІН ӘЛЕУЕТІМІЗДІ АРТТЫРА БЕРЕТІН БОЛАМЫЗ

Хамит ӨТЕУҰЛЫ,
«Алтын-Әсел» ЖШС директоры,
Ырғыз ауданы:

— Бүгін облыс әкімінің бастамасымен ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері күні атап өтіліп жатыр. Сондықтан осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарды мерекелерімен құттықтаймын!
Ауыл шаруашылығы — тұрғындардың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың
басты саласы. Бүгінде елімізде отандық аграрлық сектор нық дамып келеді. Қазір ауылдарды дамытуға, ондағы егін, мал, дәстүрлі емес шаруашылықтар санын арттыруға барынша көңіл бөлінуде. Біз сияқты осы салада жүрген шаруалар одан әрі еңбектеніп, еліміздің игілігі үшін әлеуетімізді арттыра беретін боламыз.
Қазір біздің «Алтын-Әсел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 5 мыңдай қой, 300 ірі қара, мың бас жылқы бар. Қожалықта 40 шақты адам жұмыс істейді. Көп жылдан бері ауданда қой шаруашылығын дамытуда еңбектеніп келеміз. Еткен еңбегіміз еленіп те жатыр. Жуырда Республика күні қарсаңында
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Отан» орденін алдым. Бүгінгі шараға шаруашылық басшысы, осы саланың ардагері ретінде қатысып отырмын. Бүгінде мал бағудың, оның өнімін өткізудің өзіндік проблемалары бар екенін жасыруға болмайды. Дегенмен әр шаруа өз кәсібін дамытуға барын салуы керек. Бәрін мемлекетке артып, қол жая берудің қажеті жоқ. Шаруаның «тілін» біліп, қиындыққа мұқалмаған жанға мүмкіндік мол. Қазір бір өкініштісі, елді мекендерде мал баққысы, шаруашылықпен айналысқысы келетіндер аз. Еңбектенген адам ғана биікке қол жеткізеді. Соны қазіргі
жастар түсінуі керек.

 

23 меморандумға қол қойылды

Шара барысында  «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы 23 меморандумға қол қойылды.

Атап айтқанда, мал шаруашылығын дамытуды жоспарлап отырған жобаға қатысушыларды мал азықтық дақылдармен қамтамасыз ету бойынша орта және ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары мен Әйтеке би, Мәртөк, Қарғалы және Хромтау аудандарының әкімдіктері арасында келісімдер жасалды.

Әйтеке би ауданындағы «Құмқұдық», «Комсомол», «Еңбек Агро», «Жамбыл-С» ЖШС, «Бұлақ» шаруа қожалығы, Қарғалы ауданындағы «Қос Истек Агро» ЖШС, «Ақбидай» ШҚ және «Кудря А.М.» ШҚ, Мәртөктегі «Акбар», «Дина», «Родники Агро», «Алтын жер и Ж», «Көквест» шаруа қожалықтары, Хромтаудағы «Ақжар Агро», «Алтын дән және К» ЖШС, «Наурыз» ШҚ астық егушілері жобаға белсенді қатысуға мүдделі.  Бірқатар кәсіпкер өз тәжірибесімен бөлісіп, практикалық көмек көрсету үшін тілек білдірді.

Оның ішінде «Экофарм 2015» құлпынай көшеттерін, «Болат ЛТД» ЖШС таңқурай көшеттерін беруге дайын. Жеке кәсіпкер Евгения Макаревич құс шаруашылығын дамытуды жоспарлағандардың барлығына өз көмектерін көрсететіндіктерін жеткізді.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына саланың дамуына және туған ауылдарының гүлденуіне үлес қосқандары үшін алғыс айтты.

Сондай-ақ «Ақтөбе» ӘКК» АҚ мен Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы арасында Ақтөбе облысына күріш пен тұз жеткізу туралы келісімге қол қойылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

КӘСІБИ МАМАНДАРЖЕТІСПЕЙДІ

Серікбай РЗАБАЕВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты,
Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

— Соңғы жылдары облыста ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерін марапаттау дәстүрге айналып келеді. Меніңше, бұл — өте құптарлық дүние. Себебі осы салада қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегі
зор.
Қазір елімізде ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, шаруашылықтар санын көбейтуге барынша жағдай жасалып жатыр. Дегенмен бізге кәсіби, жан-жақты мамандар, шаруашылықтарды жақсы басқаратын азаматтар керек. Біздің өңірде мал, егін саласы жақсы дамып келеді.

Алайда осы салаларды зерттейтін, агроөнеркәсіпке жаңашылдық әкелетін мамандар жетіспейді. Алдағы жылдары осы бағыттағы жұмыстарды күшейтсек, еліміздің экономикасы бұдан да зор қарыштап дамиды.
Мен өзім алпыс жылға жуық уақыт облыста жылқы шаруашылығын дамыту жолында үздіксіз еңбек еттім. Бұл салада жеткен жетістіктерім де аз емес. Менің қуанатыным, қазір республика бойынша асылтұқымды
жылқы үлесі артып келеді.
Жалпы, елімізде табындық жылқы шаруашылығы қай кезде де дәстүрлі сала болды. Қазіргі таңда мұғалжар мен көшім жылқыларының ақтөбелік түрлерінің әлемде теңдесі жоқ. Олар қысы-жазы жайылымда өсіпөнеді. Соңғы жылдары сол мұғалжар, көшім жылқыларының селекциялық атаумен жаңа түрлері де пайда болды. Жуырда облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңірде жылқы шаруашылығын дамытуға ерекше қолдау көрсетілетінін айтты. Меніңше, алдағы уақытта осы салаға мемлекет тарапынан қолдау болса, жылқының асыл тұқымын сақтау, оны көбейту күн тәртібінен түсер еді…

АУЫЛДАРДЫ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУІ КЕРЕК

Дат ЕЛТЕЗЕРОВ,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері,
Темір ауданы:

— Мен Темір ауданының Кеңқияқ ауылында тұрамын. Ауыл шаруашылығы саласында 43 жыл үзіліссіз қызмет жасадым. Атап айтсақ, көп жыл Қеңқияқта, Шұбарқұдықта ветеринария саласында, аудандық аумақтық инспекцияда инспектор болдым, Кеңқияқ, Саркөл елді мекендерде әкім болып жұмыс істедім. 2009 жылы зейнеткерлікке шықтым. Біз қызмет жасаған жылдары қазіргідей мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласына көп қолдау болған жоқ.
Ауыл-аймақтардағы шаруалар қолда барын пайдаланып, егін, мал шаруашылығын дамытуға барын салды. Соның арқасында бүгінде ауданда бұл сала қарқынды дамып келеді. Қазір Темір ауданында мал санымен
қатар, шаруашылықтар, жеке кәсіпкерлер саны артуда.
Соңғы екі-үш жылда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл шаруашылығын ел экономикасының тірегіне айналдыру мақсатында осы салаға ерекше көңіл бөлінуде. Меніңше, Мемлекет басшысының бұл бастамасы аталған саланың дамуына тың серпін беретіні анық. Қазір елімізде агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндет көп.
Соның бірі ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Агроөнеркәсіп саласы
қашанда аудан эконмикасының қозғаушы күші болып қала береді. Сондықтан алдағы уақытта ауылдарды дамытуға басымдық берілуі керек.
Елді мекендерде ауыл шаруашылығын бұдан да қарқынды дамыту үшін көп реформалар жүргізуіміз керек. Оның ішінде аталған салаға қатысты мемлекеттен берілетін түрлі субсидияларға өзгерістер енгізіліп, қолдаулар жасалады деп ойлаймын. Ауыл шаруашылығына қатысты бұрыннан келе жатқан өзекті проблемалар шешіліп, шаруаларға жан-жақты көмек, жеңілдіктер берілсе деген тілегім бар.
Бүгін осы саланың ардагері ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталып отырмын. Өте қуаныштамын. Еңбегімді елеген азаматтарға зор алғысымды білдіремін.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button