Жаңалықтар

Баланың сырласы — смартфон емес, сіз

Индира ӨТЕМІС,

«Ақтөбе» газеті.

«Мұртқа өкпелеп жүргенде, сақал шықты» дегендей, жұмыс, одан қалды, той-томалағы бар, қазіргі ата-аналар баламен аз сөйлесіп, оған аз уақыт бөледі деп жүргенде, өмірімізге смартфон еніп, үлкеннің де, кішінің де «ажырамас досына» айналды.

Ойын да, әлеуметтік желі де,жаңалық та, кітап та, ән-күй мен қызықтың неше түрі де — осы смартфонда. Тіпті еңбектеп жүрген титтей ғана сәбидің «өзімен-өзі», смартфоннан мультфильм қарап, тып-тыныш жатуы үйреншікті жайтқа айналды. Ал 3-5 жастағы балалардың 90 пайызынан астамы, орта есеппен, күніне 4 сағат смартфонды ермек етеді екен. Ортаңғы сынып оқушысынан бастап, одан әрі жоғары сынып пен жастардың басым бөлігі бүкіл бос уақытында смартфонды ермек етеді. Қоғамдық көлікте — үлкені де, кішісі де смартфонға үңілген жолаушы.Кейде жүргізушінің өзі де смартфон жаққа есі шыға, алаңдап отырады. Оны айтасыз, мамандар бала-шағасы бар адамдардың өзі баласымен сөйлесуге, сырласуға смартфоннан «қолы тимейтінін» айтып, дабыл қаға бастады.

Бұрын жас ананың бар зейіні сәбиде болатын. Қазір бір көзі — смартфонда. Одан қалды, 5-6 айлық кезінен бастап смартфонның «қызығына» бөбегін де ортақтастырады. Кейбірі тіпті заман жетістіктеріне баланы неғұрлым ертерек бауыр бастырса, соғұрлым тез дамиды, озық болып өседі деген қағида да «ұстанады».

Өкінішке қарай, мамандар ондай үміттің «ақталмайтынын» айтады. Психологтер, педиатр және логопед мамандардың қай-қайсысы да екі жасқа келгенше баланың қолына мүлде телефон ұстатпауға кеңес береді. Соңғы кездегі балалардың тілінің кеш шығуын смартфонмен, яғни баланың өзімен-өзі боп қалуымен байланыстыратындар да бар.

Жапонның Sony корпорациясының негізін салушылардың бірі Масару Ибука «Үш жастан кейін кеш болады» атты еңбегінде тәрбие мәселесі туралы сөз қозғап, бір отбасының тағдырын мысалға алыпты. Ерлі-зайыптылардың әлі жас, жағдайлары да мәз емес, үйлері тар кезде дүниеге келген бірінші баланың тілі тез шығады, мінезі ашық, ойын еркін жеткізе білетін болып өседі. Өйткені тар үйде отбасы жиі бас қосып, бірге әңгімелесіп, әр күнгі әсерлерін, қуаныш-мұңдарын бөлісіп, бала да соның ортасында өскен. Ал екінші бала отбасындағы әр адамның жеке бөлмесі бар, жақсы жағдайда өмірге келеді. Оңашада, өзімен-өзі өскен қыз кейін тұйықталып, аз сөйлейтін болады. Яғни ата-ананың бірден-ақ баламен сөйлесіп, әңгімелесіп өсуі өте маңызды.

Қазір баланың уақытында тілі шықпауына байланысты түрлі орталықтарды жағалап жүрген ата-ана көп. Солардың бірі әңгімесінде, жоғарыдағы оқиғаға керісінше, бірінші баласының кезінде, үйде отырып ақша табуға тырысқанын, сөйтіп, сәбиге қарауға уақыты болмай, көбіне қолына смортфон беріп өсіргенін, бірақ кейін оның зардабын тартып, ал екінші сәбиін босанғанда сол қателігін қайталамауға тырысқанын айтады. «Екінші баламмен тіпті киіндірген, тамақтандырған кезде де сөйлесіп отыратын болдым, тілі тез шықты», — дейді.

Мамандардың айтуынша, баланың тілі уақтылы шықпаса, «тұқымымызда солай», «танысымның баласы да 4-ке келіп сөйлеген» деген секілді сылтаулармен жүріп алуға болмайды. Тіпті баласы мектепке барғанша, шолжыңдап, түсініксіз сөйлейтініне мән бермейтін ата-аналар бар екен. Мамандар үш жастан асқан баланың еркін сөйлесуі керектігін айтады. Бір жастағы бала кемінде 10-15 сөзді, ал екі жасар бала 300-ге жуық сөзді анық айтуы тиіс.

…Балаңызбен сөйлесіп жүрсіз бе?

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button