Басты жаңалықтар

Түрлі тағдыр, бір өмір…

Ақтөбедегі орталық ауыр деңгейдегі мүгедек балаларға қолдау көрсетіп отыр

Оларға қоғам болып қамқорлық көрсету қажет. Олардың басына түскен бар ауыртпалықты бір ғана ата-анаға, тек «Жайна» орталығына артып тастамай, ел болып жұмылып көтеру керек. Өйткені оларды ауыр кеселдің, ауыр дерттің зардабынан мейірім ғана құтқарады…
Ақтөбе қаласындағы «Жайна» мүмкіндігі шектеулі балалардың стационарлық сауықтыру орталығында мүгедектіктің аса ауыр тобына жататын 40 бала тәрбиеленіп жатыр. Орталық мамандары балаларға тәулік бойы, күн-түн демей, аяғынан тік тұрып қызмет көрсетеді.
…Баласы үшін ата-ананың аянып қалары жоқ. Жақсылықтан үміт үзгісі келмеген талай тағдыр иесі ем, дертке дауа іздеп, бармаған жер, баспаған тауы жоқ. Тірнектеп жиған-тергенінің бәрін бір-ақ сәтте жоқ қылды. Дүниенің түк қадірі қалмай, баспананы да, көлікті де сатты. Дегенмен қайран болмады. Ақыры «Жайнаға» келіп, жанға сая, көңілге демеу тапты… Үйіне, ата-анасының қасына бірер күнге келген баланың «Жайнаға» асығып: «Үйге кетем» деп есікке қарай ұмтылып, қалам мен қағаз іздеп «Нәнәсіне» (күтушісіне) хат жазуының сыры содан. Бұл — жүзінен мейірім шуағы төгілген апайларына деген баланың риясыз көңілі, шынайы сезімі…

Бір баланың басында сан түрлі диагноз…

Біз бұл орталықты ата-аналардың үлкен сұранысы, өтініші негізінде жабылмай, сақталып қалғанын білетінбіз. Орталыққа арнайы барып, тыныс-тірлігімен таныстық.
«Жайна» мүмкіндігі шектеулі балалардың стационарлық сауықтыру орталығы Ақтөбе қаласына қарасты Қарғалы ауылында орналасқан. Бізді қарсы алған орталық директоры Нұрила Жарболова ғимаратты аралатып, балалардың жағдайымен таныстырды. Мұнда жататын балалардың бәрі де 3-18 жастағы І топ мүгедектері, туа бітті жарымжандар екен. Бірінің мұрны мен көзі жоқ, енді бірінің аяқ-қолы жетілмеген, тағы бірі аса күрделі жүйке ауруына шалдыққан. Бір баланың басында сан түрлі диагноз… Қырық түрлі тағдыр, бір өмір. Бәрін тоғыстырған бір шаңырақ, ыстық ұя, ортақ мекен — «Жайна» орталығы.
— Сал ауруына, эпилепсияға шалдыққан, тыныс алу аппаратын пайдаланатын науқастар бар. Жүйке ауруына шалдыққандар да осында. Балалар күн сайын 2 рет эпилепсияға қарсы дәрі ішеді. Жедел-жәрдем қызметінің көмегіне жиі жүгінеміз. Өйткені балалар әлсін-әлсін қиналып қалады, — дейді Нұрила Жарболова.
Орталық іші — қайнаған тірлік. Бір бөлмеде логопед баламен жеке жұмыс жасап жатыр. Енді бірінде педагог дәріс беруде. Емдік жаттығу жасайтын бөлме де бос емес, науқасқа массаж жасалып жатыр. Ас бөлмеде су терапиясы қолданылуда.
Жатын бөлмеде орнынан тұра алмайтын балалар жатыр. Төсектері тап-таза. Жамбастары ауырсынып, тесіліп қалмасы үшін арнайы көрпеше төселген. Олар бала күтушілердің, медбикелердің жіті бақылауында.
Барлық бөлмеде қажетті құрал-жабдықтардың бәрі бар. Бейнебақылау камералары да орнатылған.
Бұл — көлемі атшаптырым аулада (5 гектар) қаз-қатар тұрған бірнеше ғимараттың біріндегі ғана көрініс. Қалған ғимараттар да осындағы бар баланың игілігі үшін салынған. Ас әзірленетін ғимарат бөлек орналасқан. Онда аспаздар әр баланың ауруына, жас ерекшелігіне байланысты дәмді етіп тамақ пісіреді. Тағамның құнарлығы, калория мөлшері қатаң сақталады. Мысалы, 11 жасқа дейінгі балалардың тәуліктік калория мөлшері — 2800 калл, ал 11-18 жастағы балалардікі — 3200 ккал. Мұндағы балалар тәулігіне 2-3 сағат сайын 6 рет тамақтанады. Күн сайынғы ас мәзірінде айран, жемістер болады. Сондай-ақ күн сайын су және май терапиясы қолданылады.

— Төсектен тұра алмайтын балаларға тамақты блендер арқылы езіп береміз. Бұл тәсіл асқазанға салмақ салмауға, тамақтың жеңіл қорытылуына септігін тигізеді.
Ай сайын мал базарына барып, ірі қара мал сатып алып, шариғат талабын сақтап, соямыз. Әр жұмада қазақтың ұлттық тағамы — ет асылады. Өйткені етте дәрумен көп. Ірі қараның етімен әзірленген сорпа да сіңімді.
Аула үлкен. Бақшамызда көкөністің түр-түрі өседі. Көкөністерді күтіп-баптауға Ғайса Жүсіпов, Нияз Орынбасаровтар жауапты. Көкөністерді тұздап, маринадтап, қысқа біраз қор жасап алдық. Орталықтың жерасты қоймасы да бар. Бар көкөніс сонда сақталады. «Ас — адамның арқауы» деген нақыл бар. Мұның бәрі балалар үшін жасалып жатыр. Жылыжай ашу да жоспарда бар, — дейді Нұрила Жарболова.
Мұндағы балалардың бәрі жөргекке тәуелді. Дегенмен орталық басшысы тазалыққа үлкен мән береді. Орталықта кір жуатын арнайы ғимарат та бар. Мұнда күн сайын бірнеше мәрте балалардың киім-кешегі, төсек-жаймалар жуылып, үтіктеледі.
Сондай-ақ орталық аумағында әкімшілік кеңсе, арнайы күзет орналасқан.
Орталық директорының айтуынша, келесі жылы осы ғимараттар маңынан бассейн, тұзды шахта, үлкен спортзал салу жоспарланып отыр. Баласының жағдайын білуге алыстағы ауылдан келетін ата-аналарға арналған жатақхана да салынады. Бұл үшін аулада жер дайын, жобасы да әзір. Мұның бәрі балалардың игілігі үшін жүзеге асырылмақ.
Айта кету керек, көлемі 500 шаршы метр болатын «Жайна» оңалту орталығының құрылысы 2021 жылы басталып, биыл жыл басында аяқталған. Жақында күрежол мен орталық арасындағы жолды да салыныпты. Осы ауқымды жобаларды Нұрила Жарболова өз күшімен, маңдай термен, жолдасының қолдауымен салған.

Орталықта оқып жүр…

Орталықта тұрақты ем қабылдаудың әрі білікті мамандар: психолог, логопед, дефектологтардың қызметінің арқасында мектепте білім алатын оқушылар қатарына қосылған балалар да бар.

— Біздің орталықта І топтағы мүгедектерге жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Мұндағы балалар ерекше күтімді қажет етеді. Сол себепті олардың әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізіледі. Бір баланы оңалту үшін бірнеше маман жұмылдырылады. Монтессори бөлмесінде баланың тілін, қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған түрлі жаттығулар жасалады. Баланың ойлау қабілетін дамыту үшін түрлі тәсілдер, ойын түріндегі дәрістер ұйымдастырылады. Мысалы, кубиктерді рет-ретімен орналастыру ұғымын түсіндіру арқылы баланың санау дағдысы қалыптасады. Көлем, пішіндерді айыра алады. Балаларды оңалтуда емдік денешынықтырудың да пайдасы зор. Сабақта денені тік ұстауға үйретеді. Балаларды мойын омыртқаларын түзу қалыпқа келтіру мақсатында қолданылатын вертикализатор құрылғысына байлау да маңызды. Вертикализатор баланың қан айналымын жақсартады, аяққа тұруына септігін тигізеді. Сабақ барысында арнайы маман балаларға өздігінен жүру дағдыларын үйретеді, — дейді Нұрила Жарболова.
Орталық қаладағы 7 түзету мектебімен де тығыз байланыста жұмыс жасайды.
— Балаларды педагогикалық-медициналық комиссиядан өткіземіз. Дәрігердің қорытындысы бойынша оларға үйден оқыту қызметі ұйымдастырылады. Ерекше балаларға арналған 7 мектептің мұғалімдері арнайы сабақ өткізеді. Үй тапсырмаларының орындалуын біздің орталықтың педагогтері қадағалайды. 9 жыл оқып, негізгі мектепті бітіргені жөніндегі куәлік беріледі.
Балаларымыздың арасында түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орын алған оқушылар да бар. Мысалы, Абай Жанадин, Ербол Сантөре, Аслан Айдос, Самат Исхак — біздің мақтаныштарымыз, — дейді орталық директоры.
Айта кету керек, ауыр деңгейдегі мүгедектер болғандықтан мұндағы балалардың көпшілігі үй жағдайында да сабақ оқи алмайды.

Мемлекет сенімі

«Жайна» аса ауыр жағдайдағы мүгедек балаларды тәрбиелеп, күтім жасайтын облыстағы алғашқы орталық болуымен де ерекшеленеді. 2017 жылы балабақшаға, мектепке бара алмайтын халі өте мүшкіл жағдайдағы 100 баланың күтімін мемлекет үлкен жүрек иесі Нұрила Қыдырбайқызына сеніп тапсырады. Оңалту орталығына мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында мемлекеттік тапсырыс берілді. Кәсіпкер 5 жылға келісілген жоба аясында абыройлы қызмет атқарды.
— Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жұмыс жасаған кезде 100 бала тәрбиеледік. Олардың арасында жетім балалар үйінің де сәбилері болды. Басқа қызметкерлермен қатар, 30-ға жуық ата-ананы жұмыспен қамтыдым. Жалпы, штатық режимде 120 адам еңбек етті. Жағдайы өте ауыр жағдайдағы бір баланың күтіміне бір емес, бірнеше жұмыс күші керек, — дейді орталық директоры.
5 жыл бойы бала күтіміне алаңдамаған ата-аналарға мемлекет пен кәсіпкер арасындағы жобаның аяқталғаны қиын тиді. Ата-аналар орталық жұмысының тоқтауына наразылық білдіріп, кәсіпкерге өтініш жасады.
— 5 жыл келісімшарт біткеннен кейін орталық жұмысын тоқтатып, бизнес- жобаларымды қолға алсам болар еді. Дегенмен ата-аналардың, балалардың ауыр жағдайын біле тұра орталықты жауып тастауға дәтім бармады. Ата-аналар: «Жағдайымыз енді не болмақ?» деп жылады… Олардың өтініштері бойынша орталық ісін жалғастырдым. Әйтпесе, жан бағу, күн көру үшін ғана емес, жайлы өмір сүру үшін қаражатымды мол табысқа кенелтетін бизнеске салсам да болар еді. Уақытша тірлікте, сынақ өмірде бәріміз өз қалтамызды ғана толтыруды ойласақ, адамшылығымыз қайсы? Менің берекем — осы орталықта. Қолымнан келгенше қамкөңіл ата-анаға демеу, жарымжан балаға сүйеу болуға тырысып жатырмын, — дейді Нұрила Жарболова.
Ол — реабилитолог, логопед, дефектолог. Ақтөбе қаласындағы 1 қалалық емханада логотерапевт болып жұмыс жасап жүргенде қала түгілі, шалғайдағы ауылдардан оның қызметі үшін шаршап-шалдығып келетін ата-ана тым көп болыпты.
— Содан балаларға тегін қызмет көрсеткім келді. Емханадағы жұмысым аз сияқты көрінді. Мен бұл жұмысты тастай алмайтынымды түсіндім. Өйткені бұл — жүрек қалауы, — дейді Нұрила Қыдырбайқызы.
Орталық директоры ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс жасап, оларға кеңес, бағыт-бағдар беруден де тартынып қалмайды.
— Әлеуметтік портал деген бар. Бұл арқылы мүмкіндігі шектеулі жандар әлеуметтік қызмет түрлерін өздері таңдай алады. Ата-аналар әлеуметтік порталға әлеуметтік-медициналық мекемелер тізбесі де енгізілгенін, оларды таңдау мүмкіндігі берілгенін қалайды.
Әлеуметтік орталықтардың жұмысы ауыр. Елімізде осындай орталықтар көбірек ашылса, ата-анаға көмегі көп болар еді. Мүгедектіктің ауыр деңгейіндегі науқас баланың күтімін жасау — ата-анаға өте қиын. Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға міндетті түрде көмек көрсетілуге тиіс. Олар күн ұзағына бір сәт тыным таппай, балаға күтім жасаудан әбден шаршайды. Сондай-ақ баласының ауруына алаңдап, уайымдап, күйзеліске түседі.

Сол себепті қоғам болып ата-ана мен балаға қолдау көрсетуіміз керек. Қазір әр жерде ата-аналарға психологиялық тренингтер ұйымдастырылып жатыр. Оның да пайдасы бар. Дегенмен нақты іс-әрекет арқылы қолұшын соза білуіміз қажет, — дейді орталық директоры.
Расында, осы орталыққа баласын беру арқылы ата-аналар қоғаммен араласты, еңбек етті. Соның арқасында үйсіз жүргендер, мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп, «Отбасы банкі» арқылы баспаналы болды. Бұл — баланы сенімді орталыққа беріп, еңбек еткеннің жемісі.
— «Отбасы банкінің» қызметкерлерін орталыққа шақырдық. Олар ата-аналарға кеңес берді. Жалақыларын жинады. Нәтижесінде, баспаналы болғандар бар. Солардың бірі — біздің орталықта жұмыс жасап, қазір декреттік демалысқа шыққан Нұрзат Жұмабаева. Ол «Бақытты отбасы» арқылы 2 бөлмелі пәтер алды. Нұрзаттың баласы 6 жылдан бері біздің орталықта әлеуметтік қызмет алады.
Мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ана баласын орталыққа бермесе, қайтер еді? Онда бір емес, екі адамның денсаулығы құритын еді. Қоғамда мұқтаж жандардың саны көбейіп кететіні тағы бар. Ал жұмыс жасамаған ата-ана мемлекетке салмақ түсіретіні анық, — дейді Нұрила Жарболова.

ДІНІМІЗДЕ МҮГЕДЕКТІ КЕМСІТУГЕ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН

«Нұр Ғасыр» облыстық Орталық мешітінің найб имамы Алмат Әли:

— Денсаулық — адамға берілген үлкен нығмет. Дегенмен мүгедек бола тұра «Бұл — Алланың қалауы» деп бойсұнып, сабыр етсе, жұмақ нәсіп етілетіні туралы хадисте айтылған.

Риуаят бойынша, Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүшріктердің атқамінерлерін Исламға үндеп, әңгімелесіп тұрған. Алланың елшісінің олар мұсылман болса, артынан ергендер де иманға келер деген үміті бар еді. Осы кезде олардың жанына туабітті соқыр Абдулла ибн Үмму Мактум атты көзі көрмейтін сахаба келіп: «Уа, Алла елшісі! Алла Тағала сізге үйреткен жақсылықты маған да үйретіңізші», — деп өтінеді. Бірақ сахаба Алла елшісінің қолы тимей тұрғанынан бейхабар болатын. Алла елшісі сөзін бөле бергені үшін сахабаға жақтырмай қабағын түйіп, теріс айналады. Ішінен: «Мыналар оған ілескендер көзі көрмейтін, жағдайы төмен және құлдар деп айтатын болды», — деп қабағын түйіп, мүшріктерге қарайды. Сол кезде сахаба ренжіп қалады. Құранда «Абаса» деген сүре бар. Сол сүренің 1-12 аяттары сол соқыр сахабаның оқиғасына байланысты. Мұнда Пайғамбарға ескерту жасалып, уахи етіледі. Алла тағаладан ескерту алғаннан кейін Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әрдайым Абдулла ибн Үмму Мактумның жағдайын сұрап, сол кісіге құрметпен қарайтын болады. Дінімізде мүгедектігі, дене бітімінде кемшілігі бар адамға немқұрайды қарамай, қоғамда өзіндік бір орны бар тұлға ретінде қарап, оның жағдайын жасау керектігін осы аяттардан үйренеміз.

Құранда Әт-Тәкәсур сүресінде Раббымыз «Алланың берген нығметтерімен сұраласыңдар» дейді.  Нығмет — денсаулық.  Мүгедек адамға қарап бәріміз, мансап иесі де, уақытша дүниеге ие болып жүрген адамдар да тәубеге келіп, Алла тағаланың нығметтеріне шүкіршілік етуді үйренуіміз қажет.

мүгедек жанды бойындағы кемшілігіне байланысты лақап ат қоюға дінімізде тыйым салынған. Бұл туралы Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде айтылады. Бірде бойы кішкентай әйел Алла елшісінің үйіне келіп, сұрақ қояды. Әлгі әйел шығып кеткеннен кейін Айша анамыз Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) «Мына әйелдің бойы аласа, кішкентай екен» дейді. Мұны естіген Алла елшісі Айша анамызға қатты ренжіпті:«Егер ол сен айтқандай болса, оны ғайбаттаған боласың, ал егер олай болмаса, жала жапқан боласың. Дереу саусағыңды тамағыңа тығып, құсып таста. Әйтпесе, ақыретте тозақта жалындап күйесің»  дейді. Бұдан да дінімізде мүгедек жанды кемсітуге тыйым салынғанын білеміз.

5 мың теңге неге жарайды?

Қазір «Жайнада» балалар ақылы қызмет алып жатыр. Өйткені мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобаның мерзімі аяқталды. Күн сайынғы төлем — 5 мың теңге.
— Өз тарапымыздан балалардың жағдайы үшін үлкен орталық аштық. Ерекше күтімдегі балалардың күтімі де ерекше. Онда балаларға әлеуметтік қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Орталықта 27 адам еңбек етіп жатыр. Тамақтану, күтім, ем, қызметкерлердің жалақысы, салық, коммуналдық төлемдердің бәріне қыруар қаржы керек. Ал қазір азық-түліктің де, тұрмыстық-шаруашылық бұйымдарының да бағасы шарықтап тұр. Қызметкерлер мұндай ауыр әрі жауапты жұмысты мардымсыз еңбекақыға жасағысы келмейді. Яғни оларға лайықты жалақы төлеу керек. Ал ата-анадан алған 5 мың теңге бұл шығындардың бәрін өтей алмасы ақиқат. Десек те, орталық жұмысын жандандыра түсуге бар күшімді жұмсап жатырмын. Балалардың несібесі ғой, тығырықтан шығудың бір жолы жабылса, бір жолы ашылып, шаруаларды үйлестіріп жатырмын, — дейді Нұрила Жарболова.

Киелі үй немесе күтушіге хат

— «Жайна» секілді мүгедектіктің ауыр деңгейіндегі балалар үшін орталықтар көбірек ашылса, жақсы болар еді. Өйткені мұндай балалар аз емес. «Жайна» оңалту стационарында І топ мүгедектері үшін барлық әлеуметтік қызмет көрсетіледі.
Көпшілік арасында: «Үкіметтен мүгедек балаға жәрдемақы беріледі, күтім жасаған анасына да жәрдемақы төленеді. Сонда неге олар баласын орталыққа жіберуге ұмтылады» деген сұрақ туындайды. Пікір орынды. Расында, мемлекет тарапынан бізге үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыға 2 пайыздық үстемеақымен тұрғын үй алуға мүмкіндік берілді. Маған да баспана алу бақыты бұйырды. Жыл сайын 700 дана жөргек тегін беріледі. Бұл жетпесе де, үлкен көмек деп түсінеміз.

Дегенмен «Жайна» секілді орталықтар балаларымыз үшін бәрібір қажет. Өйткені мүгедек балаға көрсетілетін түрлі қызметті ата-аналар өздігінен жасай алмайды. Бұл ретте ата-ана мен мамандарды теңестіру мүлде қисынсыз. Оның үстіне ерекше қажеттілігі бар балаларға ерекше күтім керек. Оларға бір-екі маманның қызметі аздық етеді. Бұған дәлел ретінде өз қызымды мысалға айтсам болады. Мен баққан кездегі қызымның жағдайы мен «Жайнада» тәрбиеленгендегі жағдайы жер мен көктей десем артық айтқандық емес.
Дүниеге жарымжан бала әкелгеніме қатты қапаландым. Күйзеліске түстім. Психологтерден кеңес алғаннан кейін ес жиғандай болдым. Бірақ балаға әсіре жанашырлық танытып, оны дамытуға көңіл бөлмеппін. «Төгіп-шашып ішкен соң тамақ сіңбейді ғой» деп, тамақты өзім беретінмін. Сөйтсем, мұның бәрі қате екен. Орталыққа барғанда мамандар қызыма қасық алып, өздігінен тамақтануды үйретті. Қол жууды үйренді. 13 жасқа дейін сұйықтықты құтыдан ішетін қызым ыдыстан ішетін халге жетті. Балалармен қарым-қатынас жасауды үйренді. Медициналық қызмет тұрақты түрде көрсетілетінінің арқасында дене бітімі біршама түзелді.
«Жайнада» өз ісінің кәсіби шеберлері жұмыс жасап жатқанын біз өз баламыздың әрекеттерінен, даму деңгейлерінен байқап отырмыз.
Айта кету керек, мүгедек баланың күтімі үшін төленетін жәрдемақыға отбасын асыру мүмкін емес. Мұндай балаларды негізінен жалғызбасты аналар бағып отыр. Отбасындағы басқа балаларды да жетілдіру керек. Күн ұзаққа бір баланың күтімімен отырған соң, басқа баламыздың тәрбиесі кемшін қалады. Бала күтуші жалдап, жұмысқа шығып та көрдім. Дегенмен бір ғана күтуші балама тиісті жағдайды жасай алмайтынын ұқтым. Оның үстіне І топтағы, ауыр жағдайдағы баланы бағуға кез келген күтуші келіспейді. Сол себепті «Жайна» секілді орталықтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе деген өтінішіміз бар.
Орталыққа қай кезде бара қалсақ та, баламыздың көзі жайнап тұрады. Киімдері тап-таза.
Баласын мектепке апару — І топтағы мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналардың үлкен арманы. «Жайнаға» бергеннің арқасында балама мектепке бару бақыты бұйырды. Қызым Ақтөбе қаласындағы 7 түзету мектебіне барды. Орайы келгенде аталған білім шаңырағының ұжымына да ризашылығымды білдіремін. Қызым былтыр 9-сыныпты бітіріп, қазір қайтадан «Жайнада» тәрбиеленіп жатыр.
Демалыс күндері, мереке кезінде қызымды үйге алып келемін. Үйге келгеннен кейін біраздан соң қызым «үйге қайтамын» деп қиғылық салады. Қағаз бен қалам алып, шимайлайды. «Не істеп жатырсың?» десем, «Нәнәға хат» дейді. Күтушісіне «хат» жазып жатқанын түсінемін. Бұдан бала үшін орталықтың жайлы екенін, орталық қызметкерлерінен жылу көретінін аңғауға болады.
Орталықтың аты «Жайна» ғой. Дегенмен баламыз үшін бар жағдайды жасап жатқан орталыққа біз, ата-аналар «Киелі үй» деп ат қойғанбыз. «Жайнаны» өз арамызда киелі үй дейміз.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, ата-аналар атынан облыс әкімі Ералы Лұқпанұлының орталыққа келіп, балаларымызға батасын беріп, қуантып кетсе екен деген үлкен өтінішімізді жеткізгім келеді, — дейді Айша Сарсебаева.
P.S. Ата-аналар түрлі оңалту орталықтарының көп ашылып жатқанын, бірақ «Жайнадан» басқа мүгедектіктің өте ауыр деңгейіндегі балаларға арналған оңалту орталығының жоқтығын айтып ашынады. Олардың жанайқайын еститін кәсіпкерлер қайда жүр? Расында, қолдау, көмек, ең алдымен, осы І топтағы мүгедек балаларға керек емес пе? Әлде ауқатты жан оларды қоғамға қажетсіз деп санап, жауапкершілік жүгінің ауыр екенінен қаша ма?
Жанкешті еңбек етіп жатқан Нұриланы бүгінгі күннің батыры десек артық айтқандық емес. Ізгі іске ұйытқы болған Нұрила — мықтымыз деген көп кәсіпкерге, ел-жұртқа үлгі, өнеге.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button