Басты жаңалықтар

Мал базарға  бардың ба, қысқа соғым алдың ба?

Қазір жылқы, сиыр еті «жіліктеп сатылады» деген жарнаманың желіден түспейтін  уақыты. Кездесе қалған екеудің әңгімесі бірден соғым жайына ойысады. Әрине, мал ұстаған ағайын болмаса, екінің бірінің бір жылқыны немесе  ірі қараны тұтастай жығып алуға жағдайы келе бермейді. Себебі ет қымбат. Күздік еті мол үйлер «қар қатайсын» деп соғым асықпай отыр. Мал баққан шаруа үшін жылқынысоюға әлі ертелеу…

Жылда 1-2 малын қыстық соғымға дайындайтын ауыл жұртына бұл науқан — мереке. Күн сайын әр үйде бір малдың төрт аяғы буылып, басы құбылаға қарап жатады. Түсте жас қуырдақты қарбытып асап, кешке мол асылған еттен кертіп, сіңірін май басқан топатайды шағып отыру қызық-ақ.

Бірақ қала халқына ондай «мейрам» бұйыра бермейді.  Жалақысының жартысы малдың бір жілігінен асып, аяғына артылса жақсы. Ондай болса төрт адам бір ірі малды төртке тең бөліп алады. Бір жақсысы облыстың сауда орындарының сөресінен жыл он екі ай ет үзілмейді. Керегіңді жылдың қай мезгілінде де таңдап аласың. Енді мәселенің басын мал етінің бағасымен ашып алайық.

Қазір бір келі жылқы етінің нарықтағы бағасы 2500 теңге дейік. Сиыр еті 2000 теңгеден басталады. Қойдың бәсі де «ренжітіп» тұрған жоқ. Ірі қойды таңдап алғыңыз келсе, кемінде 50-60 мың теңгең жан қалтаңда жүрсін.

Етті қымбат деп айтайын десең, ауылдағы ағайынның бейнетін бағаламай, малшының еңбегіне обал жасайсың. Ал арзан  дейін десең, қалалықтардың қалтасын «тесіп» барады.

Облыста ет тапшылығы жоқ. Бірақ нарықтың заңына бағынбасқа тағы болмайды. Салыстырмалы түрде есептеп көрсек, қай малдың да еті қымбат емес. Сатушы тірі тауарын бұлдағысы келеді. Ал шаруа қожалықтары да пайда көруі керек. Сатып алушының ыңғайына қарап, ет бағасын арзандатқанымен, малды бағу шығыны қалай жабылмақ?  Мал азығы, техниканың автоқосалқы бөлшектері, жұмысшылардың жалақысы, жанармайдың қымбатшылығы қысып тұрғанда малдың бәсін түсіріп, еттің бағасын арзандату буынсыз жерге пышақ ұрумен бірдей емес пе?  Қарап отырсақ, шаруа қожалығы үшін  жаңағы көрсетілген шығындардың өсуі соңғы 5 жылда күрт көтерілді. Ал малдың құны әрі кетсе жыл сайын 5-10 мың теңгеге ғана қымбаттайды. Осыдан-ақ мал ұстайтындардың жағдайын түсіне беріңіз. Қорыта келгенде өзге тауарлардың құнына қарап салыстырсақ, мал еті аса қымбат емес. Нарық заңы осыған тәубелетіп тұр.

Әйтсе де қала тұрғындарына арнапет бағасын арзандатудың тек бір жолы ғана бар. Ол үшін…

Жәрмеңкеден қалмаңыз…

Қымбатшылықтың салқынын сәл де болса «жібіту» үшін жергілікті билік апта сайын жәрмеңкелер ұйымдастырады. Ол кезде өрістегі мал арада ешбір делдалсыз тұтынушыларға тікелей әкеліп сатылады. Сатып алушылардың  200-300 теңгеге арзан етті алып қалуы үшін ауылшаруашылық жәрмеңкесіндегі таразы басына көбірек топтасатыны содан.

Күні кеше ғана 20 қарашадағы сайлау күні «Табыс» коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Ақтөбе фермерлер орталығы ұйымдастырған жәрмеңкеде ет нарықтағы бағадан 300-400 теңгеге арзан болды. Жылқы, сиыр  еттерін сатып алушылар түске жеткізген жоқ. Тіпті қолға келілеп түсе бермейтін түйе еті де соңғы жағында 1800 теңгеден сатылып, жәрмеңкеге барғандар бір жырғап қалды.

Біздер ет, көкөніс, өзге де азық-түлікті де үнемі «Табыстан» аламыз. Мұндағы бағалар қолжетімді. Өйткені қаланың басқа базарларынан қымбатшылық байқалады. Ал мал базар мен Орталық базардағы ет бұл жерден қарағанда 200-300 теңгеге қымбат. Жәрмеңкеден сиыр етін 1900 теңгеге алдым. Бұрын бір келі сиыр етін 2300 теңгеден алатынмын. Кейде 2500 теңгеге дейін қымбаттап кетеді. Қалтамызға қарап жылқы етін де сатып алдық. Жалақымыздан шағындап ет алуға ақша ауыстырамыз. Осы бағалар өзімізге ыңғайлы. Мұндай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып, алдағы уақытта баға өспесе екен, — дейді қала тұрғыны Айгүл Назарғалиева.

Ет бизнесінде тағы бір «гәп» бар. Жұрт жаппай соғым соятын қараша, желтоқсан айларында ет бағасы өспей, керісінше, түсуі де кәдік. Қазір ауыл мен қаланың байланысында кедергі жоқ. Келіскен бағаңызға үйіңізге дейін әкеп береді. Бұл да бір маусымдық «акция».

Фермерлік орталықта 200-ге тарта кәсіпкер бар. Біз халыққа қолжетімді болуы үшін ет жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Бұл бастаманы шаруа қожалықтарының бәрі қолдады. Етті бұдан артық арзандата алмаймыз. Өйткені мал бағу шығыны бар. Осы жәрмеңкеде мал иелері аса көп пайда көрмейді. Бір ірі қараның жіліктеп, келілеп сатқанда құраған ақшасы сол ауылдағы құнымен бірдей. Сол бағаға ауладан да сатып жібере алады. Біздің мақсатымыз — қала тұрғындарына арзан ет ұсыну, — дейді фермерлік орталығының төрағасы Марлен Баймағамбетов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлердің халыққа бұлай жақындауына үкіметтің соңғы 3 жылда берген субсидиясы едәуір көмек болғанға ұқсайды.

Биылдың өзінде облыс шаруаларына 8 миллиард теңге ақша бөлінді. Әр аналық басқа төленген қаражаттың арқасында биыл аналық малымызды сақтап қалдық. Бұған дейін сатқан аталық малымыз жылдық шығынды толық жаппай, аналықтарын да сатуға мәжбүр болатынбыз. Биыл субсидия алып, шығынымызды жабуға жетті. Үкімет, жергілікті билік шаруа қожалықтарына осылай қолдау көрсетіп отырса, біз неге халыққа пайдамызды тигізбеске?! — дейді фермер М.Баймағамбетов.

Қалай тесек те, «Табыс» коммуналдық базарының тауарлары  қала тұрғындары үшін қолжетімді болып,  тұтынушылардың көп баратын алаңына айналып тұр.

Базар басшысы Ерлан Білиевтің айтуынша, мұндағы еттің бағасы 1950 теңге мен 2500 теңгенің арасында. Күніне 3 тоннадай ет сөреге шығарылып, сатылады. Ауылдан мал әкеліп, сойып сатамын десеңіз, орын жеткілікті. Мұнда бір орынды жалға алу құны  1 айға — 10 мың теңге.

Сауданың сұранысы

Мезгілге қарай жылқы малына сұраныс көп. Сондықтан оның еті де өтімді, бағасы да өсіңкі. Қысқа қарай пышаққа көп ілінетіндерде қыл құйрықтылар. Қазіргі таңда бір жылқының тірілей құны — 500-600 мың теңге. Ал семіз жабағыны 250 мың теңгеге табасыз. Ресми дерек бойынша облыста Қамбар атаның 259 мыңнан астам тұқымы бар екен. Биыл 55 мыңдай құлын алынған. Соғымы бар, сатылуы бар қыс кезінде 55-60 мыңдай жылқыны жәукемдейді екенбіз. Бірақ одан жылқы саны азайып кетпейді.

Қай малдың да өсу шегі бар. Малды құр көбейте бермей, оны сатып,пайдасын көру керек. Қазір көбі ойлаған бағасына сата алмайды, арзандатуға тағы болмайды. Экспортқа шықпай мал басы өспейді. Былай қарасақ, жылқы етінің қымбат болуы сұраныстың көптігінен болып тұр. Әйтпесе жем-суы даладағы өрістің есебінен болатын бұл түліктің шығыны да, бейнеті де сиыр мен қой малынан әлдеқайда аз. Сондықтан түз малын өсірушілер көбейіп кетті. Жайылым тарылып, жерді тоздырып барады,  — деп алаңдаушылық білдіреді облыстық ауылшаруашылық басқармасы мал бөлімінің басшысы Панабек Бимұратов.

Оның айтынша, Ақтөбе облысы белігілі бір мөлшерде көрші облыстарға ет экспорттайды. Бірақ шетелге ет шығару тоқтаған. Бұл саяси мәселені министрлік шешу керек. Осы орайда бөлім басшысы тосын жаңалықты айтты. Алдағы уақытта Италияға ет экспорттауымыз мүмкін. Өйткені ет тапшылығын көріп отырған Еуропаның түбегіндегі елдің талғамы қазақ жылқысына түскен. Бұл хабармен көңілімізді демей тұрайық. Бұл да мемлекеттік деңгейдегі шаруа.

Айтпақшы, ет саудасындағы ең қымбаты жылқының қазысы десек… Құстың еті«рекорд жаңартып» тұр. Қаз етінің бір келісі — 3500 теңге. Бұл облыстағы құс шаруашылығының кең қанат жая алмауы деп топшыладық. Әйтпесе қаз етіне сұраныс жылқы етінен асып түспесе керек-ті.

P.S. Ет сату мен сатып алудағы тұрақтылық әлі бір жүйеге түскен жоқ. Жер астындағы мұнайымыз экспортталғанымен, жер үстіндегі малымыз әлемдік рынокқа ене алмай отыр. Сайып келгенде ішкі нарықта өз малымызды өзімізге бұлдап жүрміз. Бизнес тілінде мұндайды «сауатсыз суда» дейді. Облыстағы ірі компаниялар өз малымыз тұрғанда етті сырттан сатып алады. Олармен де келіссөздер жүргізіп, тәбетін жергілікті еттің дәміне үйрететін уақыт жеткен сыңайлы…

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button