Басты жаңалықтар

Темір: оқырман ойы — олжамыз

Баспасөз-2023

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» қоғамдық-саяси газеттерінің және «Үш таған» журналының Темір ауданындағы күндері алдағы жылдың баспасөзіне жазылу науқанымен тұспа-тұс өтті. Сондықтан да оқырмандармен кездесудің, олармен ашық әңгімелесіп, кеңінен пікір алысудың маңыздылығы арта түскендей еді.

Кітапханадағы кездесу

Темір өңіріне сапарын журналистер аудандық Мәдениет үйінде өз оқырмандарымен кездесуден бастады. Бұл — осы өңірдің рухани орталығы. Өйткені, музей де, кітапхана да осында орналасқан.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрлыгүл Көшекбаева алдағы жылдан бастап бұл екі мекеме үшін өз алдына жаңа ғимараттар салына бастайтынын айтты. Әзірге бір шаңырақтың астында отырған мәдени ошақтар түтіндерін түзу шығарып, өзара ынтымақтастықта еңбек етіп, халыққа қызмет көрсетуде.

Мұндағы музейде Темір өңірінің толағай тарихы түгелдей дерлік көрініс тапқан. Музей қойылымдары көрермендерін бірнеше ғасырларға жетелейді. Кешегі күні табылған сарматтар дәуірінің құнды ескерткіші «Алтын адамға» дейінгі талай жәдігерлер өз сырларын осында ашады. Мұнайлы ауданның кен өндірудегі кезеңдері, алғашқы мұнайшылар — барлығының да шежіресі қолмен қойылғандай осыннан көрініс тапқан.

Ұлттық құндылықтарымыз — қазақтың дәстүр-салттарын бейнелейтін ескерткіштер де аз емес мұнда.

Аудандық орталық кітапхананың директоры Людмила Нысамбаева кейбіреулер ойлайтындай жас буынның бірыңғай смартфон мен интернеттің жетегінде кетпей, кітапқа да құштарлығы мол екенін қуанышпен жеткізді. «Ал егде жастағы адамдар мен орта жастағылардың тұрақты оқырман қалпын сақтауы — біз үшін өте сүйінішті жайт», — деп ол әңгімесін жалғастырды. Бұл жолғы кездесуге мектеп оқушылары да көптеп жиналды.

Ақтөбеден келген қонақтар арасынан өздерінің жерлесі, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Үш таған» журналының бас редакторы Ертай Ашықбаевпен кездескеніне қуаныш білдірген олар ақынның өлеңдерін жатқа оқи бастады. Мәселен, Алтынай Жеңіс «Бабатай өзені», Айбибі Қазақбаева «Күз», Аружан Бижанова «Таң» және Ләззат Жүсіп «Маусым» өлеңдерін ақын ағаларының жадына қайтадан түсірді. Ал Шұбарқұдықтағы №1 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Алтынай Жеңіс қаламгерге арнап шығарған өз өлеңін ортаға салды.

Ашық пікірлесу аясында

Аудан әкімдігіндегі жұртшылықпен кездесуге сан түрлі мамандық иелері жиналды. Ғимараттың фойесінде ғасырлық тарихы бар облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің шежірелерін айғақтайтын деректер, басылымдарда әр жылдарда қызмет еткен бірнеше буын өкілдері туралы жазбалар, сондай-ақ газет шығаруға қажетті техникалық жабдықтар көрмеге қойылды. Залда орнатылған лед-экранда үш басылымды, бірнеше сайтты біріктіретін «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның күнделікті тыныс-тіршілігін бейнелейтін көріністер беріліп жатты.

Жиынды ашқан аудан әкімі Саламат Аманбаев кездесуге келген журналистерді өңірдің бүгінгі даму ахуалымен таныстырды, алдағы белгіленген әлеуметтік-экономикалық даму жоспарлары туралы айтып берді. Сонымен бірге атқарылған жұмыстарды жария етудегі баспасөздің рөліне тоқталып, өздерінің де күнделікті жұмыс барысында облыстық газеттер арқылы жедел хабарлар алып отыратындығын айтты.

«Ақтөбе Медиа» компаниясының директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин өз сөзінде баспасөз бен оқырман арасындағы берік байланыс қашанда маңызды екенін айта келіп, былай деді:

— Біздің бұл кездесуіміз Темір ауданының қайта құрылуының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Негізінде шежіресі мол бұл өңірдің тарихы бірнеше ғасырларға созылады. Кезінде Қарақамыс жәрмеңкесі алыс-жақындағы елді жинап, сауда-саттықты өрістетумен бірге, өнер, рухани жиын орталығы да болған. Елдің билері мен палуандары, небір шешендері осында бас қосқан.

Бүгінде жаңа кезеңге қадам басқан, ауыл шаруашылығымен қатар өнеркәсібі де өркендеп отырған Темірдегі дәстүрлі кездесуіміз бізге, журналистердің алдағы жұмысына тың серпін береді деген ойдамыз.

Біздің «Ақтөбе Медиа» құрамындағы облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері, сондай-ақ «Үш таған» журналы уақыт ағымына сай бүгінгі күннің көкейкесті тақырыптарын көтеріп келеді. Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер, сондай-ақ облыс басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды іс-шаралар, жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары оқырмандарға дер кезінде жеткізілуде.   

Сондай-ақ біздің басылымдарымыз арқылы сіздер жалпы облыс аудандарының жаңалықтарымен таныс болып отырасыздар. Мысалы, облыста қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы село тұрғындарының табыс деңгейін көтеруге бағытталған. Бұл аталған жобаға барлық 12 ауданнан 24 селолық округтің 42 мыңнан астам тұрғыны қатысады. Темір ауданындағы село тұрғындары да бұл жобаның белсенді қатысушылары қатарынан көрінеді деп ойлаймыз. Аталған жобаның Ақтөбеде өткен тұсаукесеріне Темір ауданынан бес шаруашылықтың өкілдері қатысты. Олар — ет, сүт өндіретін, сондай-ақ астық өсіретін кәсіпкерлер. Біз «Ауыл аманаты» жобасының тұрғындар арасында бизнесті дамытып, кеңейте түсетіндігіне сенімдіміз. Біздер, журналистер, осы бағыттағы алғашқы жетістіктерден бастап басылым беттерінде кеңінен жазып, насихаттап жүрміз.

Раукен Отыншин сондай-ақ облыс әкімі Ералы Тоғжанов бастамашы болып отырған «Білім all» жобасына да темірлік ұстаздардың белсене қатысатындығына сенім білдірді. Балалар жылы аясында біздің облысымызда алғаш рет қанат қаққан бұл жоба аз комплектілі мектептерде білім беру сапасын көтеруге бағытталған және бүгінде еліміз бойынша кеңінен қолдау табуда.

Кездесуде еңбек ардагері Нұрмұхан Өтепов, журналистика ардагері Меңдіхан Әділханұлы және басқалары сөз сөйлеп, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды.

Марапат — баспасөз жанашырларына

Журналистерді бастап келген «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин темірліктерді ауданның қайта құрылуының 50 жылдығымен құттықтап, бір топ жанашыр оқырмандарға алғыс хаттар мен сыйлық тапсырды.

Облыстық «Ақтөбе» газетінің тұрақты оқырманы, еңбек ардагері Матай Нұғымановқа Алғыс хат тапсырған облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Сәтжан Дәрібай қай басылым да оқырманымен тұғырлы екенін атап өтіп, жиналғандарды алдағы жылы да газетке жазылуға шақырды.

Осы жиында еңбек ардагері Нұрсұлтан Ілиясовқа, аудандық орталық аурухана ұжымына, сондай-ақ Ақсай ауылдық округі әкімдігіне баспасөзбен байланысы үшін Алғыс хаттар берілді.

Ауданға келген топ құрамындағы облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Талғат Тілеулесов кездесуді жүргізумен бірге, бірнеше терме орындап берді. Ал «Ақтөбе Медиа» қызметкері Азамат Жалмағамбетов әсем әндерімен тыңдарман қауымды сүйсінтті.

Оқырман ойы — қалам ұстаған журналистің олжасы. Жазғаныңның бағасын беретін де, не жазғаныңды оқып, пікір-ұсынысын айтатын да жанашыр оқырман. Сондықтан да елдегі еңбеккердің, ауыл-селодағы мұғалім, дәрігерлердің, басқа да интеллигенция өкілдерінің аузынан шыққан әрбір сөз қалам ұстаған ағайынның алдағы қозғар тақырыбына әсер етері сөзсіз.  

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button