Батыс өңіріндегі бірегей университет
Биыл М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің құрылғанына 65 жыл толды.
Тарихты парақтасақ, Ақтөбе мемлекеттік медицина институты СССР жоғары білім министрлігінің «Батыс және Солтүстік-батыс Қазақстанды білікті дәрігерлік кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында…» деп басталатын бұйрығымен 1957 жылы 1 қыркүйекте ашылды.Институттың бірінші ректоры медицина ғылымдарының докторы, академик Алмағамбет Дайыров болды.
Мерейтой қарсаңында біз осы оқу орнының түлегі әрі университеттің қазіргі ректоры Әсет Қалиевпен әңгімелестік. Ол өзі басқарып отырған оқу орнының бүгінгі тыныс-тіршілігін баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Басты міндет — маман даярлау
Қазіргі таңда М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде 5369 студент білім алып жүр. Оның ішінде Қазақстанның басқа өңірлерінен де келгендер бар. Ал Үндістан, Пәкістан және Өзбекстаннан келгеншетелдік студенттердің саны — 584. Десек те біз университеттің осы өңірге қажетті мамандарды даярлап үлгермейтінін, мемлекеттік емханаларда дәрігерлер жетіспейтінін естіп қаламыз.
Бұған қатысты пікірін сұрағанымызда университет ректоры Әсет Қалиев маман тапшылығы тек кейбір мамандықтарға қатысты екенін атап өтті.
— Ең әуелі бізге қазір неонатологтар, реаниматологтар, онкологтар, педиатрлар және тағы басқа дәрігерлер қажет. Маман жетіспеуінің бірнеше себебі бар. Ең басты себеп —резидентурада оқуға түсу үшін мемлекеттік гранттардың аз бөлінуі. Сондықтан университет студенттерінің жартысынан көбі ақылы негізде оқиды. Мемлекеттік грант саны көбейіп жатса, маман тапшылығы мәселесі айтарлықтай деңгейде оң шешіледі деп ойлаймын. Сонымен бірге медициналық мекеме басшылары қызығушылық танытар болса, соңғы курстарда оқып жүрген студентті жұмысқа қабылдау немесе бітіруші түлекке атаулы шәкіртақы бөлу арқылы да дәрігерлер жетіспеушілігі мәселесін шешуге болар еді. Университетте оқитындардың біразы —еліміздің басқа өңірлерінен, шетелден келгендер. Әрине, олар оқудан соң жұмыс істеуге өз ауылдарына, өз елдеріне кетіп қалады,— дейді Әсет Қалиев.
Сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті маман даярлауды мақсат еткен университет оқытушылары оқу процесінде теориялық білім мен тәжірибені ғылыммен ұштастырып отырады.
— Біздің университеттің 5 оқу ғимараты бар. Сондай-ақ оқу процесінде қолданатын 3 клиникамыз бар. Олар: медицина орталығы, стоматологиялық клиника және отбасылық медицина орталығы. Соңғысы — емхана. Қала сыртындағы онкология, кардиология, кардиохирургия бөлімдері де біздің университетке қарайды. Бұл клиникаларда студенттеріміз теориялық білімдерін тәжірибе барысында шыңдай алады, —дейді Әсет Қалиев.
Іргелі оқу орнындажалпы медицина, стоматология, педиатрия, қоғамдық денсаулық сақтау саласы, фармация және мейірбике ісі секілді 6 факультетбар. Аталған алты факультеттің студенттеріне барлығы 481 оқытушы дәріс оқиды. Университеттің профессорлық-оқытушылар құрамында медицина ғылымының 27 докторы, медицина ғылымының 179кандидаты, 28 phd докторы, 179 магистр бар.
Тұрмыс пен құрылыс
Батыс өңіріндегі бірегей медициналық университет Ақтөбедегі жоғары оқу орындары арасында дамыған инфрақұрылымымен ерекшеленеді.
Мәселен, тек соңғы жылдар ішінде екі ірі нысан — көпқабатты жатақхана мен көпсалалы спортзалын салып, пайдалануға берді. Тұрмыс пен құрылыс туралы айтқан Әсет Қалиев:
— Кейбір нәрселерді біз өз бетімізбен жасап жатырмыз. Мәселен, жедел жәрдем медициналық ауруханасындағы студенттерге арналған киім ілетін жер бұрын тарлық ететін, соны өз қаражатымызға жөндеп, киім ілетін жердің аумағын кеңейтіп, киім ауыстыруға ыңғайлы етіп қалқалап қойдық, бейнекамера орнаттық. Осындай жұмыстар қалалық балалар ауруханасында да жасалды. Мен «күшті кафедра — мықты университет» деген ұстанымдамын. Сондықтан материалдық-техникалық базаны жыл өткен сайын біртіндеп жаңартып келеміз, — дейді.
Ректордың айтуынша, жақында тағы бір жаңа жатақхана құрылысын салу қолға алынбақ. Сонымен қатар жыл сайын студенттер мен оқытушылардың тұрмыстық жағдайы жақсарып келеді.
— Ағайынды Жұбановтар көшесіндегі бұрынғы жедел медициналық жәрдем станциясының орнына 500 орындық заманауи жатақхана салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жерде алдағы уақытта студенттермен бірге жас оқытушыларымыз да тұруына болады. Біз оқи жүріп, отбасын асыраудың қаншалықты қиын екенін түсінеміз, сол себепті жатақханаға орналасуда отбасылы студенттерге басымдық беріледі. Қазіргі таңда жатақхана салу үшін жер телімін бөлу туралы мәселелер шешіліп жатыр. Сондай-ақ біз Жаңақоныс ауылында орналасқан университеттің Медициналық орталығын қайта жөндеп, жаңартқымыз келеді. Біз оны заманауи медициналық клиникаға айналдыруды ойлап отырмыз. Одан кейін жоспардастоматологиялық клиника мен отбасы медициналық клиникасын қайта жөндеу жұмыстары тұр. Ғылымды дамыту үшін қажетті жағдай құру аясында университет аумағында ғылыми-зерттеу зертханасы құрылысын салу үшін қажетті құжаттарды әзірлеп жатырмыз. Тағы бір ірі жобамыз — Батыс-3 тұрғын алабынан 400 орындық университет клиникасын салу, — дейді медициналық университеттің ректоры Әсет Қалиев.Оның айтуынша,бүгінгі таңда аталған құрылыстардың барлығының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп ал университет клиникасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр.
Медициналық университеттің професорлық-оқытушылар құрамындағы бір оқытушының орташа айлық жалақысы — шамамен 222 мың теңге. Университет басшылығы жаңа 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыкөлемін 20 пайызға, 1 қыркүйегінен бастап тағы 20 пайызға өсірмек.
Сапалы білім — заман талабы
Қазіргі таңда М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті Денсаулық сақтау министрлігінде бекітілген 49 мамандықтың 28-і бойынша маман даярлайды. Енді оқу орны реабилитология мамандығын енгізуді жоспарлап отыр. Мамандықтар аясын кеңейту мәселесінде аумақ қажеттілігі мен сол салаға сәйкес келетін оқытушылардан бөлек, оқу процесін ұйымдастыруда IT-технологияны енгізу қажет.
— Оқу процесіне заманауи технологияларды енгізу қажеттігін түсінеміз әрі оны жасауға тырысып жатырмыз. Көзқарас пен басымдықтарды да өзгертуіміз қажет. Ғылым ең әуелі нарықтың сұранысын қанағаттандыруға бағытталуы тиіс, — дейдіӘсет Әскерұлы.
Университет шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста.Әсіресе Ресей, Литва, Польша медициналық университеттерімен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқан. Бүгінгі таңда Түркия елінің жоғары оқу орнымен де бірігіп жұмыс жасап жатыр. Осы орайда Әсет Әскерұлы оқытушылардың шетелдік оқу орындарымен толыққанды байланыс орнатып, әрі шетелдік студенттерге еркін білім беру үшін ағылшын тілін жетік меңгеруге тиіс екенін, сәйкесінше 100 оқытушыны ағылшын тілініңTOEFL және IELTS деңгейіне оқытып алатынын айтты.
Білетініміздей, болашақ дәрігерлердің білім алу ұзақтығы 9-10 жылға жуықтайды. Әсет Қалиевтің айтуынша, қазіргі таңда білім берудің алты жылдық жетілдірілген бағдарламасын енгізу ресми түрде бекітіліп жатыр. Мұның тиімділігі сол — алты жылдан соң түлек бірден резидентураға түсе алады.
Мақтанышымыз — отыз мың түлек
Құрылғаннан бергі 65 жыл ішінде Ақтөбедегі іргелі медициналық оқу орнын 30 мыңға жуық түлек бітіріп шыққан.
Бүгінде олар Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр, тек елімізде ғана емес, шетелде де қызмет етеді.
— Мақтанымыз — түлектер. Мәселен, Серік Ақшолақов — Ақтөбе дәрігерлері арасынан шыққан жалғыз Еңбек Ері. Бір жылдары біздің университетті басқарған академик Төрегелді Шарманов осы жерден Денсаулық сақтау министрі болып кетті. Кейін университетіміздің түлегі, жерлесіміз Жақсылық Досқалиев те министр болды. ҚазіргіДенсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният біздің медуниверситетті 1992 жылы бітірген. Біздің оқу орнынан үш министр шықты деп мақтанып айтып жүреміз. Олар — біздің университеттің абыройын асқақтатып жүрген азаматтар. Ал мемлекеттік сыйлықтың иегерлері жетіп артылады. Бүгінгі таңда университет студенттерінің 230-дан астамы ғылыммен айналысып жүр. Олар сол алдыңғы буынға еліктеп өсіп келеді. Жалпы жыл сайын біздің оқу орнын 600-ден астам түлек бітіріп шығады. Жаңа оқу жылына 700-ге жуық талапкер қабылданады. Өзім де осы оқу орнының түлегімін. Түлек мәртебесі де маған қосымша жауапкершілік жүктейді. Баспасөз арқылы өзім басқарып отырған оқу орны түлектерін, оқытушылар мен студенттерімді, барлық Ақтөбе жұртын медициналық университеттің 65 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Қалай десек те біздің университет — Батыс өңіріндегі бірегей оқу орны, сондықтан біз оны дамытып, көркейте беруіміз қажет, — дейді Әсет Қалиев.
Медунивердің 65 жылдық тойы аясында ғылыми конференциялар мен кездесулерден бөлек, еліміздегі білікті дәрігерлердің қатысуымен облыстық медициналық орталықта бауырға, жатырға, ас қорыту және тыныс алу мүшелеріне 30 операция жасалмақ.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.