Басты жаңалықтар

Ералы Тоғжанов: «Болашақта Ақтөбенің жаңа стартаптары Қазақстанның заманауи брендіне айналатынына сенімдімін»

Халықаралық студенттер күнінде Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждерінің белсенді студенттерімен кездесті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстанда бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін барлық жағдай жасалған. Сапалы білім жастарға жаһандық деңгейде жаңа жобаларды жүзеге асыруға және ғылыми жаңалықтар ашуға мүмкіндік береді. Өз әлеуетін табысты іске асырған талантты жастар қатарында: Ақтөбе қаласындағы Назарбаев интеллектуалдық мектебінің түлегі, «RobiGroup» компаниясын құрып, елімізде ең алғаш рет адам тектес роботты құрастырған Ермек Серікбай, «Thousand IT Group» компаниясын құрып, 30-дан астам қазақтілді мобильді қосымша, оның ішінде жастар арасында кеңінен танымал «AQUL.BATTLE» қосымшасын ойлап шығарған Айболат Құлатай бар.

Болашақта Ақтөбенің жаңа стартаптары Қазақстанның заманауи брендіне айналатынына сенімдімін. Біз оларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайынбыз», — деп атап өтті студенттерді өз ойлары мен бастамаларымен белсенді бөлісуге шақырған Ералы Тоғжанов.

Ақтөбе жастарының әлеуетін көтеру  мақсатында өңірде жоғары бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау бойынша жұмыс күшейтіледі. Бұл келер жылы Қ.Жұбанов университеті базасында әлемдік жетекші оқу орындарының бірі Heriot-Watt University филиалы ашылуының арқасында мүмкін болмақ. Сонымен қатар, Жұбанов университетінде «Жаңа мамандықтар атласы» оқу бағдарламаларына енгізіледі. Бұл студенттердің оқып жүріп, табыс табуына зор септігін тигізеді.

Бұдан бөлек технопарк, сондай-ақ Ақтөбенің бес шағын ауданында тәулік бойы жұмыс істейтін креативті орталықтар ашылады деп күтілуде. Әнші Димаш Құдайбергенге арналған фан-алаңдарда шығармашыл-талантты жастардың одан әрі дамуына барлық жағдай жасау жоспарланып отыр.

Облыс әкімі жастардың мәселелерін өте жақсы білетіндігін жеткізді. Жастарды толғандырған басты мәселе баспанамен тікелей байланысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңір басшылығы аталған мәселенің шешу тетігін қысқа уақыт ішінде әзірледі. Қазіргі таңда “Отбасы банкі” филиалымен бірлесіп төмен пайызбен ипотекалық займдар беру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін кемі 40-тан астам жас жеңілдетілген бағдарлама аясында пәтер мәселесін шешеді.

Шара соңында Ералы Тоғжанов өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген студенттерге Алғыс хат табыстады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button