Басты жаңалықтарМереке

Құрметті студенттер!

Баршаңызды Халықаралық студенттер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ұлтымыздың ұлы перзенті Ахмет Байтұрсынов: «Ұлт жұмысы, жұрт жұмысы деген ұғым пайда болды. Қазақтың өзге елдермен, басқа ұлттармен жарысқа түсетін кезі келді», — деген болатын.

Алаш ардақтысының бұл сөзі бүгінгі күні де өте өзекті. Қашанда үйренуге, білуге, жаңашылдыққа ұмтылған халқымыз үшін білім мен ғылымның орны бөлек.

Білім алудағы ізденіс —сонау әл-Фарабиден бастап, Шоқан, Ыбырай, Абай, Мағжан сынды қазақ зиялыларынан жалғасқан ізгі жол. Бабаларымыз ілім мен ғылымның тек оқу арқылы табылатынын дұрыс ұғынған.

Бүгінгі дәуір — білекке емес, білімге, терең ғылымға арқа сүйейтін заман. Күн сайын құбылып тұрған мына уақытта Тәуелсіз еліміздің қуаты ең алдымен талапты жастардың білімімен өлшенеді, сол білімді ел игілігіне жарата білуімен бағаланады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстан әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болуы үшін тек үйренетін емес, үйрететін елге де айналуға тиіс. Яғни біздің жастарымыз жаһандық деңгейдегі жаңа жобаларды жүзеге асырып, ғылыми жаңалық ашуы керек», — деп атап өтті.

Президент білім-ғылымды дамытуға және жастардың еңбекқорлық қағидатын ұстануына ерекше басымдық беріп отыр.

Ал жастарға жағдай жасау, оларға көмек қолын созу, қолдау көрсету — үлкендердің міндеті, аға буынның парызы. Жастайынан қолдау көріп өскен баланың болашақта еліне жанашыр, қамқор болатыны сөзсіз.

Құт мекен — Ақтөбе өңірінде жастар мәселесі — басты назарда. Бүгінде облыс халқының 23 пайызы —  жастар. Жастар жылында оларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында арнайы бағдарлама әзірленіп, нәтижесінде 100 пәтер берілді. Биыл осы дәстүр өз жалғасын тауып, кемінде 50 жас отбасына пәтер кілттері табысталады.

Өз кәсібін бастаймын деген қыз-жігіттерге де қолдау бар.

Биыл «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы аясында 21 млн теңге қаржы бөлініп,  бес жас 2-5 млн. теңге арлығында қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін бастады.  «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша мыңға жуық жас кәсіпкерлік бағытта оқып, 242 жас қайтарымсыз грантқа ие болды. Олар бүгінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып отыр.

Өңірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес халықтың табысын 2025 жылға дейін арттыру бағдарламасы аясында «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды. Ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын көтеруге мүмкіндік беретін жобаның Ақтөбе облысында барынша жедел әрі тиімді жүзеге асырылуы үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек.

Құрметті студенттер!

Елдің де, Мемлекет басшысының да сіздерге артар үміті зор. Өйткені алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына кіруді мұрат етіп, «Мәңгілік Ел» болуға талпынған Жаңа Қазақстанның тірегі де, тілегі де — сендер.

Олай болса, данышпан Абай атаған «бес асыл іске асық болып, бес дұшпаннан қашық болайық»!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы, мерекелеріңіз құтты болсын!

Ералы ТОҒЖАНОВ

Ақтөбе облысының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button