БілімБасты жаңалықтар

Ақтөбеден бастау алған бірегей жоба республикаға үлгі

Біздің облыста қолға алынған «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы ел бойынша да жалғасады

Ақтөбенің ұстаздары елге үлгі болып жатыр. Балалар жылы аясында облыс әкімі Ералы Тоғжановтың  бастамасымен Қазақстанда алғаш рет біздің облыста  «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы қолға алынды. Қарашаның 10-ы күні бастау алған жоба оқу жылының аяғына дейін жалғасады. Ауыл мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты жойып, шағын жинақты білім шаңырақтарының білім сапасын көтеруді мақсат еткен бірегей жобаға өзге өңірлер де қызығушылық танытып отыр. Жобаның іске қосу шарасына қатысқан Оқу-ағарту министрлігі Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы ауыл мектептерін және шағын жинақты мектептерді дамыту зертханасының меңгерушісі Алмагүл Мұқышева ақтөбелік үздік педагогтер тек біздің облыстың ғана емес, республика көлемінде өтетін жобаға да атсалысып, озық тәжірибелерімен бөлісетіндігін айтты. Бұл, әрине, біздің педагогтер үшін ғана емес, облыс үшін де зор мақтаныш, үлкен абырой. Сонымен…

Бірегей жоба: 120 мектеп және 26 үздік педагог

«БІЛІМ ALL» өңірлік жобасына облыстағы 120 мектептің 10 575 оқушысы қатысып жатыр. Оларға 6 жетекші мектептің 26 үздік педагогі тартылып отыр. Бұл білім шаңырақтары — дарынды жасөсіпірімдерге арналған  облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты, облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернаты, Ақтөбе қаласындағы Әл-Фараби атындағы  №21 мамандандырылған гимназиясы, Хромтау №3 орта мектебі, Хромтау №6 гимназиясы. Білікті ұстаздар 5 пән — математика, физика, химия, биология, ағылшын тілі пәндері бойынша шағын жинақты мектеп оқушыларына онлайн сабақ беріп, виртуалды мұғалім қызметін атқарады.

Бірегей жобаның басты мақсаты — шағын жинақты ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру, тұрғылықты жеріне қарамастан, баланың сапалы білім алуына жағдай жасау.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде білім саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатыр. Жыл сайын жаңа ғимараттар бой көтеріп, мектептер заман талабына сай жабдықтармен қамтылып жатыр. Дегенмен қанша зәулім мектептер салынып, материалдық-техникалық базаны барынша нығайтқанмен, ондағы кадрлар мықты, білікті болмаса, бәрі бекер.

Облыста оқу тіліне қарамастан, сапалы білім алу үшін балаларға тең мүмкіндіктер жасау, оның ішінде қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын жою бойынша жол картасы әзірленіп, бекітілді. Жол картасын әзірлеу барысында шағын жинақты мектептер мәселесі, ауыл мектептеріндегі білім сапасының көрсеткіші, материалдық-техникалық базасы, педагогтердің  сапалық құрамы егжей-тегжейлі зерделеніп,  педагогтердің, ата-аналардың сұраныстары, сонымен қатар оқу-тәрбие процесінің басқа да мәселелері ескерілді.

Еліміз бойынша біздің облыста бастау алған «БІЛІМ ALL» жобасы шағын жинақты ауыл мектептерінің білім сапасын арттыруды, ондағы оқушылар мен педагогтерге қолдау көрсетуді мақсат етіп отыр. Халық арасында: «Ауыл мұғалімінің сабақ беруге біліктілігі жетпей ме?» деген қате түсінік қалыптаспауы керек. «БІЛІМ ALL» жобасына іріктеліп алынған педагогтердің барлығы да — біздің мақтаныштарымыз, білікті, тәжірибелі педагогтер. Олардың арасында республика бойынша үздік педагог, облыстың үздік мұғалімдері, сондай-ақ біліктілік санаты бойынша педагог-шебер деңгейіне жеткен ұстаздарымыз да бар. Олардың шәкірттері облыстық, республикалық, тіпті халықаралық білім бәйгелерінің жүлдегерлері мен жеңімпаздары. Жобаға қатысушы мұғалімдердің дені —облыстық мамандандырылған мектеп-лицейлердің педагогтері. Бұл білім шаңырақтарында білім алуға ықыласты қаланың да, ауылдың да баласы көп. Дегенмен онда қабылданатын орын саны шектеулі. Біздің мақсат — ауыл балаларының да осы ұлағатты ұстаздардан білім алуы үшін мүмкіндік жасау, — дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекқызы.

Алғашқы сабақ 

Қарашаның 10-ы күні облыс әкімі Ералы Тоғжанов ауқымды шараны ресми түрде іске қосты. Басқосуға шағын жинақты мектеп директорлары, тәжірибелі педагогтер қатысты. Жиын барысында бірегей жоба аясындағы алғашқы сабақ та көрсетілді. Шағын жинақты 120 мектептің 6-сыныбында оқитын 976 оқушы математика пәні бойынша өткен үздік дәріске қатысты. Бастапқы сабақты облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-лицейінің мұғалімі, педагог-шебер, республикалық «Математикалық регата», облыстық «Ең үздік математика пәнінің мұғалімі» олимпиадасының жеңімпазы Еркебұлан Арызахметов жүргізді. Сабақ тақырыбы — «Рационал сандарды көбейтудің қасиеттері». Тәжірибелі мұғалімнің сабағы қызықты, оқушының қабылдауына жеңіл өтті. Мыңға жуық оқушының бар назары ұстазда болды. Оның айтқан әр сөзін қалт жібермей, зейін қоя тыңдады. Нәтижесі — жаңа сабақты қалай меңгергендері сабақты бекіту барысында оқушылармен кері байланыс кезінде көрінді.

Жоба мамыр айының соңына дейін жалғасады. Оқушылардан жоба аясындағы 5 пән бойынша тест алынды. Оқу жылының соңына таман тағы да тест өткізіледі. Мақсат — сапаны анықтау, жоба жұмысының тиімділігін білу, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Оның айтуынша, қазір жоба аясында сабақ беретін педагогтердің санын көбейту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Біздің облыста қолға алынған жоба республикаға үлгі болып отыр. Өзге өңірлерде де жалғасады. Айта кету керек, біздің мұғалімдер республика балаларына да сабақ беретін болады. Бұл — біз үшін үлкен мәртебе, — дейді бөлім басшысы.

Ауыл мен қала арасы…

Облыстағы 424 мектептің 281-і ауылда орналасқан. Мұнда 45 978 бала білім алады. Мемлекет тарапынан білім саласын көтеруге, оның ішінде ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға көп көңіл бөлініп жатыр. Облыс бюджетінің 40 пайызының білім саласына бөлінуі — сөзіміздің айқын дәлелі. Соңғы 5 жылда өңірде ел игілігі үшін пайдалануға берілген 59 жаңа білім ордасының 27-сі — ауыл мектебі.

Облыста шағын жинақты 204мектеп бар. Бұл мектептерде білім алатын балалардың үлесі — 14 543 оқушы, педагогтердің саны — 4454. Аталған мектептерде оқушы саны аз, сол себепті сыныптар біріктіріліп оқытылады. Кадр тапшы. Бір пәннің мұғалімі бірнеше пәннен сабақ береді. Шағын жинақты мектептерде 99 мұғалімнің диплом бойынша мамандығы сәйкес келмейді.Сондай-ақ 34 маманға сұраныс бар. Олар — химия, физика, ағылшын тілі, математика пәнінің мұғалімдері. Жан-жақты сараптау қорытындысында білім сапасы төмен 60 мектеп анықталған.

Жоба аясында 204 шағын мектептің арасынан 120 мектеп іріктелген. Мұның себебі неде?

Өйткені бұл 120 мектепте интернет жылдамдығы жақсы. Сабақ онлайн режимінде өткізілетін болғандықтан, интернет жылдамдығы жоғары мектептер таңдалды. Сондай-ақ қажетті техникалық құралдарының сапасы да ескерілді. 

204 мектептің 21-і — бастауыш мектеп. Жоба шағын жинақты мектептердің 6-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылып жатыр.

Аптаның әр күні әртүрлі сабақтар өткізіледі. Мысалы, дүйсенбі күні математиктер, сейсенбіде физиктер, сәрсенбіде химиктер сабақ береді. Ал бейсенбіде биология пәнінің мұғалімдері, жұмада ағылшын тілінің педагогтері дәріс өткізеді. Бұл үшін арнайы сабақ кестесі бекітілді.

Алдағы уақытта жоба аясында қамтылатын мектептердің санын арттыруды жоспарлап отырмыз, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Оның айтуынша, шағын жинақты мектептер әсіресе Қобда (22), Әйтеке би (21), Ойыл (18), Ырғыз (17) аудандарында көп.

Мектеп — ауылдың жүрегі

Шағын жинақталған мектепте бастауыш, негізгі, орта мектептердің мәртебесі  бала санына байланысты анықталады. Мысалы, бастауыш мектепте 5 баладан, негізгі мектепте 41 баладан, ал орта мектепте 81 баладан кем болмауға тиіс.

Биылғы оқу жылында бала санының аздығына байланысты Байғанин және Мәртөк аудандарында шағын жинақты екі бастауыш мектеп жабылып қалды.

Шағын жинақты мектептердің бәрі ауылдарда орналасқан. Ал ауылдың жүрегі — мектеп. Мектеп жабылса, ауылдың болашағы да жоқ. Ауыл — алтын бесігіміз. Сол себепті нормативке сай келмесе де, біраз мектепті сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Осыдан 7 жыл бұрын нормативке сай емес 84 мектеп болған-ды. Қазір облыста бала саны талапқа сай келмейтін 57 мектеп бар. Мысалы, Әйтеке би ауданында 9, Қобдада 8, Байғанинде 6 мектеп нормативке сәйкес келмейді. Алға ауданындағы Амангелді негізгі мектебінде 37 бала оқып жатыр. Талап бойынша негізгі мектепте кем дегенде 41 бала оқуға тиіс. Дегенмен жергілікті әкімдіктің қолдауымен аталған мектепті жаппай, сақтап қалып отырмыз. Сондай-ақ Байғанин ауданындағы Ақтан жырау мектебінде 33 бала оқып жатыр. Шағын жинақты орта мектептердің де жағдайы сондай. Мәселен Байғанин ауданындағы Матайқұм орта мектебінде 56, Баршақұм мектебінде 53 оқушы білім алуда. Ал шағын жинақты орта мектепте кем дегенде 81 оқушы білім алуға тиіс. Мұндай жағдай Ырғыз ауданына да тән. Белшер мен Дүкен мектептерінде де бала саны аз.

Талапқа сай келмесе де, мектептерді жаппау — халықтың қамы үшін, ауылды сақтап қалу үшін, ұлт болашағы үшін жасалып жатқан ізгі шаруалар, — дейді облыстық басқарма қызметкері.

Ауыл мектептерінде сапа төмен емес!

Шағын жинақты мектептерде білім сапасы төмен деп айтсам, қателескен болар едім. Себебі бұл білім шаңырақтарының бәрінде бірдей сапа төмен емес. Дегенмен педагог ретіндегі пікірім, бала заман талабына сай жан-жақты білім алуға тиіс.Шағын жинақты мектептерге тән көрініс: бір кабинетте бірнеше сыныптың балалары бірігіп отырады. Әр сыныптың балаларына әртүрлі тапсырмалар түсіндірілетіні белгілі. Ал бұл білім сапасының төмендеуінеәсер етеді, — дейді Гүлжан Құлыбекқызы.

Оның айтуынша, Шалқардың Қорғантұз, Алғаның Нұрбұлақ шағын жинақты мектептерінің оқушылары білім сапасына байланысты ұйымдастырылған түрлі олимпиадаларда, зияткерлік байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.

Ауыл мен қала арасындағы білім сапасын теңестіруде дарынды балаларды қолдаудың маңызы ерекше. Осы бағытта республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысуымен қатар, «Мың бала» зияткерлік олимпиадасына қатысатын және жеңімпаз оқушылардың санын арттыру бағытында жұмыстар ұйымдастырылып жатыр.

Айта кету керек, республикалық деңгейде өткізіліп жатқан «Мың бала» ұлттық олимпиадасының басты мақсаты   — ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту. Аталған жарыс 5-6 сыныптарда оқитын ауыл балалары арасында ұйымдастырылады. Білім бәйгесіне қатысқан оқушылардың арасынан неғұрлым қабілетті мың бала іріктеліп алынады. Байқау жеңімпаздары еліміздің дарынды балаларға арналған үздік білім шаңырақтарында — республикалық физика-математика мектептерінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінде білім алады. Мысалы, 2021-2022 оқу жылында «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы жеңімпазы атанған 39 ауыл оқушысы грамоталармен марапатталды. Нәтижесінде 15 оқушы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге түсуге мүмкіндік алды, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

Шағын жинақты ауыл мектептеріне әдістемелік қолдау көрсететін 12 ресурстық орталық (31 магниттік мектеп) жұмыс жасайды. 2025 жылға дейін ресурстық орталықты 39-ға, магниттік мектептерді 202-ге арттыру жоспарланып отыр.

Материалдық база нығайды ма?

Бүгінде 114 мектепке кабинеттер сатып алу, мектеп жиһазын жаңарту, оның ішінде кітапханалар мен асханаларды жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылға дейін 282 мектеп модернизацияланады.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл өңірдегі мектептерге 157 пәндік жаңа модификациялы физика, биология, химия кабинеттері алынды, оның 49-ы (31%) шағын жинақты мектептерге берілді. 24 ауыл мектебін модернизациядан өткізу үшін 1,4 миллиард теңге  қаражат қарастырылып, жаңарту жұмыстары жүргізілді (күрделі жөндеу, ағымдағы жөндеу, кітапхана, асханаларды жаңғырту, пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету).

204 шағын жинақты мектептің 103-інде интерактивті тақта, панель бар. Оның ішінде онлайн сабақты өткізуге мүмкіндігі бары — 73 мектеп (35,8%).

204 шағын жинақты мектептің 90 пайызында (185 мектеп) интернет жылдамдығы 8 Мбит/с және одан жоғары.

Жылдамдық өте төмен болған 46 мектептің 26-сының мәселесі шешілді. Дегенмен 19 шағын мектепте интернет жылдамдығы әлі де төмен (4 Мбит/с). Басты себеп — жалпы ауылдық елді мекенде интернеттің, техникалық мүмкіндіктің болмауы. Мысалы, Ырғыз ауданында 11 ауылдық елді мекенде интернет жоқ деуге де болады. Соның салдарынан сол11 ауылдың мектебінің интернеті әлсіз.

Облыстық білім басқармасы интернет жылдамдығын жақсарту жөнінде тиісті мекемелерге ұсыныстар берген.

Оқушыға да, педагогке де берері мол жоба

«БІЛІМ ALL» өңірлік жобасы аясында білім беретін 26 ұстаздың басым бөлігі — М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының педагогтері.  Яғни 12 үздік мұғалім ізгі іске өз үлестерін қосып жатыр. Олардың арасында республика бойынша үздік педагогтер де, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегерлері де бар. Мысалы, биология пәнінің мұғалімі Гүлназ Мыңжасарова «Үздік педагог-2018» республикалық байқауында 200-ге жуық педагогтің арасынан топ жарып, еліміздің үздік педагогі атанды. Оның шәкірттері түрлі білім бәйгелерінде топ жарып жүр. Білім саласындағы жемісті еңбегі, жоғары педагогикалық шеберлігі  лайықты бағаланған Гүлназ Ізтілеуқызы «Ы.Алтынсарин» төсбелгісіне ие болды.

Сондай-ақ аталған жоба қатысушылары —  Жанаргүл Баешева, Клара Сердалина, Анаргүл Қожахметова, Сабыржан Жылгелдин, Нұрбек Абдуллин, Эльвира Айтенова, Арслан Құрашов, Гаухар Зариповалар да білікті ұстаздар.

Облыс әкімі Ералы Тоғажанов ұйытқы болған игі жобаның қатысушысы болу — біз үшін үлкен абырой әрі үлкен жауапкершілік. Дарынды балалар ауылда да бар. Оған дәлел — біздің мектепте білім алып жатқан оқушылар. Дегенмен дарынды оқушылардың бәрін бірдей дер кезінде тани алмай жатамыз. Ал осындай ізгі шаралар оқушылардың өздерін көрсетуге мүмкіндік береді, — дейді М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатының химия пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Темірғалиева.

Аталған білім шаңырағының физика пәнінің мұғалімі Лабат Қаршығина ауыл балаларына қолдау көрсетуді мақсат еткен «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасының нәтижелі болатынына сенеді.

Мемлекет тарапынан ауыл мектептерін қолдауға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Оның айғағы —  БІЛІМ ALL» жобасы. Өзім де ауыл мектебінде білім алдым, ауыл мектептерінде еңбек еттім. Сонда өз пәніміз бойынша кеңес сұрайтын, бағыт-бағдар беретін, білікті педагог іздейтінбіз. Оларды қалай, қайдан табарымызды білмейтін едік. Ал осы жобаның арқасында ауыл мұғалімдері жоба қатысушыларымен байланысып, пікірлесуіне болады. Яғни жоба педагогтерге тәжірибе алмасу үшін үлкен мүмкіндік береді, — дейді Лабат Қаршығина.

Өңірдегі шағын жинақты мектептердің бірі — Алға ауданындағы А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп.

Мектебімізде 131 оқушы бар. «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында мектеп модернизациядан өтіп жатыр. Жаңа үлгідегі физика, химия, биология кабинеттерімен жабдықталған. Интернет желісіне қосылған. Барлық кабинеттердің жиһаздары жаңартылды.

Біздің облыстан бастау алған жобаның шағын жинақты мектептердің педагогтеріне де, оқушыларына да берері мол. Расында, мұғалімдеріміз облыстағы үздік педагогтерден тәжірибе жинайды, ал оқушыларымыз сапалы білім алатыны анық. Бұл — ауыл мектептері үшін үлкен мүмкіндік, — дейді Алға ауданы Самбай ауылындағы А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептің директоры Анар Оразова.

Оқушылар да үздік педагогтерден дәріс алғандарына қуанышты.

Сабақтар қызықты өтіп жатыр. Жеңіл түсінеміз. Мұқият тыңдауға тырысамыз. Шалғайдағы ауыл балалары үшін осындай мүмкіндік берілгеніне ризамыз, — дейді    Шалқар ауданындағы Т.Шанов атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Ақбаян Таласбай. Ақбаян — республикалық «Абай», «Ақбота» олимпиадаларының жеңімпазы.

Шағын жинақты мектептер мәселесі біздің облыста ғана емес, еліміз бойынша өткір болып тұр.Осы мәселені шешуде Ақтөбеден бастау алған жоба— ұлт болашағы үшін жасалып жатқан ізгі іс.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button