Басты жаңалықтар

Ақтөбенің ғажайып жерлері

Пандемия кезінде ішкі туризмге сұраныс артты.Оған дәлел — өткен жылы Қазақстан ішкі туризм саласы бойынша рекордтық көрсеткіш орнатты.

Kazakh Tourism мәліметіне сәйкес бір жылда 6,9 млн адам ел ішінде саяхат жасаған. Алматы, Алакөл, Балқаш, Көкшетау, Бурабай сынды көз тоймайтын әдемі жерлеріміз туристер үшін ең тартымды қалаларға жатады.

Ақтөбе облысының өзінде туристердің назарын аударып, қызығушылығын туғыза алатын туристік нысандарға лайықты орындар жеткілікті.Мысалы,Ырғыз,Мәртөк, Қарғалы, Ойыл, Қобда, Байғанин аудандарындаауыз толтырып айта алатындай,ғасырлар қойнауынан сыр шерткен ерекше табиғи, тарихи орындар баршылық. Қайталанбас сұлу табиғаты бар аталған жерлерге арнайы туристік-ақпараттық турлар арқылы баруға болатынын білесіз бе? Өз өңіріңіздің тамаша жерлеріне саяхат жасадыңыз ба?

Жалпы, еліміздің туристік саласын дамыту үшін жасалып жатқан бірнеше мемлекеттік бағдарлама бар. Бірақ 2019-2025 жылдарға арналған бағдарлама аясында туристификациялаудың республикалық картасына Ақтөбе облысының бір ғана нысаны іліккен. Көңіл қуантатыны, жеке кәсіпкерлердің де туризм саласына бейжай қарамайтыны байқалады.Ақтөбенің ішкі туризмін дамытуға үлес қосып жүрген жандардың бірі — Еркебұлан Аймұратұлы.

Олerkosh_04_region инстаграм парақшасында тур бойынша ақпараттар салып, туристерге толық мағлұмат беріп отырады. Байғанин ауданының тумасы Еркебұлан туристерді туған жеріндегі Ақтолағай үстіртіне апарудан бастапты. 90 шақырымға созылып жатқан тау жотасын жергілікті тұрғындар Алатау деп атап кеткен. Бір күнде түсін бірнеше рет өзгертетін тау таңертең сарғыш, түсте ақ болса, кешке көкшіл түске боялады. Оның айтуынша, күн қозғалысына байланысты өзгеретін құбылысқа шетелдіктер қатты қызығады екен.

Осы кәсіпті бастағаныма 3 жылға таяп қалды. Қазір Ақтолағай шатқалы —туристердің арасында жоғары сұранысқа ие мекендердің бірі. Күз бойы апта сайын көптеген туристерді апарып жүрдім. Қазан айының соңында Аққұм шөліне турбағыт ашылды. Ал күн салқындаған кезде Мәртөк ауданындағы«Зәру» шипажайына және Аққайың орманына апара бастадым. Қыс мезгілінде кәсіпті тоқтата тұрамын деп ойлап жүргем.Сол кезде кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов «туристерді Ойылдағы орманға неге апармайсыз?» деп жақсы идея айтқанеді. Сол кеңеспен«Барқын құмы»деп аталатын табиғи орманды алқапқа апта сайын 22 наурызға дейін апарып жүрдім.Кейін бұл орманға адамдар көп келіп, танымал жерлердің бірі болып шыға келді, — дейді ол.

Еркебұлан Аймұратұлының айтуынша, Ойылдағы шаруа қожалығының өкілдері үнемі саяхатшыларды жоғары деңгейде қарсы алады екен. Олар келушілерді киіз үйде қонақ қылып, ат-шанамен серуендететін көрінеді.

— Көктем келе сала, Қарғалы ауданындағы Қасқыр сарқырамасына мыңдаған туристер апардық. Ол жерге қай мезгілде де барсаңыз да таңғажайып пейзажға куә боласыз. Инфроқұрылым да жақсы дамыған, — дейді ол.

Еркебұланның жұмыс тобы тек облыс бойынша тур ұйымдастырмайды. Олардың еліміздің басқа қалаларына да бағытталған арнайы турлары бар. Қазір олар ресейлік туроператорлармен бірігіп жұмыс жасап жатыр. Алдағы уақытта қаламызға Челябі, Омск, Ор, Орынбор, Самара, Уфа, Қазан қалаларынан топтық туристер келеді деп жоспарланып отыр.

 Облыстың тұңғыш туристік картасы

«Қазақстанның алтын кітабына» енген ардагер ұстаз-ғалым Райгүл Серғалиева — облыстың тұңғыш туристік картасының авторы.

Қазақстан егемендік алып жатқанда қазақтың тарихы мен географиясы жазылу керек деген тапсырма болды. Ерікті түрде «Ақтөбе облысының географиясы» оқулығын жаздым. Күндіз сабақ беріп, түнде кітапхана аралап, ақпарат жинақтап, маңдай терімізді төктік. 2009 жылы «Туризм және Ақтөбе облысында экотуризмді дамытудың жолдары» атты оқулығым шықты. Ол бүкіл республика бойынша таратылды. Ақтөбе облыстық туристік картасы қазір музейлерде сақтаулы. Бұл оқулықты мектептер де, туристік фирмалар да пайдаланады.

Ақтөбе облысының сыртқы байланыстар және туризм басқармасымен бірігіп сегіз жердің туристік бағытын жасадық. Осындай ірілі-ұсақты еңбектерім бар, — дейді ол.

Райгүл Серғалиева одан бөлек, Ойыл ауданының табиғатын энциклопедияға  түсіруде өз қолтаңбасын қалдырған.

Димаш Құдайберген  —  туризм елшісі

Димаш — қазақ туризмінің елшісі атанғаны белгілі.Бүкіл әлемдегі Димаштың жанкүйерлерінің сұрауы бойыншаҚазақстанда бірінші рет жеке адамның атымен аталатын туристік бағыт жасалды. Осы күнге дейін аталған туристік бағытқа сай Димаштың көптеген жанкүйері Ақтөбе облысымен танысып үлгерді.

Әншінің Алматыда өткен соңғы концертіне әлемнің 50 елінен тыңдарман жиналған. Концертке келген 80 шақты адам Димаштың туған жерін көріп, тарихымен танысу үшінАқтөбе қаласына ат басын бұрды. Қаланы таныстыру міндетін Еркебұлан Аймұратұлы өз мойнына алған:

Димаштың жанкүйерлері бізге басқа туроператорлар арқылы келді. Концерт Алматы, Астана қалаларында өткенмен, туристер Ақтөбеге арнайы келіп, қаланы аралады. Олардың уақыттары тығыз болғандықтан, аудандарымыздың ғажап жерлерін тамашалауға үлгермеді. Тек Болгариядан келген бір адамға Ақтолағайды көрсете алдық, —  деді ол.

Еркебұлан Аймұратұлы «Рухани жаңғыру», «Туған жерге тағзым» мемлекеттік бағдарламалары аясында өтетін «Бақытты бала» жобасының қатысушыларына да жыл сайын арнайы тур ұйымдастыратынын айтты. Олар келесі жылы жоба қатысушыларын аудандарды аралатып, тамаша естеліктер сыйлауға дайын.

ДУБАЙ ЕМЕС, АҚТӨБЕДЕ ДЕМАЛАЙЫҚ 

Қарғалы

Қарғалы су қоймасы — облыстағы ең ірі су қоймасы. Жағасы 45 шақырым болады, ал тереңдігі 31,8 метрге дейін барады. Су қоймасына жаңбыр, бұлақ суы және Қарғалы, Шанды, Шаршар, Айтбай өзендері құяды.

Қасқыр сарқырамасын кейде «Немой ауылы» деп те атайды.Бұрын бұл маңда ауыл болған, тоқырау кезінде бәрі көшіп кетіп, Ратай атты бір ғана тұрғын қалған деседі. Ол мылқау болған соң ауыл «Немой» аталып кеткен көрінеді. Сарқыраманың атауына келер болсақ, аңыз желісі бойынша көктемде қасқыр бөлтірігін суданөткізбек болып, сарқырамаға түсіріп алған екен. Сол түннен бастап қасқырдың ұлыған дауысы шығады деген қауесет бар.

Аққұмсағыз

Құмының ерекше түсіне қарай «Аққұмсағыз» аталған құмды бархан.

Ғалымдар бір заманда Каспий теңізінің етегі осы жерге дейін созылып жатқанын айтқан. Яғни Аққұм Орал тауларынан аққан өзендердің теңізге құйған жері, атырабы болса керек. Ел ішіндегі аңыз бойынша Ақ­құм өте ертедегі үлкен қаланың орны көрінеді. Қала дегенде қалмақ ханы Алшағырдың ордасы болған екен. Қара қыпшақ Қобыланды келіп, тас-талқан етіп қират­қаннан кейін осындай өркеш-өркеш құмдардың үйіндісіне айналыпты-мыс.

Ақтолағай үстірті

Ақтолағай үстірті Ақтөбе мен Атырау облыстарының шекарасында орналасқан.

Мұндағы тастар шахмат фигураларын еске түсіреді, ал аяқ астыңызда қабыршақтар мен ежелгі теңіз мекендеушілерінің қалдықтарынан кілем төселгендей күй кешесіз. Патшайым тауына қатысты ақтөбеліктер жиі айтатын қызықты оқиға бар: 2006 жылы Германияда тұратын әйел Google Maps қызметі арқылы шахмат фигурасына ұқсайтын ерекше тауды табады. Әйелдің бұл жартасқа қызыққаны соншалық, оны Қазақстанға өз көзімен көруге келген. Тауды іздеп тапқанда оған «Патшайым» деген атау берген. Содан бері тау осылай аталатын болған.

«Барқын құмы» орманы

Ойыл ауданының ең көрікті жерлерінің бірі — «Барқын құмы» табиғи орманды алқабы.

Аңыздарға сенсек, Каспий теңізі тартылған кезде пайда болыпты. Кейіннен көшпелі құм «бархандарға» айналған. 1873 жылдан бастап Ойыл әскери бекінісі жауынгерлерінің күшімен қарағай, қайың, көктерек, қандыағаш көшеттері отырғызылған деседі. Ондағы мақсат — құм көшкініне тосқауыл қою болса керек.

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button