Спорт

«Ақтөбе — қазақстан футболының астанасы»

Футбол

6 қараша күні өткен соңғы турдың ойынынан соң Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда сөйлеген сөзінде облыс әкімі Ералы Тоғжанов осылай деді.

«…Барлық жанкүйерлер мен 13-секторға зор алғыс айтамын. Алдымызда талай жеңістер күтіп тұр. Сөз жоқ, Ақтөбе — Қазақстан футболының астанасы. Осылай болған және осылай бола да береді», — деді Ералы Лұқпанұлы.

Алғашқы жеңілістердің ақыры

27 сәуірде «Ақтөбе» сырт алаңда «Тараздан» 0:3 есебімен жеңілген соң бас бапкерді өзгертпесе болмайтыны біржола анықталған тәрізді болды. Себебі бұған дейін де жерлестеріміз чемпионат басталғалы жарқырап көзге түсе алмаған еді. «Қайрат» пен «Астанадан» ұтылғанды былай қойғанда, «Қызылжармен» тең ойнау, «Ақсу» мен «Мақтааралдан» бір гол арқылы ғана басым түсу жанкүйерлерді аса риза ете қоймаған болатын.

Мысалы, өз алаңымызда «Мақтааралмен» өткен жеңісті (1:0) кездесуден соң: «…Ойын осы есеппен аяқталды. Бірақ жеңіс күмәнсіз болғанымен, көңілдерде «Ақтөбе» мына күйімен биыл біз күткендей табысқа жете алар ма екен деген күмән қалды», — деп жазыппыз.

Ал Тараз қаласындағы ұтылыстан соңғы ахуалды «Тағы да ұялтқан ұтылыс» деп аталған материалымызда: «…Қақпамызға жауапсыз үш гол соқтырып алған футболшыларымыз қалайша ақталудың ретін де таба алмай қиналды. Артурас Жулпа: «Шынымды айтсам, қандай да бір ақталарлық сөз тауып айта алмай тұрмын», — десе, «Мынадай ойыннан соң Ақтөбеге, отбасыма, қаламыздағы жанкүйерлеріме қалай оралатынымды ойлап ыңғайсызданып-ақ отырмын», — деді Уго Видемонт. Ал бас бапкер Владимир Муханов үнсіз қалды. Үнсіз қалмасқа амалы да қалмаған сияқты», — деп бейнелеппіз.

Осылайша бір кезде «Ақтөбені» небір жарқын жеңістерге жетелеген Владимир Муханов тізгіннен айрылуға мәжбүр болды.

Расына келгенде, қанша белгілі болғанымен де, 2006-2012 және 2017-2018 жылдары тізгін ұстаған В.Мухановтың «Ақтөбе» командасына кезекті рет қайта оралуы шын жанкүйерлерді онша қуанта да қоймаған болатын. Әр бапкердің өз қолтаңбасы болатыны мәлім. Сірә, сыралғы В.Мухановтың ежелгі қолтаңбасы футболға жаңаша өзгерістер енгізіп жатқан жаңа жағдайға бейімделе де алмаған сияқты.

Қалай болғанда да, 27 сәуірде В.Муханов бас бапкерліктен шеттетіліп, оның орнын уақытша Петр Бадло басты.

Бұл сәтте «Ақтөбе» турнир кестесінде 8-орында тұр еді.

Петр Бадло басшылық еткен «Ақтөбе» өз алаңымызда 2 мамыр күні «Ақжайықты» 2:1 есебімен жеңді де, одан әрі тізгінді жаңа бапкер ұстады.

Сәтсіз «тырнақалды»

Жаңа бапкер Андрей Карпович «Ақтөбені» ойынға алғаш рет Ақтауға бастап барды.

Бұл кезде ақтаулық «Каспий» түкірігі жерге түспей  тұрған, тіпті бірінші орында жүрген қуатты команда еді. Жаңа командасымен енді ғана танысқан, одан әріге әлі бойлай қоймаған бапкер бірден не бітіре қойсын, жерлестеріміз 0:2 есебімен ұтылды, ол аз десеңіз, бір ойында екінші рет ескерту қағазын алған Рожерио Шина 71-минутта алаңнан қуылды. Егер голдардың біздің қақпамызға 80,88-минуттарда соғылғанын ескерсек, бұл ұтылысқа Шина да белгілі бір дәрежеде әсер еткенін болжау қиын емес.

Жалпы, «Ақтөбе» бірінші айналымды 5-орынмен аяқтады.

Жалғасқан жеңістер

«Тырнақалдысы» сәтсіз болғанымен, одан әрі Андрей Карпович өзінің жанкүйерлер алдындағы беделін бірден асқақтата бастады.

«Ақтөбе» сегіз тур бойы тек жеңіске жетумен болды: өз алаңымызда «Тобылды», «Астананы», «Ордабасын», «Ақсуды», «Қызылжарды», сырт алаңда «Атырауды», «Шахтерді» «Тұранды» жеңді.

Сөйтіп, сегіз ойында 24 ұпай жинады.

Осы аралықта «Ақтөбе» алғаш рет ірі жеңіске жетті. Онда да әншейін бір команданы емес, болашақ чемпион «Астананы» ойсырата ұтты — 4:1. Чемпионаттың соңғы турында жерлестеріміз «Қайратты» да осы есеппен ұтқанын және еске түсірген жөн.

12 шілдеде «Ақтөбе» сырт алаңда «Тұранмен» кездесті. Бұл кезінде ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге қалдырылған турдың ойыны болатын. 2:0 есебімен жеңіске жеткен жерлестеріміз ақтөбелік жанкүйерлер асыға күткен 1-орынға көтерілді.

Видемонттың жоқтығы

Жарақат алып қалуына байланысты 17-турдан бастап «Ақтөбенің» сұрмергені Уго Видемонт кездесулерге қатыса алмады.

Несіне жауырды жаба тоқимыз, осы футболшының жоқтығы содан соңғы әр ойында сезілді де тұрды. Тіпті жеңіске жеткен кездесулерде де француздық футболшының шабуылдарды ұйымдастырушылық қабілетін, жарқ-жұрқ етіп алаңның әр тұсынан атой салып шыға келетін сәттерін ақтөбеліктер қайта-қайта еске түсіріп отырды.

Ең әуелі 19-турда сырт алаңда «Мақтааралмен» тең ойнадық (1:1).

Одан соң Оралда «Ақжайықтан» ұтылдық (1:3). Сол ойыннан соң: «…Бұған дейін қатарынан үш рет ұтылған «Ақжайыққа» шегінер жер қалмағаны рас еді. Қазір бұл команда ұпайының аздығы жөнінен Премьер-Лиганы тастап шығатын екі кандидаттың бірі ретінде аталып тұрғаны және рас. Оның үстіне осы турдың алдында «Ақтөбенің» үздік мергені Уго Видемонт жарақатына байланысты биылғы маусымда бұдан әрі алаңға шыға алмайтынын мәлімдеді. Алдын ала айтайық, сол Видемонттың жоқтығы осы кездесуде анық байқалды», — деп жазыппыз.

Не десек те, 14 кездесуге ғана қатысқан Уго Видемонт соққан 8 гол команданы кәдімгідей ілгері тартып еді-ау.

Соңғы турлардың жүгі ауыр болды

Видемонт жоқ болғанымен, тұтас команда бар.

Бұдан кейін «Каспийді» жеңіп, жағдайымызды қайта қалпына келтірдік пе дей бергенімізде, Қостанайда «Тобылға» төтеп бере алмадық (0:1).

Ол кемшіліктің орнын 24 қазанда «Тұранды» ұтып, түзеттік пе дегенде, «Ордабасы» командасымен тең ойнап, тағы да бармақ тістедік.

Әсіресе шымкенттіктерден «жеген таяғымыз» естен кетпестей болды. Өкшемізді басып келе жатқан «Астананы» осы 25-турдан соң амалсыз ілгері шығарып, 2-орынға түстік те, чемпионатты сол 2-орынмен аяқтадық.

Жалпы, соңғы турларда «Ақтөбе» жанкүйерлері үшін түсініксіз жағдайлар пайда бола бастады.

15 қазанда Қостанайда өткен кездесуді тең аяқтағалы тұрғанбыз. Ойынның соңғы минуттарында біздің қақпамызға пенальти тағайындалып, оны бас төреші Сәкен Байымбетов (Тараз), VAR төрешісі Рүстем Омаров (Алматы) екі рет тепкізді. Бірінші соққы кезінде қақпашыдан айласын асыра алмаған Серікжан Мужиков қайталап орындаған соққысын, әрине, қақпаға енгізіп тынды. Бұны бір делік.

Екіншіден, «Ордабасы» командасын Шымкентте 2:0 есебімен ұтып жатқанбыз. Кенет «Ақтөбе» қақпасына бірінен соң бірі екі пенальти белгіленіп, ойын тең аяқталды да қойды.

Ал бұл екі турда да «Астана» жеңіске жетіп, алдымызға шықты да кетті. Қанша өкінсек те, 3,5 ай шамасы бойына уысымыздан шығармай келе жатқан 1-орыннан бір тең ойынның кесірінен айырылдық та қалдық.

Қазақстанға белгілі тұлғалардың бірі айтқан: «Қалың бұқара чемпионаттың соңғы кездесулерінде «Ақтөбе» қақпасына жалған пенальтилер тағайындалғаны туралы әлі де айтып жүр» деген сөздің негізі бар.

Осылайша 2015 жылы қола медаль алған соң, әлдекімдердің кесірінен жарқырап көзге түсе алмай, арасында Бірінші лигада ойнап келген «Ақтөбе» қайтадан атқа мінді.

Сонымен, қорытынды кесте төмендегіше түзілді:

  1. «Астана» (Астана) — 53 ұпай
  2. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 52 ұпай
  3. «Тобыл» (Қостанай) — 47 ұпай
  4. «Қайрат» (Алматы) — 42 ұпай
  5. «Ордабасы» (Шымкент) — 38 ұпай
  6. «Ақсу» (Павлодар облысы) — 36 ұпай
  7. «Шахтер» (Қарағанды) — 32 ұпай
  8. «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 31 ұпай
  9. «Каспий» (Ақтау) — 31 ұпай
  10. «Қызылжар» (Петропавл) — 30 ұпай
  11. «Атырау» (Атырау) — 29 ұпай
  12. «Тараз» (Тараз) — 28 ұпай
  13. «Тұран» (Түркістан) — 28 ұпай
  14. «Ақжайық» (Орал) — 25 ұпай

Қос кеменің басы

Биылғы жазда да (шілде-тамыз айларында) әдеттегіше Қазақстан кубогы үшін болатын кезекті турнирдің алғашқы бөлігі өткізілгені мәлім.

«Ақтөбе», расын айту керек, әуел бастан-ақ бұл кубоктық бәсекеде озып шығуға онша ықыластана қойған жоқ. Біздің жерлестеріміз ғана емес, бір қызығы, Премьер-Лига чемпионатында алдыңғы төрттікте тұрған командалардың ешқайсысы да, айталық, алғашқы турда жеңіске жете алмады. Үшеуі ұтылды, «Астана» ғана тең ойнады.

Жалпы, ел чемпионатында көш басында келе жатқан командалар бұл дәстүрлі жарысқа биыл сонша күш-қуат жұмсауды қажет деп таппаған тәрізді еді.

Мысалы, 3-турдан соң: «…Қос кеменің басын ұстағысы келмейтін бас бапкер Андрей Карпович шәкірттерін тым шалдықтырып алмауды да ойлайтын сияқты. Команданы ілгері сүйрейтін футболшылардың алаңнан көрінбеуі, бір жағынан, жарақаттарға да байланысты шығар, екінші жағынан, тамыз айының аяғында қайта жанданатын чемпионатқа да аман-сау жетудің амалы тәрізді», — деп жазуға мәжбүр болғанымыз да сондықтан.

Не керек, «Ақтөбенің» алты турда екі рет жеңіліп, екі рет тең ойнап, екі кездесуде ғана ұтуының осындай реттері болған сыңайлы. Жерлестеріміз 6 гол соғып, қақпамызға да 6 гол жіберіп алды.

Нақтылап айта кетсек, бұл додада финалға алғашқы төрттіктегі командалар емес, «Ақжайық» пен «Ордабасы» жетті де, кездесуде шымкенттіктер жеңімпаз атанды. Дегенмен «Ордабасының» жеңімпаздығы туралы даулы әңгімелер басталды да кетті. Және бұл даудың негізі де жоқ емес еді.

Жерар Гоудың 100-ші голы

10 сәуірде өткен 5-турда Жерар Гоу Қазақстан чемпионаттарындағы 100-ші голын соқты.

Алғашқыда ойынын кібіртіктеп бастаған Гоу чемпионаттың соңына таман, әсіресе Уго Видемонттың алаңға биыл қайтып оралмайтыны анықталған соң шын шеберлігін байқата білді. Қарсыластар қақпасы алдында аласапыран шабуылдар ұйымдастыруда ол аса белсенділік көрсетумен болды.

Жалпы алғанда Гоу қарсыластар қақпасына Видемонт тәрізді 8 гол соғып, қос сұрмергеннің бірі атанды.

*   *   *

«Ақтөбе» командасы 26 кездесу өткізіп, 16 рет жеңді, 4 рет тең ойнады, 6 рет ұтылды. Ұпай саны — 52. Доп айырмашылығы — 43:28.

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы — 8 гол;

Жерар Гоу, шабуылшы — 8 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 7 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 5 гол;

Сердер Сердеров, жартылай қорғаушы — 4 гол;

Максим Самородов, жартылай қорғаушы — 3 гол;

1 голдан соққандар:

Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы;

Никита Маляров, жартылай қорғаушы;

Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы;

Виталий Балашов, шабуылшы;

Руслан Камболов, жартылай қорғаушы;

Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы,

Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы.

(Бір голды өз қақпасына Равиль Ибрагимов («Атырау») соғып алды).

*   *   *

Тағы бір анықтама: Максим Самородов, Әлібек Қасым, Жерар Гоу бір ойында екі реттен гол соқса, Рожерио Шина мұны екі ойында екі рет қайталады.

Әлібек Қасым: «Өз алаңымызда ұтылған жоқпыз»

— Биыл біз өз алаңымызда еш ұтылған жоқпыз. Себебі, мейлі, аптап ыстық болсын, мейлі, ызғырық салқын болсын, стадион жанкүйерлерімізге лық толы болды. Мен мұндайды бірінші рет көрдім. Мен «Ақтөбенің» ойыншысы болғанымды мақтан етемін. Келесі жылы Еурокубок ойындарына қатысамыз. Осы ойындарды асыға күтіп жүрміз.

(Анықтама: келесі жылы «Астана» УЕФА Чемпиондар лигасында ойнаса, «Ақтөбе», «Тобыл», «Ордабасы» УЕФА Конференция лигасында өнер көрсететін болады).

Рамазан Оразов және басқалар

Ұлттар Лигасының биылғы додасында Словакия, Беларусь, Әзірбайжан құрамаларымен бір топта болған Қазақстан құрамасы бірінші орын алып, футболдың небір білгір мамандарын таңғалдырғаны мәлім.

Бұл табысқа ақтөбелік футболшылар да өз үлестерін қосқанын ескерусіз қалдыруға болмайды-ақ.

3 маусымда өз алаңымызда өткен Әзірбайжан құрамасымен кездесуде біздің Рамазан Оразов ойынға екінші таймда қосылды. Әттең, 60-минутта сол Рамазан Оразовтың әзірбайжандық қақпашы Шахруддин Магомедалиевтің қақпасына енгізген бір добы есепке алынбай қалды. Дегенмен қазақстандықтар бұл ойында 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Рамазан Оразов 6 маусымда сырт алаңда Словакиямен өткен жеңісті (1:0) кездесуге де қатысты.

10 маусым күні бейтарап алаңда Беларусь құрамасымен өткен кездесудің (1:1) екінші таймында Аслан Дарабаев, Эльхан Астановтармен бірге Рамазан Оразов та қауіпті соққы жасағанын атап өткен жөн.

13 маусымда Словакия құрамасымен өткен екінші кездесу барысында алаңға екінші таймда Темірлан Ерланов, Рамазан Оразов, Юрий Логвиненко, Максим Самородов шығып, есептегі басымдықты (2:1) сақтап қалуға зор үлес қосты.

22 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында Қазақстан құрамасы Беларусь футболшыларын жеңгені мәлім (2:1). Осы ойында алғашқы голдың соғылуына біздің команда өкілі мол үлес қосқаны есіңізде шығар.

29-минутта оң қапталдан құлдилай жүгірген Рамазан Оразов өзінен ілгері бара жатқан Михаил Габышевке қолмен қойғандай етіп тамаша пас тастады да, Михаил он шақты метр жерден қақпаның оң жақ бұрышына қарай сұрапыл соққы жасады, белорустық қақпашы еш қайран жасай алмады — 1:0.

Мына деректі де еске сала кетейік. Аналитикалық беделді WhoScored сайты осы кездесуге қатысқан ойыншыларға баға берді.

Жартылай қорғаушы Рамазан Оразов үздік ойыншы болып танылды. Оған 7,6 балл берілді. Ал үш бірдей футболшы 7,1 балл жинады: Бақтияр Зайнутдинов, Михаил Габышев, Сергей Малый.

Рамазан Әзірбайжан құрамасымен өткен екінші кездесуге де қатысып (0:3), Ұлттар Лигасы жанкүйерлерін сүйсіндірген есімдердің бірі болып қалыптасты.

Кездесулер

1.«Қайрат»-«Ақтөбе» — 2:0

2.«Ақтөбе»-«Атырау» — 2:1

3.«Астана»-«Ақтөбе» — 1:0

4.«Ақтөбе»-«Шахтер» — 1:1

5.«Ақсу»-«Ақтөбе» — 1:2

6.«Қызылжар»-«Ақтөбе» — 1:1

7.«Ақтөбе»-«Мақтаарал» — 1:0

8.«Тараз»-«Ақтөбе» — 3:0

9.«Ақтөбе»-«Ақжайық» — 2:1

10.«Каспий»-«Ақтөбе» — 2:0

11.«Ақтөбе»-«Тобыл» — 2:1

12.«Тұран»-«Ақтөбе» — 0:2

13.«Атырау»-«Ақтөбе» — 0:2

14.«Ақтөбе»-«Астана» — 4:1

15.«Шахтер»-«Ақтөбе» — 2:3

16.«Ақтөбе»-«Ордабасы» — 3:1

17.«Ақтөбе»-«Ақсу» — 1:0

18.«Ақтөбе»-«Қызылжар» — 1:0

19.«Мақтаарал»-«Ақтөбе» — 1:1

20.«Ақтөбе»-«Тараз» — 1:0

21.«Ақжайық»-«Ақтөбе» — 3:1

22.«Ақтөбе»-«Каспий» — 4:0

23.«Тобыл»-«Ақтөбе» — 1:0

24.«Ақтөбе»-«Тұран» — 3:2

25.«Ордабасы»-«Ақтөбе» — 2:2

26.«Ақтөбе»-«Қайрат» — 4:1

Күміспен күптелгендер

Қақпашылар: Стас Покатилов, Саша Стаменкович, Евгений Ситдиков.

Қорғаушылар: Әлібек Қасым, Әлішер Әжімов, Ескендір Қыбырай, Темірлан Ерланов, Рустам Темірхан, Юрий Логвиненко, Владимир Гинаитис, Әділхан Таңжарықов, Дмитрий Шомко.

Жартылай қорғаушылар: Максим Самородов, Уго Видемонт, Әлібек Жәрдемов, Рамазан Оразов, Бауыржан Байтана, Арман Кеңесов, Эрнест, Йоахим Адукор, Сердер Сердеров, Артурас Жулпа, Руслан Камболов, Никита Маляров.

Шабуылшылар: Виталий Балашов, Алвес Рожерио Шина, Жерар Гоу.

Біздің жанкүйерлер

Ақтөбеліктермен иық тірестіре алатын жанкүйерлер Қазақстанның ешбір қаласында жоқ. Мұны футболшылармен қоса, Ақтөбеге келіп кеткен командалардың барлық бас бапкерлері мойындап болды.

Сырт алаңдардағы ойындарға ақтөбеліктер тәрізді өз командасымен бірге ілесіп барып, кездесу барысы бойына стадионды басына көтере қызу қолдап отыратын жанкүйерлер және жоқ.

Биыл «Ақтөбе» күміс медаль алса, жанкүйерлеріміз әдеттегіше алтын медаль алды деуге болады.

Мысалы, Ақтөбедегі Орталық стадионда өткен алғашқы ойынға, сол кезде командамыз сүріншектеп жүрсе де, 11 800 адам келсе, турдың соңғы ойынына 13 400 адам келді. Біздің стадионымыз 12 800 адамға шақталғанын ескерсек, қазақстандық ешбір команда мұндай көрсеткіштермен мақтана алмайды.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button