Спорт

«Ақтөбе» — күміс жүлдегер

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Қайрат» — 4:1

6 қараша күні биылғы жылғы ең соңғы 26-тур ойындары өтті.

Осы турдың нәтижесінде чемпион мен жүлдегерлер анықталды. «Астана» биылғы маусымның жеңімпазы атанса, «Ақтөбе» күміс медальға ие болды. Үшінші орынға «Тобыл» шықты. Бұл үш команда, оған қоса Қазақстан кубогының болашақ жеңімпазы келесі жылғы Еурокубок ойындарына қатысады. Төртінші орынға шыққан «Қайрат» соңғы тоғыз жылда бірінші рет Еурокубок ойындарынан тыс қалатын болды. Ал турнир барысында ең аз ұпай жинаған «Тұран» мен «Ақжайық» келесі жылы Бірінші лигада ойнайды.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Қайратты» қабылдады. Стадион лық толы жанкүйерлер бұл ойында жерлестерімізден тек жеңісті есепті ғана күткен еді. Солай болды да.

Рас, әуелі қонақтар гол салып кетті. Обалына не керек, Артур Шушеначев тепкен допты Стас Покатилов кері қайырған болатын, бірақ сол жерге құлдилай жеткен Жоао Пауло допқа қақпашымыз екінші рет ұмтылғанша соққы жасап та үлгерді — 0:1.

Бұған жауап осы бірінші таймның соңғы минуттарында қайтарылды. Және қандай жауап десеңізші. Айналасы 8 минуттың ішінде «Қайраттың» сағы сынып түсті.

Қонақтар айып алаңы ішінде допқа ентелей ұмтылған Рожерио Шинаны аяқтан шалып құлатты да, төреші он бір метрлік нүктені көрсетті. Осылайша 41-минутта Әлібек Қасым пенальтиді мінсіз орындады — 1:1.

45+2 минутта алаң ортасынан Йоахим Адукор тастаған пасты қағып түскен Рожерио Шина оңға қарата бірнеше қадам басып барды да, кілт бұрылып, қақпаға қарай еңірете соққы жасады, қақпашы ауа қармап қалды — 2:1.

45+4 минутта тағы да Шина көзге түсті. Оң қапталдан зулай жүгірген Максим Самородов қақпаға қарай көлденеңдете тамаша пас берді де, осы тұсқа жалғыз өзі ғана келе қалған Шина еш абдырамай аяғын тоса қойды — 3:1.

Ал төртінші голды ойынға запастан қосылғандар соқты. Бас бапкер А.Карпович 68-минутта алаңға Арман Кеңесов пен Виталий Балашовты шығарған болатын. Арада бір минут өтер-өтпесте айып алаңына таяу тұста Жерар Гоудың көмегімен допқа ие бола кеткен Виталий Балашов сәл-пәл ілгері жылжып барды да, қақпаға қарата жер бауырлата пас тастады. Осы жерге келе қалған Арман Кеңесов мүмкіндікті қалт жібермеді, допты оң аяқпен зыр еткізіп жібек торға енгізе салды — 4:1.

Осылайша жеті жыл бойы дес бермей келген «Қайратты» ақыры ұттық, бірақ алтын медаль бәрібір «Астананың» қоржынында кетті.

«Ақтөбе»-«Қайрат» —  4:1

Гол авторлары: Жоао Пауло, 33-минут (0:1); Әлібек Қасым, пенальти, 41-минут (1:1); Рожерио Шина, 45+2 минут (2:1); Рожерио Шина, 45+4 минут (3:1); Арман Кеңесов, 69-минут (4:1).

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Дмитрий Шомко, Темірлан Ерланов, Әлібек Қасым, Әділхан Таңжарықов (Ескендір Қыбырай, 74-минут), Йоахим Адукор, Артурас Жулпа, капитан (Әлішер Әжімов, 74-минут), Рамазан Оразов (Арман Кеңесов, 68-минут), Максим Самородов (Виталий Балашов, 68-минут), Рожерио Шина, Жерар Гоу (Сердер Сердеров, 83-минут).

Бас бапкер Андрей Карпович.

6 қараша 2022 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион, 13 400 адам.

*   *   *

«Ақтөбе» командасы 26 кездесу өткізіп, 16 рет жеңді, 4 рет тең ойнады, 6 рет ұтылды. Ұпай саны — 52. Доп айырмашылығы — 43:28.

Біздің мергендеріміз:

Уго Видемонт, жартылай қорғаушы, Жерар Гоу, шабуылшы — 8 гол;

Әлібек Қасым, қорғаушы — 7 гол;

Рожерио Шина, шабуылшы — 5 гол;

Сердер Сердеров, шабуылшы — 4 гол;

Максим Самородов, шабуылшы — 3 гол;

1 голдан соққандар: Артурас Жулпа, жартылай қорғаушы; Никита Маляров, жартылай қорғаушы; Йоахим Адукор, жартылай қорғаушы; Виталий Балашов, шабуылшы; Руслан Камболов, жартылай қорғаушы; Бауыржан Байтана, жартылай қорғаушы, Арман Кеңесов, жартылай қорғаушы.

(Бір голды өз қақпасына Равиль Ибрагимов («Атырау») соғып алды).

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Ақжайық»-«Тобыл» — 1:3

«Шахтер»-«Астана» — 2:3

«Тараз»-«Тұран» — 2:3

«Мақтаарал»-«Ордабасы» — 0:0

«Қызылжар»-«Каспий» — 4:1

«Ақсу»-«Атырау» — 2:1

*   *   *

Қорытынды кесте:

  1. «Астана» (Астана) — 53 ұпай
  2. «Ақтөбе» (Ақтөбе) — 52 ұпай
  3. «Тобыл» (Қостанай) — 47 ұпай
  4. «Қайрат» (Алматы) — 42 ұпай
  5. «Ордабасы» (Шымкент) — 38 ұпай
  6. «Ақсу» (Павлодар облысы) — 36 ұпай
  7. «Шахтер» (Қарағанды) — 32 ұпай
  8. «Мақтаарал» (Түркістан облысы) — 31 ұпай
  9. «Каспий» (Ақтау) — 31 ұпай
  10. «Қызылжар» (Петропавл) — 30 ұпай
  11. «Атырау» (Атырау) — 29 ұпай
  12. «Тараз» (Тараз) — 28 ұпай
  13. «Тұран» (Түркістан) — 28 ұпай
  14. «Ақжайық» (Орал) — 25 ұпай

*   *   *

Келер жылы Премьер-лигада «Оқжетпес» пен «Қайсар» командалары ойнайтын болады. Бірінші лигадағы чемпионатты көкшетаулықтар 61 ұпаймен аяқтаса, қызылордалықтар 56 ұпай жинап, бұл екі команда алғашқы екі орынға шықты.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button