Тарих

Тау тұлғалы ағамен кездесу

Ұлы Отан соғысынан кейінгі халық шаруашылығы тұралаған ауыр

жылдары  Ырғыз  ауданын  басқарып,  аз  ғана  уақытта бұл өңірдің

экономикасын барлық көрсеткіштері бойынша алға өрлетіп, бір мезетте

24 Социалистік Еңбек Ерін шығарған алаштың бір туар азаматы

Нұрқасым Бердіқұлов туралы сөз қозғау көптен ойымда жүр еді.

…1968 жылғы қараша айының орта тұсы. Жанға жайлы қоңыр күз болатын. Мәскеу кооперативтік институтының Алматы филиалында сырттай оқимын. Кезекті сессияға бару үшін №8 Мәскеу- Алматы пойызына келіп, вагонға таяп қалғанда келбеті келіскен, кеудесінде Еңбек Ерінің белгісі бар ақсақалға көзім түсті. Пойыз қозғала бергенде жаңағы көрген кісім купеге кіріп келді. Орнымнан тұрып сәлемдестім. Қолымнан ұстап тұрып:

— Осы жерден міндің бе, қай жерденсің, қай туғансың? — деп сұрақты жүйдірмелетті.

— Мен негізі ырғыздықпын, осы Шалқар жеріне келіп, сауда саласында қызмет істеп жатқаныма бес жыл болды, Төртқара деген аталықтанмын, — деп жауабымды да төкпелеттім. Жайғасып отырдық.

— Ырғыздық болсаң, Нұрқасым Бердіқұлов дегенді естуің бар ма? — деп бетіме барлай қарады.

— Неге естімейін:

Нұрқасым Бердіқұлов,

Ауданды билеп тұрғасын.

Ырғызалы, Ырғызбай,

Екі балаң болғасын…

деп жергілікті бір ақынның шығарған есімде қалған шумақтарын шұбырта жөнелдім.

Сол сәтте қарама-қарсы отырған үлкен кісі қалбалақтап ұшып тұрып, қолымды алып, бетімнен сүйіп, «сол Нұрқасым Бердіқұлов деген ағаң мен боламын, айналайын», — деді.

Мен қуанып кеттім. Себебі, халық аузында жүрген, елге ерен еңбегі сіңген тау тұлғалы ағамен дәмдес болып, әңгімесін тыңдау Алланың маған бұйыртқан бір сыйы шығар дедім. Нұрқасым аға сол кезде Алматыға жақын жердегі Калинин атындағы ұжымшарда басқарма төрағасы екен. Мәскеуде өткен Халық Шаруашылығы Көрмесіне қатысып, қайтып келе жатқан беті көрінеді.

— 1945 жылдың қаңтар айында Солтүстік Қазақстан облысында республика басшысы Жұмабай Шаяхметов қатысқан үлкен актив болды. Сол уақытта мен бір ауданда атқару комитетінің төрағасы едім, — деп бастады әңгімесін Нұрекең. —       Мен қызмет істеген аудан еттен, сүттен, малдан, жүннен  жылдық  жоспарды  артығымен  орындаған  еді.  Және  төрт түлік малдан төлді де жақсы алдық, астықты да қамбаға мол құйдық. Сол себепті маған активте сөз берді. Сол кезең ыңғайымен орысша баяндама жасап, сұрақтарға орысша-қазақша жауап беріп, аудан жетістігін жақсы жеткізе білген болуым керек, Шаяхметов «Мынау білікті азамат екен, бір қазақы ауданды басқаруға жіберу керек» деп кетіпті. Сол жылы ақпан айында мені обкомға шақырып, ондағылар Орталық Комитетке жіберді. Онда мені кадр жөніндегі нұсқаушы қабылдады. Республика бойынша жеті қазақы ауданды ұсынып, тізімін беріп, ертеңге дейін ойлануға мұрсат қылды. Мен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына барамын деп тұжырымымды айттым. Сол сәтте мені қабылдап отырған жігіт: «Ырғыз —  тарихи жер, ертеректе уезд болған. Шалқар, Қарабұтақ, Торғай аудандары Ырғызға қараған. Онда алғаш Ыбырай Алтынсарин мектеп ашқан, Амангелді Имановтың сарбаздары сол Ырғызда казармалық жағдайда тұрған. Сол Ырғыз ауданынан мемлекет қайраткерлері Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Бәймен Алманов шыққан. Онда негізінен екі ру тұрады: біреуі — Төртқара, екіншісі — Шөмекей. Екеуін тең ұста: біріне сауданы берсең, екіншісіне тұрмыстық комбинатты бер», — деп кеңес айтты. Сол сәтте мен Орталық Комитеттің әр ауданның тұрмыс-тіршілігінен, тарихынан, тіпті қай аталықтың балалары тұратынынан хабардар екеніне тәнті болдым, — деп күлді Нұрқасым аға.

Содан Нұрекең өзі қызмет істеп жатқан аудан азаматтарымен қоштасып, пойызбен Ақтөбеден бір-ақ шығыпты. Обкомға кіріп шыққан соң Шалқарға жетіп, аупарткомға келеді.

— Ол кезде Шалқарда бірінші хатшы Әбу Байсалбаев деген азамат екен. Менен бірер жас кіші болу керек. «Көлік Ырғызға таңертең кетіп қалды, бүгін демалыңыз, ертеңгісін көлік тауып жеткізіп салам» деді. Соғыстың кезі, машина деген жоқ, «көлік» деп отырғаны жараулы ат. Мен не де болса баратын жерге жеткім келіп, теміржол бойындағы жүк түсіретін алаңға келсем, Ырғыздан қосарланған аты бар атқосшы келіп тұр екен, соған мініп тартып кеттім. Жолшыбай Қызыл отауларға екі қонып, үшінші күн дегенде Ырғызға жеттім. Наурыз айы, «Қой қоздап, түйе боздап, қорада шу» болып жатқан кез ғой, аудан басшыларының бәрі ауыл аралап кетіпті. Ертеңіне кеңсеге келіп отырдым, бұл күн — 1945 жылдың 25 наурызы еді, — деп Нұрқасым аға сол бір жауапкершілігі мол ауыр кезеңді есіне алып, пойыз терезесінен кең көсіліп жатқан сары далаға көз жіберді.

— Мен Ырғыз ауданына басшылыққа келгесін бір жарым ай шамасында Жеңіс күні келіп жетті. Аудан халқының қуанышында шек болған жоқ. Барлық жұрт көшеге шығып кетті. Бірін-бірі құшақтап, көздерінен қуаныштың жасы ағып, жылап көрісіп жатты. Жеңісті екі күн тойладық. Мен тіпті қуанып, қанаттанып кеттім. Ырғыз жеріне Жеңісті мен әкелгендей сезіндім. Және жұмысым да бірден оңға баса бастады, — деп Нұрқасым аға әңгімесін жалғап отырды, — 1945-1947 жылдары аудан ауыл шаруашылығының барлық саласы бойынша жоспарды артығымен орындады. 1948 жылдың көрсеткішіне сәйкес Ырғыз ауданынан 24 адам Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылды. Солардың ішінде мен және аудандық атқару комитетінің төрағасы Жұмабек Дүйісов те бар еді.

Нұрекең одан әрі кезінде еңбекте майдандас болған Жұмабек Дүйісовты, Қияс Сәрсенбаевты, Зада Жетпісбаеваны, Қуандық Жөкеевты, Әбу Байсалбаевты, Мұхамбетжан Басшановты сұрады. Мен Ә. Байсалбаевтың «Жаңа қоныс» кеңшарының директоры, Ж.Дүйісовтың сол кеңшардың жұмысшылар комитетінің төрағасы екенін, Қ.Сәрсенбаев Ырғыздағы Калинин атындағы кеңшардың директоры, екі рет Ленин орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталғанын, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты екенін және ақсақалдың сұраған адамдары жөнінде білетінімді баяндадым. Нұрқасым аға еңбектес болған достарынын жетістіктеріне балаша қуанды. Бәріне сәлем айтты, «әсіресе, Әбуге, Жұмабекке, Қиясқа менің сәлемімді мықтап жеткіз» деді. Әрине, мен ақсақалдың тапсырмасын орындадым.

— 1949 жылы СССР Жоғарғы Советіне Ақтөбе облысынан екі адам депутаттыққа ұсынылу керек болды, —  деді Нұрқасым аға. — Біреуіне Новоресей ауданынан Бағила Ерғожаева ұсынылды. Екіншісін ұсынудың еншісі Ырғыз ауданына тиіпті. Мен Алматыда іссапарда жүргенімде асығыс бір шопан кісі ұсынылып кетіпті. Бұл менін кеуіліме соқпады. Себебі, жоғарғы жаққа елдің мұң-мұқтажын айта алатын қарымды адам ұсыну керек деп шешіп, бірден облыстық партия комитетіне телефон соқтым. Ондағылар «Ертеңнен қалсаң, кешіктің!» деді. Мен бірден Киров ұжымшарының басқармасы, Социалист Еңбек Ері Өтеу Құдайбергеновтың құжаттарын дайындап, жүргізушімді Ақтөбеге жөнелттім. Ертеңіне ұсыныс өткені жөнінде хабар келді. Сол жылы Өтеу СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Және 1954 жылы екінші шақырылымға да сайланды, бірақ депутаттық қызметі бітпей, ауырып қайтыс болды, — деп, еңбектес досын күрсіне есіне алды Нұрқасым аға. Сәл үзілістен кейін Бағила Ерғожаеваның қазір қайда екенін сұрады. Мен ол кісінің менің ағам, Мағаджан кәсіптік-техникалық училищесінің директоры болған Қояш Сәтпаевтың зайыбы, яғни менің жеңгем екенін, Бағиланың өзі сол уақытта «Мағаджан» кеңшарының директоры болғанын, қазір Алматы қаласында тұратынын айттым.

Нұрекең өзі Ырғыз ауданын басқарып тұрғанда әр ұжымшардың төрағасына тапсырма беріп, Алматыда жоғарғы және арнаулы оқу орындарында оқып  жатқан ырғыздық студенттерге ақшалай көмек берігізіп түрғанын әңгімеледі.

Ол 1952 жылдан кейін Ойыл, Қарабұтақ аудандарын басқарыпты. Өмірінде күрделі жағдайларға да тап болыпты. Сөз арасында мұнай барлау мекемесінде де жұмыс істегенін айтып өтті.

Ал зейнеткерлікке жасы жақындағанда өзін бағалайтын Қызылорда обкомының бірінші хатшысы Хасен Бектұрғановтың ұсынысымен Тереңөзек ауданында бірінші хатшы болғанын, сол кезде Қазақстан Компартиясының бір съезіне делегат болып сайланғанын айтты.

Нұрекең 1948 жылы Ырғыздан 20 шақырым қашықтықтағы Ақши деген жерден үлкен Ырғыз өзенінен көпір салдырғанын есіне алды. Басына 10 ағаш үй тігіліп, әр ұжымшар адам күшімен жәрдем беріпті. Техникадан бір жылан бауыр, бір кран, бес машина тынбай жұмыс істеп, көпірді жеті айда бітірген екен. Сол көпірді Ырғыз ауданының халқы жиырма жыл пайдаланыпты.

…Ұзақ жол да таусылып, Алматыға жақындаған кезде «Нұрқасым аға, Ырғыз халқы сіздің ерен еңбегіңізді ұмытқан жоқ, Ырғызда туған Ырғызалы мен Ырғызбайды ертіп, жеңгеймен бірге келіңіз, біз қарсы аламыз» деп, телефон, адресімді бердім Артынан ол кісімен 1971 жылға дейін сөйлесіп тұрдым «Біз бір барамыз» дейтін. Ақыры келе алмады, тіршілік мойын бұрғызбаған шығар.

Пойыздан түскенде Нұрқасым аға үйіне қонаққа шақырды. Бірақ сессия басталғалы тұрғандықтан бара алмадым, рахмет айттым. Ырғыз елі үшін аянбай еңбек еткен жақсы ағамен қимай қоштастым.

1973 жылы жаз айында демалыс күні үйге келген «Лениншіл жас» газетін оқып отырып, соңғы бетіне көзім түсіп кетіп еді, «Алматы облысы обком комсомолының ұжымы Бердіқұлов Ырғызалыға әкесі, Еңбек Ері Бердіқұлов Нұрқасымның қайтыс болуына байланысты көңіл айтып» жазған жолдарды оқыдым. Сол сәтте әкем қасымда отыр еді, бірден ағаның рухына құран бағыштаттым.

Міне, сол бір Алаштың біртуар азаматы 2010 жылы 110 жасқа толды. Ырғыз халқының Нұрқасым Бердіқұловты ұмытпағанына бек сенімдімін және ұмытуға тиіс те емес. Сөз соңында Ырғыз жерінен осы абзал ағаға белгі қойылса деген тілегім бар.

…Менің жастық шағым Ырғыз ауданында өтті. 1962 жылдың аяғында Ырғыз ауданы жабылып, көп азаматтар әр ауданға бөлініп қызметке кетті. 1965 жылы аудан қайта ашылып, олардың көбісі елге қайта оралды. Мен ол уақытта Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышымды өтеп жүрдім. Ырғыз ауданының жаңалықтарына көз тігіп отырамыз.

Осы әңгіме де сондай ниеттестік көңілден туындап еді…

Жәңгір БИМАХАНОВ,

еңбек ардагері,

Шалқар ауданының құрметті азаматы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button