Басты жаңалықтар

Мал шаруашылығынан бастап тары өндірісіне дейін

Ақтөбеде 12 ауданның тауар өндірушілері көшпелі көрмеге жиналды 

Ақтөбеде «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды. Шара аясында ауданнан келген ауыл шаруашылығы өндірушілерінің көшпелі көрмесі өтіп, шаруалар өз өнімдерін ұсынды.   

Аталған жобаның басты ерекшелігі — бұған ісін енді бастаған кәсіпкерлер де қатыса алады. 2,5 пайыздық үстемемен берілетін несиеде өсімдік бағытын дамыту, мал және құс шаруашылықтары, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және шағын бизнестің еңсесін тіктеуге айрықша назар аударылады.  5 жылға дейін рәсімделетін несиеге қазірдің өзінде сұраныс айтарлықтай, қызығушылық зор. Өйткені бұрынғыдай емес, енді шалғайдағы елді мекендердегі мүлікті кепілге қою мүмкіндігі бар.

Жұртшылықтың қалаға қоныс аудармай, қайта ауылда еңбек етуіне, тиісінше тұрақтауына бағытталған жоба сол арқылы ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін кәсіпкерлерді қолдауды көздейді.

— Көрмеге 20-дан астам жеке қосалқы шаруашылық иелері келді. Олардың арасында ұн, сүт өнімдерінен тағам жасайтындар, тары өсіретіндер, көкөніс егетіндер, омарташылар бар. 12 ауданның өкілдерін қамтуға тырыстық. Ескере кетерлігі, осы жолы біз ірі, көпшілікке белгілі кәсіпкерлік субъектілерін тізімге қоспадық, — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Снежанна Кулекенова.

Солардың бірі — Әйтеке би ауданына қарасты Ақтасты ауылынан келген Орынбай Жолмұратов — «Томирис» шаруа қожалығының иесі. Қымыз өндіретін кәсіпкер көшпелі көрмеге ауылдың дәмін әкелген. Сүт өнімдерінен жасалған түрлі тағамдарды жасап, сатуға маманданған ол:

— Біз биелерді жаңа технология бойынша сауамыз. Бәрі автоматтандырылған. Мұндай жаңашылдық Әйтеке би ауданында бізде ғана бар.

Сұранысқа қарай қымыз саудалаймыз. Күніне 1,5 тонна қымызды қиындықсыз ұсына аламыз. Бүгінгі таңда мыңға жуық жылқым бар. Оның 300-ін сауып отырмын. Бұл істі  қолға алғаныма 15 жылға жуықтады. Қожалықта барлығы 17 адам жұмыс істейді. Одан бөлек, сиыр да бағамын. Ол шаруашылықтың да иесі өзім. Шүкір, табысымыз жақсы.

Атқарушы билік тарапынан облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге көңіл бөлініп, қолдап отырғаны қуантады. Біздің облыста ауыл шаруашылығы ерекше дамығаннан кейін солай болуы керек те. Сондықтан әріптестерімнің жобаға белсенді қатысатынына сенімім кәміл, — дейді.

Ал Хромтау ауданынан келген жеке кәсіпкер Салтанат Әбілқайырова — мұндай басқосуға алғаш рет қатысып отырғандардың бірі. Оның ойынша, ауылдағы іскер азаматтарды қолдау осындай жобалардан бастау алады. Өйткені мұнда түрлі сала өкілдерімен, болашақ тапсырыс берушілермен байланыс орнатуға мүмкіндік бар.

— Қасымда екі қыз бала бар, үшеуміз тәтті тағамдарды пісірумен айналысамыз. Аудандағы сауда үйлерінің бірінде орнымыз бар, сонда сатамыз. Тапсырыстар бойынша да жұмыс істейміз. Торт, бәліш, өзге де тәтті тағамдарды әзірлеуде жергілікті өнімдерді пайдаланамыз. Ақжар ауылында кәсіпкерлік саласы біртіндеп дамып келеді. Бүгінгі шараға қатысуымыздың өзі — соның бір дәлелі.

Меніңше, «Ауыл аманаты» жобасы — дер кезінде қолға алынған, елді мекендегі еңбеккерлердің табысын молайтуға арналған жақсы бастама. Реті келсе өзімнің де қатыспақ ойым бар. Жоба туралы жергілікті әкімдіктегілер түсіндірді, негізгі мақсат-міндетін білемін, — дейді Салтанат.

Қобдалық кәсіпкер Қуаныш Дәлелхан сүт өнімдерінен он шақты өнім түрін дайындайтын шаруашылықты басқарады. Құрт, ірімшік, сарысу, сүзбе, балқаймақ, т.б. әзірлеп, саудаға шығаратын кәсіпкер:

— Маған «Ауыл аманаты» жобасында ең алдымен пайыздық мөлшердің аздығы ұнады. Қай кәсіпкерді болсын, бірінші кезекте осы жағы қызықтыратыны белгілі. Мемлекеттің қолдауымен несие алсақ, әуелі қажетті техникаларды сатып аламыз, шаруашылықты дамытамыз. Неге десеңіз, қазіргі таңда бәрі қолмен жасалады. Бұл уақыт, қаржы жағынан едәуір салмақ салады.

Бұған дейін ауданның атынан көптеген жәрмеңке, көрмелерге қатыстық. Қазіргі таңда 4 жұмысшымыз бар. 70 сиыр сауып отырмыз, — дейді «Қаралат» шаруа қожалығының иесі Қуаныш.

Көшпелі көрмеге Темір ауданынан барлығы 5 шаруашылық қатысты. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Есенбол Жолдығариннің айтуынша, ет, сүт өндірісімен, ұннан түрлі тағамдарды дайындаумен айналысатын, тары өсіретін кәсіпкерлер шараға арнайы келген.

— Ауданда 2776 бизнес субъектісі тіркелген. Оның ішінде 116-сы — заңды тұлға,  2027-сі — жеке кәсіпкер, 633-і — шаруа қожалығының иелері және мал шаруашылығымен айналысатындар. Бізде шаруашылықтың қай түріне де ден қойғандар табылады. Тіпті тары өсіретіндер де кездеседі. Сол сияқты дәстүрлі емес шаруашылықтар да дамыған. «Ауыл аманаты» жобасы солардың кәсібінің кеңеюіне, ісінің алға басуына зор септігін тигізсе, халықтың күткені де сол, — дейді Е.Жолдығарин.

 

НЕ ДЕЙСІЗ?

Дархан ЕРМАҒАНБЕТОВ,

Әйтеке би ауданының әкімі:

— Біздің ауданнан «Ауыл аманатына» ұсынатын 150-ден астам жоба бар. Қайсысы арнайы комиссияның оң бағасын алады, оны уақыт көрсетер. Өз тарапымыздан Құмқұдық пен Аралтоғай ауылдарының кәсіпкерлерін ұсынып отырмыз. Өйткені аталған елді мекендерде бағдарлама талаптарына сай келетін, әлеуеті жағынан қолдауға зәру шаруашылықтар бар.

Ауданда Абзал Нығметов,  Орынбай Жолмұратов сынды кәсібі жақсы жүріп тұрған азаматтар бар. Олар да жобадан қалыс қалмайды деген ойдамыз.

Бастау алған бұл жобаның негізгі мақсаты — жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын шаруашылықтарды кеңейту, жалпы әлеуметтік жағдайды жақсарту екені белгілі. Осы тұрғыдан келгенде Әйтеке би ауданындағы 202 жеке кәсіпкер,

460 шаруашылық иесіне жобаның шарапаты молынан тиеді деген сенімдемін. Ең бастысы, кәсіпкерлердің ықыласы алабөтен.

Гүлжанат ЕРҒАЗИНА,

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиалының басшысы:

— Біздің корпорация мемлекеттік бағдарламалардың өңірлерде іске асырылуын, жалпы Үкіметтік жобалардың жер-жердегі үгіт-насихатын жүргізуге мүдделі. Осы орайда «Ауыл аманаты» жобасы «Еңбек» бағдарламасымен үндес, тек пайыздық үстемесі анағұрлым төмен. Басты артықшылық — осы.

Сондай-ақ мұнда жеңілдіктер айтарлықтай жақсы. Жобаға кез келген жастағы адам қатыса алады. Кепілдікке қоятын мүлікке де талап жоғары емес. Сондықтан бұған қатысамын деушілердің саны көп болатынына күмәнім жоқ.

Ерлан АСЫЛБАЕВ,

Ойыл ауданы Көптоғай ауылдық округінің әкімі:

— «Ауыл аманаты» жобасына Ойыл ауданынан Саралжын және Көптоғай ауылдары қатысқалы отыр. Аталған округтерге құс өсіріп, бау-бақшамен айналысатындар көп. Бұл жобаның тиімділігі деп жеке кәсіпкерлерге несие берілуін айтар едім. Өйткені бұған дейін шаруа қожалықтарына басымдық беріліп келген еді. Енді шағын кәсіп иелері де осындай қолдауға иек арта алады. Бұған кез келген санаттағы адамдардың қатысуы да жақсы мүмкіндік.

Осы жобаға ауданнан 101 жеке кәсіпкер қатысады деген жоспар бар.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button