Басты жаңалықтарМереке

Ұлттық мереке, ұлық күн

Ақтөбе қаласында Республика күніне орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада бірқатар ақтөбелік марапатталды.
Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр ғимаратында өткен басқосуда Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров:
– 25 қазан – Республика күні, егеменді елімізде Тәуелсіздік туралы декларация қабылданған күн. Сол сәттен бастап-ақ егеменді Қазақстан өзіндік көзқарасы бар жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Декларацияның қабылдануымен ел егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді.
Бұл күн ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған ұлы күн. Әр ұлт, халық үшін тәуелсіздіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ.
Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды қадам. Ең қиын жылдар артта қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін! Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, – дей келе, бір топ азаматқа “Облысқа сіңірген еңбегі үшін”, “Мәдениет саласының үздігі», “Еңбек данқы”, сондай-ақ «Қала құрметі» медальдерін және облыс, қала әкімдерінің Алғыс хатын тапсырды.

Марапатталғандардың арасында облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Асылбек Нұрмұханов, Кенжеғали Толықбаев, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Роман Рахиев, ардагер педагог Қалмахан Қуан, «Пандус-ОК» ЖШС құрылтайшысы Шахан Жолдасбаев, т.б. бар.
Мерекелік кеш ақтөбелік өнерпаздар мен әнші балапандар дайындаған концертке ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button