Басты жаңалықтарМереке

Ақтөбеде жүректі жігіттердің жарысы өтіп жатыр

Ақтөбеліктер Ұлттық мереке — Республика күнін кең көлемде тойлап жатыр. Бүгін тақымы мықты, білекті жігіттер ипподром алаңында ұйымдастырылған көкпар мен аударыспақта бас қосты. Көрермендер Ақтөбеде көптен бері өтпеген тазылар сайысына да куә болды.

Таңсәріде басталған ойындарға бойында ұлттық намысы бар шынайы жанкүйерлер жиналды. Ұлттық спорт сайыстарын тамашалуға облыс әкімі Ералы Тоғжанов та барды. Білекті де жүректі жігіттердің ойынын көріп, жеңімпаздарға арнайы жүлделерін табыс етті.
— Қазақтың ұлылығы мен даналығын бүкіл әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның бірі және ең бастысы ұлттық спорт ойындары екені даусыз. Мыңжылдық тарихы бар ұлттық ойындарымыз халқымызбен бірге жасап келеді. Соның ішінде қазақ үшін көкпар ойынының орны бөлек. Өңірде қазақ көкпарының дамуына үлес қосып жүрген жігіттер жетерлік. Біздің жігіттер аударыспақ ойындарынан да республика көлемінде нәтижелі ойын көрсетіп жүр.
Бүгінгі сайыстың көрігін қыздырған тазылар жарысы болды. Құмай тазы — жеті қазынаның бірі, ер жігіттің сенімді серігі. Таяуда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазақы тазы және төбет ит тұқымдарын сақтау жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді тапсырды. Қазіргі таңда Ақтөбеде әуесқой тазы бегілерінің шоғыры қалыптасқан. Әрі қарай бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, жолға қоятын боламыз.
Республика күніне орай ұйымдастырылған шараға қатысқан азаматтарға және оларды қолдауға келген көрерменге үлкен рақмет айтамын!
Баршаңызға амандық тілеймін! Бүгін бір рухымызды көтерген тамаша ойын болды! Той құтты болсын! — деді облыс әкімі.

Жұртшылықтың делебесін қоздырған көкпар ойынына Байғанин, Қобда, Шалқар, Ырғыз аудандарынан келген шабандоздармен қатар Ақтөбе қаласынан екі команда қатысты. Нәтижесінде 1-орын «Ақтөбе-2» командасына бұйырды. Бұл жолғы көкпаршыларға тіккен қаржы көлемі де айтарлықтай қомақты. Жеңімпаз команда арнайы кубокпен қатар 1 500 000 теңгені иеленді. 2-орынды «Ақтөбе-1» командасы алып, 1 000 000 теңгенің сертификатын, Байғаниннен келген шабандоздар 3-орын мен 500 000 теңгені қанжығаларына байлады.

Арманның «асығы» алшысынан түсті

Аударыспақ ойындарында Арман Сағынбаевтың асығы алшысынан түсіп, 1-орынды жеңіп алды. Жүлдеге — 250 000 теңге. 2-орын иеленген Мағжан Ахеновтің қанжығасына — 150 000 теңге. 3-орынның 100 000 теңгесі Рамазан Халелге бұйырды.

Аударыспақтан бірінші орынды жеңіп алған Арман Сағынбаевтың есімі ақтөбелік ұлттық спортсүйер қауымға жақсы таныс. Халықаралық, республикалық додаларда топ жарып жүрген ол ат спортымен 12 жылдан бері айналысып келе жатқанын айтты. Аударыспақ та ойнайды, көкпар да тартады. Айтпақшы, бұл жолғы көкпардың жеңімпазы болған «Ақтөбе-2» осы Арманның командасы. Қалада туып-өссе де жылқы жануарына жақын Арман ат спорты мектебіне 15 жасында келіпті. Қазір өзі талай шабандоздың бағы мен бабының қатар шабуына септігін тигізіп жүр. Аударыспақтан Азияның абсолютті чемпионы, Қазақстанның төрт дүркін чемпионы бүгінгі жеңісін де кезекті еңбегінің нәтижесі деп бағалады.
— Бұл ойында ең бастысы шеберлік қажет. Ол адамға көп жылғы тәжірибемен қатар үздіктің дайындықтың, яғни, еңбектің арқасында келеді. Сондай-ақ бұл ойында жігіттің бағын ашатын — астындағы аты. Сондықтан аттың дайындығын да тексеріп алу керек. Ал ауа райы бізге кедергі болмайды. Керісінше, күн салқын болғанда біз әдемі ойын көрсетеміз, — дейді жеңімпаз.

«Керемет» керемет ойын көрсетті

Тазылар жарысының да жүлде қоры 500 000 теңгені құрады. Бұл ойында Арман Тәжібековтің Керемет атты тазысы керемет ойын көрсетіп, мәреге бірінші жетті. Екінші орын Айдар Сырлыбай баптаған Моншақ атты тазыға бұйырды. Ал үшінші орынды Шалқардан келген Қази Махамбетовтің Шебе атты тазысы алды.

— Бүгін өңірдің әр ауданынан келген тазылар нәтижелі ойын көрсетті. Тазы ит шашақ құлақты және жарғақ құлақты деп екіге бөлінеді. Жарғақ құлақты тазы республика аумағында жоқтың қасы. Бірақ Ақтөбе облысында бар. Біз тазылар көрмесіне, жарысына үнемі жарғақ құлақты түрін қатыстыруға тырысамыз. Нәтижелі ойын көрсетіп, мәреге бірінші жеткен Керемет те тазының жарғақ құлақтысына жатады.
Бүгінгі сайыстың өтуіне қолдау білдірген облыс әкімдігіне үлкен алғысымызды айтамыз. Бұл жарысты дәстүрлі аңшылыққа апарар жол десек, қате айтқаным емес. Қолдау болса, болашақта тазылар жарысын далалықта ұйымдастыруға дайынбыз, — дейді тазы жанашырларының бірі Жасұлан Жақсылықов.

*
Дәл осы жерде жерде облыс әкімі Ералы Тоғжанов «Ұлы дала жорығы» марафонына қатысқан спортшыларды да марапаттап, алғысын білдірді.
Айта кетейік, «Ұлы Дала Жорығы» – бұл әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ жалпы республикалық ат спорты марафоны.
Жобаның мақсаты – Қазақстанмен тікелей байланысы бар танымал бренд жасау, ұлттық мәдениетті халықаралық аренаға шығару, жастарды ұлттық мәдениет пен тарихты зерделеуге тарту, спорттық шеберлік пен толеранттылық құндылықтарын тәрбиелеу. Қазақстанның барлық өңірінен жүз шабандоз қатысқан марафон 17 қыркүйекте Елордадағы «Қазанат» ипподромында салтанатты түрде ашылып, марафоншылар қыркүйектің 18-29 аралығында 12 күн ішінде елордадан Түркістан қаласына дейін 1200-ден астам шақырымды жүріп өткен болатын.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button