Тарих

Архивті парақтағанда…

«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сон­дықтан 25 қазан жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылғы 25 қазанда Қа­зақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жо­лындағы тұңғыш қадамы болатын. Рес­публика күні елдің мемлекет құру жолын­дағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік ме­реке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін жаңғырту керектігін айтып, Ұлттық мереке ретінде қайта бекіту туралы Заңға қол қойған болатын. Осы атаулы мереке қарсаңында біз облыстық газеттің сол кездегі архивтерін ақтарып, басылым беттерінде қандай материалдар жарияланғанын зерделеген едік. Сонымен…

Декларация жобасына кім үн қосты?

Біз архивтен Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларация жайында материалдар іздегенімізде «Ақтөбе» газетінің 1990 жылғы 18 қазандағы №198 (15.919) санында алғаш рет сол кездегі Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Төрағасы Е.М.Асанбаевтың баяндамасы жарық көргенін аңғардық. Әлгі баяндамада күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралғаны айтылыпты. Сондай-ақ онда еліміздің егемендігі туралы былай деп жазылыпты: «Басқа одақтас републикалар сияқты Қазақ ССР-і СССР Конституциясына сәйкес егеменді социалистік мемлекет болып табылады. Бірақ ол тек қағаз жүзінде ғана «мемлекет ішіндегі мемлекет». Шындық мынадай: қоғамның тіршілік қызметінің барлық салаларындағы шектен тыс орталықтандыру басқа одақтас республикалар сияқты Қазақ ССР-інің нақты егемендігінің формалды болып шығуына апарып соқтырды. Олардың тәуелсіздігі мен егемендігі барынша азайтылды. Елімізде республикалардың ішкі және сыртқы саясатының барлық мәселелерін орталықтың егжей-тегжейлі тәптіштеуінің кеселді практикасы қалыптасып, конституциялық жағынан тұжырымдалды. Мысалы, 1977 жылғы ССРО Конституциясының 73-статьясының 12-тармағында ССР Одағының қарамағына жатқызылған мәселелер тізбегінің баянды етілуі осыны қуаттай алады. Бұл тізбеде экономика да, сыртқы саясат та, қаржы жүйесі де, табиғат ресурстарын пайдалану да, тіпті жергілікті өкімет органдарын құру мен қызметінің жалпы негіздерін белгілеу де қамтылған.

… Жобаға сәйкес Қазақ ССР-індегі мемлекеттік өкіметтің республика ішінде және сыртқы қарым-қатынаста басымдығы, дербестігі, толық билігі болады, мұның өзі тәуелсіз ішкі және сыртқы саясатты жүргізуге, өкіметтің шектен тыс орталықтандырылуынан құтылуға, ведомстволық монополизмді жоюға, Қазақстан халқының әл-ауқатын көтеру үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді».

Біздің түсінгеніміз, бұл баяндамада тек Қазақ ССР-інің мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның жобасы айтылған. Алайда декларацияның түпкі мазмұны баяндалмаған. Бұдан әрі басылымның 25 қазандағы №203 (15.924) санында жарияланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің ІІ сессиясындағы Республика Үкіметінің нарық экономикасына көшу бағдарламасы туралы Қазақ ССР Министрлер Советінің Төрағасы Ұ.Қ.Қарамановтың баяндамасында алғаш рет елімізде Республика күнін атап өту мәселесі қаралыпты. Бұл туралы Совет төрағасы өз баяндамасында былай депті: «Қазақ ССР Жоғары Советінің осы сессиясы Қазақстан өзінің 70 жылдық белесінен асқан кезеңде өтіп отыр. Жаңа мереке республика күнінің белгіленуі біздің мемлекеттік егемендігіміздің дүниеге келуінің белгісі іспетті. Солай бола тұрса да бұл күні адамдар өз республикасының болашағына алаң көңілмен көз салады. Бүгін біз көпұлтты Қазақстан халықтарының алдында тарихи жауапкершілігімізді терең сезіне отырып, ең бір өзекті шешімдер қабылдауға тиіспіз».

Біз одан әрі архивтерді ақтардық, алайда Қазақ ССР Министрлер Советінің Төрағасының сессияда сөйлеген сөзінен кейін республика күнін атап өту туралы облыстық басылымда ешқандай мақала жазылмапты. Тек 1990 жылғы 26 қазандағы газеттің №204 (15.925) санында «Егемендік — елдігіміздің белгісі» тақырыбында Байғанин ауданының бір топ коммунисі декларация жобасына үн қосып, жүрекжарды тілектерін жолдаған екен. Онда аудан коммунистері Декларация жобасының мән-мазмұнымен танысқанын, құжатта

жазылған бірқатар мәселеге көңілі толмайтындарын жеткізіпті.

«Алдымен Тіл жөніндегі заң туралы. Біздің республикамыз Қазақ атын алған республика болғандықтан оны мекендеген басқа ұлттар республиканы, қазақ халқының салт-дәстүрін, тілін құрметтей білуі керек. Сондай-ақ көпұлтты Қазақстанда орыс ұлтының тілін бөліп алып, оны ресми тіл етуге қосылмаймыз, оны Декларациядан алып тастауды ұсынамыз. Сондай-ақ Декларацияның 6-бабы бірінші абзацының соңына… «оның меншігінде болады және жер сатылуға жатпайды» деп қосылса, қазақ халқының өз жеріне иелігі көрініс табар еді. Біз қазақ халқының өз Отаны үшін жанқияр жолдан өткендігінің куәсіміз. Сөйте тұра әскери қызметте жүрген балаларымыздың соңғы жылдары көріп отырған зәбірі, бірнеше ондаған жастардың өліп, ауыр жарақат алуы, мүгедек болуы сай-сүйегімізді сырқыратады. Осындай жағдайда қазақ балалары әскери қызметті өз республикасында өткізуін қалаймыз. Қазақ жерінде өзінің қарулы күші болуын қуаттаймыз», — деген аудан азаматтары  Тіл туралы заңға қарсы болып, шекарамызды бөлшектеуге іріткі салушылардың әрекеттеріне үкіметіміздің батыл тойтарыс беруін сұрапты. Сондай-ақ олар

қазақ халқының оқымыстылары мен зерделілерінің қазақ басылымдарында жарық көрген мақалаларының орысша басылымдарда жариялануын талап ететінін де жеткізіпті.

Декларация жобасына үн қосқандардың қатарында Байғанин ауданының коммунистері

Н.Спанов, Ж.Сұлтанов, Н.Есқалиев, А.Шекерова, Қ.Тәженов, Б.Бөлтеев, Р.Елемесов, Р.Тілеубергенов, т.б. бар.

Сондай-ақ облыстық басылымның осы санында Байғанин ауданының тұрғыны, методист мұғалім Бисен Жақановтың «Декларациядан туған ой» тақырыбындағы үн қосу мақаласы да жарық көріпті. Онда ұстаз өзінің Декларация жобасымен танысқанын, алайда құжаттағы бірнеше баптың мазмұнына көңілі толмайтынын, қазақ елінің болашағы үшін бұл баптарды өзгеше етіп өзгертуді ұсынған. Мәселен, ол: «Құжаттағы бесінші, жетінші баптың екінші абзацтары, тоғызыншы баптың бірінші, екінші абзацтары бойынша берілген тұжырымдармен танысқанымызда, олардағы ой әлі де болса республика егемендігінен гөрі, тәуелділіктен қол үзе алмай тұрғандығын тайға таңба басқандай көрсетіп тұр. Сондықтан аталған бап абзацтары төмендегі ретте жазылғаны дұрыс болар еді:

«Қазақ ССР-нің өз территориясында Одақтың жоғарғы органдарының республика праволары мен Конституциясын бұзатын заңдары мен басқа актілерінің қолданылуын тоқтатуды республиканың өзі шешеді» (5-бап, 2-абзац)», — деп, аталған баптарға қатысты

өз ұсыныс-тілегін жеткізген ауыл мұғалімі өзінің елдің болашағына, тіл мен мемлекет шекарасына, ішкі әскерлері мен қоғам қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіретінін жеткізген.

Қай кезде де ел ішінде мемлекетіміздің болашағын ойлап, ұран тастайтын азаматтар болған, бар және бола бермек. Міне, осындай азаматтар сол кезеңде де Қазақстанның егемендігі үшін шырылдап, елдік мәселелерді көтере білді. Соның арқасында біз бүгінгі күнге жеттік. Тәуелсіздік алып, мемлекет болдық, көсегеміз көгеріп, Туымыз биікте желбіреді. Сірә, азаттықтың ақ таңы деген осы болар.

Облыста мереке қашан тойланды?

Сонымен, облыстық басылым бетінде Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның толық мәтіні 1990 жылдың 30 қазанында шыққан №206 (15.927) санында жарияланды (суретте беріліп отыр — авт).

Ал Республика күні ең алғаш рет Ақтөбеде 1991 жылы қазан айының басында тойланды. Сол жылы Орталық стадионда аталған мерекеге орай ойын-сауық кештері ұйымдастырылып, спортшылар күш сынасты. Бұл туралы ақпарат кейін «Ақтөбе» газетінің сол жылғы 9 қазандағы №196-197 (16.167) санында жарыққа шықты. Одан кейінгі жылдары да бұл мереке облыста тиісті деңгейде атап өтілмеді. Оған дәлел — бұл туралы облыстық газет беттерінде ешқандай материал жарияланбаған.

Жалпы, бұл құжат қабылданған соң да қазақ елі Кеңес Одағы құрамынан толық шығып кете алған жоқ. Әйтсе де декларация еліміздің тәуелсіздігіне жасалған алғашқы нық қадам болды. Тарихи деректерге сүйенсек, Республика күнін тойлау үрдісі 2001 жылы басталды. Себебі бұл күн осы жылы ғана ресми түрде мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді. Нақтырақ айтсақ, 25 қазан — Республика күні 2001 жылғы 13 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» №267 жарлыққа сәйкес мемлекеттік мерекелер қатарына қосылды. Содан бұл күн 2009 жылға дейін елімізде жыл сайын атап өтілді. 2009 жылы Заңға өзгерістер енгізіліп, 30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгертілгендіктен, Республика күні мемлекеттік мерекелер қатарынан алынып тасталды.

Р.S. Сонымен, араға көп жыл салып, бұл күн Ұлттық мереке ретінде елімізде қайта тойланатын болды. Биыл облыста аталған мереке қарсаңында жүзден астам іс-шара ұйымдастырылмақ.

Әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button