Басты жаңалықтар

Онлайн сауданың дәурені қызып тұр

Осыдан он жыл бұрын қазақстандықтар сауданы онлайн жасайды десек, сенбейтін едік. Пандемия дүрбелеңі электронды коммерция нарығының дамуына дем берді.Әлем бойынша дәстүрлі дүкендердің бірқатары жабылып, соның салдарынан күнделікті тұрмысқа қажетті тұтыну тауарларына сұраныс артты. Бұл интернет-дүкендердің жұмысының жандана түсуіне септігін тигізді. Сауда-саттық нарығы қазір онлайн, оффлайн деп бөлінетін болды. Сіз қай жақтың тұтынушысысыз?

Көк тиынсыз да кәсіп бастауға болады

Кейінгі кездері Kaspi, Wildberries алаңдары арқылы кәсіп ашу сәнге айналды. 2021 жылдың өзінде қазақстандық маркетплейстегі сатушылар саны 60 мыңға жеткен. Ал енді бұл платформаларда сауданы қалай жүргізуді білмесеңіз, әлеуметтік желіде екінің бірі курс оқытады, солардан оқып алуыңызға болады. «Менің курсыма қатысып, ай сайын 200 мың теңге табыңыз», «Кәсіпті 0-ден бастап үйретемін», «Менің оқушыларым айына 5 миллион табады» деген жарнама тарататын парақшалар көбейді. Шынымен де, бір курс оқып, кәсіпкер болып кетуге бола ма? «Саудада береке бар»деп шырылдап жүргендердің ісі заңды ма? Осы сұрақтардың жауабын Түркиядан тауар әкеліп, оны сатуды үйрететін кәсіпкер Гүлдара Үсенғалиевадан алдық.

Ыстанбұл қаласында жүріп көтерме саудамен айналысып жатқаныма 7 жыл болды. Осы уақытқа дейін 150 шәкірт оқыттым. Курсыма қатысқандар арасынан 33 миллионер шықты. Негізі, өз сабағымда киім тігетін түрік кәсіпорындармен келісімшартқа отырып, тауар таңдап жіберемін. Одан бөлек, әртүрлі тауар сататын түрік сайттарын үйретемін. Маркетплейспен қалай жұмыс жасау керектігін түсіндіремін.

Курсты аяқтағандар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмысын бастайды. Курс оқығаннан кейін өзінің дүкенін ашып жатқан қаншама адам бар. Олардың бәріне көмегім тигеніне, өз ісін ашқанына қуаныштымын, — дейді кәсіпкер.

Ақтөбе облысында 68 468 жеке кәсіпкер бар. Солардың біріқосымша табыс көзін табуды ойлап жүрген Салтанат та 2019 жылы алғашқы тауарын бөліп төлеу арқылы алған. Қазір өзінің қыз-келіншектерге арналған киім сататын онлайн дүкені бар.

Киімдерді Қырғызстаннан, Ресейден тапсырыспен алдыртамын. Көбісі онлайн сауда жасау оңай деп ойлайды. Олай емес, керісінше, жұмысың 2 есе көп болады. Тауар алумен қатар, әлеуметтік желідегі парақшаны дамыту керек, клиенттерді жинап, сөйлесіп, сата білуің керек. Оффлайндағыдай көп клиент келмейді, сол үшін оларды өзің іздеуің керек, — дейді жеке кәсіпкер Салтанат Омарғалиева.

Оның айтуынша, тұрғындар қашықтан сауда жасаудан қорықпайды, керісінше, тиімділігін біліп алған. Ол өз тұтынушыларына сенетіндігін әрі ешқандай орынды жалға алуға ақша жұмсамай, үйде отырып-ақ кәдімгі дүкен ашуға болатынын жеткізді.

 Салықтан босатылады

2018 жылы Салық кодексінің электронды саудаға қатысты өзгерістері күшіне енді. Онда барлық интернет-дүкендер корпоративті және табыс салығынан 5 жылға дейін босатылатыны айтылған. Бұл жеңілдікті алу үшін нақты үш шарт бар. Біріншіден, сауда-саттық онлайн режимде жүргізілуге тиіс. Екіншіден, тауардың ақшасы электронды жүйе арқылы төленуі шарт. Үшіншіден, тауар курьерлік компания арқылы тікелей тұтынушыға жеткізілуі керек. Бұл жеңілдік 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін жарамды.

Базарлар жабыла ма?

Әлемдегі жағдайлар нарықтың барлығына бірдей әсерін тигізеді. Біреуінің саудасы тоқтап жатса, екіншісінікі керісінше жандануы мүмкін. Қазір киімнен бөлек, шаруалық тауарларды, азық-түлікті де онлайн тапсырыс беру арқылы алуға болады. Бірақ бұл өз көзіңмен көріп, қолыңмен ұстап сауда жасайтын базарларжабылады дегенді білдірмейді. Себебі қаланың Орталық базарында қашан көрсеңде адам азаймайды. Орталық базарда саудасын жасап отырған кейбір кәсіпкерлер онлайн саудаға қарағанда оффлайн сауданың тиімділігін айтады. Соның бірі — Әйгерім Сағынғалиева.

5-6 жылдан бері сауданың төңірегінде жүрмін. Өз дүкенімді ашқаныма бір жылдан асты. Сауданы жүргізу оңай емес, себебі ол шыдамдылықты, табандылықты қажет етеді. Есепке де жүйрік болу керек.

Қазір кәсібімді онлайн жүргізудің қажеттілігі аса сезілмейді. Себебі онсыз да киімдерді тұтынушыларым алып жатыр, бірақ алдағы уақытта оған да көңіл бөлуім керек.

Курс оқып алғандар бірден кәсіпкер болып кетеміз деп ойлайды. Бірақ мен бұл мәселеде асықпауға кеңес беремін. Себебі, ең алдымен, сауданың айналасында жүріп қыр-сырын үйреніп алғаныңыз өзіңізге пайдалы. Солай тәжірибе жинағаннан кейін ғана алда кездесетін қиындықтардан оңай өтіп кетесіз. Дүкенді ашу оңай, оны жүргізу қиын, — дейді ол.

Ал кәсіпкер Сабина Мырзағұлова сауда-саттық нарығы қалай өзгерсе де тез бейімделетінін айтты:

Менің әйел адамдарға арналған киім сататын дүкенім бар. Ең алғашқы тауарды Алматыдан алып келгенмін. 2016 жылы кәсібімді енді бастап жатқан кез мен үшін өте қиын болды. Себебі бұрын көрмеген қалаға сауда жасау үшін 3 айлық баламмен барғанмын. Ал қазір өзіммен бірге 2 адам жұмыс жасайды: сатушы және онлайн менеджер. Инстаграм парақшасына да көңіл бөлемін. Айына екі рет түсірілім болады әрі парақшаны күнделікті жүргізіп отырамын. 6 жыл бойы өз кәсібіммен айналысып келемін. Осы уақыт аралығында ыстық-суық күндерді бастан кешірдік. Пандемия кезінде үйден сатып жұмыс істедік.

Қашықтан жұмыс істесеңіз де жұмыстың көлемі азаймайды. Ерінбей еңбек етсеңіз, кәсібіңіздің жемісін көресіз, — деді ол.

Цифрландыру — әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік

Қазақстанда 2018 жылдың қорытындысы бойынша онлайн сауда нарығының көлемі 1,5 есеге өсіп, 269 млрд теңгеге жеткен. Ал белсенді сатып алушылардың саны соңғы бір жылда 2 есеге артқан. Демек, 2,3 млн адам қашықтан сауда жасау қызметін пайдаланады.

Интернет-дүкендер қызметін жиі пайдаланатындардың бірі — Камила Долаева.
Онлайн саудамен алғаш рет пандемия кезінде таныстым. Қытайлық сауда қосымшалары арқылы тапсырыс бере бастадым. Ол сайттардан заттарды өз бағасына алу өте тиімді. Қазір өзіме қажетті заттардың 80 пайызын тапсырыс беріп алдыртамын. Оның ішінде киім-кешек, аяқкиім, үйге қажетті тауарлар, ыдыс-аяқ және басқалары бар. Бірақ 2-4 апта күтуге тура келеді. Сонда да мен үшін базар, дүкен аралап зат іздегенше, онлайн тапсырыс бере салған әлдеқайда оңай. Әбден үйреніп қалдым. Кейін тауар Алматыға келгенде салмағына кедендік төлем жасаймыз. Ол шамамен келісіне 4,2-4,5 доллар. Негізі, көп жағдайда баға жағынан тиімді.

Одан бөлек, бүгінде америкалық, еуропалық қымбат брендтерді өз елінен тапсырыс беру жақсы дамып жатыр. Заттарды шетелден Қазақстанға жеткізіп беретін компаниялар көп. Мысалы, жақында ғана америкалық Tommy Hilfiger брендінің сайтынан жасаған тапсырысымнан әжептеуір ақша үнемдедім. Бізде сауда орталықтарда 80 мың теңгеден жоғары тұратын кроссовканы 25 мың теңгеге жеңілдікпен алдым. 18 күндей күттім, есесіне елу мың теңгем қалтамда қалды. Мұндай мысалдар көп. Брендтерді өз елінен алдыртқан қиын емес, кез келген банктің  карточкасы жарай береді. Яғни тауар бағасы доллармен тұрса, картадағы теңгеміз автоматты түрде доллармен төленеді. Ол болмаса Apple pay, PayPal қосымшаларын қолдануға болады, — дейді ол.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы2017 жылы бекітілді. Ол цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Осындай мүмкіндіктерді тиімді пайдалансақ, өмірімізді біршама жеңілдетеміз.

 Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button