Басты жаңалықтар

Бизнеске қолдау көрсетіледі

Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға ұдайы мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Биыл кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде «Даму» қоры облыс кәсіпорындарына несиенің жалпы құны  44,3 млрд теңге болатын 1424 жобаға субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсетті.

Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау шарттары бойынша кәсіпкерлерге тиімді ұсыныстар қарастырылған. Бұл жобалық несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін төмендетуге, сәйкесінше ай сайынғы төлемді азайтуға мүмкіндік береді.Республика күні қарсаңында өңіріміздегі бірқатар кәсіпкерлік нысандарының жұмыс барысымен танысқан едік.

Жылына 240 мың киім тігеді

Ақтөбеде сұранысқа ие өнімдер шығарылып келеді. Соның ішінде  «Даму» қоры арқылы қолдау алған компаниялардың қатарында — тоқыма бұйымдарын шығаратын «А-Textile», резеңке бұйымдарын шығаратын «Bigness», керамикалық бұйымдарды өндіретін  «Зерде» керамика жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.

«А-Textile» кәсіпорыны тоқыма бұйымдарын шығарады. Кәсіпорынның өнімдері сапалы, әрі қолжетімді. Тігін цехында мүмкіндігі шектеулі жандар да жұмыспен қамтылып отыр. Қазірігі таңда «A-Textile» кәсіпорнында  60-тан астам маман жұмыс жасайды. Олар күніне 100-ден астам, жылына 240 мыңнан астам киім тігеді.

«Даму» қорының қолдауының арқасында «А-Текстиль» компаниясы несие сомасының 85 пайыз көлемінде кепілдік алып, қарыз қаражатына тігін жабдықтарын сатып алды. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие алғандықтан үстемесі де көп емес. Несиенің жылдық мөлшерлемесі 14,25 пайызды құрады, оның 6 пайызын кәсіпкер төлейді, ал қалғанын «Даму» қоры субсидиялайды.

2019 жылы «А-Textile» тігін фабрикасы пандиямияға байланысты жұмысын уақытша тоқтатты. 2021 жылы қайта ашылып, жұмысы жанданды.

Соңғы уақытта мамандарымыз «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» және жол жөндеу мен құрылыс компанияларына, спортшыларымызға  және тағы да басқа саланың мамандарына қызметтік киім тігіп, сұранысқа сай қызмет атқарып келеді. Өнімдерді жекелей немесе толық жинақ етіп сатып алуға да болады. Атап айтқанда, спорттық костюмдер, свитшот, футболка, ішкиім сияқты тауар түрлерін ұсынады,  — деді «А-Textile» тігін фабрикасының директоры Әлімжан Жолбатыров.

Кәсіпорын маталарды негізінен Түркия, Қытай, Өзбекстан сияқты елдерден тапсырыспен алады. Тігін фабрикасынан шыққан тауарлар сатылым дүкендеріне жіберіледі. Мәселен, тұтынушылар өнімді «Көкжар» және «Арай» сауда үйінен сатып ала алады. Ендігі кезекте супермаркет желілеріне де шығарылатын болады.

Керамика шығаратын бірегей зауыт

 «Зерде Керамика Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіпорны италиялық технологияны пайдаланып, керамограниттен жасалған бұйымдар мен керамикалық плиталардың өндірісін жолға қоймақ. Бұл зауыт — Қазақстандағы керамикалық бұйымдар шығаратын жалғыз кәсіпорын.

Олар «MK-Ceramics» сауда белгісімен өнім шығарады. Өндірістің жобалық қуаты 2 млн шаршы метрді құрайды. Өнімдердің сапасы еуропалық стандарттарға сәйкес, негізгі бағыты импортты алмастыруға негізделген. Өндіріске қажетті шикізат Түркия, Украина және Ресейден жеткізіледі.

«Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасының кепілдендірілген несиесінің арқасында  фарфор мен тастан жасалған бұйымдарды өндіретін зауыттың құрылысы жоспарлы аяқталды. Оған «Al Hilal Ислам Банкі» АҚ қолдау көрсеткен. Несие мөлшерлемесі жылдық 14,5 пайызды құрады, оның 6 пайызын кәсіпкер төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды. Сонымен қатар кепілзаттың болмауына байланысты «Даму» қоры несие мөлшерлемесінің 50 пайызы көлемінде кепілдік берді.

2021 жылы ашылған зауыт Қазақстан нарығын керамика бұйымдарымен қамтамасыз етіп отыр. Елімізде керамика бұйымдарын шығаратын екі кәсіпорын тек Ақтөбе мен Шымкент қалаларында ғана бар. Алдағы уақытта облысымызда екінші зауыт ашылады деп жоспарланып отыр. Жалпы зауытта 180 адам қызмет атқарады. Мамандарымыздың біраз бөлігі шетелден оқып келген. Жылына зауыт жалпы көлемі 5 миллион дана керамика бұйымдарын өндіреді. Ресей, Тәжікстан, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттеріне де өнімдерімізді саудалаймыз, —  деді сату бөлімінің басшысы Әкімжан Фарзуов.

Сапа және сұраныс

«Bigness» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әртүрлі резеңке бұйымдарын шығарумен айналысады. Өндірілген өнім жоғары техникалық сипаттамаларға ие және сапалық стандарттаудан өткен. Биыл бұл серіктестік өңір бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясын иеленді.

Кәсіпорын тек стандартты резеңке бұйымдарын ғана емес, сонымен қатар стандартты емес резеңке бұйымдарын шығарады. Кәсіпорын өнімдерінің қатарында майлы тығыздағыштар, манжеттер, втулкалар, тығыздағыш сақиналар, техникалық пластиналар, қалыпталған және қалыпталмаған резеңке бұйымдары бар.

Мен 22 жасымда жоғарғы оқу орнын бітіріп, кәсіп бастап кеттім. Мақсатым — отандық өндіріс пен нарықтық экономиканы дамытуға өз үлесімді қосу. Резеңке бұйымдарын өндіретін цехты 2018 жылы аштым. Қазіргі таңда бұл өнімге сұраныс жоғары. Өндірілген өнімнің бес пайызы қаламыздағы өндіріс орындарына жіберілсе, қалған бөлігі шетелге импортталады.

Резеңке бұйымдарын шығаратын кәсіпорын кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында қолдау тапты.

Несие мөлшерлемесі — 19 пайыз, оның  6 пайызын кәсіпкер төлейді, ал қалғанын «Даму» қоры субсидиялайды. Сондай-ақ жобаны сәтті жүзеге асыру үшін қор несие мөлшерінің 22 пайызы  көлемінде кепілдік берді. Қазір кәсіпорында 15 адам қызмет істейді, — деді «Bigness» ЖШС директоры Азамат Базар.

P.S. Жоғарыда айтылған кәсіпорындардың қызметі жыл сайын кеңейіп келеді. Республика күні қарсаңында аталған кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, цех жұмысын жандандырып жатыр. Кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктермен жұмыс жасап, кепілдендірілген несие алып кәсібін дамытып, шетелмен бәсекелестік орнатып келеді.

Мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындар Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамытудың кешенді жобаларын жүзеге асырады.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button