Тарих

85 күн қалғанда…

30.3.1941 ж… 11.00. Фюрердегі үлкен жиналыс. 2,5 сағатқа жуық созылған сөз…

…Екі идеологияның күресі… Коммунизмнің болашақ үшін зор қаупі. Біз солдаттық серіктестік принципін ұстануымыз керек. Коммунист ешқашан да бізге жолдас болған емес, болмайды да. Әңгіме құртып жіберу үшін күрес жайында айтылып отыр. Егер біз тап осындай ұстанымда болмасақ, мейлі, дұшпанымызды жеңген күнде де, 30 жылдан кейін қайтадан коммунистік қауіп бой көтереді. Біз соғысты өз дұшпандарымызды уақытша тоқтата тұру үшін жүргізбейміз.

…Ресейге қарсы күрес: большевиктік комиссарлар мен коммунистік интеллигенцияны жою. Жаңа мемлекеттер социалистік, бірақ өз интеллигенциясынсыз болуы керек. Жаңа интеллигенция құрылуына жол бермеу қажет. Мұнда арзан қолды социалистік интеллигенция болса жеткілікті.

… Соғыс Батыстағы соғыстан мүлдем басқаша болады. Шығыста болашақққа қатыгездік игі қызмет етеді. Командирлер құрбандыққа баруы керек және өз бойларындағы солқылдақтықтарды жеңе білуі тиіс…

(Жаяу әскер күштері бас штабының бастығы Ф.Гальдердің күнделігінен).

АЙТЫЛҒАН СӨЗ

АҚШ-тың болашақ президентінің (1945-1953 ж.ж.) пікірі

Біз егер Германия ұтысқа шығып бара жатса, Ресейге көмектесуіміз қажет, ал Ресей күшейіп бара жатса, Германияны қолдағанымыз жөн болады, міне, осылайша, олар бірін-бірі барынша құртып бақсын, рас, мен қандай жағдайда да Гитлердің жеңімпаз болғанын көргім келмес еді.

Гарри ТРУМЭН. («New York Times», 24.06.1941).

1941 жылғы 22 маусымдағы сөз

…Ресейге төнген қауіп — бізге және Құрама Штаттарына төнген қауіп, өз ошағы мен баспанасы үшін соғысып жатқан әр орыстың ісі секілді, бұл іс Жер шарының барлық түкпіріндегі азат адамдар мен азат халықтардың ісі.

Уинстон ЧЕРЧИЛЛЬ, Ұлыбританияның премьер-министрі.

Шығыстағы соғыстың ең тамаша нәтижесі былай болса екен, ең соңғы неміс ең соңғы орысты өлтіріп, өзі де соның қасында ажал құшып жатса ғой.

Рандольф ЧЕРЧИЛЛЬ (Уинстон Черчилльдің ұлы).

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНДАҒЫ ЕҢ ІРІ ШАЙҚАСТАР:

Запольярені қорғау (1941 жыл 29 маусым — 1944 жыл 1 қараша)

Мәскеу шайқасы (1941 жыл 30 қыркүйек — 1942 жыл 20 сәуір)

Ленинград блокадасы (1941 жыл 8 қыркүйек — 1944 жыл 27 қаңтар)

Ржев шайқасы (1942 жыл 8 қаңтар — 1943 жыл 31 наурыз)

Сталинград шайқасы (1942 жыл 17 шілде — 1943 жыл 2 ақпан)

Кавказды қорғау шайқасы (1942 жыл 25 шілде — 1943 жыл 9 қазан)

Курск шайқасы (1943 жыл 5 шілде — 23 тамыз)

Оңтүстік Украина үшін шайқас (1943 жыл 23 желтоқсан — 1944 жыл 17 сәуір)

Белоруссия операциясы (1944 жыл 23 маусым — 29 тамыз)

Прибалтика операциясы (1944 жыл 14 қыркүйек — 24 қараша)

Будапешт операциясы (1944 жыл 29 қазан — 1945 жыл 13 ақпан)

Висла-Одер операциясы (1945 жыл 12 қаңтар — 3 ақпан)

Шығыс Пруссия операциясы (1945 жыл 13 қаңтар — 25 сәуір)

Берлин үшін шайқас (1945 жыл 16 сәуір — 8 мамыр)

ОҚ ПЕН ОТТЫҢ ОРТАСЫ

Кеңес Одағы мен Германия арасындағы соғыстағы адам шығындары туралы әрқалай деректер айтылып келгені мәлім. Себебі мәліметтер әртүрлі топтар бойынша жекелей жинақталатыны және әртүрлі әдістермен есептелетіні белгілі.

Соңғы кездері Ұлы Отан соғысындағы адам шығындары туралы ресми деректер Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Әскери-мемориалдық орталығының кеңесшісі Григорий Кривошеев басқарған зерттеушілер тобы 1993 жылы ұсынған мәліметтерге негізделіп жүр.

Енді 2001 жылы тағы да бір рет тиянақталған осы деректерге көз жүгіртейік.

КСРО

6,8 миллион әскери қызметкер оққа ұшты, жарақат салдарынан, ауыр науқастан, бақытсыз оқиғаларға тап болудан қаза тапты, трибуналдардың үкімдері бойынша атылды.

Ал 4,4 миллион жауынгер тұтқыннан оралмады және хабарсыз кетті.

Жалпы демографиялық шығын бейбіт тұрғындарды қоса санағанда 26,6 миллион адам шамасында деп есептеледі.

Германия

Германия 4,047 миллион әскери қызметкерінен айрылды (бұл есепке  жарақаттан қаза тапқан және майданда хабарсыз кеткен 3,605 миллион адам, тұтқында ажал құшқан 442 мың адам енеді).

Ал соғыстан соң еліне 2,91 миллион адам оралды.

Германиямен әмпейлес болған елдер 806 мың әскери қызметкерін ажалға айдапты (олардың 137,8 мыңы тұтқында қайтыс болған).

Ал 662,2 мың адам соғыстан соң тұтқыннан оралған.

Салыстырма дерек

Осылай есептегенде КСРО мен Германияның, оның одақтастарының шығыны (әскери тұтқындарды қоса есептегенде) тиісінше — 11,5 және 8,6 миллион адам болады.

КСРО мен Германия,оның одақтастары арасындағы адам шығындарының айырмашылығы: 1,3:1.

СОҒЫСТЫҢ СОҢЫ

1945 жылы 8 мамыр күні орталық-еуропа уақытымен 22 сағат 43 минутта Еуропадағы соғыс Германия қарулы күштерінің сөзсіз тізе бүгуімен аяқталды.

Әскери қимылдар 1418 күнге созылды.

Дегенмен КСРО, сөзсіз тізе бүгу актісін қабылдай отырып, Германиямен бейбіт келісім-шартқа қол қойған жоқ, былайша айтқанда, бұл елмен формалды түрде соғыс жағдайында қала берді. Германиямен соғыс формалды түрде 1955 жылы 25 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы «Кеңес Одағы мен Германия арасындағы соғыс жағдайын доғару туралы» Жарлық қабылдаған соң ғана аяқталды.

СОҒЫСҚА ҚАТЫСҚАН ЕЛДЕР

Жеңімпаздар

КСРО, Тува, Польша, Чехословакия, Югославия, Румыния (1944 жылғы қыркүйектен соң), Болгария (1944 жылғы қазаннан соң).

Жеңілгендер

Германия, Венгрия, Словакия, Хорватия, Италия (1943 жылғы қазанға дейін), Финляндия ( 1944 жылғы қыркүйекке дейін), Румыния (1944 жылғы қыркүйекке дейін), Болгария (1944 жылғы 5 қыркүйектен 28 қазанға дейін), Көгілдір дивизия (Испания, еріктілер, 1943 жылға дейін).

20 ОРДЕН

1943 жылы 8 қарашада КСРО-ның ең жоғары әскери наградасы — «Жеңіс» ордені тағайындалды. Бұл орденмен бір немесе бірнеше майдан масштабында әскери операцияларды сәтті жүзеге асырған, соның нәтижесінде Қызыл Армияның жеңісіне жол ашуға зор үлес қосқан жоғары командалық құрамдағылар марапатталуы тиіс еді. Сөйтіп, лайықтыларға барлығы 20 орден берілді.

Ерекше марапатқа алғаш ие болған үш адам бұл орденмен екі реттен марапатталды.

Бірінші Украин майданының қолбасшысы, кейін Бірінші Белорусь майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков, Бас штабтың бастығы, кейін Үшінші Белорусь майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының Маршалы А.М.Василевский, Жоғарғы Бас қолбасшы, Кеңес Одағының Маршалы, кейін Генералиссимус И.В.Сталин «Жеңіс» орденімен екі реттен марапатталды.

«Жеңіс» орденіне сондай-ақ төмендегі әскербасылары ие болды:

Бірінші Украин майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының Маршалы И.С.Конев, Екінші Белорусь майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының Маршалы К.К.Рокоссовский, Екінші Украин майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының Маршалы Р.Я.Малиновский, Үшінші Украин майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының Маршалы Ф.И.Толбухин, Ленинград майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының Маршалы Л.А.Говоров, Жоғарғы Бас қолбасшы Ставкасының өкілі, Кеңес Одағының Маршалы С.К.Тимошенко, Бас штабтың бастығы, армия генералы А.И.Антонов, Қиыр Шығыс майданының қолбасшысы, Кеңес Одағының Маршалы К.А.Мерецков.

Соғыс аяқталған соң «Жеңіс» орденімен одақтас болған елдердің әскербасыларын да марапаттауға шешім қабылданды. Кеңестік бұл орденге ие болған шетелдіктер:

АҚШ армиясының генералы Дуайт Эйзенхауер, Фельдмаршал сэр Бернард Монтгомери, Румыния королі Михай І Гогенцоллерн-Зигмаринген, Польша Маршалы Михал Роля-Жимерский, Югославия Маршалы Иосип Броз Тито.

1978 жылы 20 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы «Жеңіс» орденімен Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Бас хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы, КСРО Қорғаныс Кеңесінің Төрағасы, Кеңес Одағының Маршалы Л.И.Брежневті марапаттау туралы жарлық шығарды. Әрине, орден статусына бұл тіпті де сай келмейтін еді. Бірақ бұл статут соғыс кезінде де сақталмаған болатын, яғни, Қызыл Армия сапында болмаған шетелдіктер де осы орденмен марапатталған. Дегенмен 1989 жылы 21 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы М.С.Горбачев «орден статусына сай келмейтіні себепті» Л.И.Брежневке берілген бұл марапаттың күшін жою туралы жарлыққа қол қойды. Бір қызығы, «КСРО ордендері, медальдары мен құрметті атақтары туралы жалпы ережеде» марапаттың күшін жою үшін мұндай негіз болуы керектігі жазылмаған болатын.

Интернет материалдары бойынша әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button