Тарих

Тарих тағылымы — бізге сабақ

Тағдыр

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғын-сүргінді, Дүниежүзілік соғысты көрді.

Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс» деп атап көрсетті.

Зарлық Маханұлы — мың өліп, мың тірілген, сан сынақты бастан өткеріп, қиындықтарға қайыспай қарсы тұрған осындай буынның бір өкілі.

Атамекені Шалқар жері болғанымен, қуғын-сүргін салдарынан шалғай мекенде, сыртта ғұмыр кешеді. Бірақ ел туралы естеліктері, қағазға түсірген жазбалары оның туған мекенге сағынышы суымағанын, артына алаңдап отырғандығын білдіреді.   

Біздің тағдыр

Әкем Махан 1935 жылы Алматының Шамалған деген жерінде дүниеден озды.

Алматының екінші бір жағындағы Қоянқұста Көптілеу, Қалибай, Қанибай, Думан деген азаматтар тұрды. Олардың барлығы да 1932-33 жылдарғы ашаршылықта тағдыр айдап Шалқар жерінен шалғайға қоныс аударған Жаңғылыштың  Есенгелді тарауының ұрпақтары. Сол кездегі тағдыр айдап Жетісу жеріне келгендер ішінде Жұмағали деген азамат та бар.

Қарағандыдағы еңбек армиясы қатарында Қапу, Ақыл үшеуіміз бірге болдық. Мен 1947 жылы сол жерден қашып, Қарақалпаққа қарай, Шымбайға кеттім. Шымбай, Қараөзекте біраз елден көшкен ағайындар болды.

1950 жылдары Әмударияның үстімен, дарияның күн шығар Шымбай жағы  еді, пароходпен өтіп бара жатып, ұмытпасам қырық-қырық бес жас шамасындағы Асан (Омар да болуы мүмкін) деген қазақпен ру сұрасып қалдым. Руы Жаңғылыштың Есенгелді-Тауасары екен. Өзі Баржының штикері, басшысы боп жұмыс жасайды. Сол Асан ағадан: «Тауасар қанша ағайынды болған?» деп сұрағанымда, «Тоғыз Тауасар. Осы Қарақалпақстанның аумағынан сол тоғыз Тауасардың ұрпақтарын кездестіруге болады», — деп жауап берді.

Шалқарлық шежіреші Реш Бекенбаевтың кітабында соның сегізі бар. Тоғызыншы Тауасарды шындап іздесең табасың.

Арқардан Сармырза мен Махан туады. Сармырза — әкемнің туған ағасы.  Сармырза сексен алты жасқа дейін жасады. Сармырза атамның айтуы бойынша,  Жаңғылыш бабамыз үш рет Қызыр атаны көріп, батасын алған екен. Әлімнен кейін Жаңғылышпыз деуіміздің сыры да осында болса керек. Бұрынғы аталарымыз Жаңғылышқа Қызыр қонған депті.

Қызыр атадан бата алған

Тауасар атамыз отыз жасында түн ішінде далада жылқы бағып жатады. Түнде анадай жерде тұрған ақ қалпақты адамды көреді. Ұшып тұрып жүгіріп барып «Ассалаумағалейкум!» деп қос қолдап қолынан алады. Ана кісі «Ұрпақтарың көп болсын. Дәулетті, бақытты бол!», — деп батасын береді. Сол кісі Қызыр ата екен. Тауасар атамыз: «Амандасқанымда бармағы былқылдап тұрды. Сүйегі жоқтай сезілді» десе, адамдар: «Онда ол жай адам емес, Қызыр ата болды ғой», — депті. Содан Тауасар атамыздың ұрпақтары ауызбіршілікті, дәулетті болып өніп-өсіп кеткен.

Малдыбай атамыз — Тауасардың немересі. Пұсырманның баласы. Малдыбай отыз жасында тіл-көзден өлген. Хиуанының қоңыраулы түйе палуаны қазақтармен күресуге Шалқарға келгенде соны жеңген екен. Қоңыраулы палуанға ешкім шақ келмепті. Сонда бір ақсақал: «Мына сарттың бетін қайтаратын Шектінің қатыны бір ұл тумаған ба?», — деп айқайлағанда, Малдыбай ортаға атылып шығыпты.

Тауасар атасының батасын алған Малдыбай Хиуаның түйе палуанымен белдескенде, оны жерден көтеріп алып: «Я, Әзіреталы!» деп басынан асырып лақтырады. Осыны көріп тұрған көзі өткір біреу ішегін тартыпты. Содан бір ай ауырып, төсек тартып, Малдыбай  дүниеден қайтқан. Малдыбайдан бір бала қалған. Оның аты — Тұрлыбай. Тұрлыбай сыбызғы тартқан адам екен. Тұрлыбайдың баласы Құрышболат. Құрышболаттың мыңнан аса жылқысы болған екен. Оның қалың жылқысы Боташ тауын жайлаған.

Махан Арқаров Алақозыда — №12 ауылда туған. 1928-29 жылдарға дейін сонда тұрып, ашаршылықтың алдында колхоздастырудың кезінде «Коммуна» деген пароходпен Аралдан Қарақалпаққа өтіп кеткен. 1933 жылы Кеңес өкіметі Қарақалпақтағы аштықта кетіп қалған қазақтарды Арал теңізі арқылы Қазақстанға күшпен қайтарғанда Маханды отбасымен Алматының Шамалған деген жеріндегі Ленин колхозына жұмысқа әкеледі. Махан сол жерде 1935 жылы дүниеден өтті. Әкемнің басында белгі де жоқ. Жатқан жерін шамамен білемін. Маханның Алашордаға қатысы болуы да мүмкін. Орынборда біренеше рет болған екен.

Қызыр атадан бата алған Жаңғылыштың ұрпақтары ақылды, қайратты, әділ болуы керек. Сол жолды кейінгі Есенгелдінің ұрпақтары қандай жағдай болмасын ұстауымыз қажет!

Алақозы

Ерте заманда ел қыстаудан жайлауға көшкенде ескі жұртта бір ала қозы  қалып кетеді. Қалып кеткен қозы жері шүйгін, шөптің алуан түріне жайылып, қарны тойған соң күнде бір құмақ төбенің басына келіп түнейді екен. Сол түнеген жері кейін биік тауға айналыпты. Сол тау әлгі ала қозының атымен Алақозы аталып кеткен.

Сынтас

Ертеде сол Алақозы деген жерде бір бай болыпты. Байдың ерке өскен қызы болған. Сол қызды бойжеткен соң бір байдың баласына көп жасау, көп мал дүниесімен ұзатқан. Ұзату тойын жасаған. Бірақ қыздың әкесінің байқауынша, қызының көңілі бір нәрсеге тоймай кетіп бара жатқандай сезіледі. Ұзатылып кетіп бара жатқан көштің соңынан бір адамын атпен шаптырып жіберіп, қызынан: «Әкеңе ризасың ба?», — деп сұратыпты.

Сонда қызы: «Риза емеспін. Егер әкем мені риза болсын десе, маған белдеуде байлаулы тұрған арғымағын берсін», — деп сұратып жіберіпті. Қызының сұратқан қазанаты елде жоқ әкесінің қимас жылқысы екен. Әкесі қызының көз тоймас дүниеқоңыздығына налып: «Өзің де, берген дүние-мүлкім, кетіп бара жатқан көшіңмен «тас бол» деп қарғапты», — дейді.

Әке қарғысына ұшыраған қызы мал-мүлкі, керуені түгел тасқа айналып, қатып қалған екен. Сол жер қазір де Сынтас деп аталады.

Бұрын ерте заманда Сынтас биік шоқы екен. Ұзыннан ұзын шұбатылған биік шоқы болған. Ол жерде биік-биік қызыл тастар толып тұрған. Сәукеле киген қыздың айналасындағы құлдары, жылқы,түйе, тағы басқа төрт түлік малдар, жасауы бәрі тасқа айналып тұрғанын байқауға болады екен. Соның орны қазір де бар.

(Ескерту: Сынтас туралы аңыздың ел ішінде айтылатын басқа да нұсқасы бар).

 Әлімбай НАЙЗАБАЕВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі.

Зарлық Маханұлы

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button