Басты жаңалықтар

Сайлау-2022: үміткерлер кім?

Кезектен тыс Президент сайлауына бір ай он күндей уақыт қалды. Сейсенбі күні Президенттікке кандидаттарды тіркеуге берілген уақыт аяқталды. Бүгінде үміткер атанып үлгерген адамның саны – 12. Оның үшеуі — әйел. Тіркелген үміткерлер кім? Олар туралы не білеміз?

Қасым-Жомарт Тоқаев

Орталық сайлау комиссиясы үміткерлердің талапқа сәйкестігін анықтау отырыстарын өткен аптаның демалыс күндері бастап кетті. Әуелі қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидат ретінде талаптарға сәйкестігі туралы қаулы қабылданды. Ал кеше орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді.

Орталық сайлау комиссиясы заң аясында құзыретті органдарға сұрау салу арқылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы екенін белгілеп, кейінгі 69 жыл бойы Қазақстанда тұрған деген мәліметті тіркеді. Ал мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі — 43 жыл 1 ай. Өзге кандидаттардан бір айырмашылығы, Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы ҚР Конституциялық Заңының 54-бабы 2-тармағы бойынша қазіргі Мемлекет басшысы ретінде мемлекеттік тілден емтихан тапсырудан босатылған.

Әуелі Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын Президенттікке мәслихаттар депутаттарынан құралған республикалық қоғамдық бірлестігі, «Қазақстан спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстанның Азаматтық альянсы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Qazaqstan Team» қоғамдық бірлестігі, Ұлттық волонтерлік желісі ұсынған болатын. Кейін бұл қатарға Amanat партиясы, «Қазақстан Халық партиясы» және «Ақ жол» партиясы қосылып, бір коалицияға бірікті.

Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы Алматы қаласында туған. Еңбек жолын 1975 жылы КСРО-ның Сыртқы істер министрлігінде бастап, Кеңес Одағының Сингапур Республикасындағы елшілігіне жұмысқа жолданған.

2019 жылғы 20 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті ретінде ант қабылдады.

2019 жылы 9 маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында 70,96 пайыз дауыс жинап, Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. 2019 жылы 12 маусымда ҚР Конституциясының 42-бабына сәйкес ант беріп, ресми түрде сайланған Президент ретінде Мемлекет басшысының лауазымына кірісті.

2021 жылы сәуір айынан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы. 2022 жылы қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы.

Мейрам Қажыкен

Орталық сайлау комиссиясының талапқа сәйкестігі туралы қаулысына екінші болып Мейрам Қажыкен ие болды. Оның кандидатурасын «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі ұсынып отыр. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша Қажыкен Мейрам Зекешұлы — тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы. Ол Қазақстанда 61 жыл бойы тұрады. Мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі — 14 жыл.

Мейрам Қажыкен 2015 жылдан бері «Астана» халықаралық ғылыми кешені экономикалық зерттеулер институтын басқарады. Бұған дейін де ол қоғамды зерттеу институттарының біріне жетекшілік жасаған. Кандидаттың өмірбаянында оның жасы 61-де екені айтылады. Павлодар облысының перзенті. Ол 2003-2005 жылдары сол кездегі ҚР Премьер-Министрі Даниал Ахметовтің кеңесшісі болған.

Жигули Дайрабаев

Ерекше есімі назар аудартатын Жигули Дайрабаевтың да талапқа сәйкестігі туралы қаулы қабылданды. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынған үміткер Жигули Молдақалықұлы Дайрабаев — тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы. Ол Қазақстанда 67 жылдан бері тұрады. Мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі — 7 жыл.

Жигули Дайрабаев Жамбыл облысында туған. Ол — Қазақстан Жоғарғы Кеңесі XII шақырылымының депутаты (1990–1995), Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы (2022 жылдың маусымынан бастап) және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқасы агроөнеркәсіптік кешен комитетінің төрағасы (2022 жылдың маусымынан бастап).

Нұрлан Әуесбаев

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия атынан ұсынылған үміткер Нұрлан Әуесбаевтың да Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидатқа қойылатын талаптарға сай екені туралы қаулы қабылдады. Ішкі істер министрлігінің дерегі бойынша ол да тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы. Елімізде 65 жылдан бері тұрады. Мемлекеттік қызметтегі жұмыс тәжірибесі — 10 жыл 8 ай.

Нұрлан Әуесбаев 1957 жылы Түркістан облысында туған. Ол — Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның астаналық филиалының жетекшісі. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін бітірген. Ұзақ жылдар әкімдіктерде түрлі қызметтер атқарған.

Қарақат Әбден

Қарақат Әбден де Орталық сайлау комиссиясының талаптарға сәйкестігі туралы қаулысына ие болды. ҚР Ішкі істер министрлігі ұсынған мәлімет бойынша ол —тумысынан Қазақстанның азаматшасы, Қазақстанда соңғы 48 жылдан бері тұрады. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі — 9 жыл 1 ай.

48 жастағы Қарақат Әбденнің мамандығы — экономист-маркетолог, Алматы халық шаруашылығы институтында оқыған. Астана қалалық мәслихат депутаты.

Еңбек жолын Алматыдағы жекеменшік фирмада экономист болып бастаған, он шақты жыл Қаржы министрлігінде әртүрлі басшылық лауазымдарды атқарған.

Астана қаласының мәслихаты ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Қарақат Әбден қаладағы бірнеше бөбекжайға жетекшілік етеді. Мәселен, оның 2011 жылы «Нұр Бөбек» ЖШС-ның құрылтайшы-директоры болғандығы айтылған.

Сондай-ақ 2013 жылдан бері «Қазақ қызы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Асыл Бөбек» Астана қаласы жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдары қауымдастығының төрайымы лауазымдарын атқарып келеді.

***

Бұл бестік Орталық сайлау комиссиясының талаптарына сәйкестігі қаулымен бекітілген.

Ал қалған 7 кандидаттың құжаттарын Орталық сайлау комиссиясы қарап жатыр.

Атап айтсақ, «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігінің атынан ұсынылған Мәжілістің экс-депутаты Нұржан Әлтаевтың құжаттарына қатысты бұған дейін даулы мәселе туындаған болатын.

Орталық сайлау комиссиясы 7 қазанда сол даулы мәселе бойынша тексеріс басталғанын мәлімдесе, 11 қазанда Нұржан Әлтаевтың тіл емтиханынан сүрінбей өткенін тіркеді.

10 қазан күні «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінен Жұматай Әлиевтің құжаты өткізілгенімен, Орталық сайлау комиссиясы әлі оның талаптарға сәйкестігі туралы нақты бір шешім қабылдаған жоқ.

«Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігінің атынан ұсынылған Талғат Ерғалиевтің құжаттары да Орталық сайлау комиссиясында қаралып жатыр.

Үміткерлерден құжат қабылдаудың соңғы күнінде бірнеше адам Орталық сайлау комиссиясына жүгінді.

Солардың бірі — «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Хайролла Мағауияұлы Ғабжалилов.

Кандидатурасын «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова да Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырды.

Сондай-ақ сейсенбі күні Орталық сайлау комиссиясына Фатима Бизакованың кандидат болып ұсынылғаны туралы құжат келіп түсті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, оны «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігі ұсынған.

Үміткерлерді тіркеудің соңғы сәтінде тағы бір кандидат құжаттарын тапсырды. Ол — «Қазақстандық Футбол Әуескерлері Лигасы» қоғамдық бірлестігінің атынан ниет білдірген Бақыт Маратұлы Жаңабаев.

Р.S. Сонымен, кезектен тыс Президент сайлауына 12 адамның кандидатурасы ұсынылып, оның бесеуін Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне үміткерге қойылатын талаптардың бәріне сай деген қаулы қабылдады.

Қалған 7 үміткердің Президенттікке кандидатурасы қаншалықты сәйкес екенін Орталық сайлау комиссиясы қарап жатыр.

Интернет материалдары бойынша әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button