Тарих

Өмір Пұсырманұлы


Гордиться славою своих предков не

только можно, но и должно. Не

уважать оной есть постыдное малодушие.

А.С.Пушкин

Оның айналасында аңыз көп. Өмірді туарда шешесі аққудың етіне жерік болыпты дейді. Сондықтан ол жаны  кіршіксіз таза, лас нәрседен аулақ жүретін кірпияз, мұсылман баласына қиянаты жоқ адам екен дейді. Өмірдің аты руға шыққан, алайда одан тараған ұрпақтың шаңырақ санының  осы уақытқа шейін аса көп болмауы да анасының аққуға жеріктігінен деседі. Ұрпақтары әлдеқашан жеті атадан асып кетсе де, өзара қыз алыспай келе жатқаны да содан көрінеді…

Пұсырманның  алты баласының ішінде әуел баста-ақ Өмір мен Жарас бірыңғай екен,  сол үрдіс осы уақытқа дейін сақталып келеді. «Бес Пұсырман» арасында Жарас пен Өмірден тарағандар  өзгелерге қарағанда біртабан жақын, жайлауы мен қыстауы аралас-құралас, бір-біріне қыз беріп, қыз алып құдандалы болу жағынан да алға шыққан.

Мұның себебін де қариялар сол баяғы аққуға апарып тірейді. Себебі атақты Жарас мерген – тусы бөлек, тұрпаты өзгеше, дүние-мүлікті соңына түсіп жимаған, жазықсыз қан төгуден бойын аулақ ұстаған, аса тазайын адам болған. Мінез-құлықтағы осы ұқсастық ағайынды екеуін одан әрі жақындастыра түсіпті.

Жуас деп жүрген, «таяқ беріп, қойға қою керек» деп жүрген Өмірден атақты батыр да туған, шешен де туған, көсем де туған, хан да шыққан….

Кешегі аласапыран өтпелі кезеңде тағы да әлгі аққудың еті мешәйт етсе керек, аталары сондай да сондай болған Өмір баласынан қазір «мақтанышқа» айтайық десек бірде-бір елді шулатқан рэкетші, жол кескен ірі қарақшы, мысты алтын деп алдаған суайт алаяқ, халықтың несібесін тонаған атақты кәззап шықпапты.

Ол – ол ма, ағаларымыз қолында тұрған нәрсені басып қалмапты, шайнамай жұтып жібермепті. Адалдығын, жиркеншектігін қайтерсің.

Тарихи дерекке жүгінсек, Өмірдің алтыншы атасы Мәку(Қалу), сегізіншісі – Мұса, он біріншісі – Нұраддин, он екіншісі – Едіге. Төртеуі де атақты «Қырымның қырық батырының» кейіпкерлері. «Қырымның қырық батырында» «Мұса хан», «Нұраддин», «Едіге» деген дербес цикілдік жырлар бар. «Едігенің» елуге тарта нұсқасы бар. Бұл атақты тарихи-қаһармандық эпосты түрікмен, өзбек, татар, башқұрт, қарақалпақ, ноғай, қазақ халықтары жырлаған. Яғни күллі түркі жұртына ортақ.

Қайыра аңызға ден қойсақ, Едіге перінің қызынан туыпты, атасы – Баба түкті Шашты Әзіз көрінеді. Міне осылай, Өмірдің айналасында аңыз көп – тарихи аңыз, аңыз, әпсана, аяғы ертекке ұласады.  Перінің қызы – ертек емей немене? Әлде сол неме шынымен ертеде болған ба? Әмериканың дамыған ғылымы қазіргі адамзат айналасындағы дүниенің бес-ақ пайызын танып біледі дейді ғой. Рас болса тым қорқынышты…

Жә, Өмірге оралайық. Өмірден төрт бала – Мырзалы, Байдалы, Бердалы, Сердалы. Бұл төрт баладан атақты батыр да туған, шешен де туған, көсем де туған, хан да шыққан дедік. Енді бұл сөзге дерек қажет. Дерегі бар.

Біріншіден, осылардың қай-қайсысы да қазіргі ұрпақтарынан ілгері болған.  Мырзалы аузы дуалы сөз ұстаған шешен, Байдалы бет қаратпайтын батыр екен. Заманында ауыл арасының емес, «Алшынның ақсақ барысы» атанған. Ал Алшын  29 таңбалы   қисапсыз көп халық. Күллі кіші жүз. Тарихи жырда:

…Өмірден туған Байдалы

Айыбы ақсақ демесең,

Аруағы бұлтпен таласқан

Батыр екен айлалы;

Байтақ жатқан қалмақты

Қонысынан аударып,

Хажтарханнан асырып,

Иіріп қойдай айдады, – деп дәріптеледі.

Он тоғызыншы ғасырдың басында туған,  1847-1858   жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің басшыларының бірі болған Өмір Қарағұл батыр (1806-1890)  – әрі би, әрі молда кісі екен. Елінің тәуелсіздігі үшін күрескен қаһарманды жыр жүйрігі Нұрпейіс Байғанин:

Қарағұлдай ерім бар,

Қарағай найза толғаған,

Талай, талай жауларға

Аттанысқан аламан.

Өтірік десең көзіме айт,

Дәрібай мен Қарағұл

Бар ма еді жауды санаған?!

Ерлігіне мақтанам,

Дұшпанын қылған қара қан.

…Жауға бүлік салған ер,

Беттеген жауын алған ер, – деп жырға қосқан.

Есет батыр Көтібарұлы сарбаздары батыс аймақтың аға сұлтаны Арыстан төрені өлтіріп, кейін ұлт-азаттық көтеріліс басып-жаншылған  соң Арыстанның туған інісі құн даулап келеді. Есет шеттеңкіреп бой тасалап жүрген Қарағұлды шақыруға мәжбүр болады. Алып денелі, өткір көзді, түсі суық, қарасұр адам үйге батыл еніп, төреге сәлем берместен есік алдына тізе бүгеді. Жанындағы Қабақ-Тілеудің жайсаңдарына мойын бұрған төре танымағансып «Мыналарың кім?» дейді. Сонда батырдың түтігіп кеткен түрінен шошынған Нияз би: «Бұл келген батыр Қарағұл, би Қарағұл, , молда Қарағұл, мырза Қарағұл» – дейді. Таңырқаған төре: «Осының бәрі бір кісінің басына сыя бергені ме?» – дейді. Нияз би кідіріп қалғанда, ойға жүйрік Қарағұлдың өзі іркілместен: «Тайынбай шанышса, батыр болады, турасын айтса, би болады, көп оқыса, молда болады, бере берсе, мырза болады. Бұның бір адамның басына сыймайтын несі бар?!» – депті. Төре: « Болсаң боларсың, түрің тым жаман екен», – дегенде, батыр: «Мен Арыстан төрені өлтіргенде үй айнала қашып едің, сонда сенің де түрің онша емес-ті. Еріксіз, шақыртумен келіп отырған адамда қайдан түр болсын», – депті.

Іркіліп, ойланып қалған төре батырға оң жағынан орын беріпті деседі. Қазақта «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген бар, қорқуды білмейтін, жаным арымның садақасы деп есептейтін Қарекең үйге кірерінде қылышының бәйенегін ағытып қойған екен дейді, ақ патшаға арқа сүйеген, жеңісіне масайраған төре артыққа кетсе басын шауып тастайын деп. Төре де тегін емес, осыны сезсе керек. Екі жақ бітімге келіпті.

Өмірден шыққан аса ірі деңгейдегі тарихи тұлғалардың бірі – Әзберген Мұңайтпасұлы. Әзберген нақты дерегі жоқ, ел аузындағы «дейді-дейді» бейне емес, оның есімі совет үкіметі кезіндегі «Қазақ Совет энциклопедиясына», кейінгі шыққан Ұлттық энциклопедиямыз «Қазақстанға», «Ақтөбе» энциклопедиясына енген. 1943,1949,1957 жылдары басылған ресми нұсқа «Қазақ ССР тарихының» бірінші томдарында жүр. Орта Азия халықтарының тарихтарында бедерленген. Ұлы ақын Бердақ, Кердері Әбубәкір, Сарышолақ шайыр өлеңдерінде, ұлы ғалымымыз Ш.Уәлиханов еңбектерінде құрметпен аталады. Орыс-қазақ жылнамаларында тұр. Архивтерде жатыр.

Шоқан Уәлиханов 1861 жылы жазған «Орта Азия хандықтары: Хиуа, Бұхар мен Қоқан және олардың Ресеймен қарым-қатынастары» деген белгілі еңбегінде: «1858 жылғы күзде Қоңыратта кек қайтаруға құлшынған Мұхаммед Фенаның басшылығымен бүлік бұрқ ете түсті. Оған Қоңырат төңірегінде көшіп-қонып жүрген қазақтар, оның ішінде белгілі бүлікші Есет Көтібаровтың туысқаны Әзберген би қосылды. Хиуалықтарға қарсы төтеп беруге шамасы жетпейтінін сезіп Мұхаммед Фена көмекке түрікмендерді шақырмақ еді. Алайда Әзберген кейін бұл адуын асау қарақшылардан құтыла алмай жүрерсің деп жан-тәнін салып бұған қарсы шықты. Әйткенмен, Мұхаммед Фена шамасы түрікмендермен, олардың ханы Атамұратпен астыртын анттасып, одақ құрып қойса керек», – деп көрсеткен. Осы үзіндідегі Әзберген би – Әзберген Мұңайтпасұлы.  Мұның айғағы ғалымның «бүлікші Есет Көтібаровтың туысқаны» деген сөзі. Ғалым бұл жерде патша үкіметінің ыңғайына қарап Есетті «бүлікші» деп отыр. Әзбергенге де тереңдеп бармайды, алайда Мұхаммед Фенаның жеңіске жетуіне оның айрықша ықпалы тигенін шебер жеткізеді.

Әзберген Мұңайтпасұлы 1860 жылы 10 адамнан тұратын арнайы депутация құрамында Санкт-Петербургте 31 шілдеден 24 тамызға дейін болған. Сонда жүргенде Әлмұхаммед Сейдалин және Мұхаммед-Салық Бабажановпен бірге түскен суреті бүгінгі күнге жеткен.  Суретті түсірген – А.И.Шпаковский деген фотограф. Әзберген батырдың қазақтың сол кездегі  ең атақты зиялыларымен таныс-біліс болуы, қатар отырып, тең дәрежеде кеңес құруы оның қандай адам екенін айқындай түседі. Оның есімі Орынбор генерал-губернаторлары В.А.Перовский, А.В.Катенин, Түркістан генерал-губернаторы К.П.Кауфман арқылы Ресейге, Ресей патшасы Александр ІІ-ге мағлұм болған. Оны Қарақалпақтың классик ақыны Бердақ:

Құдайым бір сондай ерді жаратмыш,

Баян етсем, аты оның Әзберген.

Бүлбіл ғоя кібі, шірін дүр сөзі,

Мәулім збанына жүз мың сөз берген.

Һешкім бұндай емес адам зурияттан,

Қазақ, қарақалпақ, өзбек елаттан.

Сөздері шіріндүр қанты-набаттан,

Сөйлескенде кеулін ашып һаз берген.

Қылышы өткірдүр һешкім бара алмас,

Батырлығын дұшпандары көре алмас,

Өзі әдалатты, һаргіз пара алмас,

һәркімдерге дуры төре сөз берген! –

деп мадақ тұтады. Білген соң, бірге жүріп қадір-қасиетін көрген соң.

Ырғыз үйезі бастығының 1870 жылы Торғай облысының губернаторына жолдаған хатында: «Хиуа ханы өз халқының салты бойынша би Әзберген Мұңайтпасұлын хан жариялады» деп аққа қарамен таңбалаған.

Артында осындай-осындай ұрпақ қалдырған Өмірді іздеу тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толғанда барып жүзеге асты. Тым кеш, бірақ қазақ айтыпты ғой «ештен кеш жақсы» деп. Алдыңғы жылы шалқарлық Қалабай Нұрмашев бастаған бес адамнан құралған арнайы экспедиция Өмірдің асыл сүйегі жерленген орынды тапты. Шалқар ауданының оңтүстік шегіндегі Бозай ауылынан 45 шақырым, Қыздаршыққаннан бастап есептегенде 16 шақырым жердегі «Мыңжылқыныңқызылойында» жатыр екен. Биыл садақаға мал шалынып, атаның руқына арналып құран оқылды. Ат шаптырылып, шапан үлестірілген жоқ. Оның дәурені өткен. Есесіне Ақтаудың салмағы екі тоннадан асатын ақ тасынан аса ауыр белгі қойылды. Теңіз тасының ортасына ойып орнатылған тот шалмас асыл металға «Руы әлім. Шекті Пұсырманұлы Өмір. 17-18 ғғ.» деп таңбаланыпты. Бұл белгінің бабаның кейінгі ұрпақтарының өзін-өзі тануы үшін, қанының таза, оң жолда жүруі үшін пайдасы барлығына ешкім шек келтірмесе керек. Яғни тәрбиенің бір парасы.

Еламан МЕЙІРМАНОВ,

Шалқар.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. нағыз көп айтыла бермейтін тарихи деректер. осындай құнды мәліметтер тарихи мұраларымызды одан әрі жандандыра түседі. сондықтан да осы секілді мақалалар көп жазылса

  2. Мақала жақсы жазылған, бірақ бұл жерде рушылдық бар сияқты, Әзберген би де Қарағұл батырда өте мықты әйгілі адамдар болған ғой, Әзбергенмен Қарағұлды көтеріп, Есетті төмен тастағандарын жарамапты ағайындар. Есетті бүкіл қазақ біледі ғой, бәріміз ағайын туысқан Бес Қабақ емеспізбе.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button