Шежірелі өңір өткен жол

Шалқар ауданына — 90 жыл
Жанболат ЖИДЕХАНОВ,
Шалқар ауданының әкімі

Шежіресі бірнеше ғасырды қамтитын Шалқардың Ақтөбе облысының құрамына еніп, өз алдына бөлек аудан болып ірге көтергеніне биыл 90 жыл толды. Бір ғасырға жуық кезеңде бұл өңірде көптеген өзгерістер орын алды. Іргелі ілгерілеу, жүйелі жетістіктермен қатар, қиыншылықтар да болмай қалған жоқ.
1931-1932 жылдардағы ашаршылық, одан кейінгі қуғын-сүргін бұл өңірдің өркендеп-дамуына айтарлықтар қиыншылықтарын тудырды. Көптеген тұрғындар атамекенінен безіп, Өзбекстан, Қарақалпақ елдеріне қоныс аударды. Одан кейін Ұлы Отан соғысы басталды. Міне, осындай ауыр жағдайда Шалқар Ақтөбе облысының құрамындағы дербес аудан ретінде өзінің өндірістік, экономикалық және әлеуметтік саладағы тіршілігін дамыта берді.
Сол кезде қалыптасқан күрделі жағдайда партия мен үкімет халықты отырықшылыққа айналдырудың барлық шараларын қарастырды. Мал шаруашылығымен қатар егіншілік те қолға алынды.
Егер деректерге үңілсек, 1934 жылы ауданда 6370 гектар жерге тұқым себілген. 1934 жылы каучук өңдейтін зауыт, электр стансасы, наубайхана, «Красный Восток» артелі, қуаты 150 ваттық радиостанция, 2 пошта бөлімі жұмыс жасаған.

Соғыс жылдарында ел қорғауға Шалқардан 7500-дей адам аттанған. Көптеген жастар майдан даласында қаза тапты. Ал елге аман-есен оралған жауынгерлер шаруашылықтардың экономикасын көтеруге белсене кірісті.
Кеңестік заманда ауданда кеңшарлар табысты жұмыс істеді. Тіпті біздің шаруашылықтар еліміздегі арзан ет пен жүн фабрикасы деген атаққа да ие болды. Көптеген еңбек адамдары жоғары наградалар алды. Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаев, еңбегімен ел құрметіне бөленген Жұмабек Дүйісов, Елубай Ерімбетов, Смағұл Маманов, Алексей Тихонов, Нағым Қобыландин, Ысқақ Абдуллин және басқаларының есімдері бүгінде жас ұрпақ үшін үлгі.
Еліміз егемендік алған жылдары нарықтық экономика үстемдік алып, жаңа құрылымдар пайда болды.
Бүгінде халық саны 50 мыңға жақындап келе жатқан Шалқар ауданында экономикалық белсенді тұрғындар саны 22453 адамды құрайды.
Аудан 1 қала және 12 ауылдық округке қарасты 32 елді мекеннен тұрады. Оның ішінде 8 елді мекен — тірек, 9 елді мекен спутниктік елді мекенге жатады.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысымен ауданда белгіленген негізгі экономикалық көрсеткіштер мен бағдарламалар бойынша негізінен тұрақты даму қалыптастырылды.
Ауданда алғашқы жеке шаруа қожалықтары құрылып, шағын кәсіпорындар бой көтерді. 1995 жылдың басында аудан көлемінде кәсіпкерлікке бағыт ұстаған 7 мыңдай жеке тұлға, 170-тей шағын кәсіпорын тіркелді. Бастапқыда қиыншылықтар болғанымен, ғасыр тоғысында аудан экономикасы мен халықтың әл-ауқаты жақсара бастады.
Үкіметтің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы Шалқар өңірінде бірқатар игіліктерге жол ашты. Мемлекет және демеушілердің қаржысымен Шалқар қаласында тәулігіне 250 адам қабылдайтын емхана, 4 орта мектеп, 1 негізгі мектеп, ауылдар мен аудан орталығында бірнеше балабақша мен мәдениет ошақтары ашылды. Қаладан саз мектебі, Аққайтым, Бершүгір елді мекендерінде дәрігерлік амбулатория, Есет ауылында медпункт салынып, іске қосылды. Теміржол бойындағы халықтың сұранысы бойынша Қарашоқат орта, Шоқысу негізгі мектептері ашылды. Қаладағы Әліби Жангелдин орта мектебінің жаңа ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Аяққұм ауылына электр қуаты пайдалануға беріліп, Бозой, Бегімбет, Қаратоғай, Алабас елді мекендері ауызсумен қамтылды.

Аудандағы өндіріс орындары, әсіресе «Жаңатас-Продактс» ЖШС, «Таукен» ЖШС, «Ырғыз-Тасқұм» ЖШС, Біршоғыр шағылтас зауыты, темірбетон зауыты, вагон доңғалақтарын жөндеу шеберханасы, нан, жылу, су өндіретін кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеді.
Ауданда ауыл шаруашылығын дамыту — басты орында. Биылғы жылдың алты айында бұл саладағы жалпы өнім көлемі 7425,0 миллион теңгеге жетті. Өңірде 510 шаруа қожалығы, 21 ауыл шаруашылығы кооперативі және 1 өндірістік кооператив белсенді жұмыс істеуде.
Мал басының қай түрінен де өсім байқалады. Қазіргі уақытта ірі қара 58,4 мыңға, қой-ешкі 140,5 мыңға, жылқы 52,7 мыңға, түйе 15,0 мыңға, құс 6,1 мыңға жетті. Өндірілген ет 5,2 мың тонна, сүт 8,4 мың тонна, алынған жұмыртқа 369,1 мың дана құрады.
Жалпы сала бойынша есепті кезеңде 37,0 миллион теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 115,3% құрайды.
«Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде биыл аудан шаруашылықтары 673 ірі қара, 2105 қой сатып алды.
Ауылшаруашылық техникаларын жаңарту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Ағымдағы жылы 570 га жерге картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 10 гектарға артық. 6 шаруашылық картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілген 50 га жерге тамшылатып суару техникасын пайдалануда.
Қысқа мал азығын дайындау бойынша 293,6 мың тонна деп белгіленген жоспар қазір толығымен орындалды.
Мал шаруашалығын цифрландыру бойынша 6 ауылшаруашылық тауарын өндірушілер 16 GPS трекер қондырғысын жылқы малына қондырды.
Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 2832 бірлікті құрайды, оның 2666-сы жұмыс жасап тұр. Биылғы бірінші тоқсанда шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 1 454,0 миллион теңгенің өнімін өндірді. Жалпы бұл салада 3,5 мың адам жұмыс жасайды немесе экономикалық белсенді тұрғындардың 16,0 пайызын құрайды.
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 90 жоба жоспарланып, қазіргі таңда 75,5 миллион теңгенің 11 жобасы жүзеге асырылды.
Ауылдардың газ желісіне қосылуы да жүйелі жүргізіліп, сумен қамтамасыз ету ісі де тиянақты орындалуда. Мәселен, аудандағы 33 елді мекеннің он екісі көгілдір отынмен қамтамасыз етілсе, енді Есет ата ауылы мен Қопасор селосы кезекте тұр. Орталықтандырылған ауызсумен тұрғындардың 99 пайызы қамтылған. Екі ауылда су құбыры желісі жарақтандырылуда, жобалар өткен жылы басталды, осы қазан айында аяқталады деп отырмыз. Бірінші желі Көкмола селосынан Кеңдала арқылы Жыланға дейін, екіншісі Тоғыздан Шіліктіге дейін тартылады. Бұдан басқа өткен жылы бір ауылда блок-модуль орнатылды, осындай құрылымдар енді үш ауылда іске қосылмақшы. Соның нәтижесінде ауызсумен қамту 99,9 пайызға дейін көтеріледі.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Шалқар ауданы — облыстың оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс.
Батысында Байғанин, солтүстік-батысында Мұғалжар, солтүстігінде Әйтеке би, Ырғыз, шығысында Қызылорда облысының Арал ауданымен, оңтүстігінде Қарақалпақстан автономиялық республикасымен шектеседі. Алғашында 1921 жылы аудан болып құрылған. 1922 жылы аумағында 6 болыс кіретін уезд, 1924 жылы 20 болысы бар аудан, 1932 жылы Ақтөбе облысы құрылғанда Шалқар ауданы болды.
Облыстың төрттен бірін алып жатқан Шалқар ауданының жер бедері әр қилы. Мұғалжар тауының оңтүстік жалғасы саналатын солтүстік, солтүстік-шығысы аласа таулы, қыратты-белесті. Бұл өңірінде Мұғалжар тауының ең биік жері — Боқтыбай тауы орналасқан. Одан басқа аудан аумағында бірнеше таулар және тау жұрнақтары бар.
Ауданның батысын бойлай Шағырай үстірті, Шошқакөл бұйраты созылып жатыр. Оңтүстік-шығысында Алтыншоқы таулары орналасқан. Ауданның орта тұсын Үлкен Борсық, оңтүстік-шығысын Кіші Борсық құмды алқабы алып жатыр. Бұлардан басқа шағын келген бірнеше құмды алқаптар (Қошқарата, Мойынқұм, т.б.), сорлар (Жалпақсор, Жалтыр, Тентексор, Баспансор, тағы басқа), қоныстар (Мыңжылқы, Сексеуіл, Аққолқа, Тентексор, Қабырғайтау, тағы басқа), құдықтар (Қадырмұқаш, Шиоба, Қырған, Қырғызқазған, Басбұлақ, Қосшыңырау, Көкбұлақ, тағы басқа) мен бұлақтар (Қарабұлақ, Ақбұлақ, тағы басқа), құм жағалай қыстаулар (Қандықұдық, Ақши, Тентексор, Мәжік, Құмқұдық, Текелі, Шаупай, Санаторий, Қоғалы, Жиек, тағы басқа), құрғақ арналар мен өзектер (Кеңқұдық, Терісбұтақсай, Қарасай, тағы басқа) көптеп кездеседі.
Қиыр оңтүстігінде Арал теңізін жағалай Үстірттің шығыс кемері созылып жатыр. Оның ең биік жері — Бәйгебекмұрын мүйісі. Сайлы-жыралы, қырқалы-белесті, бұйратты-құмды келген Шалқар ауданы жер қыртысының да геологиялық тұрғысынан қалыптасу тарихы әрқилы.
Өңірдің ауылдық елді мекендерінің инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасы бойынша белгіленген 621,8 миллион теңге сомасына 3 жоба — Бегімбет ауылында спорт кешені, Мөңке би ауылында клуб және Тоғыз ауылындағы мектеп жанындағы интернат пен асханаға күрделі жөндеу қамтылған.
Биыл негізгі капиталға 10 986,7 миллион теңге инвестиция тартылса, 7 261,4 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Нақты көлем индексі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсе түсті.
Ауданда жүргізілген ірі құрылыс жұмыстары және бюджеттік инвестициялардан басқа бюджеттен тыс жобалар да жүзеге асырылуда.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында бюджеттен тыс қаржыға 34,2 миллион теңгені құрайтын 15 ірі жоба және бірнеше шағын жобалар жүзеге асырылды.
Тұрғындарды мазалаған өзекті мәселелер өз шешімін табуда. Шалқар көлін тазарту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. 2021 жылдан қолға алынған жұмыстар қазір орта деңгейге жетті. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда көлдің орташа тереңдігі 2,11 метрден 4,5 метрге дейін жетеді. Болашақта көл маңайы абаттандырылып, жастар мен балалар алаңы жұмыс істейді.
Жыл басынан бері жеке тұрғындар есебінен 15103 шаршы метр 95 тұрғын үй салынды. Шалқар қаласындағы Биекенов көшесінен 16 және 8 пәтерлік 6 үйдің құрылысына, Есет Көтібарұлы ауылдық әкімдігі құрылысына, қаладағы әскери шақырту пунктінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттары дайын.
Аудан бойынша барлық жер көлемі 6 185 080 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылып отырғаны — 1 906 846 га, елді мекен жерлері — 816 380 га, өнеркәсіп, көлік, қорғаныс, байланыс және басқа бағыттағы жерлер — 27811 га, босалқы жер көлемі — 3104891 га.
Жезқазған-Бейнеу теміржолының құрылысы Шалқар арқылы өтуі өңір тұрғындары үшін өзгеше бір леп ала келді. Аталған алып магистралдың 217 шақырымы біздің ауданымыздың үстімен өтеді. Бұл жолды салу үшін 2000 адам жұмысқа тартылады. Теміржол салынғаннан кейін де көптеген жұмыс орындары ашылды. Теміржол бойлап өтетін төрт округ тұрғындарының өмір сүру деңгейі көтерілді.
Шалқар-Бозой-Өзбекстан Республикасы шекарасы автожолының жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде.
Өткізілген скрининг қорытындысы бойынша Шалқар және Есет Көтібарұлы ауылдық округтері «Ауыл аманаты» жобасына қатыспақшы. Бұл жоба аясында мал шаруашылығын дамыту және мал өнімдерін молайту қолға алынбақшы.
Тоқсан жылдық тарих — өнегелі өңірдің ежелден келе жатқан шежіресінің бір бөлігі ғана. Біздің ата-бабаларымыз осы ұлан-ғайыр жерді мекендеп, еңбектен береке тапқан, ұрпақ өсірген.
Ілгеріден қалған игі дәстүрлерді алдағы уақытта да лайықты жалғастыра отырып, еліміздің экономикасын көтеруге үлес қосу, сөйтіп, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға күш-жігерімізді жұмсау — бәріміздің парызымыз.
АУДАНДЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ СЫР ШЕРТЕДІ
Өңірдің көп шежіресі аудандық тарихи-өлкетану музейінде жинақталған.
Этнография залында қазақтың киіз үйі, ұлттық киімдер, шеберлердің қолынан шыққан ер-тұрмандар, зергерлік бұйымдар, ат әбзелдері, қару-жарақтар, ағаш ыдыстар мен мал терісінен жасалған бұйымдар қойылған. Ағаш шебері Айдос Мұратовтың, зергер ұсталар Кеңес Орынбаев, Бекмағанбет Әділгереев, Баймағанбет Оразымбетов, Ахмет Досымов және т.б. туралы деректер сыр шертеді.

Батырлар залында елін, жерін қорғаған батыр, би бабалар туралы тарихи деректер, Сайрам соғысының қаһарманы Тілеу Айтұлы, Шекті руының биі, батыр әрі әулие Есет Көтібарұлы, ел жадында әрі батыр, әрі би, әрі молда, мырза болған Қарағұл Қонақбайұлы, қазан жүрек Қайдауыл батыр, Мөңке би, Достан би, Мырзағұл Шыманұлына арналған экспозициялар орналасқан.
Өнер залында қазақтың ұлы композиторы Қазанғап және басқа күйшілер, ақын, жыршы-жыраулар, мұғалімдер, спорт шеберлері және мәдениет саласының майталмандары, өлкедегі сырға толы тарихи-ескерткіштер жайында мағлұматтар берілген.
Сондай-ақ музейде ауыл шаруашылығы, құрылыс саласының еңбек ардагерлері және ғасырлық тарихы бар Орынбор-Ташкент теміржол мекемелері, революционер Ә.Жангелдин керуенінің Шалқар өңіріне келуі туралы деректер топтастырылған.
Шалқар өңірінен 1941-1945 жылдардағы соғысқа аттанған жауынгерлер, Кеңес Одағының батыры І.Үргенішбаев, жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері Ш.Рафиков, алғашқы ұшқыш Қ.Ақшолақов, тыл және ауған соғысы ардагерлерінің ерліктері, пайдаланған заттары қойылған.
Қазақстан Республикасының ұлттық нышандары, өзге ұлт өкілдерінің мәдениетін, тарихын, дәстүрін көрсететін топтамалар, атақты жерлестерге арналған стендтер, ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне үлес қосқан ел мақтаныштары, денсаулық саласы қызметкерлері, өлкеміздің ұлылары, аудан басшылары туралы мәліметтер орналасқан.
Табиғат бөлімінде киелі Шалқар өңірін мекендеген аң-құстар, емдік қасиеті бар шөптер, «Шалқар суы» минералды цехы, альпинист М.Тағыбергенов, алғашқы топограф Б. Халықов жайында мағлұматтар жиынтығы экспозицияға орналастырылған.






