Жолдың жайын жүрген біледі…

Биылғы күздің ең үлкен жаңалығының бірі — Ақтөбе қаласындағы оңтүстік айналма жолдың ашылуы. Өйткені бұлсәтті тұрғындар 4-5 жыл күтті. 2018 жылы басталған жол құрылысы әртүрлі себептермен кешеуілдеп, осы уақыт ішінде көлік жүргізушілер де, жолаушыларда, тұрғындар да титықтап біткен еді… Күн сайын кептеліс, уақыт жоғалту, көлік жүргізушілерінің бір-бірімен жанжалы, ірі жүк көліктерінің көптеп шоғырлануы, тұрғындардың жұмысқа кешігуі секілді жайттар енді болмайды деп сенейік.
Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың жеке қадағалауына алып, күн сайын бақылауының арқасында қазан айының ортасында ашылуға тиіс жол мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Нақты уақыт белгіленгенімен,мұндай жобалардың кейбірі айдың аяғына дейін созылып, тіпті жыл соңында аяқталып жатады. Облыс басшылығы араласпағанда уәденің соңы әлі де сиырқұйымшақтанып кетер ме еді, кім білсін?! Ералы Тоғжанов қызметіне кіріскен бойда алдымен жолдың сапасына мән берді. Жолға жауапты басқарма басшыларымен мердігерлерді бір «сілкіп» алды. Одан бұрын Заречный тұрғын үй алабындағы Елек өзенінің үстімен өтетін көпір де жаңа әкімнің сынына ілініп, тікелей тапсырмасымен жедел жөнделген-ді.
Бұған дейін облыс жұрты жол құрылысы жұмыстарының кешеуілдеуіне ең қымбат құрылыс материалы — битумның тапшылығы әсер етіп жатыр деп келген болатын. Битум көрші Ресей мен еліміздің Ақтау облысынан тасымалданатын. Көрші ел есігін жапқалы битум тасымалы қиындап, ал көрші облыстан келетін өнім сұранысты өтеуге үлгере алмай, соның салдарынан біраз мердігердің сылтауына арқауболып келген еді. Сөйтсек, мәселе тек битумда емес екен. Битум тек сыныққа сылтау, басты себептің «көзірі» боп келгені көрініп қалды.
Міне, осындай тексеріс-талаптардың арқасында Ақтөбе-Астрахан республикалық жолының қаладан шығаберісі, яғни 41-разъезд ауылындағы күре жол қызмет көрсете бастады.
Бұл жолдың республика, облыс, аудан үшін маңызы аса зор. Оңтүстік айналма жолы — облыстың ірі аудандарын жалғайтын, көлік қозғалысы өте көп белдеу. Бұл жолды Алға, Темір, Мұғалжар, Байғанин аудандарының тұрғындары күнделікті пайдаланады. Ал Қандыағаш, Алға қаласының тұрғындарының біршамасы қалаға қатынап жұмыс істейді. Күніне мың сан көлік қаланың кіреберісіндегі Жарық ауылы маңында кептелісте тұратын. Сол жердегі тұрғындардың шаң жұтуына тура келді.
Қазір мұның бәрі артта қалды. Қала іргесі жыл санап тұрғын үй алаптарымен өсіп келе жатқасын айналма жолдың бәрі қалаішілік көше болып қалған. Оңтүстік айналма жолы ашылып, жолаушылардыңжолын жеңілдеткенімен, мәселені түпкілікті шешпейді.
Облыстықжолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың айтуынша, Қобда ауданы бағытындағы Самара-Шымкент республикалық жолдан бастап, оңтүстік айналма жол жасап, солтүстік айналма жолға қосу керек. Бұл бағыт Маржанбұлақ ауылынан басталып, қаланы орап, Хромтау бағытындағы айналма жолға тірелуге тиіс.
Бұл жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр. Жаңа айналма жолдыңұзындығы — 95 шақырым. Ал құрылысы алдағы жылдардың еншісіндегі жол Ақтөбе су қоймасының ар жағымен өте ме, әлде бергі жағынан орын табыла ма — әзірге нақтыланған жоқ.
Күре жолдың күтімі
Ал Президенттің назарында тұрған 1-санаттағы Ақтөбе-Қандыағаш республикалық тасжолының құрылысының толық аяқталу мерзімі келесі жылға жоспарланған. Биыл бір жақ бөлігі бітеді. Жолаушылар үшін бұл да жайлы жол болмақ. Бүгінгі жолдың тең жартысына асфальт төселіп, пайдалануға берілді.
Көліктер құрылыс бітпеген көпірлер мен су өткізгіш құбырларының тұсынан ғана айналып өтеді. Ақтөбе қаласынан Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласына дейінгі жолдың ұзындығы — 100 шақырымдай. Осы аралықта 18 көпір, 16 мал өткелі және 60 су өткізгіш құбыры салынуда. Құрылыс жұмыстарын ірі екі мердігер мекеме жүргізіп жатыр.
Жалпы Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар жолдардыңұзындығы — 1869 шақырым. Облыс бойынша 2022 жылға жоспарланған 2 орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.
Самара-Шымкент автожолының Ақтөбе-Орал бағытындағы 626-656 шақырым және 656-690 шақырым аралықтарындағы жолдар орташа жөндеуден өтті.
— Биыл «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы»акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық филиалы Ресей Федерациясы шекарасы (Самараға дейін) – Шымкент М-32 республикалық тасжолының жалпы ұзындығы шамамен 65 шақырым болатын екі учаскесін орташа жөндеуден өткізді. 2022 жылдың шілде айында алғашқы 34 шақырымы пайдалануға берілді. Қазан айында тағы 30 шақырым жол пайдалануға беріліп, осы жылдың жұмысын аяқтаймыз, — дейді филиал басшысының міндетін атқарушы Айбол Данағұл.
Биыл облыс еншісіндегі республикалық жолдардың 37629 шаршы метрі жөнделген. Сонымен қатар 1500 шаршы метр ойықтар мен терең іздер қалпына келтірілді. Барлығы 500 дана жол белгісі ауыстырылып, орнатылды.
Кемпингтер көбейді
Әдетте жолдың толық пайдалануға берілуін тек асфальт төселсе ғана болды деп түсінетіндер бар. Жол болғасын оның белгілері, қар ұстағыш қоршаулар,елді мекендердің шақырымы, жер-су аттары көрсетілген тақтайшалар, жолды таңбалау, шулы жолақ қондыру, тағы басқа да жұмыстары болуы міндетті. Оның өзі де қомақты қаражатты қажет ететін бөлек шаруа.
Сонымен бірге жол бойындағы сервистік қызмет көрсететін нысандардың да көптеп болуы жолаушыларға тиімді. Бір қуанарлығы, Ақтөбе облысы аумағындағы республикалық жолдарда қызмет көрсететін жол сервистері өте жақсы дамыған.
Ақтөбе облысының республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 107 жол сервисі нысаны бар. Оның 90 нысаны ұлттық стандартқа сай келеді екен.
Атап айтсақ, «А» санатта – 5, «В» санатта – 4,«С» санатта – 55, «D» санатта43 нысан жұмыс істеп тұр. Демек, бұл облысымыздағы жолдарда көлік қозғалысы мен жолаушылардың көп өтетінін білдіреді. Биылдың өзінде стандартқа сай жаңа 4нысан ашылған.
Ақтөбенің солтүстік айналма жолының 13 шақырымында «Taz Ayuly» кафесі, «РФ шекарасы (Самараға)-Шымкент жолының835 шақырымында «Горячее» кафесі,
Ақтөбе – Мәртөк – РФ шекарасы (Орынбор бағыты) жолының 46 шақырымында «Достық» кемпингі және осы бағыттағы жолдың 82 шақырымында «Sinooil» жанар-жағармай бекеті ашылған.
Жыл соңына дейін Самара-Шымкент жолының 1153 шақырымында стандарт талаптарына сай тағы бір жанар-жағармай құю бекеті ашылмақ. Ал жол бойындағы әр нысан — «бірдің кәсібі мыңның нәсібіне» айналатын бірнеше жұмыс көзі.
Самат НАРЕГЕЕВ.



