Басты жаңалықтарӘдебиет

Сәбит — 80

Қазақтың көрнекті ақыны Сәбит Баймолдиннің туғанына 80 жыл толып отыр.

Сәбит Баймолдин 1942 жылдың 5 наурызында Байғанин ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген.1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп,туған ауылында мұғалім, мектеп директоры болған. Қазақ КСР ҒА-сына қарасты М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген. «Қазақстан мұғалімі» газетінде Батыс облыстары бойынша меншікті тілші, «Стальная Магистраль» газеті редакторының орынбасары,облыстық кітапқұмарлар қоғамы басқармасында жауапты хатшы,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер,Қазақ КСР-ның Баспа және полиграфия жөніндегі комитетінде бөлім бастығы,«Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп, шығармашылықтан да қол үзбей, 1966-1988 жылдар аралығындаон бір өлеңдер жинағын шығарды. Оның «Жер-мекен»(1966 жыл), «Қырда туған»(1967 жыл), «Монолог»(1969 жыл), «Қызыл іңір»(1971 жыл), «Сағыныш»(1976 жыл), «Іңкәр күндер»(1982 жыл),«Тал кеме»(1988 жыл), т.б. жинақтарын оқырман қауым өте жылы қабылдады.

Ақын мерейтойы Ақтөбе жұрты үшін ерекше атаулы дата екені даусыз. Өңірдегі кітапханаларда, мәдениет және білім ордаларында Сәбит Баймолдиннің 80 жылдық мерейтойына арналған шаралар жыл басынан бері өткізіліп келеді. «Оқитын өлке» акциясының аясында да биыл Сәбит Баймолдин шығармашылығы таңдап алынғаны белгілі.

Ал негізгі шаралар 12-14 қазанда ақынның өнер мен өмірдегі іздерінің мол белгілері қалған Байғанин өңірімен Ақтөбе қаласында өтеді деп жоспарланған. Бұл шараларға ақынның көзін көрген замандастары, қаламдас достары, қалың оқырманмен бірге, Алматыдан арнайы келген жары Жантөре, балалары мен немерелері де қатысады.

Ақын мерейтойына орай біз оқырманға оның шығармашылығы туралы мақалалар мен лебіздерді топтастырып және өлеңдерін ұсынып отырмыз.

Әбіш КЕКІЛБАЕВ

 ТАЛМАЙ ТАРТСЫН ТАЛ КЕМЕ…

Ар мен жанға қанша салмақ түспеген?! Сөз бен іске қандай сипат, қандай баға айтылмаған?! Тірліктің, бірақ, сол баяғы ит мініп, ирек қамшылаған қалпы.

Бір кезде бәріміз жабыла жыр жазып, жамырай айтысқан «армия семьясының» түлектері енді, міне, біз де сақалымыз сапсиып, бірімізден соң біріміз, елуге келіп жатырмыз. Әкелеріміздің көбі біздің жасымыздың жартысына жетер-жетпесте жер жастанып, көзіміз көрмейтін, аяғымыз жол тауып бара бермес жат өлкелерде қалыпты. Қалғандары балдақ ұстап, қырық-шұрық тыртық арқалап келіп, көз алдымызда таусылып барады. Кейбірі ғанаПрезидент жарлығына аман жетіп, балаларына қара орын, немерелеріне төрт доңғалақ «темір тай» мінгізуде. Ал біз ше…

Біз сол баяғы «көкеміз қашан келеді» деп жолға қарағанымыз сияқты, жақсылықтың жолына қарап, телміреумен келеміз. Біздің, сірә ,күдер үзер, торығар түріміз көрінбейді. Өлшеулі тағдырдың елуіне, алпысына, жетпісіне… ақырына да сол баяғы уәйіммен, сол баяғы арманды қоса арқалап жеткізер сыңайымыз бар.

Адам — адам екенін ұмытпау үшін бала кезін ұмытпау керек, өйткені бала кезі тек таза кезі ғана емес, әлсіз кезі. Өзінің әлсіз кезін ұмытқан адам өзгенің қайғы-қасіретін, мұң-мүддесін түсінуі мүмкін емес. Алондай сезімсіз тек өз желігімен,өз нәпсісі жолында өкіреңдей берер «екі аяқты хайуандық» өзге түгіл, бүкіл адамзаттық қауымның қалпағын теріс айналдырып кигізіп жіберуі мүмкін екенін көрмей-білмей отырмыз ба?

Сәбит Баймолдин — көп оқыған,көп тоқыған,қажет десеңіз,көп еліктеп-солықтаған ақын.Бірақоның бойындағы шынайы талант пен бір кісінің  көретін көресісін көрудей-ақ көрген нақты тағдыр әдебиет дегеннің де шын пайғамбардың іліміндей құдіреттерге марапат емес,пенделерге шарапат,даурыққандарға медеу іздейтін өнер екенін жіті ұғынтып,сол жолда сирек дәйектілікпен еңбек етіп келе жатқан суреткер.

Оның жиынтық кітабы «Тал кеме» деп тегін аталмаған.Тағдыр атты телегейде тал кемеге мінгендейміз ғой.Замана дауылына желпілдей жөнелер желкені жоқ,өз көңілінің асыққанына бола зіркілдей жөнелер оталғыш моторы жоқ,әуелдегі арнаның бітіміне лайық қарқынмен өрістей-өрістей өз дегеніне жетер табиғи тіршілік,табиғи болмысты сағынатындай күйге жеттік қой.Құрсақтың тоғыз ай,тоғыз күнін түгел тауыспаған шарананың шала,өткелегінен түгел өтіп болмаған замананың шатақ болатынын аңғарудай-ақ аңғарған шығармыз.

Сәбиттің де тал кемедей жыр қайығы кеудедегі жанның тынысындай,қанның ағысындай табиғи ырғақ,табиғи серпінімен өз заманының өзегін бойлап,шындық шалқарына бағыт алған.Сол бір елпілдемеген-желпілдемеген,күңкілдемеген-зіркілдемеген биязы жыр,баяу аққан өзендей сабырлы әуез көзіңе көп нәрсені оралтып,көңілді көп нәрсеге аударады.Бәрі өтеді,бәрі өзгереді,тек жұмыр басты адам қалады. Оның бойындағы сарқылмайтын жігер,таусылмайтын мақсат,жеткізбейтін арман қалады.

«Шіркін өмір созылады сағыздай,

Мен де өтемін сол өмірді уағыздай.

Арманы үлкен кісілерден үлкен жоқ,

Арманы үлкен кісілер ғой нағыз бай», — деп дұрыс айтады ақын.

Арманның ең үлкені бай болуда,батыр болуда,көсем болуда емес.Болғандардың болып тапқан опалары қайсы?Арманның ең үлкені — мынау аума-төкпе дүниеде адам болып қала алу.

Сәбит Баймолдиннің елу жыл ішінде бітірген ең үлкен шаруасы — өлең мен өмірдің адамға адам болып қала алу үшін керек екендігін,тек сол ғана нағыз шүкірлік,қалғанының бәрі күпірлік екенін өзі де кемел түсініп,өзгелерге де мейлінше ұғындыра аларлықтай суреткерлік салиқалылыққа жете алыпты.

Өмір өзегінің талай өткелегінде қайырлап қалмай,айдынға жеткен тал кеме тағдырдың қай талқысына да шыдап,арпалысты толқындардың астында қалмай,жалдарына жармасып,үстінде жүреді,сол арқылы сөз түсінер сергек көңілдерді адал бақ,ақиқат шындық жолындағы парасатты тірлікке баули береді деп сенеміз.

Елу — ердің жасы.Елу жылда бала күннің дос-жараны елу есе азаюы әбден мүмкін,албірақбала күннен бермен қарай өзек тартып келе жатқан асыл арман елу есе ұлғаймақ.Ендеше,оған жетер жолдағы таусылмас төзім мен талмас тәуекелдің де елу есе молайғаны лазым.

Тойың тойға,ойың ойға ұласа бергей,ақын дос.

 «Егемен Қазақстан», 1992 жыл, 6 наурыз.

Замандастар лебізі

«Сәбит — ешкімге ұқсамайындеп есі кете ізденгіштігімен ақын, іздену жолында артық я кем айтуымен де ақын. Жырының салмақтылығы, тілінің ащылығымен де ақын. Тіл өнеріндегі дертімен де, орнының оқшаулығымен де Сәбитті қабылдауға болады».

 Мұқағали  МАҚАТАЕВ.

 

* * *

«Сәбит — өлең деген құдіретке бас иіп табынатын, оған барынша адал қарайтын азамат. Табиғат берген талантым бар екен деп бас-көзге қарамай, жоқты-бардан өлең жасайтындардың санатына жатпайды. Аз сөйлеп, көп аңғартуға талпынатын талғамшыл ақын. Ол халық кәдесіне жарайды-ау деген нәрсені таңдап, талғап қана жырлайды. Оның еркін ой, ерек мінезі арғы-бергі әдеби мұраны, өзге жұрттың өнегесін жақсы білетіндігінен болса керек. Көңіл күйі келмесе, бұлбұл да сайрамайды, көздегені болмаса, қыран да самғамайды. Одан кем қалып жатқан олар жоқ. Сәбит ақындығының осы қасиетін ұнатам».

 Сағи  ЖИЕНБАЕВ.

* * *

«Сол кездер бізге қызық көрінетін. Жырдың жас перғауындары кітапхананың түкпіріне жиналып,қиқылдасып жататынбыз.Сәбит Баймолдин сонадайдан оқшауланып,жұтқыншағы бұлтылдап,жаңа жазған өлеңін ұсынатын еді.Ол көп ізденіп,көп оқитын.«Адамды адам өлтіре ме?» атты топтама поэмаларын жазып жүрді.Ойы өткір,сезімі уытты болатын. Бірақол көп ұзамай ауылына кетіп,бұраң-бұраң тіршілік толқынына түсіп кетті…Ол астанаға тереңдеп,рухани байып оралды.«Бесік жыры», «Тал кемеге» енген өлеңдер соған айғақ.

Үстінен су төгілмес жорға ешқашан жүрісінен жаңылмайды.Мен баяғы Сәбитті сағынамын.Екеуміз денаурыз төліміз,көктем көңілімізге көрік беріп келеді.Оның жыр жұлдызы жоғарыдан жана беретініне сенемін».

Аян НЫСАНАЛИН.

* * *

«Сәбит Баймолдиннің университеттен кейінгі  ширек ғасырлық ғұмыры астанадан,ең бастысы әдеби ортадан әжептәуір алыста өтті.Әдеттемұндай ауылдық авторға айналған жырақтағы жыргерлердің біразы көп кешікпей қоңыраулы өнер көшінен сезілер-сезілмес дәрежеде ақырын-ақырын қала береді,қала береді.БірақСәбит мұндай пұшайман тірлікті өз маңайына жолатқан жоқ.Қанша мың шақырым қашықтықта қам көңіл бөліп жүрсе де,астаналық авторлармен қатар жүйткіп,қатар самғап отырды.Қазақ әдебиеті ғана емес,әлемдік сөз өнерінен көз жазып көрген жоқ.Бұл — бір.

Екіншіден,Сәбит жас дарынға тән әдеби «аурулардың» бәрімен де тез ауырып,тез айықты.Орысша ой тастап,еуропаша ойқастап бақты.Бұл шәкірттік желіктен парасатты дарынтез жазылып,өзінің ұлттық өнегелі шаңырағына шұғыл бет бұрды.Қазірде оның негізгі әдеби төркіні — қазақ ауыз әдебиеті,бүгінгі жетістігіміз,әлемдік әдеби мәдениет.

Үшіншіден,поэзия жанрына берік.Сөйте тұра,өзін жан-жақты әдебиетші деңгейінде сезінеді,жай ғана сезінбейді,еркінсезінеді.Әдеби сын — оның бір жұрты. Жұрт болғанда қандай!Өрттегі өлке,биік аспан!Тұяғың тозғанша,қанатың талғаншасамға!

Төртіншіден,Сәбит салиқалы спортшы,шеругер шабандоз іспетті қанша қашықтыққа алқынбай шаба алатынын,кімдерден қалып,кімдерден бұрын келетінін барынша дәл біледі.Әдеби тактика,әдеби стратегия — екеуіне де жетік.

Қысқасы,бүгінгі таңда Сәбитте бәрі бар».

Қадыр МЫРЗАЛИЕВ.

* * *

«Сәбит әдебиетке қазақ поэзиясы әлеуметтік ой тереңдігіне ұмтылған,ұлттық ойдың өресін биіктетер,өрісін кеңейтер соны ізденістер нышаны айқын байқалған кезеңде келді.Алдындағылар һәм өз тұрғыластары қазақ поэзиясына әкелген өмірдің өзіндей күрделі,батыл ойлы,сергек сезімді жаңа кейіпкерді бейнелеуде Сәбиттің де елеулі үлесі бар.Адам өмірінің мәні — Сәбит өлеңдеріндегі ең өзекті мәселе.Ақын осындай ежелгі тақырыпты көркем оймен көмкеріп,жаңаша жаңғырта жырлайды.

Сәбит өлеңдерінде адамдық қасиетті арзандатуға,арды аяққа басуға қарсы ымырасыз күрес ашу,соғыс тұсындағы халықтың биік рухы мен ғажайып бірлігін ұлықтау,кеп-кешегі асыра сілтеу,аштық,еркін ойлы азаматтар кезіккен нәубет жараларға қарсы ызалы ойлар ерекше өрнек тапқан.Бұл — ақынның өмір,қоғам,заман шындығын азамат-ақын ретінде сезінуі».

Қабиболла СЫДИЫҚҰЛЫ.

* * *

«Сәбит Баймолдин — ізденгіш ақындарымыздың бірі.Алпысыншы жылдардың басында туған қазақ әдебиетіне лек-легімен келіп қосылған жастардың ішінде жаңалық атаулыға құлағы түрік,еліктегіш-солықтағыш емес,тапқыш та талапшыл ақындардың алғы шебінде жүрді. Қазір де Сәбит осы мінезінен танған емес.Ол кітаптанкітапқа,жылдан-жылға өсіп келеді.Мағанәсіресе шыншылдықпен демін алғанжүрегінің лүпілі анық сезіліп тұратын лирикалық-философиялық өлеңдері көбірек ұнайды».

Оразбек СӘРСЕНБАЕВ.

* * *

«Сәбит Баймолдиннің 1969 жылы шыққан «Монолог» деген жинағында«Ескерткіштер»деген поэма бар.Сонан мынадай тамаша айтылған жолдарды оқисыз:

«Басымда өткен күн шаңдағы,

Жолдардың тілімі,

Заводтың жасаған балдағы,

Жылдардың ғасырға бергісіз бүлігі…

Осылар менімен бір үйде тұрады,

Осылар — тірінің мәңгілік қонағы».

Ақынның бүкіл дүниенің есендігін ойлаған жан-жүрегіндегі жаңғырық сыры бұл.Өткен соғыс пен келешек тыныштығын ақын көркем образбен осылай жүздестіреді.Сәбит Баймолдин өлеңдерінде азаматтық әуен ерлер ұстаған алқызыл жалаудай желбіреп тұрады».

Еркінбай ӘКІМҚҰЛОВ.

 Зейнолла СЕРІКҚАЛИЕВ

 ҚАЛАМДАС ТУРАЛЫ ЛЕБІЗ

… Сәбит Баймолдин — қазақ поэзиясына алпысыншы жылдары енген талантты

жас толқынның белгілі өкілі.Кейінгі кездері қатарға жамырай қосылып жатқан жас буынға айрықша ықыласпен қарай жүре,сонау жылдар — әдеби бірер толқын үшін емес,барша ұлттың мәдени өмірімізге зор өрлеу туғызған,тіпті сол өрлеуді ерекше қажетсінген алабөтен кезең еді ғой десек, артық айтқандық бола қоймас.Бір ғажабы:сол серпілістің қозғаушы күші дерлік жастар да,әр алуан жасамыстар да келе-келе мидай араласып,бірыңғай бағыт алып,өз өрісін кеңейту жолына құлшына кірісті.Сондай жаппай ізденіс кезінде Сәбиттің де алғашқы там-тұмдап жазып жүрген өлеңдері өзгеше мінез тауып,біреуге қисық,біреуге оң көрініп,ұмытылмастай бас асаулық танытты. Сөз жоқ,бұл бір ғана балаң жігіттің емес,жалпы қазақ өлеңінің мінезі өзгерген,ақындық жаратылыс ендігі жерде өмір қайшылықтарына бейжай қарай алмайтын,қиянат атаулының себеп-салдарын бүкпесіз бағдарлап,ұлттық дамуымыздың жаңа бір кезеңінде азаматтық қарыз-парызды атқаруға бірыңғай бет алған тұс еді.

Бүгінде біз танығандай көкейкесті ойдың,рухани мәселелердің есті буыны бой қалыптасу жолын өткерген Сәбиттің өзі — қайсыбір кездерде ұлттық ойлау машығынан жырақтап,әр қиырда сәтті-сәтсіз сарсыла іздену қызметін бір кісідей-ақ бастан кешіріп барып,қазақы жырдың көңіліңді емірентер құшағына қайтып оралған ақын.Есет Әукебаев ағасы айтқандай, «жүйріктің аяғы не алтау,не сегіз» дегеніне лайық. Оннан астам өлең жинағын жариялады.Әр жинағы өзіндік ерекшелігі,көркемдік қадірі көрініп тұрған игіліктер болғаны талассыз.Әйтсе де алғашында айтарын әдемі айтудан гөрі, ойға алғанын айтуы қажеттігіне көңілі көбірек ауатын ақындық аяқ алыс әдеби сыннан қағыс қала қоймаған.Әлі күнге дейін өлеңдерінде «орыс» лебі,тіл тұтылтар кедір-бұдырлық аңғарылып жатса,бұған да көз жұма қарау ретсіз.

Түптеп келгенде,онша көп еленбей-ақ өнер әлемінде өмір сүре берудің де қилы-қилы себептерін шамалау қиын емес.Алпысыншы жылдардың дуы-шуы тез тарқап,кезекті жылдардың мінезі өзгеріп сала берген.Сәбит секілді батыл ақындар «поэзиямызды бүлдіргендей» көрінетін сақтық сахнаға шыға бастаған.Оның бержағында әдеби  «сынның» өзі жетекке еретін дертке душар болып,қажетті деген әлдекімдерді жедеқабыл тақырып межесіне айналдырумен ысқаяқтанып үлгерген.Осындай майысқақтық қырсығынан баяғы дағдылы «атағын» арқаланып,көркем сыннан көзге көрінер бағасын ала алмағандардың бірі де Сәбит болып қала берген.Сөйтіп жүріп,міне,сол Сәбит те елуге келді.

Әуелде мөлдіреп басталған Сәбит жырлары — ауылда қалған сүйген қызына студент жігіттің сағынышын жеткізетін «Ой» өлеңі күні бүгінге дейін тілімізге де,ділімізге де ыстық.

Сәбит Баймолдин — не жазса да өзгенің ізіне түсуді қаламайтын ақын.Неғұрлым дәлірек көрінетін бір-ақ мысал:Төлеген Айбергеновке талай ақын өлең арнады.Төлегенді Сәбит те білетін, «Алты қаз жырын» бағыштады.Кәдімгі «Қыз Жібек» дастанындағы алты қаз.Сағыз өзені бойына қаздардың да қайтып оралған бір шағы.Ақын алты қазбен тілдесе келе, «Тағы  бір Төлегенімнің өлгенін айтпаңыздар» деп, шошына жалғастырады.

С.Баймолдин жиырмаға жуық ірілі-уақты дастан жазған.Солардың ішінен әсіресе төрт-бесеуін даралап атар едім: «Қара мая мен қара кісі»,  «Маусым», «Дәуімшар»,«Уақытқа айтам», «Балабақшаға барар жолда». Ұлы Отан соғысы батыры мен жас ақынның екеуара сырласуы арқылы бейбіт жылдарға лайық батырлық туралы ой,өткен заманда қазақ жерін картаға түсірмеймін деп қарсылық көрсеткен Жем бойының аптал азаматы жайлы толғаныс,кешегі колхоздастыру жылдары белсендісінің күндерде бір күн күнкөріс қамына құлдық ұрып, рухани күйреуі… — қай-қайсысы да Сәбиттің ақындық ауқымын еркін аңғартары даусыз.

Мен бұрын,қайсыбір кездерде әдеби ортадан секем алдыратын,қарап жүріп шошындыратын тоқшылықтың,мардымсудың әлдебір сартап,сызды лебін сезетіндей едім.Және мұны қатерлі рухани дерт деп,халықтың келешегіне кесірін тигізетін дерт деп іштей шамырқанатын сәттерім де болған-ды.

Бұл — бері келсе,әр ақын-жазушының бәсін бір санаған теңгермешілік дерті,әрі кетсе өзінен өзгені бүйірлеп,жөргегінде тұншықтару дерті.

Екі жағдайда да,бір күні болмаса бір күні жауабы сұралатын ондай зауалдың болашағы баянсыздығына бәрібір сенбей болмайды.Қайта құру жылдарында талғам мен талант алдыңғы кезекке шыға қойды деп айту, әрине,әлі де ертерек екенін бәріміз де жақсы білеміз.Әйтсе деаз жазса да,шын сырын шынайы бейнелей алатын Сәбиттей талай азаматтардың арамызда жүргеніне шүкіршілік.

Мұхтар ҚҰРМАНАЛИН

БЕС БЕЛЕС БИІГІНДЕ

Бұдан бір ғасыр бұрын сүйегі қурап қалған марқұм Марксты,бізге дұрыс жол сілтемеді деп,қазір жерден алып,жерге салушылар жетіп жатыр. Бұған не деуге болады?Жұмыр басты пенденің тағдыры,болашағыөзіне байланысты емес пе?Өзінің шалалығы мен дәрменсіздігін өзгеден көру — пәлеқорлықтың белгісі…Айтайын дегенім бұл емес.Обалына не керек,сол Маркс бірде: «… ақынды  арқасынан қағып,шабытына жел беру керек.Ол мақтаған сайын марқая түседі», — деген екен.Басқа өсиеттерін білмеймін,Маркс мықтымыздың тап осы сөзінің жаны бар. Ақынға жылы лебіз,аялы алақан ауадай қажет.Ол еліне еркелеген сайын еселеп жырлайды.Қазақ баяғы серілері мен сүлейлерін қалай қадірлеген? Дарынға деген сол дәстүрұмытыла бастағаны болмаса,бүгінде ескірген жоқ.

Осыны ойға ала отырып,жақында  наурыздың бесінші жаңасында елуге толған жерлесіміз Баймолдаұлы Сәбитке бірер ауыз ағалық жылы лебізімді арнап,арқасынан қағып,маңдайынан сипасақ,ақынға одан артық ештеңенің қажеті жоқ. Сері көңіл оның өзіне марқайып,шабыты шағаладай шарықтайтыны кеміл. Сәбит ақын ретіндемұндай құрметке лайық.

Сәбит менің көз алдымда өсіп жетілді деуге болады.Оның өмір жолын да,шығармашылық жолын да әжептәуір білем.Өз әріптестері тәрізді ол да оқу,іздену,еңбектену сатыларынан өтті.Университет студенті,мектепте мұғалім,аспирантура,газет тілшісі,музей директоры,кітапқұмарлар қоғамы сияқты қызметтерде шыңдалды.Өмірді көру,оған ерекше араласу — қаламгер үшін қажет мектеп.Сәбит поэзияға осындай дайындықпен келген ақын.

1966 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген тұңғыш жыр жинағы «Жер-мекен» Сәбиттің мүмкіндігін мол ашпағанымен,ақындық ауқымын аңғартқандай болды.Ол төл табиғатты,өзінің ішкі сезімін жырлай келді.Сол жинақтың беташарында:

«Жел жуас,ауа жұмсақ,келісті күн,

Сипайды Алатаудың еңістігін,

Торғай екеш торғай да бір қуаныш,

Көңілі көтеріңкі жер үстінің,

Мейірім,бал рахат — бәрі мұнда,

Тыным жоқ көшелердің арығында.

Торғайдай жаңа-жаңа көзін ашқан,

Жас бүршік қарағайдың қабығында», — деп келетін көктемгі шақ туралы шағын өлеңінде елең еткізер әп-әдемі сурет бар.Әлбетте, бұл бір мысал.Ал Сәбиттің отыз жылдай ойлы шығармашылық жолда жазған жырларына көз жіберсек «бәрекелде» дегізер  мұндай тапқырлық пен суреткерлік мол ұшырасады.

Сәбит өлеңді сюжетке құрудан гөрі, сезімге құрып жазғанды ұнатады.Меніңше,бұл оның осалдығы емес,мықтылығы… Бір жолы мен ақын ініме Жем бойының азаматы,Совет Одағының батыры,айтулы барлаушы Қожабай Жазықов туралы көлемді очерк жазғанымды айтып,кейбір нақтылы оқиғаларды әңгімеледім.

Сәбит сол әңгімеден кейін,айтылған  оқиға желісін қайталамай,батырлыққа байланысты бір ғана деректі тарата отырып,поэма жазды.Онысы ұтымды да шықты.

Ақындыққа әркім әртүрлі өлшеммен қарайды.Шындығында мәселе — көлемде емесөлеңде,санда емес,сапада.Осы кредодан айнымаған Сәбиттің жырға жауапкершілікпен қарайтынына тұңғышы «Жер-мекеннен», жиынтық кітабы «Тал кемеге» дейін талай көз жеткіздік.Демек,ақын дұрыс жолда.

Сәбиттің өзім білетін және бір қасиеті — ол көп оқиды,көп ізденеді.

Әлемдік көркем әдебиеттің қаймағын қалқып,содан нәр алады.Жұмыс кабинеті еденінен төбесіне дейін сірестеулі кітап.

Ақынның жан дүниесі осы рухани ортада жетіліп,кемелденген-ау деген ойға келесің.Ақынның анасымен бір рет дидарласып,қолынан дәм татқаным жадымда. Ауыр кезеңде армия семьясының бүкіл бейнетін арқалап,балаларының болашағын армандаған ана ақын баласының қаламгерлер қауымына қосылып,әдебиет дейтін кең әлемге енгенін көріп барып көз жұмды. «Анасы бар адамдар,ешқашан қартаймайды» деген рас болар. Ал ана тәрбиесін көріп,оның аялы алақанын,ыстық құшағын сезініп өскен ақын 50 дейтін ердің жасын елемесе керек.Өйткеніәрқашан да ақынның көңілі сергек,жаны жас.Ақынды поэзия қартайтпайды…

1992 жыл, сәуір. Ақтөбе.

ЕРЕКШЕ ҚОНАҚ

Таныстық

Сексенінші жылдардың бас жағы сияқты. Әйтеуір, жаздың іші еді. Кешқұрым өрістен мал келіп жатқан  абыр-сабыр шақ болатын. Үйдің алдына жеңіл көлік тоқтап, үш-төрт адам түсе қалды. Арнайы бас тіреп алыстан келген қонақтар екені белгілі болғасын, төрге бастап, шама-шарқымызша жайғауға кірістік. Ойылда ол кезде шай-су бергесін қонақты қонақүйге шығарып салу дәстүрі жоқ. Оның үстіне қонаға келгесін қанша адам болса да, сол үйге қонатыны белгілі. Бір тәуірі, елде отырғасын қолда мал ұстаймыз, қонақасыға қиналмайтынбыз. Мал сойылып, шай ыждағатталды.Өзім аудандық газетте қызмет істегесін біздің үйге келетін қонақтардың дені әдетте журналист, жазушы, ақын болып келетін. Бұл жолы да сол ыңғайдан болып шықты. Әрине, үш азаматтың бірі—Құрал Тоқмырзинді мана көліктен төбесі көрінгенде-ақ тани кеткем. Бір кезде аудандық газетте бірге жұмыс істеген жерлес жазушы ағамыз. Біраздан Алматыда тұратын. Туған жерге жылына бір-екі келеді, ағалық-інілік сыйластығымыз сондай — келген сайын бізге соқпай кетпейді. Бүгін де қонақтарды өзі бастап келгенін білдіріп, таныстырып үлгерді. Маған бейтаныстау, бұрын көрмеген азаматым Адам Мекебаев екен. Өзін білмегенмен — жас жазушы екенін, біраз повестерін, «Періште келіншек» романын оқығаным бар-ды. Алұзын бойлы, ақсары, қалпақ киген азаматты көрген сәтте шырамытып,ақын Сәбит Баймолдин-ау деп жобалағанмын. Осының алдында үш-төрт жыл бұрын Байғанин ауданында облыстық ақындар айтысы өтетін болып, соған барғанымызда екі-үш күн бұрын аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Сүндет Сарыбаев автоклубтармен өңірдің шаруашылықтарын аралатып, ел мен жермен таныстырған. Сонда қалың құм арасында қалған оқшау қорымнан мынау ақын Сәбит Баймолдиннің анасының мазары деп көрсеткен еді. Ақ және қызыл қыштан шабыстырып салынған мазардың төрт қабырғасына жазылған екі жолдан тұратын бәйіт өлеңдер бірден жадымда жатталып қалған-ды. «Ақ мама, сенде арман жоқ, Келінің билік алған жоқ»  деген екі  жолы қазірде де есімде.

Айтыстан соң тұп-тура додаға қатысқандарға келіп, ешкімнің көңіліне қарамай,әрқайсысына «сен ақынсың, ал сен ақын емессің» деп, кесіп-пішіп айтқаны да ойымда қалыпты. Бұлай да бас-көзге қарамай ойын ашық айтып жүретін адамдар болады екен-ау деп таңғалғанмын.Сол сәтте жалғыз рет көргенмен, бұдан былай адуынды ақынның өлеңдерін қадағалап оқып, қай қызметте жүрсе де хабардар болып жүрдім.Өлеңдері шынында да адуынды, жер тарпыған тұлпар сынды ойқастап, адамды еліктіріп, желпінтіп жіберетін.

Сүмбіледен сөнген шоқтардан

Аспаным орын босатсын.

Шайтандар атқан оқтардан

Өмірзаялар қоса ақсын.

Бауырын көлдің қаз тіліп,

Рахат дәурен салдырсын.

Балапан талды мәз қылып,

Жел тербетіп қандырсын.

Нажағайлардың қылышын

Шабыттар алып тағынсын.

Қариялардың қылығын

Өлеңнің жолы сағынсын,—деп келетін «Фәни» атты өлеңі бабалардың рухы сияқты атойлап, сол тұстағы кеңестік көп ақынның жылауық өлеңінің ішіненайрықша жарқылдап шығып еді. Мұны ақиық ақын Мұқағали Мақатаев бірден байқап, 1972 жылы Жазушылар одағында жыл қорытындысына байланысты жасаған баяндамасында айрықша бағалаған-ды. Ақынның ойнақы жырдан гөрі сыдыртып оқып шығуға көне қоймайтын ойлы жыр жазудағы ізденісін үлгі еткен-ді.

Күрескер ақын сөзі

Жалпы өнер адамы туралы ел іші тез құлақтанады. Ойылмен іргелес жатқан Байғанин ауданының аралас-құралас азаматы ретінде де бұрыннан естуім бар екен.«Біржан мен Сараның айтысы болған ба, болмаған ба?» деп әдебиетшілердің әлі күнге дейін таласатыны сияқты, біздің Ойылда да «Өтежан ақын былай дегенде, Сәбит олай деген екен» дейтін тапқыр өлең шумақтары жетіп жүретін. «Шөп таситын жүк көлігі бір басқанда екі басып, қал үстінде жатқанда Ойылдағы сынықшы Сүлеймен атаға ат шаптырып кісі жіберіп, содан аман қалған екен» дейтін әңгіме тағы бар. Бұлшындық еді, аңызға кейін айналып жүр. Ақынның жоғары оқу орнын бітірген соң Байғанин орта мектебінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директорлық қызметтерде болып, туғанжерінде кідіріңкіреуіосы айығуы ұзаққа созылған сырқатымен байланысты шығар.Меніңше, көпшілік Сәбитті журналист ретінде республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінің батыс облыстар бойынша меншікті тілшісі қызметінде анық таныды деп білемін. Өзге өңірді қайдам, біздің аймақта бұл газетті алғаш қалың оқырманға танытқан Сәбең болды. Оған дейін бұл басылымды мұғалімдердің үйлерінен ғана сиректеу көріп қалатынбыз. Ақын газетке меншікті тілші болып тағайындалғаннан кейін елді аралап жүрген дабысын педагогтер арасынан жиі еститін болдық. Аралап қана қоймай, сол тұста оқырмандарды елең еткізерлік мәселелерді қозғаған сын мақалалар жазып, газеттің бәсін арттырды.Сол тұста ауданның Қараой орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметінде болған нағашым Кеңес Сәулебаевтың тілшінің ауылға келген әр сапарын әңгімелеп айтқаны есімде жүретін.

Енді,міне, өзім есіміне сырттай қанық сол ақын, журналист төрімізде отыр. Құрақ ұшып, бәйек болып жатырмыз. Қазір  ағамыз Ақтөбе облыстық кітапқұмарлар қоғамы басқармасының жауапты хатшысы екен. Осы қоғамның республикалық деңгейдегі ұйымынан іссапармен келген екі жазушыны бастап, аудандарды аралатып жүрген сапары еді.

Бір қызығы, қонақтар ішімдікті татып алмайтын болып шықты.Ол кездегі қадірлі қонаққа ұсынатын сый-құрметтің үлкеніөтпей қалды. Қонақтар карта да ойнамайды екен. Апырмай, енді  тым-тырыс, көңілсіз болады-ау деп қауіптеніп едім. Оның орнына күтпеген жерден жазушылар арасында пікірталас қызып, гу-гу бола қалды. Сәбең Қазақ КСР Ғылым Академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген ғой. Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі Адамның да жазушы ретінде көп ізденіп жүргені аңғарылды. Ауылда өсіп, жазушылыққа тракторшылықтан барған Құрекең пікірталасқа тиіп-қашып араласады. Әңгіме ауаны ағылшын философы Фрэнсис Бэконге ауысқанда біз екеуміз  үнсіз қалдық. Шынымды айтсам, ол кезде мен мұндай ойшылды мүлде білмейтінмін.

Жатар кезде Құрал аға: «Мен  ертеңгілік келермін. Пәленше, түгеншелерге сәлем берейін» деп ұлықсат сұрап, таныс үйлеріне кетті.

Пікірталастың көкесі ертеңгілік шайда өрістеді. Қоғамның дамуы, тарихи жеке тұлғалар қақында  екі жазушы ортақ пікірге келе алмай таласып қала берді. Кеңестік қоғамға деген қарсы пікірді мен сонда Сәбеңнің аузынан бірінші рет естідім. Әлі есімде,бір әңгіменің барысында:«Прогресс бар, соған керісінше регресс те болады», — деді. Сосын «ол жөнінде Энгльстің  мынадай еңбегінде айтылған» деп әлгі еңбектің атын атап, қай бетте жазылғанына дейін сілтеме жасады. «Қазір, — деді әңгімесін әрі қарай жалғап, — «қоғамда регресс, яғникері кету жүріп жатыр. Уақыты болғанда бұл регресс те өз жемісін береді. Сол кезде қоғам зардабын тартады!». Бұл енді қазір сәуегейлік пікір деп қабылдап жатсақ та,ол кезде жаға ұстататын сын еді. Дастарқанда ішімдік жоқ, ішпей-жемей, оразамызды енді ашқалы отырған таңғы  шақтағы ақынның осындай пікірлеріне, жасырмайын, тап сол сәтте қайран қалып қана қойғаным жоқ, шошыдым да.

Менің әрі-сәрі күйде отырғанымды сезгендей, Сәбең: «Ара ағайын ретінде төрелігіңді айтшы? Манадан бергі айтылған пікірлерге қалай қарайсың, қайсысымызға қосыласың?» — деп төтесінен салмасы бар ма?Менің шын қиналған жерім де осы болды. «Сәбе, екеуің де қонағымсыз. Бірің дұрыс, бірің бұрыс деу маған ұят қой», — деп күмілжіңкіреп аяқтадым әңгімемді.

Ағамызды менің бұл уәжім тоқтата алмады. Әр қаламгер қандай жағдайда да ойын ашық айту қажет. Махамбет сынды күрескер болу керек. Сонда ғана қоғамдағы кертартпалықты  түзеуге үлес қоса аламыз деген сияқты, тіпті одан датуралау пікірін айтты. Дастарқаныңда дәм татып отырып та ақ адал шындықты айту, бетің бар, жүзің бар демей үй иесін де сынау ағамыздың ерекше мінезі екен.

Мен сол жерде де бұған еш ренжімеп едім, кейін Ақтөбеде ағалы-інілі болып түсінісіп, жақын жүргенде ақынның  бұл «дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады» дейтін берік ұстанымы екенін түсіндім. «Оян, ақын, тартқылаймын жағаңнан, Тауып алып жанға тыныш кеңсені» деп басталып:

«Оян, ақын, керек емес бұлтағың,

Мен сендейге қия алмаймын жыр тағын.

Тоқшылықа толарсағынан майысқан,

Мынау өзі қай ғасырдың ұрпағы? — деп жалғасатын өлеңін оқығанда беки түстім.

Күрескер ақынның Махамбетше, өлеңмен айтып отырған жағдайларының бәрі рас қой. Ол кезде тек қоғам емес, көпшілік ақындарда, қаламгер қауымда тоқырауға ұшырағаны ақиқат еді. Айтатын сөзді айта алмай, ақын айтқандай, «жанға тыныш кеңсе тауып» бас сауғалағаны да өмірде  болған жағдайлар-ды. Сондай кезеңдердеәділдік үшін айқасып, жамандықпен жауласқан, жаға жыртысып, кертартпа қоғаммен кескілескен майдан ашқан Сәбит Баймолдин екенін қалай мойындамаймыз?!Тіпті мұны мойындамайын десек те, өлеңдері мойындатады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстаның құрметті журналисі.

Сәбит БАЙМОЛДИН

Ой

Қызғалдақ бүр ашты ма, гүлденді ме?

Кең қойнау жылдағыдай түрленді ме?

Сапырыла сағым көшіп осы кезде,

Түсіне меніменен бірге енді ме?

 

Сылқым көл ұйқысынан оянды ма,

Ақ қайың жасарды ма, боянды ма?

Көктегі ақша бұлтқа ұзақ қарап,

Кеуілі әлденендей ой алды ма?

 

Жыланды жылдағыдай тасыды ма,

Бал мінез бірге тасып, жасыды ма?

Көліне келіп жатқан құсты көріп,

Ұшқысы келді ме екен ғашығына?!

 

Сәуірдің жан балқытар шуағы ма?

Мөлдір көк қара судан бу алды ма?

Қуалай соғатұғын қоңыр желмен

Келді ме менің дауысым құлағына?

 

Қоп-қою түн келді ме, үн келді ме?

Бір хабар күле шыққан күн берді ме?

…Бәріне қарай-қарай менің сәулем,

Бір жылап, бір күлімдеп үлгерді ме?!

 

***

Өтеді күндер жарқылдап,

Қосады ағын ағынға.

Қыс қалып жатыр салқындап,

Жаз келе жатыр жанымда.

 

Кешегі арман, бір арман,

Тілейді алыс шартарап.

Жарыла сансыз қуанғам,

Қайғыны кейде лақтырып,

Қуанышты қайта арқалап.

 

Асу-асу қалды аулақ,

Қарайладық көрсек дөң.

Қуаныш деген бір тауға

Жолаушы едім ғой жол шеккен.

 

Барады өтіп көп күнім,

Жайраңдап барам өлкемде.

Мәңгілік ғұмыр жоқтығын

Ұмытып кетем кей-кейде.

 

***

Өз тағдырым өзіме ыстық біртүрлі,

Мен өзгеге қимаймын өз бұлтымды.

Бейнетімді мен өзгеге қимаймын,

Сүймесем де, алдым ғой ол шіркінді!

 

Сол тағдырмен таныды ғой ел мені,

Не де болса, өмірімнің бергені.

Баяғымнан қиын бола қоймассың,

Бала күндер, шала күндер, кел, бері.

 

Мен үйрендім ауырға да, өзгеге,

О, ауырлық,өзгелерді көздеме.

Басқалардың төзе алмауы мүмкінғой,

Төзген едің, одан әрі төз, дене.

 

Төзермін де, барармын да әргерек,

Жоғалмас-ақдарыным да, бар дерек.

Не болды бұл? Біздің мынау уақытқа да,

Махамбеттің өлеңіндегідей нар керек?!

 

Деп те сөйлеп, күбір-күбір кейде мен,

Ұшырармын бұлтқа да өлең, желге өлең.

Мазасызданғандай, келе жатып бір тойға —

Сөйлеп қалармын осы қалпымда сөйлеген.

 

Өз тағдырым өзіме ыстық біртүрлі,

Мен өзгеге қимаймын өз бұлтымды.

Бейнетімді мен өзгеге қимаймын,

Сүймесем де, алдым ғой ол шіркінді!

 

***

Өлең-құс менен шошып,

Жүрді ме қонбай Ай талай?

Қалды ма ел елеңдесіп,

Қалай ұшқанын байқамай?

 

Қарады ма екен туған ел

Көкжиектерге, дөңеске?

Санады ма екен туған ел,

Келмеуі мүмкін емеске?

 

Шат күнім сонда жоқ менің,

Кеудемде жатты мұңлық ой.

Білмеппін көп ай өткенін

Анашым ауырып жүрді ғой…

 

Өлең-құс қолдан ұшты деп,

Араға айлар түсті деп…

Ойламаппын сонда мен,

Жүріпті ғой дос тілеп!

 

Әжеме ескерткіш

 

                                                           Селбайқызы Талшынға

 

Бір соғысқа, иә, төтеп берген бұл,

Айнымады еңіреген ерден бір!

Біреу емес, екі-үш соғыс көрсе де,

Жұла алмады талай-талай жерден жыл!

 

Ұзын-ұзын қанаты жауып жер-көкті,

Жыл артынан қиқу салып жыл жетті.

Өмір ғой: шеше, амалың бар ма, сау бол деп,

Қара қағаз жетті…

Келіні байғұс ол кетті.

 

Үнсіз қалды,

Тауысылып айтар өлеңі.

Түсі де күлдей, күл болып әжем сөнеді.

Ерінін тістеп, бетін сызып тұратын,

Тағы бір жойқын, тағы бір соғыс сол еді.

 

Ойым — теңіз, ой тулайды. Мазам жоқ.

Әжем жоқ, міне, осы бір сәтте азам көп.

Ап кетті кеше, тоқсанға аяқ басқанда,

Ең соңғы жойқын, ең соңғы соғыс-ажал кеп.

 

Не өнеді —

Дүниеге салсақ дау?

Қош, қош, әже, қоныс таптың алшақтау.

Бір тоқсанға шаршамайтын кісіні

Мынау тағдыр соғыс беріп шаршатты-ау…

 

Ескі теңеулер

 

Ай жатыр… қора-қора бұлт ішінде,

Қара бұлттар… ылғи бір ұрты ісінген.

Көрпесінен сығалаған сәбидейін, —

Сәулесін бұлттан Айдың көрдім дейін.

 

Бұлт оған жапырағы мол қайыңдайын,

Қайыңның тасасында жатыр Айым.

Қаша жөнеледі немесе жүзе жөнеледі, —

Көк мөлдірден көрінген жайындайын.

 

Ай қадірлі! Қашанда бағасын Ай,

Күй боп алған домбыра сағасында!

Көк аспан — ат аунатқан көк мұздайын,

Алтын Ай — түсіп қалған тағасындай.

 

Қызыл Ай — қарағанда қанымыздай,

Немесе жасырулы жанымыздай.

Диханның орағындай іле салған,

Немесе көкке қойған нанымыздай.

 

Ескі үй

 

Ескі үй жоқ кешегі орынында,

Бір көрейін деп келгем соны мұнда.

Таппай тұрмын танысты жолығуға,

Тастамаған екенсің қорымын да.

 

Жалын болып тұрмын мен, жалын болып,

Сарын болып тұрмын мен, сарын болып.

Ішімнен өре түрегелген бір сезімді

Қойдыра алмайтын шығарсың бәрің болып.

 

Үйім қайда, бозбала шағым қайда,

Орыны жоқ, ұшқан ба, сағымдай ма?

Ағып өткен бір асау ағындай ма?

Жас шағын менен өзге сағынбай ма?

 

Мыжырайып тұрғанын көргенімде,

Бір күйге бөленуші ем өзге мүлде?

Есіме түсуші еді өргенім де —

Бір өмір сөйлейтін ед елге күнде?

 

Қуаныш қой ескіні жаңартқаның,

Мен де білем ел өсіп баратқанын…

Мен кеткелі сан талай таң атқанын,

Талай таң талай ғажап таратқанын!

 

Тез жетіп ем, алмастан жолда тыным,

Өтсін деп, бір ғажайып сонда түнім.

Ұстатпадыңдар-ау, ағайын, қолға түгін?!

Білмедіңдер ме, шынымен, япыр-ай,

Әркім-ақ осындайда ауыратынын…

 

Қар жауып тұр

 

Кеше ғана көктем келген,

Жапырақтар жалбыраған.

Сыбырласып өткен желмен,

Балбыраған, албыраған.

 

Ақбұлақтар арқыраған,

Тойдағыдай жүр еді Ел.

Күні көкте жарқыраған,

Жасыл көйлек гүл еді Жер.

 

Құс қалықтап, қайта келіп,

Өзен жаққа түнеді бір.

Жан сырымды айта беріп,

Мен де жүрдім, жүрегі-жыр.

 

Кең далада оянды да,

Тұра шапты тұлпар құлын…

…Жер-жиһанға аян, мына,

Төпей жауып тұр қар бүгін.

 

Амалым жоқ, келем, міне,

Шошып, ойлап, таңғалып құр.

Гүл оранған дүниеге

Қар жауып тұр,

Қар жауып тұр…

 

Таң торғайы

 

Ән салған,

Тамсанған

Таңның торғайы!

 

Үніңнен айналдым,

Тұрсың жар салып.

Жаздың айларын

Таңнан қарсы алып.

 

Сен ерте дүрліктің

Қалғымай не түнде.

Тұрасың тірліктің

Бірінші бетінде,

Таңның торғайы!!!

 

Асыл таң ағарып,

Келеді жай атып.

Ақылдан жаралып,

Жүрсің ғой оятып.

 

Барлығың бірігіп,

Басқа ой азайып.

Жасайсың ірілік,

Неткен ғажайып,

Таңның торғайы!!!

 

Көңілден күй ат тек,

Жоқ ойдың аласы.

Екеуміз сияқты ек,

Даланың баласы.

 

Сау болсын ел-ана,

Сау болсын жер-ана,

Біздей жыршысы

Қуанбай бола ма?

Мақтанбай бола ма?

 

Жарыққа қуанған,

Мәңгілік қосқан үн.

Сонымен уанған

О, менің достарым,

Таңның торғайы!!!

 

Ақтөбе әні

 

Мақтаныш қанат болып поэзияма,

Мен жетем қияндағы ақ таңдарға.

Ақтөбем — жап-жас қала, жап-жас ұя,

Жүрегімде салынып жатқан қала.

 

Бұ қала сол үшін Күн, сол үшін Ай,

Мен де бірақыныедім,

Көшелерісозылғанқолұшындай,

Жанымажақынменің.

 

Кем боладыкөктемі, неге кеші,

Ақтөбедейақ сарай, отауүйдің.

Нұрпейістің осы бізнемересі,

Осы бізінісімізТахауидың.

 

Құдіреті — кісілігібұхалықтың,

Құдіреті — кеңдігібұалаптың.

Саусағымыз осы бізЖұбановтың,

Осы бізкетпенімізШығанақтың.

 

БұқаласолүшінКүн, солүшінАй,

Мен де бірақыныедім.

Көшелерісозылғанқолұшындай,

Жанымажақынменің.

 

Ақша қар

 

Тым асығыс жауды қар,

Сәуле түтеп, ұшты нұр.

Тарта берді тау мұнар,

Аппақ болып үсті бір.

 

Торғай шулап жүрді көп,

Бұтақтарға таласа.

Құйттай боран тұрды кеп,

Қанаттарын сабаса.

 

Аңшы аңсады қансонар,

Бір алысқа тұр қарап…

Жымиғандай шыршалар,

Ақша қарды арқалап.

 

Куә болдым бүгін мен,

Бір қуантты тау ішін.

Алайқайлап жүгірген

Аппақ қардың дауысы.

 

Аппақ шыңды көрем мен,

Тұрса да үнсіз ол-дағы.

Бір бақытқа бөленген

Өзімізден аумады.

 

Жауа берді, қарашы,

Неткен әсем, дәрі қыс.

Аспан мен тау арасын

Түгел алды сағыныш.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button