Тарих

Батыр қызы қазақтың…

Мәншүк Мәметова — 100

Биыл қазақ қыздарының арасынан тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған пулеметші Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толып отыр. Батыр қыздың туған күнін туған жері Батыс Қазақстан облысында 2 қазанда атап өтуді дәстүрге айналдырған. Ал ресми деректерде туған күні 22 қазан деп жазылған.

Батырдың отбасы және майдандағы ерліктері жайлы деректерді оқырманға ұсынуды жөн көрдік.  

Ата-анасы кім?

Мәншүк Мәметованың азан шақырып қойылған есімі – Мәнсия. Анасы бала күнінде «Моншағым» деп еркелетіп, Мәнсия атын айтуға тілі келмей, «Мәншүк» деп кетеді. Құжат алар кезде де батыр қыз өз есімін «Мәншүк» деп жаздырады. Осыдан тарихта оның есімі Мәншүк Мәметова болып қалды.

Мәншүк Мәметова 1922 жылдың қазан айында қазіргі Батыс Қазақстан облысы Орал ауданында дүниеге келген. Оның балалық шағы Жасқұс деп аталатын ауылда өтті. Әкесі Жиенғали қоймада күзетші болып, ал анасы Тойшылша үй шаруасымен айналысқан.

1927 жылы Саратов қаласынан Мәншүктің ауылына оның туыстары – Ахмет пен Әмина Мәметовтер келеді. Мәншүктің туысқан ағасы Қанат оларды қонақ қылып, осы отырысқа Жиенғали мен Тойшылшаны да шақырады. Ұзақ уақыт перзент сүйе алмай жүрген Ахмет пен Әмина ата-анасына еріп келген бүлдіршінді бірден жақсы көріп қалады. Алыстан ат терлетіп келген ерлі-зайыптыны олар да үйіне шақырып, қонақ қылады. Осы кезде ерлі-зайыпты үй иелеріне күтпеген өтініш жасап, Мәншүкті асырап алғысы келетінін айтады. Мәншүктің ата-анасы бұл өтінішті қабылдап, қыздарының қалалық жерде оқып, білімді азаматтардың қолында тәрбиеленуін жөн көреді. Жиенғалидің немере інісі Ахмет  Мәншүкті көзінің қарашығындай сақтап, қорған болуға уәде береді.

Үш жасар қызды асырап алған Ахмет – қазақтан шыққан алғашқы дәрігер, ал әйелі Әмина әдебиет пәнінің мұғалімі әрі әдіскер болған.

Неге майданға сұранды?

Тегін ауыстырған Мәншүк 1931-1938 жылдары Алматы қаласындағы №28 мектепте білім алады. Осы жылдар ішінде Мәншүктің туған анасы мен әкесі бірінен кейін бірі көз жұмады.

1938 жылы дәрігер Ахмет Мәметовке «халық жауы» деген жала жабылып, ату жазасына кесіледі. Бұл қайғылы оқиға моншақтай қыздың жүрегінде өшпес жара қалдырады. Жайсыз оқиғадан кейін Мәншүк дәрігер болу арманынан бас тартып, жұмысшы факультетіне оқуға түседі. Ал анасы Әминаның басқан ізі аңдулы болып, Мәншүк соғысқа дейінгі жылдары көп қиындық көреді. Жесір әйелден барша дос-жараны теріс бұрылып, Әминаның мінезі жаман жаққа өзгереді. Тұрмысы қатты нашарлап кеткендіктен, Мәншүк институттағы оқуын тастап, үкіметтің басқарма істерінде хатшы болып жұмысқа тұрады.

1940 жылы Мәншүк жалғыз қалып, ауылдағы туыстарына материалдық көмек сұрап хат жазады. Өкінішке қарай, қаршадай қыздың бұл хаты жауапсыз қалады. Себебі туыстары «халық жауының қызы» атанған Мәншүкпен байланысқа шығуға қорқады.

Мәншүктің екі туған ағасы болды. Олар – Нағи мен Қадыр. Ахметтің ағасы Қанаттың қолында тәрбиеленіп жатқан Нағи Орал қаласына оқуға түседі. Ал Қадыр Оралда жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін әскер қатарына шақырылады.

Соғыс басталған жылы Мәншүк анасы Әминаның үйін тастап, жатақханаға көшеді. Небәрі 18 жастағы Мәншүктің жоспарларының бәрі кейінге шегеріледі. Бойжеткен әкесінің атылып кеткенін білмей, кеңес үкіметін қорғап, айдаудағы жақын адамын құтқару үшін майданға аттанады. Себебі ол кезде қоғамда «халық жауының» балалары өз еркімен майданға аттанса, ата-анасының бар жазасы кешіріледі» деген сөз тараған. Осы сөз құлағына тигеннен бастап Мәншүк бір жыл бойы әскери комиссариатқа әскерге бару туралы өтініш жазады.

«Мен, Мәметова Мәншүк, 1922 жылы кедей шаруаның отбасында дүниеге келгенмін. Ата-анам қазіргі уақытта қайтыс болған. Жұмысшы факультетін оқып бітіргенмін, қазір Халкомкеңесте халық комиссарлары кеңесі төрағасы орынбасарының жеке хатшысы болып қызмет етемін. Өмірбаяным жөнінен қысқаша мағлұмат бере отырып, сізден ағаларыммен және апаларыммен бірге фашист-қарақшыларды талқандап құрту үшін мені майданға жіберуіңізді сұрағым келеді. Өйткені майданға баратындай ағайым да, апайым да жоқ, сол себептен де өзім сұранамын. Өтінішімді қанағаттандыруыңызды сұраймын. 1939 жылдан комсомол мүшесі. 27.08.1941ж. (М.Мәметова)» , — деп жазады қайсар қыз өз өтінішінде.

Алайда бұл уақытта кеңес билігі әйел адамдарды әскерге алу туралы жарлық шығармаған болатын. Мәншүк тек 1942 жылдың 13 тамызында Алматы қаласында құрылған жасақ құрамында болып, соғысқа аттанады. Осы бригаданың құрамында барлығы 4890 жауынгер болған. Оның ішінде екеуі қазақ қыздары – Мәриям Сарлыбаева мен Мәншүк Мәметова.

Батыр қызбен бірге жауға қарсы Нұржан Құсайынов, Райымбек Бәйсейітов, Тахауи Ахтанов, Әзілхан Нұршайықов, Мәлік Ғабдуллин және Сұлтан Жиенбаевтар аттанады.

Бригада командирінің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары міндетін атқарған подполковник Сақтаған Бәйішев Мәншүктің өтінішін қабыл алып, оны өзі қалағандай пулеметшілер ротасына жібереді. Қазақтың батыр қызы ерлермен бірге жүріп шайқасып, жауынгерлермен ну орманнан да, судан да бірге өтеді.

Ерліктің үлгісі

Батыр қыз майдандағы алғашқы тапсырмасын подполковник Мостовтан алған-ды: екінші атқыштар батальоны штабының құжаттары бар папканы тиісті жерге жеткізуі керек болды. Осы кезде байланысшылар тобының фашистердің қолына түсіп қалғанына қарамастан, Мәншүк тапсырманы сәтті орындап, қошемет сөз естиді. Мәншүк Мәметова жаумен шайқасып қана қоймай, санитарлық қызметті де шебер атқарған. Өлім аузында жатқан майдандастарына қолдан келгенше көмектескен.

1942 жылы ол Великие Луки қаласын жау қолынан азат ету үшін барын салып шайқасты. Осы кезде оған медициналық институттағы біржылдық білімі көп көмектесті. Кейін құрамында Мәншүк бар Ушаков батальоны Бурцевоны қорғауға аттанды. Ауыл төрт мәрте қолдан-қолға өткендіктен, шайқас тартысты болды. Осы кезде қазақ қызы жауға қарсы пулеметтен оқ жаудырды. Көптеген сарбазынан айырылған неміс әскері кейін шегінуге мәжбүр болды.

Көп ұзамай пулеметшілер батальонына алынған Мәншүк бөлім командиріне дейін көтеріліп, сержант атағын алды. Осы батальон 1943 жылдың күз айында Изоча станциясын жау қолынан босатуға қатысты. Алайда кеңес әскері көп сарбазынан айырылып, кейін шегінеді. Мәншүк осы кезде «Сендер бара беріңдер. Мен кетсем, сендерді кім қорғайды?» деп қалып қояды. Осылайша қайтпас қайсар ару «Максим» пулеметімен жүздеген немістің көзін жойды. Алайда осы шайқаста 1943 жылдың 15 қазанында ол ерлікпен қаза тапты.

Қаралы хабар кеңес жауынгерлерінің қабырғасын қайыстырды. Мәншүк Мәметованың өлімі туралы газеттерде жазылып, радиоларда айтылды. Халық оны мақтан тұтып, арада алты ай өткен соң оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Павлодар облысының колхозшылары батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құру үшін қаражат жинады. Сондай-ақ туған жерінде оған арнап ескерткіш орнатылды. Бүгінде Невель, Орал, Алматы және Ақтөбе қалаларында Мәншүк Мәметова атындағы көшелер, сондай-ақ еліміздің әр өңірінде батыр қыздың есімі берілген ондаған мектеп бар.

Мәншүктің жоқтаушысы

Мәншүк Мәметованың туған жері Батыс Қазақстан облысы болғанымен, оның есімін Ақтөбе жұртшылығы қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұловамен қатар айтады.

Ел тарихында есімі сақталған қазақтың қос батыр қызы туралы тың деректерді жинап, зерттеп жүрген «Қос шынар» Әлия-Мәншүк қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербестің айтуынша, бүгінгі ұрпақ Әлия мен Мәншүкті жаттап өсуі керек. Себебі ерліктің үлгісі болған, есімі аңызға айналған арулардың өмір жолы болашақ ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп қана қоймай, патриоттыққа, жанкештілікке, жауапкершілікке үндейді.

Қазіргі таңда Ақтөбе қаласында Мәншүк Мәметова атындағы көше және медициналық колледж бар. Бұл екі игілікті істің жүзеге асуына Ғалымжан Байдербес үлкен үлес қосты. Ол тарихи деректерді зерттей келе, кезінде Ақтөбе қаласында Мәншүк Мәметованың атына көше берілгенін білді. Содан ол осы мәселені көтеріп, нәтижесінде облыс орталығындағы 11-шағын аудандағы Набережная көшесін Мәншүктің атына аудартуға ықпал етті. Ал Ақтөбе жоғары медициналық колледжі 2017 жылы Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімін иеленді. Сол жылы оқу орнының бұрынғы директоры Вадим Югай мен Ғалымжан Байдербес Мәншүк Мәметова мұражайын жасақтады.

— Қазақтың қос батыры Әлия мен Мәншүк — тағдырлас жандар. Олар жасынан жетім өскен, өздері соғысқа сұранып барып, ерлікпен қаза тапқан. Олардың сүйегі Ресей жерінде жатыр. Мен осыдан 48 жыл бұрын Әлия Молдағұлованың өмірі мен майдандағы ерлік жолы туралы зерттей бастадым. Кейін 20 жыл өткен соң Әлия мен Мәншүкке арнап «Қос шынар» қоғамдық қорын құрдым. Биыл, міне, Әлиядан бөлек, Мәншүк Мәметованың өмір тарихын зерттегеніме 22 жыл толып отыр. 

Мәншүк Мәметова қазан айында дүниеге келіп, қазанда өмірден өткен. Осы даталарға байланыстырып өткен аптада «Әлия» музейінде ғылыми-тәжірибелік конференция өткіздік. Сол шарада Мәншүк туралы 22 жыл бойы жинақтаған материалдарымды келушілерге ұсындым. Одан бөлек, қазіргі таңда батыр атындағы Ақтөбе жоғары медициналық колледжінде де мұражай жасақтаулы тұр. Жастар сол мұражайлардағы жәдігерлерді көзімен көріп, құнды деректерді оқыса, батыр қыздың өмірімен етене танысар еді. Ол үшін музей қызметкерлері мен жанашыр азаматтар жиі-жиі түрлі шаралар өткізіп тұруы керек.

Осыдан 20 жыл бұрын Қызылорда облысындағы батырдың есімі берілген педагогикалық училищеде Мәншүктің 80 жылдығы тойланды. Мен сол шараға Ақтөбеден Мәншүктің жоқтаушысы ретінде қатысып қайттым. Одан бергіде көп жыл уақыт өтті. Биыл Мәншүк Мәметованың туғанына жүз жыл толды. Осыған байланысты жуырда Оралдан бұрынғы батыр атындағы (Мәметова атындағы музей тарихи-өлкетану мұражайына қосылған)  музейдің басшылығы маған хабарласып, Орал жерінде игі шараның болатындығын хабарлады. Дегенмен белгілі себептерге байланысты батыр қызға арналған іс-шара кейінге шегеріліпті. Жол түссе, оған да барармыз. Ең бастысы, қазақ қыздарының арасынан шыққан, тұңғыш Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған пулеметші Мәншүк Мәметованың есімі ел жадынан өшпеуге тиіс. Ол үшін біз, жанашыр азаматтар, келер ұрпаққа батыр қыздың өмірі мен ерлігі жайында әркез әңгімелеп отыруымыз керек, — дейді Ғалымжан Байдербес.

Әзірлеген Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button