Басты жаңалықтар

Мәңгілік ұмытылмас ерлік

Есет батыр Көкіұлы — 355

Қазан айының 7-9 күндерінде өңір жұртшылығы барша халқымыз үшін аса қымбат та қастерлі тұлға — Есет батыр Көкіұлының туғанына 355 жыл толуын кең көлемді мерекелік іс-шаралармен атап өтті.

Батыр тойы аясындағы аламан бәйгеде қобдалық Ізбасовтар баптап қосқан Самұрық атты тұлпар топ жарды. Ал «Еркіндік қыраны, шарықта!» деген атпен өткен республикалық айтыста Абай облысынан келген айтыскер ақын Рүстем Қайыртай бас жүлдені жеңіп алды.

Батыр баба есімі ғана емес, жалпы, өткен тарихымыз ұлықталған тойға еліміздің түкпір-түкпірінен Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі композитор Ілия Жақанов, белгілі қаламгерлер Ақұштап Бақтыгереева, Бауыржан Жақып, Несіпбек Айтұлы, Жүрсін Ерман бастаған көптеген мәдениет және өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар, тарихшы ғалымдар мен зерттеушілер, Есет Көкіұлының ұрпақтары арнайы келіп қатысты.

Ел ұмытпас өзіңдей батырларды

Негізгі шаралар 8 қазанда Алға ауданындағы Бестамақ ауылы мен Есет батыр мемориалды кешені арасындағы жазықта өтті. Осында отыздан астам киіз үй тігіліп, ас берілді, Есет Көкіұлының 355 жылдығына арналған салтанатты жиын ұйымдастырылды.

Жиналған барша халық, олардың ішінде облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен жоғарыда есімдері аталған қонақтар да бар, ең алдымен көне қорымдағы Есет батыр кесенесіне барып, аруағына Құран бағыштады.

Есет Көкіұлының туғанына 355 жыл толуына арналған салтанатты жиын Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының артистері әзірлеген «Ту ұстап, тарлан мінген Есет» атты театрландырылған көрініспен ашылды. Қойылымда Есет батыр заманындағы жаугершіліктен көз ашпаған қасіретті күндер, қазақ тарихында шешуші мәнге ие Аңырақай шайқасындағы жеңіс, қарт Есеттің ұрпаққа өсиеті мен батасы қамтылды.

Бұдан соң облыс әкімі Ералы Тоғжанов құттықтау сөз сөйледі. Өңір басшысы еліміздің тәуелсіздігі мен азаттығы жолында күрескен бабалардың жанкешті ғұмырын, ерлік істерін ұмытпай, әрдайым еске алу, олардың есімдерін ардақ тұту бүгінгі ұрпақ үшін басты парыз екенін айта келіп:

Тарихы терең Ақтөбе аймағының киелі топырағында кіндігі кесіліп, жау келсе — батырлық, дау туса шешендік танытып, бар ғұмырын халқының бостандығы мен ұлтының бірлігін, жерінің бүтіндігін сақтау жолына арнаған, халқымыздың бағына біткен перзенттері аз емес. Солардың бірі, ел басына күн туғанда, бірлікке ұйытқы бола білген, батыл да байыпты мәмілегер, саясаткер, қол бастаған батыр бабамыз — Есет Көкіұлы. Есет батыр — бүкіл ерлік жолы ұлт тарихына алтын әріппен жазылған тұлға. Біз Есет батыр бабамыздың ел қорғау жолындағы ерлігі мен ерен істерін ұрпақ санасына жеткізе, ұялата білуіміз керек. Жаңа Қазақстанда туған жерінде адал еңбегімен тұлпар мініп, ту тіккен, қол бастаған бабалардан қалған мұра — киелі Отанымызды толағай табыстардың, берекелі ырыстың мекеніне айналдырар батырлар көп болсын! — деп, өзінің ізгі тілегін жеткізді.

Жиында Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, белгілі композитор, Есет Көкіұлының ұрпағы Ілия Жақанов, ҚР ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, т.б. құттықтау сөз сөйледі.— Мен қазақ болып туғаныма қуанамын, әсіресе оның өнерін қуғаныма қуанамын. Қазақтың кең-байтақ жеріне қуанамын. Мен әрқашан халықпен біргемін. Есет батыр сынды ұлы тұлғаларымызхалықпен бірге мәңгілік жасай бермек,— деді А.Әшімов.

Жиын соңы концертке ұласып, жұртшылық Алға аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары, Ақтөбеден келген өнер ұжымдары, т.б. артистердің өнерін тамашалады.

Ақ шаңқан киіз үйлері қаз-қатар тізілген қазақы ауылда батыр бабаға арналып ас берілді. Ұлттық қолөнерді атадан балаға, кешеден бүгінге жалғап келе жатқан шеберлер мұнда өз бұйымдарын әкеліп, көрме өткізді. Ересектер мен балалар арасында қазақ күресі, қол күресі, арқан тарту, асық ойнау сынды ұлттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды. Ал әріректе аламан бәйге, құнан жарыс пен тай жарыс, жаппай көкпар ойындары кезек-кезегімен өтіп жатты.

ІЗГІЛІК ЖӘНЕ АЛҒЫС

Есет батыр Көкіұлының туғанына 355 жыл толуын атап өту, даңқты ерлік жолын насихаттау, асыл есімін ұлықтау мақсатындағы мерекелік шаралардың өз деңгейінде өтуі үшін аянбай атсалысып, қомақты демеушілік көрсеткен қолы жомарт, пейілі кең бір топ азаматқа облыс әкімі Ералы Тоғжанов ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Олар: Саясат Қалиев («АЗС Лидер» ЖШС), Әлібек Базарғалиев («Жансая» шаруа қожалығы), Бақытжан Ержанов («Жантізер» шаруа қожалығы), Асхат Айтжанов («Дастан Групп» ЖШС), Нұрбек Тлемісов («Елім Табантал» ЖШС), Марлен Баймағамбетов («Меңдібай Қарағаш» шаруа қожалығы), Самат Қалдығұлов («Реймқұл» шаруа қожалығы), Құрмаш Өтегенов («Түрксіб» мекемесі).

Самұрықтың шабысы-ай!

Жалпы, той аясындағы ат жарыстарына 50 шақты шабандоз ат баптап әкелген. Соның ішінде аламан бәйгеге еліміздің түкпір-түкпірінен әкелінген 17 тұлпар қатысты. 25 шақырымдық бәйгенің алғашқы айналымдарында Қостанайдан әкелген Бақторы, кейіннен Астана қаласынан Бәйтерек атты тұлпарлар алда болды. Алайда соңғы айналымдарда қобдалық Сырым мен Есенбай Ізбасовтар баптап қосқан Самұрық атты тұлпар алға озып, мәреге бірінші болып келді.

Демеушілер мәреге алдымен келген 4 тұлпар үшін жүлде әзірлепті. Бірінші келген Самұрықтың иесіне автокөлік табысталды.

Самұрықтың соңын ала мәреге: Бәйтерек (Астана қаласы, атбегі — Дамир Клишев), Бақторы (Қостанай облысы, атбегі — Ғанибек Қыпшақбаев) және Жұмбақ (Ембі қаласы, баптаған — Тайыр Саралбек) атты тұлпарлар осы жазылған ретпен, бірінен кейін бірі келді. Олардың иелеріне ІІ орын үшін — 1 миллион теңге, ІІІ орынға — 500 мың теңге, ІV орынға 250 мың теңге ақшалай жүлде берілді.

12 шақырымдық құнан жарыста және 6 шақырымдық тай жарыста да бастапқы 4 орынға жүлде берілді. Құнан жарыста 1 миллион теңге көлеміндегі бірінші жүлде — Алға ауданы Бесқоспа ауылының тұрғыны Дамир Тұрақбайға, ал тай жарыста 400 мың теңге көлеміндегі бірінші жүлде Ақтөбе қаласындағы Әбділдиндер әулетіне табысталды.

Арқан тартып, асық атты…

Тойға келген қалың көпшілік бәйгеге ат қоспағанмен, түрлі ұлттық ойындар бойынша өз күшін сынап көруге мүмкіндік алды. Әсіресе жастар мен балалар арасында көп жарыс ұйымдастырылды.

Соның бірі —еркiн күрестен 2008-2010 жылдары туған жасөспiрiмдер арасындағы облыстық ашық турнир. Мұнда облыс орталығымен барлық аудандардан, сондай-ақ ашық турнир болған соң,көрші өңірлерден келген жас палуандар да күш сынасты. Жалпы жарыс 11 салмақ дәрежесі бойынша өтті. Оның қорытындысында әрқайсысы өз салмақ дәрежесінде Ернұр Құдайберген (Алға ауданы), Ислам Асланұлы (Алға ауданы),Нұрлыхан Есбосынов (Мұғалжар ауданы),Мерей Үйелбаев (Ойыл ауданы), Данияр Исмағанбет (Хромтау ауданы), Дәулет Естілеуов (Ақтөбе қаласы),Жолмұрат Ідірісов (Байғанин ауданы), Мұхамбет Құспанов (Атырау облысы), Мирас Қалдыбай (Ақтөбе қаласы), Аянбек Ибрашев (Хромтау ауданы) және Бекзат Серік (Орал қаласы) жеңімпаз атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдар және қаржылай сыйақылармен марапатталды.

Қазақша күрестен Әділет Мисин жеңімпаз болды. Оған 300 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Сондай-ақ қазақша күрестен Сұңғат Закарияев, Дулат Бағынов, Нұрсұлтан Мырзахметов және Жолдыбай Айбектер жүлдегерлер қатарында болып, оларға да қаржылай сыйақылар табысталды.

Қол күрестен Бауыржан Бақыт пен оралдық Рахат Көшкенғали жеңіске жетті. Арқан тартудан Мәртөк ауданының командасы бірінші орын алды. Бұл жарыстарда да алғашқы төрт үздік спортшы мен командаға жүлделер берілді.

Асық атқан және ләңгі теуіп жарысқан балалар арасынан да мықтылар анықталып, ақшалай сыйлықтар алды.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА, белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері:

— Біз — тарихын жоғалтқан халықпыз. Тарихымызды қайта жаңғырту, қайта түгендеу жолында осындай тойлар, түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл дұрыс, бірақ аз. Өйткені бұл тойды тек қатысқандар мен бұқаралық ақпарат құралдарынанкөрген немесе оқыған жандар ғана біледі, бұл бүкіл жұртшылықты қамти алмайды. Ал Есет батыр Көкіұлының тарихын бүкіл халқымыз, әсіресе жас ұрпақ жақсы білуі керек. Ол үшін нақты зерттеу еңбектер, ғылыми мақалалар жазу керек, оларды оқулықтарға енгізу керек. Біз тарихымызды түгендеу жолындағы жұмыстарды тереңдетіп, нақты зерттеулерге, ғылыми бағытқа бет бұруымыз керек. Бүгінгідей тойлар сол іске бастама болса деп ойлаймын.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ, ҚР ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары:

— 355 жылдың ішінде талай су ағып өтіп, талай ұрпақ ауысқан екен. Қоғамдық формациялар бірінен соң бірі өзгерді. Бірақ бір нәрсе еш өзгермеген екен. Ол —қазақ халқының Есет батыр Көкіұлына деген махаббаты. Ұлы тұлғаларды ұмытпау — елдіктің белгісі. Мен ақтөбеліктерге, облыс басшылығына ұлы батырдың ерлігін еске алып, насихаттауды ұйымдастырғаны үшін алғысымды білдіргім келеді. Бабамыз жатқан қорымның өзі — қасиетті жер. Осы киелі мекенді, өткен тарихты, Есет батырдың ерлігі туралы мәліметтерді жаңғырту —  жастарға патриоттық тәрбие берудің көзі.

«Еркіндік қыраны, шарықта!»

Есет батырдың 355 жылдығы аясындағы іс-шаралар арасында жұрттың асыға күткені — «Еркіндік қыраны, шарықта!» атты республикалық айтыс болды. Айтысқа еліміздің бірқатар өңірлерінен: Абай облысынан Рүстем Қайыртай, алматылық Шұғайып Сезімхан, шымкенттік Біржан Байтуов, атыраулық Шалқарбай Ізбасаров және басқа да белгілі айтыскерлер келді. Олардың қатарына өз өңірімізден Марат Ахметов, Ершат Қайболдин, Жұлдыз Қожабекова, Жәнібек Бейбітов, Айболат Көшкінбаев, Нұрбол Жауынбаев сынды ақындар қосылды.

Ал Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында ақындар — Нұрлыбек Қалауов, Жанарбек Әшімжан, Несіпбек Айтұлы мен белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев болды.

Алдымен белгілі ақын Жүрсін Ерман сахнаға шығып, Студенттер сарайының лық толы залындағы көрерменге айтысқа келген ақындарды таныстырды.

Одан соң облыс әкімі Ералы Тоғжанов сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тіледі.

Айтысты Жүрсін Ерман жүргізіп отырды. Алғашқы күні айтысқа келген ақындар 8 жұп болып өнер көрсетсе, келесі кезеңге олардың ішінен үздік деп танылған 8 ақын өтті. Олар — Жұлдыз Қожабекова (Ақтөбе облысы), Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы), Рауан Қайдаров (Павлодар облысы), Қазырет Бердіхан (Алматы қаласы), Біржан Байтуов (Шымкент қаласы), Рүстем Қайыртай (Абай облысы), Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы) және Шалқарбай Ізбасаров (Атырау облысы). Айта кету керек, жерлесіміз Ершат Қайболдин де қазылар алқасының шешімімен келесі кезеңге өткен болатын, алайда денсаулығына байланысты ол ақтық кезеңде айтыса алмайтынын айтқан соң, орнына Рауан Қайдаров шықты.

«Кешегі елдің қамын ойлап өткен,

Ер Есет осы айтыстың себепкері!» (Серік Қуанған) — десіп, сөзді Есет атаның ерлігінен бастап, оның соңғы өсиетіндегі: «Мені басымды — шығысқа, аяғымды батысқа қарата жерлеңдер. Көрде де, жауды қазақтың жеріне жібермей, табаныммен тіреп жатайын» — деген сөзін бірінен соң бірі тебірене еске алысқан ақындар айтыста бүгінгі күннің өзекті мәселелерін де қозғады, өзара әзіл-қалжыңға да кезек берісті.

Жұртшылық екі күн бойы — 8-9 қазан күндері — тамашалаған айтыс мазмұнды өтті. Қорытындысында, ұлы ақын Абайдың елінен келген Рүстем Қайыртай бас жүлдені жеңіп алды. Бас жүлденің көлемі — 1,5 миллион теңге.

І орын Рауан Қайдаровқа берілді. Оған 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақы сертификаты табысталды. Ал ІІ орындыШұғайып Сезімхан мен Біржан Байтуов иеленді. ІІ орын үшін жүлде көлемі 750 мың теңге болды.

Жұлдыз Қожабекова, Қазырет Бердіхан және Шалқарбай Ізбасаров сынды ақындар ІІІ орынға (500 мың теңге) лайық деп табылды. Ал Нұрбол Жауынбаев пен Серік Қуанғанға 300 мың теңге көлеміндегі арнайы жүлделер табысталды. Сондай-ақ Ершат Қайболдин Алға ауданы әкімінің арнайы жүлдесімен марапатталды. Ал Қанат Мырзаханұлына — «Есет батыр ескерткіші» қоғамдық қоры атынан, Марат Ахметовке Ақтөбе фермерлік орталық қауымдастығынан қаржылай сыйлық тапсырылды.

Айтыстан бөлек, 9 қазанда Ақтөбедегі Тұңғыш Президент атындағы саябақта отандық эстарада әншілерінің концерті де өтті.Облыс әкімдігінің қолдауымен және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының демеушілігімен ақтөбелік жастарға арнап ұйымдастырылған концертте елімізге танымал әншілер мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Олардың арасында «МузАрт» тобы, «Еңлік» тобы, Нұрмұхаммед Жақып, Mona Songz, Садраддин, Nazima, т.б. бар.

Концертке қала жастары көп жиналды. Соңынан облыс әкімі Ералы Тоғжанов ақтөбеліктерге әдемі көңіл күй сыйлаған өнер жұлдыздарынажәне демеушілерге алғысын білдірді.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button