Тассайдағы тіршілік

Хромтау ауданынан 60 шақырым жерде Тассай деген ауылдық округ бар. Кішігірім ауыл болғанына қарамастан, елді мекеннің инфрақұрылымдық жағдайы жақсы. Тұрғындар бау-бақша, сүт, ет өнімдерін өңдеу, сату арқылы береке тауып отыр. Бүгінде аталған округке қарасты Тассай, Көкпекті ауылдарында 541 адам тұрып жатыр.
Ауылдың әлеуметтік жағдайы тұрақты. Тассай ауылына екі жыл бұрын көгілдір отын келді. Бұл қуаныш ұялы байланыстың келуімен еселене түсті. Жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, биіктігі 40 метр болатын бағана орнатылды. Қазіргі таңда тассайлықтар ұялы байланысты еркін қолданып, интернет желісіне қосылды.
— Екі жыл бұрын ауылда жол жөндеу жұмыстары басталған еді. Жоба құны — 799 миллион теңге. Бұл қаражатқа ауыл жолдары толығымен күрделі жөндеуден өтті. Халықаралық маңызға ие Самара-Шымкент тасжолы 29 шақырым қашықта орналасқан. Жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, көлік қатынасы жақсарды.
Тассайда үш азық-түлік дүкені жұмыс жасап тұр. Азық-түлік тапшылығы жоқ. Алайда тұрғындардың басым бөлігі жеке көліктерімен қажетті заттарын қаладан тасмалдауды жөн көреді.
Ауылда 11 жылдық қазақ-орыс мектебі бар. Онда 86 бала екі ауысыммен білім алып жатыр. Мектепте даярлық топтан бастап барлық оқушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр. «Алтын дән» шаруа қожалығы мектеп оқушыларының тегін тамақтануына қаражат бөлгені ата-аналар үшін қуанышты жаңалық болды.
Қазіргі таңда мектепті жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжат әзірлеу басталды. Келер жылы мектеп толығымен күрделі жөндеуден өткізіледі, — деді Тассай ауылдық округінің әкімі Ербол Әбдіров.
Қазіргі таңдағы ауылдағы басты мәселе — кадр жетіспеушілігі. Ауыл шаруашылығы саласында жұмысшылар мен механизатор мамандар тапшы.
«Ақтөбенің» анықтамасы
Тассай – селолық округ орталығы. Егіс пен көкөніс өсіруге де, мал ұстауға да ыңғайлы, табиғаты әсем өңір. Азамат соғысы жылдарында мұнда атаман Дутовтың әскері уақытша қоныстанған деген мәлімет бар.
1961 жылы «Новотроицкий» кеңшары құрылды.
Округ аймағында «Ақтөбе» сейсмикалық станциясы жұмыс жасаған. 1994 жылы 16 мамырда 29481 әскери бөлімнің базасында Троицкое селосында «Актюбинск» геофизикалық обсерваториясы құрылды.
Ауылда 2009 жылы жаңа көпір салынды. 2010 жылы су құбырының құрылысы аяқталған.
(«Қазыналы Хромтау» энциклопедиясынан)
Егін және бау-бақша
Округте 27 шаруа қожалығы, 3 үлкен шаруашылық құрылымы жұмыс жасайды.
Шаруа қожалықтары өнімдерінің ауылдан артылғанын Ақтөбе қаласына апарып сатады.
Ауылдық округтің негізгі кәсібі — егін шаруашылығы. Биыл егін түсімі былтырғыға қарағанда мол. Суармалы жерлерде бақша егу жұмыстары қарқынды жүргізіліпті. 15 гектар жерге бау-бақша өнімдері егілген.
— Биыл 17 мың гектар жерге егін егіліп, 19 центнерден өнім алынды. Тассай ауылында күнбағыс алғаш рет егіліп, одан да жақсы нәтиже шықты. Округте мемлекеттен бөлінген субсидия қаражатына жаңа заманауи комбайндар мен басқа да шаруашылыққа қажетті көліктер сатып алынды.
Мен Тассай ауылына қарасты «Бақыт» шаруа қожалығының иесімін. Шаруа қожалығы 2001 жылы өз жұмысын бастады. Негізінен жылқы өсірумен қатар, егін шаруашылығымен де айналысамыз.
Аудандағы 27 шаруа қожалығында 1300 ірі қара, 800-ден астам жылқы бар, — дейді «Бақыт» шаруа қожалығының иесі Мәлік Шоқаманов.
Жылыжай құрылысы басталды
Ауылда тұрғындар көптен күткен жылыжай кешені салынып жатыр. Жылыжай құрылысына 10-нан астам маман жұмылдырылған. Жеке кәсіпкер Ержан Ерғалиев жылыжай жұмысының уақытында аяқталуына жауапты. Құрылыс қарқыны жаман емес. Көрші елдегі жағдайға байланысты құрылысқа қажетті поликарбонат кеденде тұр. Алдағы күндері бұл мәселе шешіледі. Қазан айының 20-на дейін жылыжай құрылысы толығымен аяқталуы керек. Жобалық-сметалық құны — 55 млн теңге болатын жылыжай кешені аяқталса, бірнеше адам жұмыспен қамтылады.
Округ әкімі Ербол Әбдіровтің айтуынша, ауданда Мәдениет үйі, медициналық пункт, кітапхана жұмыс жасап тұр.
— Өкінішке қарай, арнайы спорт зал жоқ. Балалар мектептің спорт залында жаттығуға мәжбүр. Алдағы уақытта мемлекеттен қаражат бөлінсе арнайы жаттығу алаңдары ашылады. Ауылға IP камералар қондырылып жатыр. Көлік қатынасы да толығымен бақылауда.
Қазан айында футбол алаңын, балалардың ойын алаңын жаңарту жоспарда бар.
2023 жылы асфальт төсеніші жоқ жолдардың жөндеу жұмыстарын бастаймыз. Қазіргі таңда жол құрылысының жобалық-сметалық жоспары жасалды. Соған сәйкес жаяу жүргіншілер тротуары салынады.
Ауыл жастары жұмыспен толық қамтылған. Олар елді мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосып келеді. Ауылға кіреберістегі «Тассай» атауы жазылған маңдайша енді жасалынып жатыр.
Бұрын сейсмостанция болған 48 пәтерлі екі үлкен ғимарат бос тұр. Санаторийге ме, бизнеске ме сұранып тұрған ғимарат. Соны ауыл меншігіне өткізіп, пайдалану жоспарда тұр. Әрі халыққа қосымша жұмыс орны болар еді. Әзірге бұл жобаны іске асыруға инвестор табылмай тұр, — дейді Ербол Әбдіров.
Тағы бір айта кететіні — күні кеше ауылда әкім сайлауы өтіп, Ербол Әбдіров тұрғындардың басым дауысымен қайта сайланды. Ендігі әкімнің міндеті — ауылды көркейтуге арналған іс-шараларды одан әрі жалғастыру.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.





