Жаңалықтар

Екпе дауы: Ақтөбеге арнайы комиссия келді

Ақтөбеге келген республикалық жетекші медициналық орталықтардың дәрігерлері Манту сынамасының орнына БЦЖ вакцинасы егілген балаларды тексерді.

Денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова басқарып келген арнайы комиссия мүшелері 1-сынып оқушыларының ата-аналарымен кездесті.

Жағдай министрдің жеке бақылауында. Қызметтік тергеу басталды, комиссия құрылды, жоспардан тыс тексерулер де ашылды. Эпидемиологиялық тексерудің қорытындысы бойынша және сараптама нәтижесінің негізінде оқиғаға баға беріліп, медицина қызметкерлерін жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданады. Барлық бала жіті бақылауда болады,  —  деді А.Есмағамбетова.

Кездесу барысында ата-аналар мамандарға өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Барлығы 42 бала манту сынамасыз БЦЖ вакцинасын алды. Балалардың жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Олар толықтай медициналық тексеруден өтеді. Оларды Ақтөбеге келген республикалық ұлттық фтизиопульмонологиялық орталықтың, педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жетекші мамандары тексерді.

Жағдай облыс әкімі Ералы Тоғжановтың ерекше бақылауында. Аймақ басшысының тапсырмасымен аталған мектепке бұдан былай мемлекеттік емхана қызмет көрсетеді. Балалардың денсаулығын тұрақты бақылау мақсатында қаладағы үздік дәрігерлердің арасынан шыққан педиатрлар екі ай бойы осы білім ошағында кезекшілікте болады.

Насиба ЗАРЛЫҚОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button