Басты жаңалықтар

Тазалық өзімізден басталады

Тікелей желі

Ақтөбе қаласында, басқа да елді мекендерде стихиялық қоқыс үйінділері, санитарлық талаптарды өрескел бұзу оқиғалары азаймай тұр. Бұл ауыл мен қаланың көрінісіне, жайлылығына ғана емес, адамдардың денсаулығы мен өскелең ұрпақтың тәрбиесіне де кері әсер етеді. 

Қыркүйек айының 16-сында облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен  Ақтөбе қаласының дамуына арналған жиын өтіп, онда қаланың тазалығына айрықша назар аудару керектігі атап айтылған еді. Облыс әкімі: «Тазалық бар жерде құт болады. Шашылып жатқан жерде ешқандай ырыс болмайды», — дей келіп, өңір жұртын екі айлық тазалық науқанына белсене қатысуға шақырған еді.

17 қыркүйекте басталған санитарлық-экологиялық екі айлықтың аясында қыркүйектің 17-сі мен 24-і күндерінде жалпыоблыстық сенбіліктер өткізілді. Тазалық жұмыстарына еңбек ұжымдары, жастар, ерікті топтар, тұрғындар жаппай қатысып жатыр.

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің редакциялары да осы екі айлық аясында қаланы көріктендіру, тұрмыстық қалдықтардан тазарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмыстары, көгаландыру мәселелері бойынша тікелей желі ұйымдастырып, мұнда тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға мамандар жауап берді.

Тікелей желі кезінде «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин былай деп атап көрсетті: «Облыс басшысының игілікті бастамасы қазіргі уақытта қалың жұртшылық тарапынан кеңінен қолдау тауып отыр. Қала тазалығы — күн тәртібінде тұрған аса маңызды мәселе екені барлығыңызға аян. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстардың жарияланып отырған екі айлық аясында аяқталып қалмайтыны белгілі. Әсіресе, облыс орталығын қоқыстан тазартумен бірге, көгалдандыру, абаттандыру шаралары кең ауқымда жалғаса беретінін, оған үлес қосу — әрбір қала тұрғынының, кәсіпорындар мен мекеме ұжымдарының парызы екенін бәріміз терең ұғынуымыз керек. Бұл ретте біз науқаншылдыққа салынбай, істі жүйелі жүргізу, жанашырлық таныту, өзара түсіністік ахуалын орнату қажеттігін жақсы сезінеміз. Сондықтан да біз атқарылған жұмыстарды облыстық газеттер мен әлеуметтік желілерде тұрақты түрде, кеңінен көрсетіп отыруды басты мақсат тұттық».

«Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның баспасөз клубында өткен тікелей желіге Ақтөбе қаласындағы Астана ауданы әкімінің орынбасары Алмас Жақсылықов,

облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Досжанов, Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісіАқнұр Қазбаева, Алматы аудандық тұрғын үй-шаруашылық бөлімінің басшысы Әнуар Жаңбыров, «NEO Plus» ЖШС директорының орынбасары Элмира Тәңірбергенова және «Шарова ЖК» кондоминиумының басшысы Бейбіт Шарова қатысты.

 

Саяжайлардан қоқыс әкетіле ме?

Сұрақ: Қала сыртында саяжайымыз бар. Біз онда тұрақты тұрмаймыз, жазғы маусымда бау-бақша егіп, күтіп-баптау үшін барып келеміз. Әрине, аз-маз қоқыс болса, оны жинап, өзімізбен бірге қалаға әкеліп, қоқыс жәшігіне тастаймыз. Өйткені саяжайда қоқыс жәшіктері жоқ. Алайда онда тұрақты тұратын адамдар бар. Кейде жолда, үйлердің арасында қоқыс үйіндісі пайда болады. Көп қабатты, жеке үйлер секілді, саяжайларда да қоқыс жәшіктерін орнатып, тұрғындардан ақы алып, қоқыс әкетуді ұйымдастыруға бола ма?

«NEO Plus» ЖШС директорының орынбасары Элмира Тәңірбергенова бұл сұраққа былай деп жауап берді:

— Бұл үшін саяжай кооперативінің басшысымен және басқа да саяжай иелерімен ақылдасып, қоқыс шығаратын компаниялармен келісімшартқа отыру керек. Ал келісімшарт жасалған саяжай коопертивтерінен қатты-тұрмыстық қалдықтар қазір де кесте бойынша әкетіліп жатыр.

Ауданымызда ағаш аз

Сұрақ: Ақтөбедегі Батыс-2 ауданының тұрғынымын. Біздің ауданда ағаш аз, саябақ, яғни демалатын орын да жоқтың қасы. Серуендеп қайтайық деген оймен үйден шыға қалсақ, тыныстап отыратын көлеңке таппай қиналамыз. Бұл мәселе қалай шешілер екен?

Астана ауданы әкімінің орынбасары Алмас Жақсылықов:

— Негізінде, тұрғын үйлер салынғанда жобалық-сметалық құжатта оның айналасын абаттандыру мәселесі ескеріледі. Үйдің құрылысын жүргізген компаниядан тал егу талап етіледі. Бірақ оны әрі қарай күтіп-баптау, суару қажет қой. Бұл жерде тұрғындардың жанашырлығы керек. Сондай-ақ тұрғындардың өздері де ағаш отырғызамыз десе, шектеу жоқ. Тек көліктің, жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірмейтін, басқа да талапқа сай орындар таңдалуға тиіс.

Батыс-2 — жақын жылдарда ғана бой көтерген аудан. Көшелерде, ғимараттар мен үйлердің арасында абаттандыру жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ, сондықтан мұнда алда да тал егу, көгалдандыру жұмыстары жүреді, жаңа гүлзарлар, демалатын орындар пайда болады.

Үйлер арасындағы жолдарды жауып тастау дұрыс па?

 Сұрақ: Ақтөбедегі Есет батыр көшесінің тұрғыны боламын. Қала орталығындағы үйлердің тұрғындары көбіне үй алдындағы машина өтетін жолды бір бағытта ғана қалдырып, екінші жағынан тас қойып, бітеп тастайды. Бұл дұрыс па? Меніңше, заң бойынша олай етуге ешкімнің хақы жоқ.

Астана ауданы әкімінің орынбасары Алмас Жақсылықов:

— Әрине, жолды жауып тастау дұрыс емес. Әсіресе бұл төтенше жағдай бола қалса, қиындық тудыруыне асығып бара жатқан жедел жәрдем көлігіне кедергі болуы мүмкін.

Алайда үйдің тап алдынан көлік үздіксіз өтіп жатса, тұрғындар үшін оның жайсыз тұсы көп. Мысалы, көрші үйлердің машиналары бірінен соң бірі өтіп, соның кесірінен өздері жұмысқа уақтылы шығып кете алмайтынын айтып шағымданған тұрғындар болды. Есік алдына ойынға шыққан балалардың қауіпсіздігіне де алаңдайды. Сондықтан әр жағдайды жеке-жеке қарап, кейде түсіністік танытуға да тура келеді.

Стадионның тағдыры алаңдатады

Сұрақ: 11-шағын аудандағы №9 орта мектептің жанында сонау кеңес дәуірінен келе жатқан стадион бар. Бұл стадионды тек оқушылар ғана емес, ересектер, зейнеткерлер — сол маңның тұрғындары спортпен шұғылдану үшін пайдаланатын. Кезінде тұрғындар өзіміз бастама көтеріп, демеуші тауып, ақша жинап, мұнда жарық та қойғыздық. Менің білгім келетіні, осы стадион қазір кімнің балансында, жеке бір ұйым, мекеменің меншігінде ме?

Астана ауданы әкімінің орынбасары Алмас Жақсылықов:

— Кезінде стадионның орнына құрылыс саламыз деген жоспармен, бұл жерді бір құрылыс компаниясы алған. Дегенмен кейін ол жоспарынан бас тартып, қаланың меншігіне қайтарып берді.

Стадион әрі қарай да сол аудан тұрғындарының игілігіне пайдаланыла бермек. Алдағы уақытта мұнда «Халық қатысатын бюджет» жобасының аясында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның айналасында №9 мектептен басқа да мектептер бар, яғни жасөспірімдердің спортпен шұғылдануы үшін бұл стадион өте қажет. Қазіргі күні жөндеу жұмыстарын жүргізу жөніндегі ұсыныссарапшылар кеңесі тарапынан мақұлданды.

Кімге шағымдана аламыз?

 Сұрақ: Үйіміздің айналасындағы мейрамхана, дәмхана, дүкен секілді бизнес өкілдері қоқыс жинау тәртібін бұзса, мысалы, қоқыс жәшігін ғимаратқа (үйге) тым жақын қойып, одан жаман иіс шыққан не басқа жағдайларда санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметіне шағымдана аламыз ба?

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Досжанов:

— Қоршаған ортаға, халықтың денсаулығына қауіп төнбеуі үшінбарлық кәсіпорындарға, бизнес нысандарына қойылатын талаптар, санитарлық ережелер бар. Алайда қазіргі уақытта шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерді жоспарлы тәртіппен тексеруге мораторий енгізілген.

Сондықтан санитарлық талаптар бұзылған жағдайда тұрғындар 102 нөмірі бойынша нақты шағыммен полицияға хабарласуы керек.

Ірі габаритті қоқысты кім әкетеді?

Сұрақ: Мен көп қабатты үйдің тұрғынымын. Біздің аулада белгісіз біреулер қоқыс контейнеріне сыймайтын ірі габаритті заттарды шығарып тастап, олардың жатып қалатын кездері болады. Бұған қоқыс тасушы компаниялар жауап беруі тиіс пе?

«NEO Plus» ЖШС директорының орынбасары Элмира Тәңірбергенова:

— Жиһаз не басқалай ірі габаритті заттарды шығару тұрғындар үшін бекітілген тариф ақысына енгізілмеген. Сондықтан әр мекеме, әр адам оны өз есебінен тасиды. Біздің міндетіміз — қатты-тұрмыстық қалдықтарды шығару.

Ақтөбе қаласындағы «Шарова ЖК» кондоминиумының басшысы Бейбіт Шарова да бұл мәселеге байланысты өз пікірін жеткізді:

— Тұрғындардың көпшілігі ірі габаритті заттарды аулаға, қоқыс жәшігі маңына тастай салуға болмайтынын біледі. Бұлай дейтінім, мысалы, ол заттардыкөптің көзінше күндіз шығарып жатқанын көрмейсіз. Таңертең тұрғанда, аулада кеше кешкілік жоқ нәрсе жатса, яғни ол түнде шығарылған… Сондықтан бұл мәселе адамдардың жауапкершілігіне, заңға бағыну мәдениетіне байланысты деп ойлаймын.

 Қоқыс жәшіктері жеткіліксіз бе?

Сұрақ: Есет батыр көшесіндегі 13-үйде тұрамыз. Біздің үйдің ауласында 8 қоқыс жәшігі бар. Бұл өзімізге жеткілікті, бірақ көрші үйлер де өз қоқыстарын осы жәшіктерге әкеліп төгеді. Көрші үйлердің ауласына неге қоқыс жәшіктеріорнатылмайды? Әлде қалада қоқыс жәшіктерінің жетіспеушілігі мәселесі бар ма? Сондай-ақ аула шашылып қалған жағдайда оны тазалауды қала билігінен талап ете аламыз ба?

Астана ауданы әкімінің орынбасары Алмас Жақсылықов:

— Қаланы қоқыс жәшіктерімен толықтай қамту үшін қолдағы бар мүліктерді түгендеу, есепке алу (инвентаризация) жұмыстары жүргізілді. Қоқыс жәшіктері  жеткілікті, тіпті артық тұрғаны да бар, олар қоқыс тасушы компаниялардың тапсырысы бойынша қажетті орынға қойылады. Өздеріңіз білетіндей, бұрынғы қоқыс жәшіктерінің көпшілігі еуропалық үлгідегі жаңа жәшіктерге ауыстырылып жатыр. Мысалы, «NEO Plus» компаниясының тапсырысымен 380 қоқыс контейнері ауыстырылды.

Екінші жағынан, қоқыс жәшіктері кез келген жерге қойыла бермейді. Оның өз тәртібі, өз талаптары бар, мысалға айтар болсақ, қоқыс таситын арнайы көліктің қозғалысына ыңғайлы болуы керек. Кейбір үйлердің ауласы өте тар, арнайы техникамен қоқыс әкету қиынға соғады. Ал ондай жерге қоқыс жәшіктерін орнатудан нәтиже бола ма? Мұндай жағдайларда қатар тұрған екі-үш үйге қоқыс жинайтын ортақ бір орын белгілеп, жәшіктерді сонда орнатуға тура келеді.

Ал ішкі аулаларды тазалау мен абаттандыру мәселесі тұрғындардың міндетіне кіреді, яғни мұны үй басқарушы нысандармен бірлесіп шешулері керек. Қалалық, аудандық әкімдіктер көшелердің, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың, саябақтар мен гүлзарлардың тазалығына жауап береді.

 Бұл орынды талап па?

Сұрақ: Мен көп қабатты үйде тұрамын. Бізден кондоминиумның орнына енді мүліктің меншік иелері бірлестігін құру талап етіліп жатыр. Бұл орынды ма? Бізде тұрғындардың 70 пайызы бірлестік құруға қарсы. Сондай-ақ үй басқаруға жұмсалатын тариф те көтеріліп кетті?..

Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісіАқнұр Қазбаева:

— Ақтөбе қаласында 1800-ден астам көп қабатты үй бар. Бұрын көп қабатты үйлерді басқару үшін ПИК, басқарушы компаниялар, кондоминиум нысандары жұмыс істеген болса, кейін «Қазақстан Республикасының Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына өзгерістер енгізілді. Енді көп қабатты үйлерді басқарудың жаңа формалары белгіленді, соның бірі — мүліктің меншік иелерінің бірлестігі. Бастапқыда жаңа формаға биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін өту керек деп, нақты мерзім бекітілген еді. Қазір ол ұзартылып отыр.

Кондоминиум басшысы Бейбіт Шарова:

— Бұл мәселе бойынша тұрғындардың арасында түсінік жұмыстарын жүргізу, меншік иелері бірлестігінің ерекшеліктерін айту керек. Біз осы жұмысты заңгермен бірлесіп жүргізсек дейміз. Ал тарифтің көтерілуіне келсек, бұған қазір барлық материалдың, қызметтің қымбаттағаны әсер етіп отыр.

Қоршау қойылып, кілт сатылып жатыр…

Сұрақ: 12-шағын аудандағы 16-үйдің бірнеше ғимараты ортақ ауламен іргелес орналасқан. Оның бір жағында әуелден-ақ кіріп-шыққан көліктерді бөгеп тұратын темір тоспа (шлагбаум) бар болатын. Енді қоршау орнатылып, оның есігіне кілт қойылды. Кілтті бізге 2 мың теңгеден сатып жатыр. Бұл дұрыс па? Мұндай жұмыстар тұрғындардың келісімімен жүргізілуі керек емес пе?

Астана ауданы әкімінің орынбасары Алмас Жақсылықов:

— Мұндай жағдайда тұрғындардың келісімі ғана емес, сонымен қоса сәулет бөлімінің, учаскелік инспектордың рұқсаты да керек. Тұрғындардың жиналысында, көпшіліктің келісімімен істелмеген нәрсе болса, ол, әрине, заңды бұзу болып есептеледі. Сондықтан тұрғындар анық-қанығын біліп, арғы тағдырын өздері бірлесіп шеше алады.

Дүңгіршектен қалай құтылсақ болады?

Сұрақ: Үйдің тап іргесінен сыра сататын дүңгіршек ашылса, қалай құтылуға болады? Әсіресе түн мезгілінде ішіп алған адамдардың дауысынан ұйқымыз ұйқы болмайды.

Кондоминиум басшысы Бейбіт Шарова:

—Үйдің іргесінен не ішінен қандай да бір сауда, қызмет көрсету орындарын ашуға тұрғындардың басым бөлігі қарсы болса, онда ешкім де тиісті орындардан рұқсат ала алмайды. Яғни о баста бұған қарсы болу керек еді. Оның үстіне, елімізде заң бойынша түнгі 23.00-ден бастап, таңертеңгі 8.00-ге дейінгі аралықта алкоголь сусындарын сатуға болмайды. Ал сатқан адам жауапқа тартылады. Сондықтан сыра дүңгіршегі түнгі 23.00-ден кейін жабылуы керек.

Екіншіден, тіпті рұқсаты болып, заңды түрде ашылған нысанның өзі үнемі тұрғындардың мазасын алса немесе қандай да бір тәртіпбұзушылықтар тіркелсе, оны да жаптырып тастауға болады. Бұл үшін үй кеңесі немесе бастамашыл топ құрылып, жауып тастау туралы шешімді тұрғындардың үштен екісі құптауы керек.

Тұрғындаросындай мәселелердің шешімі, жүзеге асуы өз қолдарында екенін әлі күнге дейін біле бермейді. Сіздің проблемаңызды ешкім де шешіп бермейді. Сондықтан мұндай жағдайлардаешкімді күтіп отырмай, тұрғындар өздері іске кірісіп, ең алдымен, ауызбіршілік арқылы және заң аясында әрекет етіп, мәселені біржақты ете алады.

Жаңа полигон салынып жатыр

Сұрақ: Ақтөбедегі қатты-тұрмыстық қалдықтар қабылдайтын бұрынғы полигон толды. Енді жаңа полигонның құрылысы қолға алынды ма? Соны білгім келеді.

Астана ауданы әкімінің орынбасары Алмас Жақсылықов:

— Жаңа полигонның құрылысы қолға алынған. Ол бұрынғы полигонның жанынан салынып жатыр. Құрылысты жүргізуші — «Алым Инжиниринг» ЖШС. Полигон 2,1 миллион тонна қоқыс қабылдай алады, яғни 6,5 жылға жетеді деп жоспарланған.

P.S. Сауал қойған оқырмандарымыздың кейбірі тікелей желіге қатысқан лауазым иелерінің құзыретіне жатпайтын мәселелерді қозғады. Сондай-ақ әлеуметтік желі арқылы тікелей желі өтіп кеткеннен кейін түскен сауалдар да бар. Олардың бірі — қаңғыбас иттерді аулау мәселесіне байланысты сұраққа бүгінгі нөміріміздегі «Редакцияға хат» айдары арқылы жауап беріп отырмыз. Бүгінгі жарияланымда қамтылмаған өзге сұрақтарға да алдыңғы нөмірлерде осы айдар арқылы жауап берілетін болады.

 Тікелей желіні жүргізген И.ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button