Басты жаңалықтар

Енді ауыл тұрғындары үйлерін кепілдікке қойып, несие ала алады

«Ауыл аманаты» жобасының ауыл тұрғындары үшін қандай тиімді жақтары барын айтқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ойыл ауданына жасаған сапар барысында осылай деді.

Сенбі күні облыс әкіміОйыл ауданының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен, мемлекеттік мекемелер жұмысымен және шаруалар жайымен танысып, Ұлы Жібек жолының бойындағы «Көкжар» жәрмеңкесінің 155 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға қатысты.

Облыс әкімі алдымен Ойыл ауданына қарасты Саралжын ауылдық округінің Қоңырат елді мекенінде орналасқан «Тәжібай агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды. Серіктестік басшысы Абыл Сатаев асылтұқымды мүйізді ірі қара өсірумен айналысады. Бүгінде кәсіпкердің өрісінде 500-ден астам ангус тұқымды сиыр бар. Репродукторлы шаруа қожалығын құру мақсатында 2020 жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында несие алып, 235 ангус тұқымды ірі қара малын сатып алған. 2021 жылы «Агробизнес» бағдарламасымен тағы несие алып, малына мал қосқан.

Дәл осы жерде асылтұқымды абердин-ангус, қалмақ, симментал, ақбас, әулиекөл сиырларының көрмесі өтіп, ойылдық шаруалар шаруашылық жайымен бөлісті. Аудан әкімі Асқар Қазыбаев мемлекеттік бағдарламалар арқасында асылтұқымды мал алушылар саны көбейгенін айтты. Бүгінгі таңда  аудандағы 19 шаруашылықта 1781 асылтұқымды мүйізді ірі қара,  24 шаруа қожалығында 10868  асылтұқымды қой өсірілуде. Өткен 8 айда мал шаруашылығы саласында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына 132 шаруа қожалығының құжаттары ұсынылып, 432 621,0 мың теңге субсидия төленген.

Алдында мыңғырған малы бар, бірнеше гектар жерден мол өнім алып отырған шаруалармен кездескен облыс әкімі алдағы уақытта өңірде «Ауыл аманаты» жобасы басталатынын айтып, аталған жобаға қолдау білдіруге шақырды.

— Бүгінгі таңда ауыл тұрғындарының көпшілігі қолдауды қажет етеді. Сіздердің мүмкіндіктеріңіз бар, техникаларыңыз сайлы. Енді сол елдің азаматтарын қолдауға үлес қоссаңыздар. Бұған дейін Жамбыл облысында нәтижесін беріп, пилоттық жоба ретінде қолға алынған «Ауыл аманатын» енді Ақтөбе облысында бастаймыз.

Ауыл тұрғындарын алдағы уақытта үйлерін кепілдікке қойып 2,5 пайызбен несие ала алатын болады. Осы уақытқа дейін мұндай тәжірибе елімізде болған жоқ. Бұл жоба ауыл тұрғындарына мүмкіндік беру үшін қолға алынады. Бірақ ештеңе тегін болмайды. Тұрғындар соны ескерулері керек. Олар өздері тұратын үйін табыс алаңына айналдыруы қажет. Мал ұстай ма, бау-бақша еге ме, әрбір тұрғын өзі таңдайды. Ал кооперативтер оларға техника жағынан, шыққан өнімдерін сату жағынан көмектесуге  тиіс, — деді облыс әкімі.

Бұдан соң Ералы Тоғжанов демеушінің көмегімен салынған Ойылдағы аудандық балалар музыка мектебінің жұмысымен танысты. 1971 жылдан бастап жұмыс жасап келе жатқан музыка мектебінің 7 бөлімінде қазір 500-ден астам бала білім алуда. Республикалық, облыстық деңгейдегі жетістіктері де жетерлік. Сондай оқушылардың бірі — Әдия Бақытбекова. Биыл 3-сыныпқа көшкен кішкентай музыкант фортепианода бірнеше классикалық шығарманы еркін ойнайды.

— Музыка мектебінде оқып жүргеніме екі жыл болды. Бос уақытымды осында өткіземін. Қазір ұстазым екеуміз шығармаларды қайталап жатырмыз. Басқа емес, фортепиано бөлімін таңдауымның өзіндік себебі бар. Өйткені менің әкем осы аспапта жақсы ойнайды. Өскенде әлем танитын музыкант болғым келеді, — деді ол.

Гүлшат Мелсқызы сабақ беретін музыкалық мектептің фортепиано бөлімінде 11 оқушы оқиды. Әр баламен 45 минут жеке жұмыс жүргізіледі. Шәкірттері талай додада топ жарып жүрген жас ұстаз шығармаларды жаттау баланың қабілетіне де тікелей байланысты екенін айтады. Мәселен, Әдия «Қолтырауын Гена» шығармасын екі күнде үйреніп алыпты.

Мектептің ішін аралап көріп, оқушылармен кездескен облыс әкімі жас өнерпаздарға сәттілік тіледі.

Бұдан соң өңір басшысы Ойыл мен Қараой ауылы арасын жалғайтын жолдағы орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, мердігердің алдына нақты міндеттемелер қойды.

Кәсіптің көзін ауласынан тапқандар

Сапар барысында облыс әкімі ауласын табыс көзіне айналдырып, қысы-жазы ойылдықтарды көкөніспен қамтып отырған Мир-Сапура Құлбаевтардың ауласындағы жылыжайына арнайы барды. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында алғашында 6 пайызбен жеңілдетілген несие алған отбасы бүгінде ісі алға басқан шағын кәсіп иесіне айналған. Өткен жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған олар тағы екі жылыжай салып жатыр.

— Кәсіпкер ретінде тіркеуде тұрғаныммен, идея авторы — жолдасым. Осы кісі ой тастап, мен қостап, шағын шаруамызды бастадық. Біздің елде жұмыс жасаймын деген азаматқа бір күрек табылады. Тек мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдалана білу керек. Соның арқасында жеңілдетілген несие алып, екі жылыжай салып алдық. Біреуінде қияр, екіншісінде қызанақ өсіреміз. Одан бөлек аскөк, пияз егіп отырмыз. Әрқайсысынан бір маусымда 2,5 тоннадай өнім аламыз, — дейді Сапура.

Кәсіпкерлер шыққан өнімнің 10-15 пайызын өз керегіне жаратып, қалған 85-90 пайызын сатқанның өзінде едәуір табыс болатынын айтты. Алдағы уақытта өнім түрлерін көбейткілері келеді екен. Ерлі-зайыптылардың қарапайым істі үлкен кәсіпке айналдырып отырғанына риза болған Ералы Тоғжанов:

— Тұрғындар осындай өз ауласын кіріс көзіне айналдырып отырған отбасылардан үлгі алулары керек. Бұндай шаруа  ауылдың әрбір тұрғынының қолынан келеді. Тек сәл ғана қолдау көрсетіп жіберсе болғаны. Аудан, ауыл әкімдері осы мәселеге назар аударуға тиіс, — деді.

Құлбаевтар өнімдерін тікелей Ойылдағы дүкендерге жібереді. Қысы-жазы сұраныс жоғары. Әзірге тек отбасылық бизнес болғандықтан, жылыжайда тек өздері ғана еңбек етіп жатқанын айтты.

«Көкжар» жәрмеңкесі

Ойылдықтар Ұлы Жібек жолының бойындағы «Көкжар» жәрмеңкесінің 155 жылдығын аста-төк дастарқан мен дарақы-дақпыртқа жол бермей, мәнді де мазмұнды етіп өткізді. Мерекелік шараның салтанатты ашылуына облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, жиналған жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.

— Жәрмеңке — тек сауда-саттықтың ордасы ғана емес, елдің сағынысып көрісетін, ой бөлісетін жері. Өткенде ғана Ырғыздағы «Жаңғырған Жармола жәрмеңкесінде» болдық.

Салтын сақтаған, дәстүрін дәріптеген елдің әрқашан туы биік, тәуелсіздігі мығым болатыны белгілі. Қазақ қазақ болғалы өзіндік қиындықтарды басынан өткерді. Күні кешегі пандемия мен «Қаңтар оқиғасы» да бізді біраз әбіргерге салғанымен, бірлігімізден ажырата алған жоқ. Біз осы күнге ең алдымен ынтымақ пен бірліктің арқасында жеттік.

Дүниежүзінде 5 мыңнан астам ұлт болса, соның 195-інде ғана мемлекет бар. Ал қазаққа сондай мемлекет болу бақыты бұйырды. Ол үшін, әрине, алдымен бізге осыншама жерді аманаттап тастап кеткен ата-бабамызға алғыс айтамыз. Соның арқасында біз өткенімізді қайта жаңғыртып, болашағымызға жол салып отырмыз.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Той құтты болсын, құрметті ойылдықтар! — деді облыс әкімі.

Ойылдықтардың қуанышына ортақтасқан облыс әкімінеалғысын білдірген еңбек ардагері Ғазиз Займолдаұлы ауыл тұрғындарының бірқатар тілек-өтініштерін жеткізді.

Мерекелік шараны бір мезетте 50 домбырашы күймен ашты. Татар, өзбек, араб, орыс халықтарының саудагерлерін сомдаған өнерпаздар мерекенің сәнін арттыра түсті. Жәрмеңке аясында өткен аймақтық жыршылар фестиваліне тек Ақтөбеден ғана емес, көрші Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының жыршы-дәстүрлі әншілері келіпті.  Алтыбақан аясында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жиналған жұртшылықтың көңілі бір көтеріліп қалды. Этноауылдағы көрініс көпшілікке сонау ХІХ ғасырға барып келгендей көңіл күй сыйлады.

Әрине, «Көкжар» жәрмеңкесі сауда алаңынсыз өтуі мүмкін емес. Тұрғызылғанына бір жарым ғасыр  өтсе де, күйдірілген сапалы кірпіштен өріліп салынған жәрмеңкенің сауда қатарлары әлі күнге дейін сыр бермеген. Ал оның сөрелеріне аудандық тауар өндірушілер тары-талқан, ірімшік-құрт, қаймақ-май, сүт-айран, ет өнімдерін жайнатып қойған.

Тарих бетінде «Көкжар» жәрмеңкесі туралы негізгі ережелерді 1866 жылы 7 қыркүйекте Ресей ішкі істер министрі бекіткен. «Көкжар» жәрмеңкесі ресми түрде 1867 жылы көктемде Орал облысы Темір уезіне қарасты Қазбек би болысында ашылған. Жәрмеңкенің алғашқы өткізілген орны сауда ісінің талаптарына сай келмегендіктен 1869 жылы  Ойыл бекінісінің жанына Барқын шатқалына көшірілген. Осы жылы тауар  айналымы 46061 рубльге жетіп,  «Көкжар жәрмеңкесі» деген атау берілген. Көкжар жәрмеңкесі жылына екі рет 15 мамыр -15 маусым және 15 қыркүйек -15 қазан аралығында өтіп отырған.

«Көкжар» жәрмеңкесі — Қазақстан аумағындағы ең ірі 13 жәрмеңкенің ішінде тауар айналымының көлемі бойынша 9-орынды иеленген тарихи орын. Батыс Қазақстанда халық өнері мен мәдениетін насихаттауға мол мүмкіндік туғызған орталық 1937 жылға дейін  жұмыс жасап келген. Қазақстан бойынша 13 жәрмеңкеден   ізі қалған,   архитектурасы  сақталып, жойылмаған жалғыз тарихи  ескерткіш.

Ойыл ауданының орталығында орналасқан  Көкжар жәрмеңкесінің ХІХ ғасырдың  тарихи ескерткіштері Ақтөбе облысы әкімдігінің 2010 жылғы 4 маусымдағы №180 қаулысына сәйкес жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштерінің тізіміне еңгізіліп, мемлекет қорғауына алынды.Ойыл өңірінде қайта жаңғырған «Көкжар» жәрмеңкесі 2001 жылы  тарих сахнасына  қайта оралды.

2012 жылы  «Ұлы Жібек жолында жаңғырған Көкжар жәрмеңкесі» этнофестивалі көне тарихты жас ұрпақ жадында қайта жаңғыртты. 2014-2017жылдар аралығында этнофестиваль облыстық, республикалық деңгейде  ұйымдастырылды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button